авто

Переключатель языков

ҚР Мемлекеттік орталық музейі 2021 жылдың 16 қыркүйегінде, сағат 15.00-де Алматы қаласы күні және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге арналған «Алматы менің жүрегімде» атты  балалар шығармашылығының көрмесін ашады. 

Выставка "Алматы в моем сердце"ҚР Орталық музейі жыл сайын республикамыздың мәдени астанасы болып табылатын Алматы қаласының тарихы мен қазіргі дамуының түрлі аспектілерін көрсететін балалар суретінің көрмелерін өткізіп келеді. Балалар шығармашылығының көрмелері балаларға өз тарихын, қаламыздың бүгіні мен болашағы туралы өз көзқарастарын, қоршаған әлемге деген көзқарасын, суреттер арқылы өздерінің эмоциялары мен көңіл-күйлерін жеткізуге мүмкіндік береді.

 Алматы қаласының бейнелеу студияларының, көркемөнер мектептерінің, білім беру және дамыту орталықтарының талантты, ынталы, жас суретшілері қатысады: «АртУм» балаларды дамыту орталығы,   «Рембрандт» арт-студиясы, «Умка» балалар білім беру орталығы, «Genus» балалар орталығы, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА мектеп-интернаты, «Солнышко Арт  - студиясы», «Творим вместе» «Ты художник» шеберханасы, «ArtMixstudio» шығармашылық студиясы, №68 мектеп-гимназия, «Подснежник» көркем білім беру студиясы, «Тұран» мектеп-лицейінің «Шабыт» студиясы, «Бобек» ҰО «Самопознание» гимназиясы. 

Көрмеге әр түрлі жастағы балалар қатысады: ең кішкентайы 5 жастан 17 жасқа дейін. Түрлі техникалар мен жанрларда орындалған өз жұмыстарында балалар көптеген көрікті жерлерді, мәдениет пен тарих ескерткіштерін, саябақтар мен скверлерді, жылдың барлық мезгілдеріндегі табиғат сұлулығын, түрлі-түсті натюрморттарды, қаланың, еліміздің рәміздерін және т.б. бейнелеген. Көрме экспозициясында балалардың әр түрлі және бірегей жұмыстары ерекше қызығушылық тудырады: Нарынова Анельдің «Алматы – менің махаббатым», «Ботаникалық бақ», Нарынов Тайыр «Тұңғыш Президент саябағы», Спицына Альбина «Алмамен әжем», Дашкевич Лидия «Даланың жаңғыруы», Вольская Екатерина «БАО», Кривко Алина «Республика жетістіктері», Маркина Елизавета «Қапшағай сулары», Мурдунов Исламжан «Алма-Арасан» және т. б. 

Көрме экспозициясында балалардың 100-ден астам жұмыстары қойылған. 

Көрме 2021 жылдың 30 қыркүйегіне дейін жалғасады. 

2021-жылдың 12-шілдесі күні сағат 16.00.-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде «Ұстаз ұлағаты» атты көрме ашылады.

Аса көрнекті халық ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің (1841-1889) туғанына 180 жыл толуына орай оның өмірі мен шығармашылық мұрасын насихаттау әрі дәріптеу мақсатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде «Ұстаз ұлағаты» атты арнайы көрме ұйымдастырлып отыр.

«Ұстаз ұлағаты» атты көрмеЫбырай Алтынсарин (1841-1889) қазақ халқының қоғамдық ой-пікірі, мәдениеті мен әдебиеті тарихында жаңашыл-педагог, жаңа мектептердің ұйымдастырушысы, этнограф, фольклоршы, ақын, прозашы және орыс классиктері туындыларының аудармашысы ретінде танылған бірегей тұлғалардың бірі.

Ойшыл ұстаз білім беру саласында орыс-қазақ мектептерінің оқушыларына арнап жазған «Қырғыз (қазақ) хрестоматиясы» және «Қырғыздарға (қазақтарға) орыс тілін үйретуге алғашқы басшылық» атты екі оқу құралы, «Бір уыс мақта», «Қисық ағаш», «Таза бұлақ», «Шеше мен бала», «Ақымақ дос», «Тазша бала», «Қыпшақ Сейітқұл», «Талаптың пайдасы», «Бақша ағаштары», «Асыл шөп», «Мейірімді бала», «Дүние қалай етсең табылады», «Жиренше шешен», «Бай мен жарлы баласы», «Әке мен бала», «Мақта қыз бен мысық» сияқты мысал әңгімелері, «Кел балалар оқылық», «Өнер-білім бар жұрттар», «Өзен», «Жаз» және т.б. өлеңдерімен кеңінен танымал.

Аталмыш көрменің негізгі жәдігері ретінде ағартушының Уақбаев Серік Жамантайұлы есімді жерлесі тарапынан музей қорына 1989 жылы өткізілген жеке қалта сағатын («Павел Буре» зауыты) ерекше атауға болады. Жары Айғаныс, ұлдары Абдолла мен Әбдірахман, қызы Шәрипа және немересі Нағима Абдолқызының, ұстаздық қызметтің әр жылдары туған өңірінде салдырған оқу орындарының (мектептер, интернаттар, училищелер) түпнұсқа фотосуреттері (1959 жылы ҚР Мемлекеттік орталық музейінің Қостанай облысы, Амангелді ауданына жасаған экспедициясы кезінде жинақталған) және көшірме суреттерде де осы экспозиция төрінен орын алған.

Ағартушының Орынбор қаласында өзі негізін қалаған мектепке қабылданған қазақ балаларының алуан түрлі мәселелерін қозғап 1864 жылы Н.И. Ильминскийге (1822-1891), 1880 жылы Сыртқы Істер Министрлігінің Орынбор генерал-губернаторына жазған хаттары, газетке бастыруға дайындаған 4 беттік қолжазбасы, Торғай өңірінде 1884 жылы болыстық мектептер салу жөніндегі мәліметтер және жат жұрт балалары үшін бастауыш мектептер ашу туралы ережелердің көшірмелері (1986 ж. ҚазССР Ғылым Академиясы кітапханасының сирек кездесетін қолжазбалар мен басылымдар бөлімінен алынған) көрменің деректік арқауын арттыра түспек.

Ы. Алтынсариннің Қостанайдағы екі сыныптық училищенің оқушыларымен бірге түскен, Обаған болыстық және өзі ашқан мектептердің шәкірттерінің, ағартушының хаттарын зерттеген Бекежан Сүлейменовтың (1912-1984), ізбасарлары Әбдіғали (1866-1942) мен Ахмет Балғымбаевтар, Нәзипа Құлжанованың (1887-1934) фотосуреттерін де осы экспозициядан тамашалауға болады.

XIX-ғасырдың аяғында Қазақ даласының Батыс аймағында және Жетісу өңірінде мектептер салдырып, қазақ балаларының мұсылманша және орыс-қазақ тілдерінде білім алуына жол ашқан алғашқы шүлеңгерлер (меценаттар) Жәңгір хан (1801-1845) мен Есенқұл Маманов (18881932-) және ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов (1872-1937) кескіндеріне, туысқаны Халық жазушысы, көрнекті ақын Мәриям Хакімжанованың (1906-1995) жеке кешеніне арнайы витриналар арналып отыр.

Сондай-ақ өз заманының асқан қайраткері болған педагогтің өмірі мен шығармашылығына қатысты музей кітапхансынан алынған басылымдар, әулеттік шежіре, ұстаз ашқан оқу орындарының картасы, шәкірт киімінің атрибуттары, араб әліпбиі жазылған жылқы жауырыны, сиясауыт пен қауырсын, Қостанай өңірінің Ақсуат ауылындағы С. Көбеев атындағы мектептің қоңырауы (музейге 1976 ж. түскен) және т.б. иллюстрациялық материалдар көрменің композициялық мән-маңызын толықтыра түсетіні айқын.

Саналы ғұмырын қазақ балаларын білім нәрімен сусындату жолына арнаған ағартушының өмірі мен мұрасы кейінгі ұрпақ үшін өр әділеттілік пен зор адамгершілікті және асқақ рух пен кемел парасаттылықты үздіксіз дәріптеудің әрқашанда жарқын үлгісі бола бермек.

Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған аталмыш көрме 4-залдың оң жақ бұрышындағы алаңда орналасқан.

Көрме 2021 жылдың 30 қыркүйегіне дейін жалғасады.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі Венгрияның Алматыдағы Бас консулдығымен бірлесіп 2021 жылдың 21 маусымы күні сағат 15.00-де Мажар Ғылым Академиясы Шығыс жинағы Кітапханасы материалдары негізінде дайындалған «Армин Вамбери түркі дүниесінің мажар ғалымы» атты ақпараттық көрмесін ашады. Көрме саясатшы, акдемик, профессор, Мажар География Қауымдастығының негізін салушы және мажар шығыстану ғылымының ерекше тұлғасы Армин Вамбериге арналады.

«Армин Вамбери түркі дүниесінің мажар ғалымы» атты ақпараттық көрмесіАрмин Вамбери (1832-1913) Оңтүстік Германиядағы еврей отбасынан шыққан. Вембери жас кезінде оқытушылық ісімен қатар бірнеше тілді меңгеруге тырысқан Балалақ шағы көп тілді ортада өткен соң неміс, мажар, словак, тілдерін, мектепте иврит, грек тілдерін үйренген. Ол Хорватиядағы Кутьево қаласында мұғалім болған кезінде Европа тілдерімен қатар осман - түрік тілінде үйренуге мүмкіндік тапқан. Сондай - ақ, 1857 жылы Ыстамбулда ұзақ уақыт оқып жүріп осман - түрік тілін толық меңгеріп алған.

Армин Вамбери үздіксіз академиялық мансап жасады. 1860 жылы ол Венгрия Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, 1876 жылы қатардағы мүшесі болып сайланды. 1976 жылдан 1905 жылға дейін Пештедегі Король университетінде шығыс тілдерінен сабақ берді, ал 1870 жылы университет профессоры атағын алды.

Мажарстан Ғылым академиясының академигі Арман Вамбери, мажар түріктануының негізін қалаушы ғалым.

Ең алғаш 1926 жылы Н.С.Тихонов жазған Вамберидің өмірі жайлы әлемнің әртүрлі тілдерінде бірқатар қызықты кітаптар жарыққа шықты.

Көрме ғалымның өмірі мен ғылыми қызметін ашатын 9 тақырыптық блоктан тұрады: «Армин Вамбери», «Тікендер, оқшаулану және түрлі азаптар», «Үйрету арқылы үйренеміз», «Бір амалын табу керек», «Иран (Парсы) жерінде», «Дәруіштің жыртылған киімінде», «Менің қыпшақ жолдасым», «Ғалымдардың қатарында», «Үш мұхитты шарлап жүрдім».

Іс-шара бағдарламасы аясында көрменің ресми ашылуында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің директоры, профессор Нұрсан Әлімбай, Венгрияның Алматыдағы Бас консулдығының Бас консулы Ференц Блауманн, ҚР ҰҒА академигі, тарихшы-шығыстанушы профессор Көмеков Болат Ешмұхамбетұлы сөз сөйлейді. Сондай-ақ көрменің ашылу салтанатында Иштван Қоңыр Мандоки атындағы №154-ші орта мектептің оқушылары музыкалық бағдарламасын ұсынады.

Көрме 2021 жылдың 12 шілдесіне дейін жалғасады.

 

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі 2021 жылдың 23 маусымы күні сағат 15.00-де суретшілер Жанар Нүкетаева мен Гүлнар Қонаеваның «Екі басқа жан дүние, екі басқа стихия...» көрмесін ашады.

Жанар Нүкетаева – психолог, философия ғылымдарының кандидаты, Ленинград Мемлекеттік университетінің түлегі.

Гүлнар Қонаева – филолог, Қазақ Мемлекеттік университетінің түлегі. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері.

«Екі басқа жан дүние, екі басқа стихия...» көрмесі«Екі басқа жан дүние, екі басқа стихия...» көрмесі ерекше техникада жұмыс істейтін екі түрлі суретшіні біріктірді. Өнер арқылы рухани өрнекті таңдаған осы екі керемет әйелдің өмір жолдары да әртүрлі.  

Бірақ бұл шеберлердің жұмысындағы бір ерекшелік олардың жұмыстарын ортақ көрмеге біріктіріп, «Екі басқа жан дүние, екі басқа стихия...» деп атауға мүмкіндік берді. Табиғаттың әсем көріністері мен құбылыстары бұл суретшілерге шабыт беріп, шалқытады.

Су мен судың беті, жылжымалы су ағындары және олармен байланысты барлық нәрсе – Жанар Нүкетаеваның сүйікті тақырыбы. Ол өзі табиғаттың бір элементіне ұқсайды-бірдей мобильді, өзгермелі және болжау мүмкін емес. Шығармашылықпен Жанар 2003 жылдан бері айналысып келеді. Батик жасау бойынша білімін Индонезия, Пәкістан, Шри Ланка, БАӘ шеберлерінен сабақ алып шыңдаған. Сол себепті де оның туындылары өзіндік бірегейлігімен ерекшеленеді. Ол батик жасаудың ыстық және суық техникасын сондай-ақ, жібек маталар (жапондық, қытай және т.б.), бояу құралдары мен арнайы бояуларды жиі пайдаланады. Өз еңбектерінде шебер өзі танысқан түрлі халықтар мен елдердің мәдениеті мен дәстүрлері туралы көзқарасын көрсетеді.

Гүлнар Қонаева шығармашылықпен саналы түрде және дұрыс бағытта айналысу туралы шешімге келді. Бұл оның ежелгі арманы болды – интерьер мен декор элементтерін салу және жасау. Ол 2014 жылы өзінің тілектерін жүзеге асырып, өзін кескіндемеде сынап көруді шешті. Өз қиялын кенепке аудару әрекеттері, сайып келгенде, үлкен және жарқын картиналардың пайда болуына әкелді. Ағаштар, гүлдер, теңіз және ай суретшісі тақырыпты таңдауда өзін шектемейді. Гүлнар Қонаеваның кескіндемелік жұмыстары - бұл жағымды энергетика және түстердің бүлінуі. Олар кез-келген заманауи интерьердің керемет толықтырушысы және жарқын жері болады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейі Сіздерді көрмеге шақырады!

Ашылу күні суретші Жанар Нүкетаевадан лотерея ойнатылады.

Бақ үшін Брифинг 23 маусым күні сағат 15.00-де өтеді. Көрме 2021 жылдың 7 шілдесіне дейін жалғасады.

 2021 жылдың 11 маусымында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде BI Group компаниясымен бірлесе отырып ұйымдастырған «Бірге жеңеміз» көрмесінің ашылуы өтті. Аталмыш көрме COVID-19 коронавирус пандемиясына қарсы өз өмірін қауіпке тігіп, алдыңғы шепте ауыр дертпен күрескен дәрігерлердің құрметіне арналған.

Көрменің ресми ашылу рәсімінде ҚР Мемлекеттік орталық музейі директорының орынбасары Ғалия Теміртон, Алматы қ. Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының төртінші бөлімшесінің меңгерушісі Сәрсен Перизат Орынбасарқызы, Алматы қаласы Фтизиопульмонология орталығының Жансақтау бөлімінің меңгерушісі Айнакөзова Гүлмира Линатқызы сөз алып, көрменің ашылуымен құттықтады. Көрменің ресми ашылу рәсіміне Алматы қ. медициналық қауымы мен медициналық ұйымдардың өкілдері, суретшілер, БАҚ өкілдері қатысты.

Победим вместе! Победим вместе!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың 31 мамырында өткен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 74-ші сессиясының жабылуында бір жарым жыл бойы бүкіл әлем күресіп келе жатқан коронавирус пандемиясының нағыз сын сағаты енді келгенін айтты. Оның сөзі бойынша коронавирус індетінің таралуы ұлттық денсаулық сақтау жүйесі мен халықаралық институттар үшін теңдесі жоқ стресс-тест болды. Президенттің пікірі бойынша, алғашқы медициналық көмек көрсетудің мықты қалыптасқан жүйесі кез келген жұқпалы ауруға төтеп берудің басты құралы екендігі осы пандемия кезінде нақтыланды. Қазақстандық медицина бұл сынақтан сүрінбей өтіп қана қоймай, ғаламдық мәселені шешуге өз үлесін қосты. «Бірге жеңеміз!» көрмесінде фотограф Руслан Мазунин мен «BI Group» компаниясының «Мен ризамын» ортақ жобасының аясында түсірілген Нұр-сұлтан қаласының дәрігерлері портреттерінің галереясы орналастырылды. Бұл айтып отырғанымыз – Елордалық жұқпалы ауруларды емдейтін аурухананың дәрігерлері мен медициналық ұжымының 101 суреті. Сондай-ақ, көрмеге індетке қарсы күрескен мекемелер Алматы қаласы Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы мен Алматы қаласы фтизиопульмоногия орталығы қызметкерлерінің жоғары кәсіби деңгейде жүргізген жұмыс нәтижелері жайлы материалдар қойылған. Жоба аясында «REMI» мен «Argo» компаниялары арнайы қорғаныш құралдарының жиынтығын музей қорына тапсырды.   Сондай-ақ, еліміздің ақындары суретшілері, музыканттары, дизайнерлері мен әншілері де ел басына түскен ауыр жағдайға бейқам қарамай қолдау көрсеткені бәрімізге аян. Суретші Георгий Ли, Тамара Елфимова мен Джохар Исмаиловтың, сондай-ақ, Алматы қаласындағы бейнелеу өнеріне баулитын «Лидии Дроздованың арт-шеберханасы», «Феникс» балалар клубы, «Тұран» мектеп-лицейі жанындағы «Вдохновение» студиясы сынды үйірме оқушыларының коронавирус пандемиясымен күрес тақырыбындағы шығармалары да көрме экспозициясынан орын алды.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source