авто

Қателік
  • Error loading component: com_media, 1
  • Error loading module MySQL server has gone away SQL=SELECT m.id, m.title, m.module, m.position, m.content, m.showtitle, m.params, mm.menuid FROM ser_modules AS m LEFT JOIN ser_modules_menu AS mm ON mm.moduleid = m.id LEFT JOIN ser_extensions AS e ON e.element = m.module AND e.client_id = m.client_id WHERE m.published = 1 AND e.enabled = 1 AND (m.publish_up = '0000-00-00 00:00:00' OR m.publish_up <= '2024-10-04 10:50:27') AND (m.publish_down = '0000-00-00 00:00:00' OR m.publish_down >= '2024-10-04 10:50:27') AND m.access IN (1,1) AND m.client_id = 0 AND (mm.menuid = 399 OR mm.menuid <= 0) AND m.language IN ('kz-KZ','*') ORDER BY m.position, m.ordering

Музейге келушілермен жүргізілетін жұмыстар

ҚР Мемлекеттік орталық музейі мәдени-білім жұмысы қызметінде түрлі шаралар – фестивальдер, ашық есік күндері, қайырымдылық акциялары, шеберлік сабақтары, концерттер, шолу және тақырыптық экскурсиялар, тарихи квестер, викториналар, байқаулар, музей сабақтары, шығармашылық кездесулер және т.б. өткізіп тұрады. Бүгінгі таңда тарихи-мәдени құндылықтарды дәріптеуде аудиториямен жүргізілетін жұмыстың бірнеше түрлерін біріктіретін фестивальдер, көрме-байқаулар, көрме-концерттер, коллекциялардың тұсаукесер-көрмелері, жәрмеңкелер келушілер арасында қызығушылық тудырып, үлкен сұранысқа ие болып отыр.

Фестивальдер

ҚР МОМ ұлттық дәстүрді жаңғырту және көпшілікті қазақ халқының салт-дәстүрімен таныстыру мақсатында жыл сайын бірнеше халықтық өнер фестивальдерін ұйымдастырып өткізеді. Жыл басы – Наурыз мерекесі аясында ұлттық салт-дәстүрмен таныстыратын «Наурыз нақыштары» мерекелік шарасы музейдің дәстүрлі шараларына айналып отыр; Қаладағы оқу орындармен бірлесіп ұйымдастырылатын «Бояулар фестивалі» қаладағы көркем өнер мектептері мен изостудия шәкірттерінің түрлі жанрда орындалған жұмыстарымен таныстырады; Әлем елдерінің – Жапония, Түркіменстан, Қытай, Иран, Египет, Корей және т.б. дәстүрлі мәдениетімен, өнерімен таныстыратын фестивальдер шетелдің Қазақстан Республикасындағы Елшіліктері және консулдықтарымен бірлесіп өткізіледі.

Тақырыптық және шолу экскурсиялары

Келушілермен жүргізілетін жұмыстар: дәстүрлі (негізгі) – экскурсиялар, дәрістер, байқаулар, консультациялық кеңес және т.б. жатады және дәстүрлі емес (жаңа үлгідегі) – шеберлік сабақтары, жәрмеңкелер, фестивальдер, музей сабақтары және т.б. болып бөлінеді. Мәдени-білім жұмысының дәстүрлі түрлерінің бірі – ЭКСКУРСИЯЛАР. Музей экскурсиялары ішінара тақырыптық және шолу, тарихи, әдеби, өнертану, жаратылыстану және т.б. болып жіктеледі. Тақырыптық экскурсиялар көбіне мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттеріне (оқу бағдарламалары бойынша немесе жаңа көрмелер бойынша, сондай-ақ ҰБТ-ке дайындау мақсатында) жүргізіледі. Археология, тарих, этнография, антропология, нумизматика, геральдика және т.б. ғылым салалары бойынша жүргізілетін тақырыптық экскурсияларға музейдің ғылыми қызметкерлері тартылады. Музей кез-келген категориядағы келушілерге 7 экспозициялық зал және көрмелер бойынша үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) экскурсиялық қызмет көрсетеді.

Музей сабақтары

Білім беру және ағарту бағытындағы музей шараларының ішінде бүгінде кең қолданылатыны МУЗЕЙ САБАҚТАРЫ. Сабақ оқушылардың жекелеген тақырып бойынша алған білімдерін бекітіп, тереңдетуге септігін тигізеді. Бұл жерде музей заты көрнекі құрал ретінде емес, зерттеу көзі ретінде пайдаланылады. Музейлік сабақ оқушылардың оқу курсындағы тақырыбы бойынша білімдерін тікелей музей экспозициясы негізінде тереңдету мақсатында жүргізіледі. Оның бар ерекшелігі мектептің бағдарламасының міндетін музейдің білім беру аясында жүзеге асыруында.

Музей бастауыш және орта сынып оқушыларына музейдің экспозициялық залдарында өткізілетін музейлік сабақтарды ұсынады. Қазіргі таңда музей педагогтары археология, қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті және Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы бойынша бірқатар музейлік сабақтар дайындаған. Сабақтарда көрнекі құралдар, электронды тұсаукесерлер, бейнефильмдер пайдаланылады.

Музей қызметкерлері жүргізетін музей сабақтары:

Қазақ халқының дәстүрлі киімдері;

Киіз үй – көшпелілердің дәстүрлі баспанасы;

Қазақтардың зергерлік бұйымдары

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері

Тәуелсіз Қазақстанға саяхат

Бір Шаңырақ астында

Теңге тарихы

«Бесік - көшпелілердің өнертапқыштық даналығы»

«Әжемнің сандығындағы заттардың тарихы»

(Ағымдағы тақырыптық музейлік дәрістер, сабақтар, экскурсиялар жайлы қысқаша ақпарат)

Музейдегі квест-ойындар

Бүгінде көпшілік арасында танымал музей аудиториясымен жүргізілетін жұмыстардың жаңа түрі – квест-ойындар. Музейлік-педагогикалық қызмет аясында музейдің Мәдени-білім жұмысы орталығының педагогтары мектеп оқушыларына арнап Қазақстан тарихы мен мәдениеті бойынша – «Палеонтология және археология әлеміне саяхат» және «Әжемнің сандығындағы заттардың тарихы» атты тарихи квест-ойындар ұйымдастырылды. Қазақстан тарихы бойынша квест-ойындар музей экспозициясында нақты бір тапсырмаларды орындауға құрылады. Ойын қазақ және орыс тілдерінде ойын түрінде өтеді. Квест-ойындар 5-8 сынып оқушыларына арналып, 1-2 экспозициялық залдардың экспозициясын өз бетінше меңгеруге бағытталып құрылады.

ҚР Мемлекеттік орталық музейі ҚР Тұңғыш Президентінің жолдауы аясында өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімін қалыптастыру, өз еліне деген сүйіспеншілік пен адалдықты сондай-ақ, өз халқының тарихына, мәдениетіне және дәстүрлеріне деген құрмет сезімін тәрбиелеу мақсатында, оқушыларға арнап музей коллекцияларымен, еліміздің тарихы және мәдениетімен таныстыратын әртүрлі әдістемелік білім беретін бағдарламалар және музейлік сабақтар дайындап, ұсынады. Бағдарлама оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, көрнекілік құралдарды, электронды презентациялар мен бейнефильмдерді пайдалана отырып әзірленеді.

Қазақстан тарихы бойынша өткізілетін квест-ойындар қазақ халқының тарихы, дәстүрі мен әдет-ғұрпы туралы тапсырмаларды орындау, алдын ала дайындалған бірқатар сұрақтарға жауап беру, қандайда бір жәдігерді сипаттау арқылы музей экспозициясына қойылған бір затты табу. Аталмыш жұмыс түрін музей залы бойынша саяхат квест-ойыны (тапсырманы музейлік-педагогика секторының мамандары белгілі бір экспозициялық зал немесе тақырыптық бөлім бойынша дайындайды) деп атауға болады. Мұндай ойындар оқушылардың логикалық ойлау жүйесі мен есте сақтау қабілетін жақсартып, музейде сақталған тарихи, мәдени жәдігерлермен танысуға деген қызығушылықтарын оятады. Мұндай саяхат квест-ойындарына тек мектеп оқушылары ғана емес сондай-ақ, үлкендер қауымы да қатыса алады. «Музей бойынша саяхат» ойынынының тапсырмаларын орындау барысында балалар топпен араласу, көпшілікпен бірігу тәсілдерін үйренеді.

Музейдің педагогика секторы «Мен және музей әлемі» интерактивті білім беру бағдарламасын әзірледі. Аталмыш бағдарламаның мақсаты – музей әлемімен, еліміздің тарихи-мәдени мұрасымен және музей терминологиясымен таныстыру. «Музей дегеніміз не?», «Экспонат», «Музейлік пән», «Раритет», «Экспозиция», «Көрме», «Музей технологиялары», «Қайта қалпына келтіру», «Мұра» және т.б. сөздерін түсіндіру. Бағдарлама балалар аудиториясына, жалпы білім беретін мектеп оқушыларына арналға      

Білім беру бағдарламалары

ҚР МОМ музейлік-педагогикалық қызметінің басты бағыттарының бірі – Қазақстан тарихы мен мәдениеті бойынша мәдени-білім беру жобалары мен бағдарламаларын жасап, жүзеге асыру. Мәдени-білім жұмысы орталығының музейлік педагогтері еліміздің тарихи-мәдени құндылықтары бойынша қор көрмелері аясында білім беру бағдарламаларын ұсынады. Мұндай бағдарламалар жасауда музей қызметкерлері балалардың шығармашылық және интеллектуалдық мүмкіндіктерін дамытатын әртүрлі әдіс-тәсілдер пайдаланады. Интерактивтік бағыт (музейдің көпшілікпен диалогтық білім беру арқылы тікелей қатынасуы) музейдің қазіргі заманғы мәдени-білім жұмысының ең кең тараған түрі. Оқушылармен және студенттермен жүргізілетін жұмыс кезінде танымдық белсенділікті арттыруға бағытталған ойын, рөлдік ойын, сұрақ-жауап секілді интерактивтік әдістер қолданылады.

2017-2018жж. ҚР МОМ оқушыларды еліміздің тарихи-мәдени мұраларымен таныстыруға бағытталған үш музейлік-педагогикалық бағдарламалар ұсынады:

- «Нумизматика әлеміне» (Алматы қаласы мектептерінің 5-7 сынып оқушыларына арналған);

- қазақ халқының салт-дәстүрлерімен таныстыратын «Суретші Н.Хлудов шығармалары арқылы дәстүрлі қазақ мәдениеті әлеміне».

- музей әлемімен, еліміздің тарихи-мәдени мұраларымен және «Музей деген не?», «Экспонат», «Музейлік заттар», «Раритет», «Экспозиция», «Көрме», «Музейлік технологиялар», «Реставрация», «Мұра» секілді музей терминдерімен таныстыратын «Мен және Музей» интерактивтік білім беру бағдарламасы. Бағдарлама балалар аудиториясы, орта сынып оқушыларына арналған.

Қайырымдылық акциялары

Музейдің мәдени-білім жұмысының дәстүрлі бағыттарының бірі – әлеуметтік қорғалмаған топтарды (жетім балалар, мүгедек балалар және т.б.) қолдауға бағытталған қайырымдылық шараларын өткізу. ҚР МОМ соңғы 15 жыл көлемінде «Алтын-Көл» аналар, қамқоршылар және балаларды қорғау қайырымдылық қоры, «Кеңес» қоғамдық мүгедектер ұйымы, М.Оспанов атындағы қоғамдық қор, интернаттар, балалар үйлері және бала бақшалармен бірлесіп жұмыс істейді.

Осы жолыда ҚР Мемлекеттік орталық музей ұжымы Алматы қаласындағы көп балалы отбасыларына көмек көрсету мақсатында қайырымдылық эстафетасын қолдады. Музей қызметкерлері бірнеше отбасын тағамдар мен күнделікті тұрмысқа қажетті заттар, сонымен қатар балаларға қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етті. Аталмыш іс-шара барысында музей ұжымы игі іске көмекші болды, сондай-ақ балалардың қуанышына бөленіп, алғысын алды.

Музейдегі жаңа жыл мерекесі

ҚР МОМ түрлі компаниялармен, қоғамдық қорлармен бірлесіп балаларға арналған жаңа жылдық қайырымдылық шараларын өткізіп тұрады. Шара аясында концерт, қойылым, экскурсиялар, викториналар ұйымдастырылып, музейдің демеуші серіктестері тарапынан жаңа жылдық сыйлықтар табыс етіледі.

ҰОС және еңбек ардагерлеріне арналған қайырымдылық акциялары

Музей жыл сайын ҰОС ардагерлеріне қолдау көрсету мақсатында қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, бүгінгі жастармен кездесу өткізіп тұрады. Мұндай кездесулер ел тарихымен тереңнен танысуға, азаматтық танымды, патриоттықты қалыптастыруға, қатары сиреп бара жатқан ардагерлерге құрмет көрсетіп, алғыс білдіруге мүмкіндік береді.

Ғылым, мәдениет және өнер қайраткерлерімен кездесулер

Музей тарихи білімді оқыту-білім беру үрдісінде кең қолдануға көп мән береді. ҚР МОМ жыл сайын Қазақстанның көрнекі тарихшы-ғалымдарымен, қоғамдық-саяси қайраткерлер, суретшілер, мүсіншілер, сәндік-қолданбалы өнер шеберлерімен, мәдениеттанушы және өнертанушылармен, ҰОС ардагерлерімен және т.б. кездесулер ұйымдастырып тұрады.

Музейдегі шеберлік сабақтары

Шеберлік сабақтар – соңғы кездері көпшілік арасында үлкен сұранысқа ие болған және музейдің мәдени-білім жұмысында білім берудің ең тиімді әрі заманауи түрлерінің бірі. Мұндай сабақтар жаңа әдістемені, жаңа жанрды, өнердегі тың техниканы үйренуге, авторлық бағдарламаны меңгеруге, сонымен қатар педагог-маманмен тікелей тіл қатысуға мүмкіндік береді. Бұл музейлік жұмыстағы интерактивті оқытудың бір саласы. Ұтымдылығы теориялық бөлім, жеке жұмыс пен тәжірибе жинақтаудың үйлесімділігінде.

Жыл сайын Музей тақырыбы мен саласы әр түрлі 40-тан астам шеберлік сабақтарын ұйымдастырып өткізеді:

Кескіндеме және дәстүрлі қазақ қолөнері – зергерлік, киіз басу, кесте тігу, былғары, ағаш және т.б. өңдеу бойынша; Музейдің реставратор мамандары музей шаралары мен көрмелері аясында кесте тігу мен құрақ көрпе жасаудың сан түрімен таныстырады.

Ашық есік күндері

Ашық есік күндерін өткізу музейге келушілер қатарын арттыру мақсатында жүргізілетін дәстүрлі жұмыс түрі. Мұндай шаралар қалалықтар арасында жақсы қабылданады. Статистикаға сәйкес, бұл күндері музейге келушілер артады, көбіне балалы отбасылар, мектеп және балалар үйі, интернаттар. Ашық есік күндері Жеңіс күні, Халықаралық Музейлер күні, Халықаралық Балаларды қорғау күні секілді мемлекеттік және ұлттық мерекелер аясында өткізіледі.

Концерттер

Концерт – бұл музыкалық, шығармашылық ұжымдардың шығармашылық өнерін көрсететін, сол арқылы музейге келушілер санын арттыруды мақсат ететін мәдени-білім жұмысының дәстүрлі формасы.

ҚР МОМ жыл сайын ұлттық және мемлекеттік мерекелерге, отандық тарихтағы мерейтойлық даталарға орайластырылған бірнеше концерт ұйымдастырады:

- «Наурыз мейрамы» мерекесі қарсаңында;

- Халықаралық Музейлер күніне орай (18 мамыр);

- ҚР Тәуелсіздігі күні мерекесі аясында (16 желтоқсан).

Балалар алаңы

Қысқы және жазғы мектеп демалыстары кезінде музейде балаларға арналған шығармашылық алаңдары ұйымдастырылады. Мұнда балалар ата-аналарымен келіп, шығармашылықпен қабілеттерін шыңдап, қолы бос уақытын тиімді пайдалана алады. Музей экспозицияларымен танысқан балалар «Қызықты музей заты», «Бұл зат менің үйімде де бар», «Бұл зат жайлы музей экскурсоводы әңгімелеп берді» және т.б. тақырыптарда сурет салады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source