авто

Переключатель языков

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1269 жылы Талас құрылтайында дербестігі толық мойындалған Алтын Орда империясының 750 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы мәлімдемесіне орай Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі 2019 жылдың 11 желтоқсанында сағат 15.00 өмірді сақтандыру бойынша ең ірі компаниясы «Nоmаd Life» АҚ қолдауымен музей қорынан «Алтын Орда – қазақ мемлекеттілігінің бесігі» көрмесін ашады. Президент өз мәлімдемесінде біздің еліміздің бай мәдени мұрасын дәріптеудің маңыздылығына тоқталып, киелі нысандардың қазақстандықтар мен шетелдік туристерді тарту орталығына айналуына басымдылық берді.

 «Алтын Орда – қазақ мемлекеттілігінің бесігі»Көрменің мақсаты: Орталық музейдің қорындағы XIII-XIV ғғ. тән 300 жуық артефакті – бірегей коллекция негізінде музейге келушілерді Алтын Орда кезеңінің мәдениетімен, тұрмыс-тіршілігімен таныстыру. Көрменің ерекшелігі Алматы облысы, Шеңгелді ауылы маңындағы қабірден табылған артефактілер – XIII-XIVғғ. Шағатай әулеті шенділерінің бірі – сарбаздың жібектен тігілген сәнді киімінің фрагменттері алғаш рет келушілерге көрсетіледі.

Экспозиция материалы бес ақпараттық кешенге жіктелген:

«XIII-XIVғғ. сарбаздың киімі, қару-жарағы» бөлімінде белдік әшекейлері, қару-жарақ, жебе ұштықтары, семсер, қылшан және т.б. артефактілер ұсынылды. Алматы облысы, Шеңгелді ауылы маңындағы қабірден табылған, кезінде археолог Ә.К. Ақышев зерттеген құндылық – XIII-XIVғғ. жібектен тігілген сәнді киімінің фрагменттері осы бөлімдегі аса мәнді дерек.

«XIII-XIVғғ. Қазақстан аумағындағы алтынордалық қалалар» бөлімінде XIII-XIV ғғ. Сарайшық, Отырар, Құйрықтөбе және т.б. қала, қалашықтардан табылған археологиялық артефактілер ұсынылды.

«Ұлы Жібек жолы. Сауда. Импорт бұйымдары. Монеталар» бөлімінде Қазақстанның алтынордалық қалаларынан табылған импорт бұйымдары, сонымен қатар Сарайшық қалашығынан табылған Жошы ұлысының және XIII-XIV ғғ. өзге мемлекеттердің 25 монета сарайының өнімі – күміс, мыс монеталар көз тартады.

«Діндер: тәңірлік, ислам, несториандық, зороастризм, буддизм» бөлімінде  несториандық құлпытастар, икона т.б. деректермен танысуға болады.

«XIII-XIVғғ. Мінәжатттық діни ғимараттар сәулеті» экспозициялық бөлімінде Сарайшық, т. б. қалашықтар ғимараттарының фрагменттері, Жошы хан, Алаша хан, Болған ана мазары, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сынды сәулет өнері ескерткіштерінің макеттері қойылды.

Көрме ғалымдар, археологтар, тарихшылар, оқу орындарының ұстаздары, студенттер, оқушылар көңілінен шығады деген сенім білдіреміз. Көрме ағымдағы жылдың соңына дейін жалғасады.

«Құрбан болған тұлғалар» атты көрме2019 жылдың 9 желтоқсанында сағат 15.00 Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі қазақ халқының Үш бәйтерегі, сталиндік зобалаңның құрбандары, артына өшпес рухани мұра қалдырған қазақтың ақиық ақыны, қоғам қайраткері – Ілияс Жансүгіров, жалынды ақын, жазушы, дарынды драматург Сәкен Сейфуллин мен ауызша әңгіменің хас шебері, сатрик-жазушы Бейімбет Майлиннің 125 жылдық мерейтойына орай «Құрбан болған тұлғалар» атты көрме ашады.

Тарихи деректерге сүйенсек, 1930-1953 жылдар аралығында 40 миллионнан астам Кеңес азаматтары репрессияға ұшыраған. Осы кезеңде қазақтардың 40 пайызы қаза тапқан. Әсіресе бұл заңсыз жазалауға Кеңес Одағы құрамында болған барлық халықтар мен ұлттардың бетке ұстар зиялы қауым өкілдері ұшыраған. Бар өмірін қазақ халқының руханиятына арнаған тұлғалардың 125 жылдығына арналған іс-шаралар ел көлемінде кешенді қолға алынуда. Осыған орай Орталық музейде ұйымдастырылып отырған көрменің негізгі мақсаты – 30-40 жылдары құрбан болған зиялы қауымның азаматтық тұлғасымен таныстыру, өзге де дара тұстарын өскелең ұрпаққа насихаттау.

Көрмеге Орталық музей қорындағы І.Жансүгіровтың, С.Сейфуллин, Б.Майлиннің жеке кешендеріндері, сонымен қатар замандастары – Т.Рысқұлов, С.Қожановтың мұрағаттан алынған материалдары қойылады. Сондай-ақ келушілер назарына сол жылдардағы зиялы қауымның жұмыс кабинетінің көрінісі мен С.Сейфуллиннің жеке мөрі, алтын сағаты, портсигары, сакваяжы және т.б. заттары ұсынылады.  

Көрме ҚР Президентінің архиві, ҚР Орталық мемлекеттік мұрағаты және «Ғылым Ордасы» Орталық ғылыми кітапханасымен бірлесіп ұйымдастырылды.

Көрме 2020 жылдың 9 қаңтарына дейін жалғасады.

«Польша - 15 жыл Еуропалық Одақта» атты көрме2019 жылдың 27 қараша күні сағат 16.00-де Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейі Польша Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығымен көпжылдық ынтымақтастық аясында «Польша - 15 жыл Еуропалық Одақта» атты көрме ашылады.

22 түрлі-түсті стендтерден тұратын көрменің фотоматериалдары Еуропа аясында XVI ғасырдан қазіргі уақытқа дейінгі Польшаның тарихын көрсетеді, сондай-ақ Польшаның Еуропалық одаққа кіру кезеңдерін және 15 жыл ішінде ел өмірінің барлық салаларындағы өзгерістерді қамтиды: ғылым, экономика, мәдениет, спорттық және туристік инфрақұрылым, қоршаған ортаны қорғау, тарихи объектілерді қалпына келтіру және т. б. Көрме қазіргі Польшаның даму деңгейі мен маңызын көрсетеді. Онда Польшаның халықаралық қызметке және кедей елдердің дамуына көмекке тартылуы ұсынылған. Көрме Польшаның Еуропаға, оның мұрасы мен мәдениетіне көп ғасырлық қатыстылығын көрсетеді.

Көрме Польша Республикасының Сыртқы істер министрлігі «Еуропалық орталық – НАТОЛИН» қорымен бірлесіп дайындалды.

Польша мен Еуропаның тарихы мен халықаралық саясатына қызығушылық танытатын барша көрермендерді көрмеге шақырамыз.

Көрме 2019 жылдың 8 желтоқсанына дейін жалғасады.

 

2019 жылдың 28 қарашасы, сағат 15.00-де ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына арналған «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев ядролық қарусыз әлем үшін» атты көрме ашылады.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев ядролық қарусыз әлем үшін» атты көрме Тәуелсіз Қазақстанның ядролық қарусыз әлем үшін күресіндегі алғашқы батыл қадамдарының бірі – Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы. Семей полигоны 1947 жылдың 21 тамызында КСРО Министрлер Кеңесінің шешімі бойынша құрылды. Алғашқы ядролық сынақ 1949 жылы 29 тамызда ауада жасалды. Өлкені жарылыстар алаңына айналдыру барысындағы қазақ жерін улаған сынақтардың зардаптары қоршаған ортаға, бүгінгі  және болашақ ұрпақтың денсаулығына алапат әсерін тигізіп, орны толмас қайғыға душар етті. Соңғы жарылыс 1989 жылдың 19 қазанында жүзеге асырылды. Дәл осы 1989 жылы әлемдегі ядролық жарылысты тоқтатуды жақтаушылар мен қазақстандық белгілі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтың бастамасымен «Невада – Семей» қозғалысы құрылды.

1991 жылдың 29 тамызында Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигонын ресми түрде жабылды. Бұл жағдай туралы Мемлекет басшысы «Қазақстан, біздің жаңа мемлекетіміздің күш-қуаты ядролық бұлшық еттерін көрсетуде емес, керісінше, оларды қолданбауда және толықтай бас тартуда деп бірден және мәңгілікке шешім алды. Және бұл біздің мемлекеттілігіміздің – жалпыұлттық идея рангына шығарылған бүкілхалықтық ақыл-ойымыздың темірқазығы болды. 1991 жылдың 29 тамызында іс жүзінде жаһандық ядро тарихында жаңа дәуір басталды», - деді.

Ядролық әлеуеттен өз еркімен бас тартудағы Қазақстанның қызметін мойындаған БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамыз – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күні деп жариялады. Бұл әлемдік тарихта ядролық сынақ полигонын халықтың еркіне сай жапқан алғашқы жағдай еді. Осылайша, Қазақстан әлемдік антиядролық қозғалыстың көшбасшысы және бейбітшілік кіндігі болды.

Көрменің мақсаты: әлемдік қауымдастықтағы Қазақстанның орны мен рөлін, ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі Қазақстанның үлесін көрсету.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев ядролық қарусыз әлем үшін» атты көрме екі бөлімнен тұрады:

-бірінші бөлімде музей қорындағы атом полигонын жабудағы Тұңғыш Президенттің рөлі мен сіңірген еңбегін көрсетуге арналған материалдар көрсетіледі;

- екінші бөлімде музей қорындағы алғашқы совет атом бомбасын құру туралы құжаттар, Семей полигонының орналасу картасы, фотоқұжаттар, газет, кітап, плакат және басқа да заттай деректер қойылады.

ҚР Президенті мұрағатының құжаттық материалдары мен «Невада-Семей» халықаралық қозғалысы комитеті ұсынған материалдар, «Ғылым Ордасы» Орталық ғылыми кітапханасының Семей ядролық полигонына арналған кітап көрмесі ерекше қызығушылық тудырады.

Көрме 2019 жылдың 20 желтоқсанына дейін жалғасады.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі «Бақыт» сәндік-қолданбалы өнер орталығымен бірлесіп 2019 жылдың 25 қарашасы мен 5 желтоқсан аралығында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне орай «Ұлы Даланың Жеті қыры» мақаласы аясында «Ұлттық тақырыптағы Натюрморт» атты Халықаралық көркем шығармалар байқауын өткізеді.

afisha-bakhyt-natyurmortҚР Орталық музейі дәстүр бойынша Алматы қаласының оқу орындарымен ынтымақтастықта көркем көрмелер топтамасын жалғастыруда. Музейде өткізілетін іс-шаралар өскелең ұрпақты ұлт тарихымен, мәдениетпен және өнермен таныстыруға, жастарды патриоттық сезімде, өз халқына, еліне және дәстүріне құрметпен қарауға тәрбиелеуге бағытталған.

Көрменің мақсаты: оқушылардың көркем шығармашылығын қолдау, сәндік-қолданбалы өнердегі байқауға қатысушылардың кәсіби дағдыларын жетілдіру, отандық және әлемдік тарих пен мәдениетке деген қызығушылығын арттыру, Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын жастар арасында насихаттау, суретшілердің бейнелеу және қолданбалы өнердің түрлі жанрларында және техникаларында орындалған шығармашылық жұмыстарын көрсету.

Натюрморт-суретшілердің шығармашылығында бейнелеу өнерінің кең тараған жанрларының бірі. Көрме натюрморт жанрында пәндік әлемді бейнелейтін жұмыстарды көрсетеді. Акварель және майлы техникадағы көркем туындылар тамаша; сәндік-қолданбалы өнер туындылары: матаға сурет салу – суық және ыстық батик, киіз, гобелен; керамика және т. б.

«Ұлттық тақырыптағы Натюрморт» көрмесінде Алматы қаласының көркем өнер колледждері мен жоғары оқу орындары оқытушыларының 100-ден астам шығармашылық жұмыстары ұсынылады. Көрме түрлі жанрлық бағытты – кескіндеме, графика, мүсін, сәндік-қолданбалы өнерді қамтиды. Әр картинаның композициялық шешімі – өзіндік қолтаңбасы, стилі бар суретшінің бай ішкі рухани әлемін көрсетеді. Акварель және майлы техникадағы тамаша көркем жұмыстар; сәндік-қолданбалы өнер туындылары: матаға сурет салу – суық және ыстық батик, киіз, гобелен, қыш және т.б. Байқауға қатысушылар арасында Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Ресейден келген студенттерде бар.

Көрме 2019 жылдың 5 желтоқсанына дейін жалғасады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source