авто

Переключатель языков

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі 2021 жылдың 24 желтоқсанында сағат 15.00 «Бірегей артефактілер» (ҚР Мемлекеттік орталық музейі археологиялық экспедиция материалдары негізінде) атты көрмесін ашады.

«Бірегей артефактілер» атты көрмесіКөрме 2017-2021 жылдар аралығында ҚР Мемлекеттік орталық музей қызметкерлерінің археологиялық экспедициясы кезінде жинаған материалдарының негізінде ұйымдастырылып отыр.

Көрменің мақсаты: музейге келушілерді археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесімен таныстырып, Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттау.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі (әрі қарай ҚР МОМ) 2015 жылғы 19 мамырдағы № 15009141 лицензия негізінде жыл сайын Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізеді. Экспедиция үш отрядтан тұрады: Күлтөбе отряды Оңтүстік Қазақстан, Ордабасы ауданы, Сарыарық ауылы, Арыс өзенінің сол жағалауында орналасқан қаңлы кезеңімен мерзімделетін (б.з.д. II ғ. б.з. – IV ғ.) қалашық және қорымдарда; Ақтерек отряды Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ақтерек ауылының оңтүстік шетінде орналасқан диапазоны әртүрлі дәуірлерге жататын палеолит кезеңнен бастап орта ғасыр уақытымен мерзімделетін қоныстар мен обаларда; Бақа төбе отряды Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Жаңатұрмыс ауылының солтүстік-шығыс бағытында орналасқан Бақа төбе екі ярусты ежелгі қорғаныста археологиялық қазба жұмыстарын жүргізеді, сонымен қатар музейдің ғылыми қызметкерлері археолог Ж.Құрманқұловтың жетекшілігімен Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында орналасқан Шірікрабад қалашығында жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарына қатысып отырады.

Көрмеге алғашқы рет әртүрлі археологиялық нысандардан табылған 50 ден астам бірегей артефактілер қойылады. Қазақстанның оңтүстігінде өркениет пен мемлекеттіліктің жоғары деңгейінің болғандығын куәландыратын Күлтөбе (прото-соғды, қаңлы) жазуы бар әлемдік жаңа форматқа ие Қаңлы мемлекетінің (б.з.д. II ғ. б.з. – IV ғ.) хаты, мәтіні толық сақталған қыш текшелер, соны қатар жерлеу орнынан табылған артефактілер: зооморфтық қола алқалар, мысырлық фаянс, жебе ұштары, темір қылыштар мен қанжарлар, Ұлы Кушан империясына тиесілі қола монета. Аталмыш монета Кушан патшалығының екінші билеушісі және сол империяның негізін қалаушы Вим Кадфистің ұлы Вим I Такто патшасына тиесілі. Ақтерек ескерткішінен табылған ат әбзеліне арналған тоғалар, әшекей бұйымдар, қола айна, қыш ыдыстар және тасқа қашалып жасалған суреттер (петроглифтер), Бақа төбе ежелгі қорғанысынан табылған (б.з.д. ІІ ғ. – ІІІ ғ. басы) қыш ыдыстар және ыдыстардың таңбаланған фрагменттері, Шірік рабад ескерткішінен табылған (б.з.д. IV-ІІ ғғ.) гипс типтес материалдан жасалған жазуы бар ақ түсті ыдыстар үлкен қызығушылық тудырады. Ыдыстағы жазу ежелгі грек альфавитімен жазылған және бүгінгі күнге дейін өшпей толығымен сақталған.

2017-2021 жылдар аралығында ҚР МОМ археологиялық экспедициясы атқарған қазба жұмыстары нәтижесінде музейдің археология қоры 875 с.б. экспонатпен толықтырылды.

Көрме музейге келушілерді Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірінің ежелгі және ортағасырлық мәдениетін археологиялық артефактілер негізінде таныстырады.

2021 жылдың 6 желтоқсаны, сағат 15:00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай этнограф-ғалым Тәттігүл Қартайдың «ЭТНО-ЭКСПЕДИЦИЯ КҮНДЕЛІГІНЕН» атты фотокөрмесінің ашылу рәсімі өтеді.

«ЭТНО-ЭКСПЕДИЦИЯ КҮНДЕЛІГІНЕН» атты фотокөрмесіТәттігүл Қартай – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, «Музеология және ескерткіштану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі. Кандидаттық диссертациясының жетекшісі – профессор Нұрсан Әлімбай. Зерттеу бағыты: тарихи этнография, мәдени антропология, ескерткіштану, этноархеология. Үш жүзге жуық ғылыми және ғылыми-танымдық еңбектердің авторы. «Қазақстан Республикасы Құрмет грамотасы» (2010); «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» медалі (2011) мемлекеттік марапаттарының; «Ғылым мен техникаға елеулі үлес қосқан ғалымдар мен мамандарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендия» (2015); «ЖОО – үздік оқытушысы» (2016) мемлекеттік гранттардың иегері. Тәттігүл Қартайдың есімі Түркиядағы Стамбул қаласындағы Халықаралық Expo Heritage көрмесіндегі ескерткіш тақтаға жазылған (2021).

«Қазақстанның аридтік аймақтарында сумен қамтудың дәстүрлі әдістері: этнологиялық және геоархеологиялық тұрғыда қарастыру» (2018-2020); «Қазақстанның шөлді атыраптарының егіншілік-малшаруашылық ландшафттарын этнографиялық және геоархеологиялық зерттеу: игеру мен бос қалдырулардың тарихи себептері» (2020-2022) атты іргелі ғылыми-зерттеу жобаларының ғылыми жетекшісі. Тәттігүл Қартайдың ғылыми жетекшілігімен Жәңгір хан қаздырған Хан құдығы, Хан бағы мен Хан мешіті құдығы қайта қалпына келтіріліп, Батыс-Қазақстан облысындағы «Хан Ордасы» қорық музейіне табысталған (2019).

Тәттігүл Қартайдың ғылыми жетекшілігімен жүргізілген экспедициялар: Сыр-Арал этнографиялық экспедициясы (2012-2014); Сыр-Арал, дариялық тақыр геоархеологиялық, этнографиялық кешенді экспедициясы (2018-2020); Батыс Қазақстан облысы, Маңғыстау геоархеологиялық, этнографиялық кешенді экспедициясы (2018-2019); Шу-Іле аңғары, Қызылқұм геоархеологиялық, этнографиялық кешенді экспедициясы (2021).

Көрмеге этнографиялық ескерткіштердің фототіркелімдері қойылған. Фотокөрме қолданыстағы дәстүрлі баспана, дәстүрлі әдіспен шегенделген құдық түрлері, мерзімдік жайылымдағы төрт түлік малдың бағымы, үй кәсіпшілігінің қазіргі кезеңде дамуы, байырғы қоныстарда сақталған сәулеттік ескерткіштер және исламға дейінгі реликтерге байланысты ғұрыптармен таныстырады.

Көрменің ашылу барысында автордың «Бөрітаным: экспедициялық зерттеулер», «Сутаным: экспедициялық зерттеулер» атты ғылыми-танымдық кітаптарының таныстырылым рәсімі өтеді.

Фотокөрме 2021 жылдың 20 желтоқсанына дейін жалғасады.

«3 мамыр Конституциясы (1791)»

2021 жылдың 3 қарашасында Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің және Алматы қаласындағы Польша Республикасының Бас консулдығының ұйымдастыруымен «3 мамыр Конституциясы  (1791)» атты көрмесі ашылды.

Көрме Еуропадағы бірінші заманауи, демократиялық Конституцияның 230-жылдығына орай ұйымдастырылған. 1791 жылғы 3 мамырдағы Конституция «Konstytucja 3 Maja (1791)» Төрт жылдық сейммен қабылданған, Речь Посполита таптық-өкілдік органы – Польша Корольдігі мен Литва Ұлы князьдығының бірігуінің жемісі. 

Көрме материалдарының бір бөлімі ағылшын және француз тілдеріне аударылған Речь Посполита Конституциясының қабылданғандығы туралы ақпараттық (Үкіметтік заңның аудармасын жасатқан Лондондағы поляк елшісі - Фрацишек Букатының еңбегі) жарияланымдарынан тұрады. Көрмеге 1971 жылғы поляк тіліндегі Конститутцияның қолжазбалары, фотоқұжаттары, Польша Республикасының орталық мұрағатынан алынған тарихи жазбалары, Конституция туралы материалдар қойылды.

Көрмені алғашқы болып Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі директорының орынбасары Бибігуль Дандіғарақызы, Алматы қаласындағы Польша Республикасының Бас консулы Ежи Тимофеюк, Алматы қаласындағы Литва Республикасының Бас Косулы  Гвидас Керушаускас көрменің салтанатты ашылуымен құттықтады.

Сонымен қатар көрменің ашылуына ғалымдар, тарихшылар, Дипломатиялық корпус және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. 

«3 мамыр Конституциясы  (1791)» атты көрмесі «3 мамыр Конституциясы  (1791)» атты көрмесі
«3 мамыр Конституциясы  (1791)» атты көрмесі  «3 мамыр Конституциясы  (1791)» атты көрмесі

Көрме 2021 жылдың 16 қарашасына дейін жалғасады.

2021 жылдың 2 желтоқсанында сағат 15.00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде Алматы қаласы суретшілер қауымдастығының «Алмалы Палитра» мерейтойлық көрмесінің ашылуы өтеді. Мерейтой Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу шеңберінде символдық түрде өткізіледі.  

«Алмалы Палитра» мерейтойлық көрмесі«Алмалы палитра» суретшілер қауымдастығы 2017 жылы Алматы қаласында құрылған. Топтың атауы символдық. Алматы - Алма қаласы. Алматы қаласының атауы алма сөзінен шыққан. Екінші мағынасы – Киелі кітапта білімнің алмасы сияқты бейнеленген. Суретшінің ақыл-ойының негізгі мәні неде? Осыған байланысты, бірқатар сұрақтар туындайды: «Өнердің мәні неде? Неліктен суретшілер сурет салады? Өмірде алға не жетелейді?» Осы сұрақтардың барлығына «Алмалы палитра» қауымдастығы суретшілерінің шығармашылық тобы жауап бере алады.

Көрменің мақсаты – «Алмалы Палитра» қауымдастығының символымен байланысты жаңа бірегей туындыларды, жаңа шығармашылық идеяларды көрсету.

«Алмалы Палитра» суретшілер тобы бес жыл ішінде өзінің кәсіби деңгейін, шығармашылықтағы жетістіктерін және қандай бағытта алға жылжуын көрсету үшін өзінің белсенді көркемдік қызметін қорытындылайды. 2019 жылы ҚР Суретшілер Одағының «Алмалы Палитра» Съезінде Алматы қаласы суретшілерінің ең белсенді тобы ретінде аталып өтті. Өткен бес жыл ішінде «Алмалы Палитра» 15 көрме, 35 пленэр және этюд өткізді (Ресей, Грузия, Латвияға шығармашылық пленэрлерге шығу). Қазіргі уақытта қауымдастық құрамына 67 суретші кірген, олардың ішінде ҚР Суретшілер Одағының мүшелері және қазақ өнерінің қайраткерлері, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткерлері бар. Әр суретшінің өзіндік ерекшеліктері бөлек, өз үлгісінде және заманауи өнердің әртүрлі жанрларында жазады. Аталмыш көрменің ерекшелігі - суретшілердің жұмыстары дөңгелек кенептерде орындалған.

Қауымдастық Алматы қаласының көптеген музейлері мен галереяларымен, сондай-ақ Латвия Халықаралық Академиясының (Рига қ.) Bi Art галереясымен, Грузия Суретшілер Одағымен, әлемнің түрлі елдерінің суретшілерімен байланыс орната отырып, соңғы жылдары «Алма Палитрасы» халықаралық көрмелеріне Ресей, Беларуссия, Латвия, Грузия, Болгария, Франция, Германия, Чехия, Әзірбайжан суретшілері қатысуда.

Қауымдастықтың негізін қалаушы және жетекшісі – Лидия Дроздова (Қазақ өнерінің қайраткері, ҚР Дизайнерлер Одағының мүшесі, «Mondial Art» Француз академиясының мүшесі, Еуразиялық Шығармашылық гильдиясының Қазақстанның бейнелеу өнері жөніндегі Сараптамалық комиссиясының мүшесі (Лондон), кураторы- Игорь Гущин (Петербург бейнелеу ғылымдары академиясының мүшесі). Г. Державина, Еуразиялық Шығармашылық гильдиясының мүшесі (Лондон), Арт – менеджері – Марлан Нысанбаев (Қазақ өнерінің қайраткері, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, Еуразиялық Шығармашылық гильдиясының амбассадоры (Лондон).

Көрме 2021 жылдың 14 желтоқсанына дейін жалғасады.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында жарияланған «Аңсаған сәби» әлеуметтік бағдарламасы негізінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі мен Репродуктивтік медицина институты бірлесіп 2021 жылдың 29 қазанында Репродуктивті медицина институтының құрылу тарихы және қызметіне арналған «РМИ – Армандар орындалады!» атты көрмесін ашады.

 «РМИ – Армандар орындалады!» атты көрмесі1995 жылдың 28 қыркүйегінде Қалалық денсаулық сақтау басқармасының өкімі бойынша Алматы қалалық адам ұрпағын өрбіту орталығында Бас дәрігер Джусубалиева Тамара Мұфтахқызының басшылығымен Қазақстандағы алғашқы экстракорпоральдық ұрықтандыру (әрі қарай – ЭКҰ) зертханасы ашылған болатын. Сондықтан бұл күнді Қазақстанда «ЭКҰ-ның туған күні» деп санауға болады.

Осы уақыт ішінде 5 адамнан тұрған ЭКҰ зертханасы 26 жыл ішінде 300-ден астам қызметкер жұмыс істейтін, 3 дербес клиникасы бар (оның 2-і Алматыда және 1-і Шымкентте) ғылыми-тәжірибелік Репродуктивтік медицина институтына дейін өсті. Бүгінгі таңда Репродуктивтік медицина институты – Қазақстандағы қосалқы репродуктивтік технологиялар (ҚҚРТ) саласындағы көшбасшы болып отыр.

Репродуктивтік медицина институты – әлемдегі барлық ҚҚРТ әдістемелерін пайдалана отырып, кез-келген генездің бедеулігі кезінде білікті медициналық көмектің толық циклін көрсететін Қазақстандағы жетекші ғылыми-диагностикалық орталық болып табылады. Клиника Қазақстанда ғана емес, бүкіл Еуропалық қоғамдастықта қосалқы репродуктивтік технологиялардың флагманы.

Репродуктивтік медицина институты қызметінің нәтижелері адамзатты таң қалдырып отыр. 26 жыл ішінде РМИ-да перзент сүйгісі келген отбасында 16 000 астам бала дүниеге келді. Қосалқы репродуктивтік технологиялардың көмегімен дүниеге келген балалардың өздері қазіргі таңда ата-ана атануда.

Көрмеге Репродуктивтік медицина институтының 1995 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейінгі қызметін баяндайтын құжаттар мен фотосуреттер қойылған. Экспозицияда Репродуктивтік медицина институты бөлімшелерінің, оның ішінде ЭКҰ орталығының, эмбриологиялық зертхананың және криобанк бөлімшелерінің қызметін, оперативтік хирургия, гинекология және андрология, РМИ-дің ірі халықаралық ұйымдармен байланысын, РМИ-дің қосалқы репродуктивтік технологиялар саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерін әзірлеуге қатысқанын және ЭКҰ бағдарламасы бойынша дүниеге келген балалардың фотосуреттері қойылады. Тіпті олардың кейбірі осы көрмеге қатысуға шақырылды.

Көрмеде қойылған құжаттар мен фотоматериалдар – Репродуктивтік медицина институтының 25 жылдан астам уақыт ішіндегі жетістіктерін көрсететін ерекше материалдар болып табылады.

Бақ өкілдері үшін Брифинг 2021 жылғы 29 қазанда, сағат 15.00-де өтеді.

Көрме 2021 жылдың 29 қарашасына дейін жалғасады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source