авто

Переключатель языков

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, ҚР Мемлекеттік орталық музейі мен Қазақстанның қаржы нарығында өмірді сақтандыру қызметін ұсынатын ірі компания «Nоmаd Life» бірлесіп 2021 жылдың 29 сәуірі сағат 15.00-де «ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ӘЙГІЛІ ПЕРЗЕНТТЕРІ» атты мерейтойлық көрме ашады.

«ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ӘЙГІЛІ ПЕРЗЕНТТЕРІ»Қазақ тарихында ізі қалған тұлғаларды ұлықтаудың музейлер үшін бірден бір жолы – көрме ұйымдастыру арқылы насихаттау. Қазіргі заманғы музейлік тәжірибеде мемориалдық көрмелер ұйымдастыру үрдіске айналып отыр. Өйткені, мемориалдық көрмелер жекелеген тұлғалардың өмірі мен қызметінен мәліметтер беріп, отандық тарих беттерінде қалған тұлғалардың тарихи образын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ӘЙГІЛІ ПЕРЗЕНТТЕРІ» көрмесі- жыр алыбы Ж.Жабаевтың 175 жылдық, күш атасы Қ.Мұңайтпасов 150 жылдық, сахнаның серкесі С.Қожамқұловтың 125 жылдық, әнші, композитор М.Ержановтың 120 жылдық, композитор Л.Хамидидің 115 жылдық, қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, ақын Қ.Аманжоловтың 110 жылдық, мемлекет қайраткері, этнограф Ө.Жәнібековтың 90 жылдық мерейтойларына арналады. «Ұлы Даланың әйгілі перзенттері» көрмесі осы аталған тұлғалардың қайраткерлерлік жолын танытуға жол ашып, музей коллекциясы арқылы сыр шерткелі отыр.

Көрменің мақсаты: Орталық музей қорындағы сан алуан материалдар негізінде көрнекті тұлғалар, олардың өнегелі өмірі және шығармашылық қызметтерімен таныстыру әрі оларды дәріптеу.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейіндегі көрмелердің көктемдік маусымын ашуға арқау болған «ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ӘЙГІЛІ ПЕРЗЕНТТЕРІ» көрмесіне мерейтой иелерінің өздеріне тиесілі жеке заттары, олардың өмірі мен шығармашылығына қатысты бірегей фото-құжаттар, хаттар, еңбектері мен марапаттары, сонымен қатар бейнелеу өнері туындылары мен иллюстрациялар қойылады. Сонымен қатар, Ж. Жабаевтың өмірден өткеннен кейінгі бет-пішінінің гипстен құйылған бедері, Қ.Мұңайтпасовтың тымағы келушілер назарын аударары сөзсіз.

«ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ӘЙГІЛІ ПЕРЗЕНТТЕРІ» мерейтойлық көрмесі қалың көпшіліктің қызығушылығын тудырары сөзсіз. Көрменің онлайн нұсқасымен музейдің әлеуметтік желідегі парақшаларында танысуға болады.

Көрме 2021 жылдың 21 желтоқсанына дейін жалғасады.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің мәдени-білім беру қызметінің маңызды бағыттарының бірі балалар шығармашылығын қолдау және дәріптеу болып табылады. Орталық музей 2021 жылдың 16 сәуірі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Біз бұл әлемді көріктендіреміз...» балалар шығармашылығының көрмесін өткізеді.

«Біз бұл әлемді көріктендіреміз...»Көрмеге Алматы қаласының 20-дан астам балалар шығармашылығын дамыту және бейнелеу өнер орталықтарының оқушылары қатысып, бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер жанрдағы әртүрлі жұмыстарын ұсынды.      

Балалардың көрмеге қатысуы оларға еліміздің тарихы мен мәдениетімен танысуға, туған жерінің ұлттық құндылықтары, дәстүрлері мен сұлулығы туралы түсініктерін кеңейтуге мүмкіндік береді, бұл Отанға, өз халқына деген сүйіспеншілікті оятады. Сондықтан жас суретшілер өз жұмыстарында қоршаған әлемге, елдің өткені, бүгіні және болашағы туралы өз көзқарастарын білдіруге тырысты. Балалар Қазақстанның тарихы, мәдениеті, табиғатымен байланысты түрлі аспектілер мен сюжеттерді бейнелейді. Бұл көркем пейзаждар, адамдардың портреттері және натюрморттар, қаланың көшелері мен көрікті жерлері, тәуелсіз мемлекетіміздің рәміздері.        

Жас суретшілердің идеялары мен шығармашылық ниеттерін көрсететін көркемөнер мектептері мен бейнелеу студиялары оқушыларының авторлық жұмыстары өнердің әртүрлі техникалары мен жанрларында (кескіндеме, акварель, сәндік-қолданбалы өнер - гобелендер, кесте тігу, аппликациялар, қуыршақтар, маскалар және т.б.) орындаған. Суреттен басқа, шеберлер гравюраларды, пластилиннен, саздан, гипстен жасалған мүсіндік композицияларды, суретпен безендірілген керамикадан, матадан, ағаштан жасалған бұйымдарды көрсетеді.          

Изостудия мұғалімдері өздерінің көркем туындыларын ұсынды, соның арқасында балалар өздерінің шығармашылық дағдыларын дамытып, өмірде өз жолдарын табады.

Көрмеге әр түрлі жастағы (5 жастан 15 жасқа дейін) оқушылар мен әр түрлі көркемөнер мектептері, балалардың шығармашылық орталықтары мен бейнелеу студиялары педагогтарының жұмыстары қойылады, олардың ішінде: «Лидия Дроздованың Арт-Шеберханасы», Наталья Шумахердің ART CLASS шығармашылық шеберханасы, «Алма шығармашылық академиясы», «Класс» даму орталығы, «Ұмай» балалар көркем мектебі, «Весёлая ромашка», «Умка» балалар білім беру орталығы, Би студиясы g «Феникс» балалар клубы, Сурет студиясы, «IN art» кескіндеме және шығармашылығы, «Подснежник» көркем білім студиясы, «Вдохновение» студиясы, «Тұран» мектеп-лицейі, «Рембрант» Арт-студиясы, Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн мектебі, ҚММ «Гимназия №83», «АртУм» балалар даму орталығы, «By ART» studio, «Март» Арт-студиясы, «Бөбек» Ұлттық орталығының «Самопознание» гимназиясы,   Қазақстан Республикасының Ұлттық музей бейнелеу студиясы, Нұр-Сұлтан қ., «Достар» ББТО бейнелеу студиясы, Алматы қ., Халықаралық мектебі, Н.Назарбаев білім беру қоры.                    

Балалардың жұмыстары өте көркем, ашық, ерекшелігі мен әр алуан болғандығы сондай, қоршаған әлемге деген қуанышты көзқарастары мен қиялдары, ойлары таң қалдырды. Алуан түрлі, ашық түсті, әлемге деген қуанышты көзқарасы қиялынан туындаған.                        

«Біз бұл әлемді көріктендіреміз...» атты балалар шығармашылығы көрмесінде бейнелеу және қолданбалы өнердің түрлі жанрындағы 200-ден астам туындылар қойылған.

Көрме 2021 жылдың 27 сәуіріне дейін жалғасады.

Қазақстан Республикасы мемлекеттік орталық музейі 2021 жылдың 5 наурызы сағат 15.00-де "Алмалы палитра" суретшілер қауымдастығымен бірлесіп «Мәңгілік дауысы» атты көркемөнер туындыларының халықаралық көрмесіне шақырады.

«Мәңгілік дауысы»  атты халықаралық көрмесіАталмыш көрмеге жақын және алыс шетелдерден (Ресей, Чехия, Болгария, Германия), сондай-ақ Қазақстанның – Алматы, Нұр-Сұлтан, Талдықорған, Атырау, Павлодар, Шымкент қалаларынан 40-тан астам суретшілер қатысады.

Көрмеде бейнелеу және қолданбалы өнердің барлық түрлері мен жанрларын көрсететін туындылар: пейзаждар, натюрморттар, сюжеттік композициялар, панно (кескіндеме, керамика, графика және т. б.) ұсынылады.

ХХ-ХХІ ғасырларда бейнелеу өнерінің дамуында жаңа мүмкіндіктер пайда болды: майлы бояумен кескіндеу және кенепте акрилді қолданудың жаңа тәсілдері, «Жылдамдық дәуірі» кезеңінде заманауи техника мен өнер иесінің ойын ұштастыру. Қазақстандық көркемөнер жаңа үлгі мен ерекшеліктерге ие бола бастады. Қазақстан суретшілерінің туындыларынан өмірлік тәжірибенің әмбебап жүйесінің интуитивті көрінісі, адамның рухани, ішкі әлеміне деген қызығушылық, адам мен табиғат арасындағы үйлесімділік, көркем дәстүрлерді бейнелейтін символдар – өткен шақ пен жаңа күннің нұры табылады.

Суретшілердің туындыларында Қазақстанның тарихы мен дәстүрлі мәдениетіне жүгіну бар. Заманауи суретшілер көркемөнер саласына киелі тұрмыс-салт элементтерін - тарих пен ежелгі ғұрыптарды, нанымдарды, петроглифтерді, нышан-белгілерді, ата-әжелердің образдарын, тарихи дәуірлердегі халық батырларының бейнесі арқылы түсіндірме сюжеттер енгізеді. Ресей, Чехия, Болгария және Германия суретшілерінің шығармашылық көзқарастары да ерекше қызық. Туындыларында трансцендентальды әлем, сұлулық және табиғат үйлесімі тақырыптары бейнеленген.

Әлемде болып жатқан пандемияға қарамастан, осынау қиын уақытта бүкіл әлем суретшілері мен кескіндемешілері бітімгершілік пен жақсылық нұрын, табиғат, махаббат, бақыт, өмір мен өлім, өткен, қазіргі және келешек философиясын бейнелейтін керемет туындыларын жасауда.

Көрменің символы – мәңгілік — уақыт, табиғат және адамның ажырамас бірлігі, адамның рухани бастамасының тұрақтылығын бекіту, тоқтаусыз даму, шығармашылық және жасампаздық элементтері - осының бәрін қазақстандық және шетелдік суретшілердің жұмыстарынан тауып,көруге болады.

Экспозицияға 80-нен астам жұмыс қойылған.

Көрме 2021 жылдың 28 наурызына дейін жалғасады, суретшілердің жұмыстарын сатып алғысы келетіндер көрме кураторына жүгіне алады.

Кураторы: Лидия Дроздова, 8705 217 8976, Марлан Нысанбаев 8 747 2877406

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай 2021 жылдың 15 наурызы күні сағ. 15.00-де музей қорындағы қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптары коллекциясынан «Бабадан қалған сырлы әуен» атты көрме ашылады.

 «Бабадан қалған сырлы әуен» атты көрмеҚазақ халқының тарихи-мәдени, әлеуметтік және рухани өмірінде музыка өнері ерекше орын алады. Сондай-ақ, қазақ халқының сан ғасырлық музыкалық дәстүрі ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыратын халық шығармашылығының ажырамас бөлігі болып табылады. Қазақ халқының музыка мәдениетінің негізін ән, ауызекі дәстүрге негізделген суырып салмалық, эпикалық, сондай-ақ аспаптық шығармалар құрайды.  

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің қорында өнер мен мәдениет ескерткіштері көптеп шоғырланған. Олардың қатарында қазақ зиялы қауым өкілдеріне, музыканттары, әншілері мен әртістеріне тиеселі музыкалық аспаптар, сахналық аксессуарлар, киім-кешектер мен басқа да бұйымдар ерекше орын алады.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі қорындағы 200-ге жуық музыкалық аспаптар негізінде ұйымдастырылып отырған «Бабадан қалған сырлы әуен» көрмесіне музыкалық аспаптардың ішекті, үрмелі, тілшелі, соқпалы түрлері – жетіген, шертер, қобыз, сыбызғы, сазсырнай, асатаяқ, тұяқ, қоңырау және т.б. түрлері қойылған. Сонымен қатар қазақ үшін заттық және әуездік төл мұра болуымен бірге ұлт үшін символикалық нышан болып табылатын домбыраның сан алуан түрлері ерекше қызығушылық тудырады.

Көрмеде келушілер назарына қазақтың ұлы ақыны Абайдың жары – Ділда Алшынбайқызының қос ішекті қалақ домбырасы, қазақ тарихы мен мәдениетіндегі шоқтығы биік тұлғалар - Әміре Қашаубаев, Жаяу Мұса, М. Ержанов, Е. Өмірзақов, К. Байсейітова, сондай-ақ, Қ. Сәтбаев, Қ. Аманжолов, Ж. Молдағалиев, Ә. Жангелдин, К. Ақышев, Ө. Жәнібеков және т.б. ғылым, мәдениет және өнер адамдарының музыкалық аспаптары ұсынылады.

«Бабадан қалған сырлы әуен» көрмесіне музыкалық аспаптармен қатар, сахналық аксессуарлар, бейнелеу өнері туындылары да қойылады.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі 2021 жылдың 26 ақпаны, сағ. 12.00-де көрнекті дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының кандидаты Иван Иванович Лиді еске алуға арналған «АЛҒЫС АРҚАЛАҒАН АЗАМАТ» көрмесін ашады.

«АЛҒЫС АРҚАЛАҒАН АЗАМАТ»Талантты хирург, денсаулық сақтау саласын ұйымдастырушы Иван Иванович Ли есімі қазақстандықтарға етене таныс.

Иван Иванович Ли 1960 жылы 26 ақпанда Қарағанды қаласында дүниеге келген. 1977 ж. орта мектепті «Алтын медальмен» аяқтағаннан кейін Қарағанды мемлекеттік медицина институтын тәмамдаған. 1985 ж. Қарағанды қаласындағы №4 қалалық клиникалық аурухана базасында хирургия бойынша интернатураны, 1991 ж. Алматы мемлекеттік дәрігер білімін жетілдіру институтының урология кафедрасында ординатураны бітірген. И.И. Ли жаңа үлгідегі медициналық әдістер және құрылғылармен жабдықталған емдеу-диагностикалық орталығының дамуына өлшеусіз үлес қосты. 2003 жылы уролог-дәрігер, 2010 жылы денсаулық сақтау ісін ұйымдастырушы-дәрігер жоғары біліктілік категориясын алды. Екі мәрте Алматы қаласы мәслихатының депутаты болып сайланды.

И.И. Ли 2018 жылы елордадағы медициналық ұйымдар ішінде денсаулық сақтау саласының ең тиімді менеджері ретінде «Алтын шипагер» алғашқы медициналық жүлдесінің иегері атанды. «Құрмет», «Парасат», «Гиппократ», «Н.И. Пирогов» ордендері, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» белгісімен, бірнеше медаль, грамота және алғысхаттармен марапатталған.

Өзінің дәрігерлік қызметінде И.И. Ли жеті мыңға жуық хирургиялық, урологиялық және онкологиялық профильдегі оталарды жасаған. Олардың қатарында құрсақ қуысы органдарына жасалған және урологиялық пластикалық күрделі оталар да бар. Дәрігер екі өнертапқыштық туындыны патенттеген, бірнеше ғылыми еңбектің авторы.

И.И. Ли өз ісінің нағыз маманы, адам өмірін арашалаушы еді. Ол бүкіл адамзаттың басына келген COVID-2019 тәжтажалмен күресте алдыңғы шепте тұрды, алайда өзі де оның құрығынан құтыла алмады.

Иван Ли өмірден өтті, бірақ абзал жанның өмірлік ісі халық жадында мәңгілікке қалды.

«Алғыс арқалаған азамат» көрмесіне И.И. Лидің жеке кешеніндегі заттар, марапаттары, фотосуреттері мен кітаптары, кәдесыйлар қойылған.

Көрме 2021 жылдың 26 наурызына дейін жалғасады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source