авто

Переключатель языков

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тұмар–арт» Республикалық суретші-педагогтар қауымдастығының «Қазақстан: кеше, бүгін, ертең» атты көрмесі ашылды.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі көптеген жылдардан бері Алматы қаласының балалар шығармашылығы орталықтары мен суретші-педагогтерінің туындыларын көпшілікке насихаттап, әрдайым қолдау көрсетіп келеді.

afisha-tumar-art

Көрменің мақсаты – көрерменді заманауи өнер туындыларына назар аударту, суретші-педагог мамандығының беделін арттыру, педагогтардың мүмкіндіктері мен шығармашылық әлеуетін іске асыру.

«Тұмар-арт» педагог-суретшілерінің республикалық тәуелсіз қауымдастығы 2020 жылы құрылған. Қауымдастық құрамында Л.В. Саванькина, И.Ю. Балан, Е.В. Лейнвебер, А.А. Кобрина, А.Нуранова, Ю.П. Романова, Д. Муратаева, А. Петракова, Е.И. Беличенко, Е. Исакова, А. Нистор, И.В. Щедринова, Т. Алимских, С. Голосова, М. Калыбаева, С. Курменева, Л.И. Синенко, Е.И. Халанская, Л. Подлубная, Е. Васильева, З.А. Божеева, Л.Б. Сухарева, Г.И. Красильникова, Л.К. Жунус сынды 15-тен астам суретші-педагогтар бар, олардың жұмыстары аталмыш көрмеге ұсынылып отыр.

Қауымдастық құрамы түрлі жанрлар мен стильдерде жұмыс істейтін тәжірибелі суретші-мұғалімдерден құралған. Бұл жерге оларды сұлулық пен ынта-ықылас біріктіреді.

«Тұмар–арттың» негізгі қызметі: халықаралық кеңістікте көркемөнер көрмелерін, шеберлік сабақтар мен пленэрлерді ұйымдастыру; қоғамда шығармашылықты дәріптеу; дарынды жас суретшілерді қолдау. Ассоциацияның барлық педагогтары халықаралық және республикалық көрмелерге белсенді қатысады, өз қабілеттері мен мол тәжірибесін жас шәкірттерін тәрбиелеуге жұмсайды және балалар шығармашылық конкурстарына қатысушыларды дайындайды. Қауымдастық 2020 жылдан бері 5 көркем-өнер көрмесін өткізді.

«Қазақстан: кеше, бүгін, ертең» атты көрме экспозициясында педагог-суретшілердің еліміздің тарихы мен қазіргі заманғы даму тақырыбын бейнелейтін түрлі жанрлардағы жұмыстары ұсынылған. Авторлар туындыларында кескіндеме, натюрморт, аппликация, батик, ошибана және т.б. түрлі жанрлар мен техникаларды қолданған.

Көрмеге қатысушы әр суретшінің туындылары өзіндік ерекше стильге ие және ең бастысы жоғары деңгейде орындалған.

«Тұмар–арт» қоғамдық бірлестігінің мүшелері өздерінің кәсіби шеберлігін, шәкірттерінің қарым-қабілетін көпшілікке таныстырды. Көрмеге бейнелеу және қолданбалы өнердің түрлі жанрындағы 100-ден астам жұмыстары қойылған. Өнердің түрлі техникалары мен жанрларында (кескіндеме, акварель, сәндік-қолданбалы өнер) орындалған шеберлердің алуан түрлі картиналары ерекше, атап айтар болсақ: Ю. Романовтың «Балбал-дала», «Көшпенділер», А. Нұранова «Сыбызғы әні», И. Балан «Томирис», Л. Саванькина «Жайлаудағы көктем», Т. Алимскидің «Тау пейзажы», Г. Красильниковтың «Бақшадағы хризантемалар», А. Петраков «Қайыңдар», К. Васильева «Азаттық», А.Нистор «Төрт түлік – мал: түйе, жылқы, қой, сиыр», Е. Исакова «Тұмар», А.Кобрина « Көктем демі», Е. Халанская «Балқаш таңы», И. Щедринова «Қысқы пейзаж», Л. Синенко «Тау пейзажы» және т. б.    

«Қазақстан: кеше, бүгін, ертең» көрмесінің салтанатты ашылу рәсімінде ҚР МОМ директорының орынбасары Ғалия Теміртон, «Тұмар – арт» республикалық суретші-педагогтар қауымдастығының директоры Л. В.Саванькина, «Рембрандт» Арт студиясының жетекшісі Юлия Петровна Романова, танымал фотограф В. Д. Коренчук және т. б. құттықтау сөз сөйледі.

Выставка "Tumar-Art" Выставка "Tumar-Art"
Выставка "Tumar-Art" Выставка "Tumar-Art"

Көрме 2021 жылдың 31 қазанына дейін жалғасады.

Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музейінде 2021 жылы 24 қыркүйекте сағат 15.00. – де «КИІМНІҢ КИЕЛІСІ – КИМЕШЕК» көрмесі ашылады.

afisha-kimeshek2021Көрмеде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музей қорындағы ХІХ ғ. екінші жартысы - ХХ ғ. Қазақстанның әр өңірінен жинақталған қазақ әйелдерінің кимешектері мен оны безендірілуге арналған зергерлік бұйымдар қойылды. Соның ішіндегі көнесі - Қарағанды өңірінен 200 жылға жуық тарихы бар, 1985 ж. Ш. Сапаховадан алынған кимешек.

Кимешек Орталық Азия әйелдеріне тән бас киім және жалпы кимешектің 16 (он алты) түрі белгілі болса, оның 12 (он екі) түрі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музей қорында сақталған.

Көрменің мақсаты: қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінің тамырын сақтап және дамыта отырып, болашақ ұрпақтың рухани, мәдени кеңестігін, ұлттық сана-сезімін және рухани иммунитетін қалыптастыру. ҚР МОМ қорындағы кимешектердің түрлері арқылы көпшілікке кеңінен таныстыру және насихаттау. Сонымен қатар, музей қызметкерлерінің «Кимешек» ұлттық киім үлгісіне жүргізілген тарихи-этнографиялық ғылыми-зерттеулер барысындағы «Қазақтың дәстүрлі киім-кешегі» (2009 ж.) ғылыми каталогы мен «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдармен атауларының дәстүрлі жүйесі» (2017 ж., 1-5 том) ғылыми еңбектерінің ерекше үлесін атап өту.

Кимешектің тек қазақ әйелдеріне тән бас киім болып қалыптасуына экологиялық ахуал мен көшпелі өмір салтының өзіндік ерекшеліктері әсер еткен. Сондай-ақ, кимешекте дәстүрлі қоғамда қалыптасқан әйел адамдарға деген моральдық-этикалық нормалар мен салт-дәстүр талаптары да ескеріледі.

Кимешек әр аймақтың тұрмыс қажеттілігінен туындағанын, ортақ өндірістік қатынастардың болмағанын ескерсек, сырт көзге ғана бөлек болып көрінгенімен, негізгі ұстанымы ортақ. Яғни, мәні сақталады, сәні уақыт үрдісіне, жеке ісмердің шеберлік деңгейіне, ой-қиялы мен өресіне сай өзгереді. Алайда, басты қағидасы бұзылмайды. Қыста суықтан, жазда ыстықтан қорғайтын, ұрпағының алдында мәртебені асыратын, жүзіне иман ұялататын ақ жаулықты аналардың киелі кимешегі болашақтың мұрасы болары сөзсіз.

ҚР Мемлекеттік орталық музейі 2021 жылдың 16 қыркүйегінде, сағат 15.00-де Алматы қаласы күні және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге арналған «Алматы менің жүрегімде» атты  балалар шығармашылығының көрмесін ашады. 

Выставка "Алматы в моем сердце"ҚР Орталық музейі жыл сайын республикамыздың мәдени астанасы болып табылатын Алматы қаласының тарихы мен қазіргі дамуының түрлі аспектілерін көрсететін балалар суретінің көрмелерін өткізіп келеді. Балалар шығармашылығының көрмелері балаларға өз тарихын, қаламыздың бүгіні мен болашағы туралы өз көзқарастарын, қоршаған әлемге деген көзқарасын, суреттер арқылы өздерінің эмоциялары мен көңіл-күйлерін жеткізуге мүмкіндік береді.

 Алматы қаласының бейнелеу студияларының, көркемөнер мектептерінің, білім беру және дамыту орталықтарының талантты, ынталы, жас суретшілері қатысады: «АртУм» балаларды дамыту орталығы,   «Рембрандт» арт-студиясы, «Умка» балалар білім беру орталығы, «Genus» балалар орталығы, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА мектеп-интернаты, «Солнышко Арт  - студиясы», «Творим вместе» «Ты художник» шеберханасы, «ArtMixstudio» шығармашылық студиясы, №68 мектеп-гимназия, «Подснежник» көркем білім беру студиясы, «Тұран» мектеп-лицейінің «Шабыт» студиясы, «Бобек» ҰО «Самопознание» гимназиясы. 

Көрмеге әр түрлі жастағы балалар қатысады: ең кішкентайы 5 жастан 17 жасқа дейін. Түрлі техникалар мен жанрларда орындалған өз жұмыстарында балалар көптеген көрікті жерлерді, мәдениет пен тарих ескерткіштерін, саябақтар мен скверлерді, жылдың барлық мезгілдеріндегі табиғат сұлулығын, түрлі-түсті натюрморттарды, қаланың, еліміздің рәміздерін және т.б. бейнелеген. Көрме экспозициясында балалардың әр түрлі және бірегей жұмыстары ерекше қызығушылық тудырады: Нарынова Анельдің «Алматы – менің махаббатым», «Ботаникалық бақ», Нарынов Тайыр «Тұңғыш Президент саябағы», Спицына Альбина «Алмамен әжем», Дашкевич Лидия «Даланың жаңғыруы», Вольская Екатерина «БАО», Кривко Алина «Республика жетістіктері», Маркина Елизавета «Қапшағай сулары», Мурдунов Исламжан «Алма-Арасан» және т. б. 

Көрме экспозициясында балалардың 100-ден астам жұмыстары қойылған. 

Көрме 2021 жылдың 30 қыркүйегіне дейін жалғасады. 

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі 2021 жылдың 22 қыркүйек күні сағат 15.00-де Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Ақиқат» ұлттық қоғамдық- саяси журналына 100 жыл толуына орай «КЕМЕЛ ОЙДЫҢ КЕРУЕНІ» атты көрмесін ашады.

«КЕМЕЛ ОЙДЫҢ КЕРУЕНІ» атты көрмесіБиылғы жылы қазақ баспасөзінің қара шаңырақтарының бірі «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының ақпараттық кеңістікке шыққанына 100 жыл тол­ып отыр. Әрдайым ұлтымыздың құндылықтарын насихаттап, елдігімізді дәріптеп, ұлттық көзқарасты қалыптастыруды мақсат тұтқан ұлттық-қоғамдық саяси журналының бүгінгі мерейлі тойы- қалың қазақтың мерекесі. Ұлттық қоғамдық-саяси жур­­нал ең алғаш 1921 жылы 15 қыр­күйекте «Қызыл Қазақстан» деген атаумен Орынборда жарық көр­ген. 1925 жылы шілдеден бас­тап 1929 жылдың соңына дейін «Қы­зыл Қазақстан», 1930-31 жж. Алма­ты­да «Қазақстан большевигі», 1932-38 жыл­дары «Ауыл коммунисі», 1938-41 жж. «Коммунист», 1952-57 жж. «Қазақстан коммунисі – Ком­мунист Казахстана», 1958-91 жж. «Қазақстан коммунисі» де­ген атпен шығып отырды. Қазіргі уақытта «Ақиқат» деген жаңа атаумен жарық көре бастады. 1999 жылдан бастап «Ақиқат» журналы еліміздегі ірі медиахолдинг «Қазақ газеттері» ЖШС-нің құрамында.

Тарихы 1921 жылдан бастау алған басылымның тұңғыш редакторы – Абдолла Асылбеков. Журналды әр жылдары Смағұл Сәдуақасов, Ерғали Алдоңғаров, Мырзағұл Атаниязов, Нәзипа Құлжанова, Нығмет Нұрмақов, Сұлтан Сегізбаев, Хамза Жүсіпбеков, Құрманбек Сағындықов, Кәкімжан Қазыбаев сынды белгілі тұлғалар басқарған. Басылым бетінде М.Әуезов, С.Сейфуллин, Б.Майлин және т.б. ақын-жазушылардың шығармалары тұңғыш рет жарық көрген. Тәуелсіздік жылдарында журналға Камал Смайылов, Сарбас Ақтаев, Нұрмахан Оразбек, Жұмабек Кенжалин бастаған бас редакторлар жетекшілік етіп, журналдың өн бойына азаттығымыздың айшықты рухын дарытып, мазмұндық тұрғыдан жаңаша серпін әкелді. Журналдың «Қызыл Қазақстаннан» «Ақиқатқа» дейінгі жүріп өткен жолдары ұлтымыздың бір ғасырға жуық тарихынан сыр шертеді. Әрбір айдардағы талдамалық мақалалар, ғылыми сараптамалар құнды деректерден тұрады. Журнал бетінде тарих, ұлттық мүдде, қазақ қоғамының дамуы, мемлекетшілдік сананы қалыптастыру, дін мен діл, ұлттық болмыс, жаһандық мәселелер қозғалып, маңызды тақырыптар ой-сана тұрғысынан жан-жақты талданып, оқырманға жол тартады. Соның ішінде саясат, тарих, философия, экономика, мәдениет және филология салаларындағы өзекті тақырыптар қамтылып келеді.

«КЕМЕЛ ОЙДЫҢ КЕРУЕНІ» атты көрмеде «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының негізі қаланған күннен бастап бүгінгі күнге дейінгі қызметінің даму көкжиегінен сыр шертетін тарихи-танымдық, мұрағаттық-ақпараттық деректер, фотосуреттер ұсынылады. Көрмеге тарихы бай, тағылымы мол 80-нен астам материалдар қойылады. Олар: журналдың тарихи сандары, басылым бетінде жарық көрген Алаш қайраткерлері мақалаларының көшірмелері, бас редакторлардың фотосуреттері, журналдың шығармашылық жетістіктері және өзге де құнды дүниелер көрермен қауымды бейжай қалдырмасы анық.

Көрме 2021 жылдың 6 қазанына дейін жалғасады.

2021-жылдың 12-шілдесі күні сағат 16.00.-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде «Ұстаз ұлағаты» атты көрме ашылады.

Аса көрнекті халық ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің (1841-1889) туғанына 180 жыл толуына орай оның өмірі мен шығармашылық мұрасын насихаттау әрі дәріптеу мақсатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде «Ұстаз ұлағаты» атты арнайы көрме ұйымдастырлып отыр.

«Ұстаз ұлағаты» атты көрмеЫбырай Алтынсарин (1841-1889) қазақ халқының қоғамдық ой-пікірі, мәдениеті мен әдебиеті тарихында жаңашыл-педагог, жаңа мектептердің ұйымдастырушысы, этнограф, фольклоршы, ақын, прозашы және орыс классиктері туындыларының аудармашысы ретінде танылған бірегей тұлғалардың бірі.

Ойшыл ұстаз білім беру саласында орыс-қазақ мектептерінің оқушыларына арнап жазған «Қырғыз (қазақ) хрестоматиясы» және «Қырғыздарға (қазақтарға) орыс тілін үйретуге алғашқы басшылық» атты екі оқу құралы, «Бір уыс мақта», «Қисық ағаш», «Таза бұлақ», «Шеше мен бала», «Ақымақ дос», «Тазша бала», «Қыпшақ Сейітқұл», «Талаптың пайдасы», «Бақша ағаштары», «Асыл шөп», «Мейірімді бала», «Дүние қалай етсең табылады», «Жиренше шешен», «Бай мен жарлы баласы», «Әке мен бала», «Мақта қыз бен мысық» сияқты мысал әңгімелері, «Кел балалар оқылық», «Өнер-білім бар жұрттар», «Өзен», «Жаз» және т.б. өлеңдерімен кеңінен танымал.

Аталмыш көрменің негізгі жәдігері ретінде ағартушының Уақбаев Серік Жамантайұлы есімді жерлесі тарапынан музей қорына 1989 жылы өткізілген жеке қалта сағатын («Павел Буре» зауыты) ерекше атауға болады. Жары Айғаныс, ұлдары Абдолла мен Әбдірахман, қызы Шәрипа және немересі Нағима Абдолқызының, ұстаздық қызметтің әр жылдары туған өңірінде салдырған оқу орындарының (мектептер, интернаттар, училищелер) түпнұсқа фотосуреттері (1959 жылы ҚР Мемлекеттік орталық музейінің Қостанай облысы, Амангелді ауданына жасаған экспедициясы кезінде жинақталған) және көшірме суреттерде де осы экспозиция төрінен орын алған.

Ағартушының Орынбор қаласында өзі негізін қалаған мектепке қабылданған қазақ балаларының алуан түрлі мәселелерін қозғап 1864 жылы Н.И. Ильминскийге (1822-1891), 1880 жылы Сыртқы Істер Министрлігінің Орынбор генерал-губернаторына жазған хаттары, газетке бастыруға дайындаған 4 беттік қолжазбасы, Торғай өңірінде 1884 жылы болыстық мектептер салу жөніндегі мәліметтер және жат жұрт балалары үшін бастауыш мектептер ашу туралы ережелердің көшірмелері (1986 ж. ҚазССР Ғылым Академиясы кітапханасының сирек кездесетін қолжазбалар мен басылымдар бөлімінен алынған) көрменің деректік арқауын арттыра түспек.

Ы. Алтынсариннің Қостанайдағы екі сыныптық училищенің оқушыларымен бірге түскен, Обаған болыстық және өзі ашқан мектептердің шәкірттерінің, ағартушының хаттарын зерттеген Бекежан Сүлейменовтың (1912-1984), ізбасарлары Әбдіғали (1866-1942) мен Ахмет Балғымбаевтар, Нәзипа Құлжанованың (1887-1934) фотосуреттерін де осы экспозициядан тамашалауға болады.

XIX-ғасырдың аяғында Қазақ даласының Батыс аймағында және Жетісу өңірінде мектептер салдырып, қазақ балаларының мұсылманша және орыс-қазақ тілдерінде білім алуына жол ашқан алғашқы шүлеңгерлер (меценаттар) Жәңгір хан (1801-1845) мен Есенқұл Маманов (18881932-) және ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов (1872-1937) кескіндеріне, туысқаны Халық жазушысы, көрнекті ақын Мәриям Хакімжанованың (1906-1995) жеке кешеніне арнайы витриналар арналып отыр.

Сондай-ақ өз заманының асқан қайраткері болған педагогтің өмірі мен шығармашылығына қатысты музей кітапхансынан алынған басылымдар, әулеттік шежіре, ұстаз ашқан оқу орындарының картасы, шәкірт киімінің атрибуттары, араб әліпбиі жазылған жылқы жауырыны, сиясауыт пен қауырсын, Қостанай өңірінің Ақсуат ауылындағы С. Көбеев атындағы мектептің қоңырауы (музейге 1976 ж. түскен) және т.б. иллюстрациялық материалдар көрменің композициялық мән-маңызын толықтыра түсетіні айқын.

Саналы ғұмырын қазақ балаларын білім нәрімен сусындату жолына арнаған ағартушының өмірі мен мұрасы кейінгі ұрпақ үшін өр әділеттілік пен зор адамгершілікті және асқақ рух пен кемел парасаттылықты үздіксіз дәріптеудің әрқашанда жарқын үлгісі бола бермек.

Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған аталмыш көрме 4-залдың оң жақ бұрышындағы алаңда орналасқан.

Көрме 2021 жылдың 30 қыркүйегіне дейін жалғасады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source