авто

Переключатель языков

2022 жылы 25 ақпанда сағат 15.00. – де Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музейінде «БАЛАЛЫҚ ШАҚ – ПАТШАЛЫҚ ТАҚ» көрмесі ашылады.

 «БАЛАЛЫҚ ШАҚ – ПАТШАЛЫҚ ТАҚ» атты көрмеҚазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа 2022 жылды Балалар жылы деп жариялады. 2021 жылы 16 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ҮІ-шы отырысына қатысты. Реформалардың түпкі мақсаты – ұлттың сапасын арттыру деді. Сондай-ақ, ана мен баланы қолдауды мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде атап өтті.

Этномәдени білім мен тәрбие, жеке тұлғаның шығармашылық дамуы, өскелең ұрпақтың азаматтық қалыптасуының мәселелері - қоғамның болашақ бағдарын, елдің ұлттық қауіпсіздігін айқындайтын ерекше тақырып. Қазақстан Республикасының білім беру ошақтарының жүйесінде барлық үлгідегі этномәдени саласын дамыту - басым бағыттардың бірі.

Көрменің мақсаты: балалар этнографиясын өзектендіру. ҚР МОМ қорындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған экспонаттар арқылы тәрбиелеу үрдісі үстінде балалардың танымдық қасиеттері мен адамгершілік нормаларын, когнитивті, коммуникативті дағдыларын, ерекше қабілеттерін аша отырып, этномәдениетті сіңіру арқылы жан-жақты дамыту, тәжірбиеде қолдану. Өткен ұрпақ тәжірибесіндегі мәселелерді тұжырымдау арқылы балаларды дербес шығармашылыққа дайындаудың шешімін табу. Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық тәлім-тәрбиенің белгілі жүйесінде жас буын жадына біртіндеп сіңіріп отыратын арнаулы жолдар, тиісті тәсілдерді қолдану. Мақал-мәтелдердегі адамгершілік, имандылық тәрбиесіне байланысты әдет-ғұрыптарды насихаттау. Жұмбақ, айтыс, өлең, жыр-дастандары ақыл-ой тәрбиесінің негізгі принциптерін, ертегілерді халықтық тәрбиенің сан алуан мәселелерін қозғайтын тәлімдік материал ретінде пайдалану. ҚР МОМ қорын келушілерге таныстыру, балалар тақырыбындағы жәдігерлерді көпшілік назарына көрме арқылы ұсыну.

«Балалық шақ – патшалық тақ» көрмесі ҚР МОМ қорынан б.з.д. ІІ ғ.–б.з.б. ІҮ ғ. (ойын асықтары); IX-XI ғғ. (ыдыстары); ХІ-ХІІІ ғғ. (баланың түбегі); ХІІІ-ХІҮ ғғ. (сәбидің шүмегі); ХІХ-ХХ ғғ. қамтитын сирек кездесетін балалардың фотосуреттері; бағалы этномәдениеттің қайнар көзі - ұлттық құндылық болып саналатын бала киімінің үлгілері, әшекейлері, «ойыншықтар әлемі», бала күтімінде қолданылатын заттары, қазақ мәдениетінің ерекшеліктерін, дәстүрлі өмір салтының отбасылық тұрмыс-тіршілігін бейнелейді. Жәдігерлердің іріктелуі тақырып бойынша жүзеге асырылады және сол кездегі отбасылық-әлеуметтік болмыс тұрғысынан сыр шертеді.

Музей – мұра болған құнды жәдігерлерді сақтап, білім берудің әдіс-тәсілдерімен нақты балалар этнографиясын тәлімгерлік ой-пікірдің негізінде, халықтың рухани мұрасы арқылы тәжірбиеде қолданып, жаңғыртуда. Сондай-ақ, мәдени, ғылыми, біліми мекеме ретінде жас ұрпақтың жан-жақты дамуына, рухани сананың қалыптасуына ерекше үлесін қосуда. Дегенмен, салт-дәстүрдің бәрі өмірде бірдей жарамды деуге келмейді, олардың озығы мен, тозығы да болады, оны бүгінгі күннің талап-тілегімен байланыстыра білу маңызды.

2022 жылдың 16 ақпанында сағат 15.00 – де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде Алматы қаласы «Алмалы Палитра» суретшілер қауымдастығының Республикамызға арналған «Менің Қазақстаным-менің отбасым» атты көрменің ашылуы өтеді.

«Менің Қазақстаным-менің отбасым» атты көрмеЖыл басында орын алған «Қаңтар оқиғасы», әрқайсымызға сүйікті қаламыз Алматының әр адам үшін маңызды екенін, тіпті, өмір құндылығын ойландыратындай әсер қалдырды.

Белсенді суретшілер өз жұмыстарында еліне деген сүйіспеншілігін, қолдауын және махаббатын көрсетті. Суретшілердің жұмыстары — бұл тек авторлардың оқиғаға деген көзқарасы ғана емес, біздің тарихымыздың бір бөлігі.

Көрме 35-тен астам суретшілердің жұмыстарын біріктіріп, келушілер назарына — бейнелеу өнер, акварель, графика, сәндік қолданбалы өнер және тағы басқа жанрдағы жұмыстарын ұсынады. Көрмедегі көрсетілген көркем шығармалар қаламыздың тарихын, сонымен қатар әр ғимаратының біз үшін тарихи құнды дүние екенін бейнелейді.

«Алмалы палитра» қоғамдастығы атап кеткендей: «Біздің өміріміздің бостандығы мен бақытын құрау біздің берік ұстанымымыз. Сондай-ақ, айналамыздағы тұмса табиғатын, барлық тұрғындардың бақытты өмірін, күнделікті жұмыс тәртібінің тіршілігін, өмірге деген қызығушылықтарын, еліміздің тыныштығы мен берекесін берік ұстанамыз»

Аталмыш көрме, қылқалам шеберлерінің Алматы қаласына деген сүйіспеншілігі мен патриоттық, рухтық сезімдері арқылы жеткізуге арналған.

Суретшілердің кейбір жұмыстары ҚР Орталық музейінің қорын толықтырады.

Жұмыстарды алушылар болса, көрме жетекшісіне хабарласуына болады. Ұйымдастырушылар: ҚР МОМ 2644650

Жетекші: Лидия Дроздова 87052178976

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі 2021 жылдың 24 желтоқсанында сағат 15.00 «Бірегей артефактілер» (ҚР Мемлекеттік орталық музейі археологиялық экспедиция материалдары негізінде) атты көрмесін ашады.

«Бірегей артефактілер» атты көрмесіКөрме 2017-2021 жылдар аралығында ҚР Мемлекеттік орталық музей қызметкерлерінің археологиялық экспедициясы кезінде жинаған материалдарының негізінде ұйымдастырылып отыр.

Көрменің мақсаты: музейге келушілерді археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесімен таныстырып, Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттау.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі (әрі қарай ҚР МОМ) 2015 жылғы 19 мамырдағы № 15009141 лицензия негізінде жыл сайын Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізеді. Экспедиция үш отрядтан тұрады: Күлтөбе отряды Оңтүстік Қазақстан, Ордабасы ауданы, Сарыарық ауылы, Арыс өзенінің сол жағалауында орналасқан қаңлы кезеңімен мерзімделетін (б.з.д. II ғ. б.з. – IV ғ.) қалашық және қорымдарда; Ақтерек отряды Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ақтерек ауылының оңтүстік шетінде орналасқан диапазоны әртүрлі дәуірлерге жататын палеолит кезеңнен бастап орта ғасыр уақытымен мерзімделетін қоныстар мен обаларда; Бақа төбе отряды Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Жаңатұрмыс ауылының солтүстік-шығыс бағытында орналасқан Бақа төбе екі ярусты ежелгі қорғаныста археологиялық қазба жұмыстарын жүргізеді, сонымен қатар музейдің ғылыми қызметкерлері археолог Ж.Құрманқұловтың жетекшілігімен Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында орналасқан Шірікрабад қалашығында жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарына қатысып отырады.

Көрмеге алғашқы рет әртүрлі археологиялық нысандардан табылған 50 ден астам бірегей артефактілер қойылады. Қазақстанның оңтүстігінде өркениет пен мемлекеттіліктің жоғары деңгейінің болғандығын куәландыратын Күлтөбе (прото-соғды, қаңлы) жазуы бар әлемдік жаңа форматқа ие Қаңлы мемлекетінің (б.з.д. II ғ. б.з. – IV ғ.) хаты, мәтіні толық сақталған қыш текшелер, соны қатар жерлеу орнынан табылған артефактілер: зооморфтық қола алқалар, мысырлық фаянс, жебе ұштары, темір қылыштар мен қанжарлар, Ұлы Кушан империясына тиесілі қола монета. Аталмыш монета Кушан патшалығының екінші билеушісі және сол империяның негізін қалаушы Вим Кадфистің ұлы Вим I Такто патшасына тиесілі. Ақтерек ескерткішінен табылған ат әбзеліне арналған тоғалар, әшекей бұйымдар, қола айна, қыш ыдыстар және тасқа қашалып жасалған суреттер (петроглифтер), Бақа төбе ежелгі қорғанысынан табылған (б.з.д. ІІ ғ. – ІІІ ғ. басы) қыш ыдыстар және ыдыстардың таңбаланған фрагменттері, Шірік рабад ескерткішінен табылған (б.з.д. IV-ІІ ғғ.) гипс типтес материалдан жасалған жазуы бар ақ түсті ыдыстар үлкен қызығушылық тудырады. Ыдыстағы жазу ежелгі грек альфавитімен жазылған және бүгінгі күнге дейін өшпей толығымен сақталған.

2017-2021 жылдар аралығында ҚР МОМ археологиялық экспедициясы атқарған қазба жұмыстары нәтижесінде музейдің археология қоры 875 с.б. экспонатпен толықтырылды.

Көрме музейге келушілерді Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірінің ежелгі және ортағасырлық мәдениетін археологиялық артефактілер негізінде таныстырады.

2022 жылдың 9 ақпанында сағат 15.00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде Қазақстанның «Көркем еңбек» пәні мұғалімдерінің қатысуымен Республикалық «Бабалар үні» атты көрменің ашылуы өтеді.

Республикалық «Бабалар үні» атты көрмеБабалар аманаты жобасының мақсаты Республикамыздағы бүкіл көркем еңбек пәні мұғалімдерінің басын қосу, болашақта өскелең ұрпақтың тәлім тәрбиесімен білім негізін ұштастыру, сондай-ақ әр қилы жанрдағы туындылардың қыр-сырын тарих тағлымына терең бойлата отырып, осы ұстаздардың арқасында көрерменге жеткізу.

Биыл «Бабалар аманаты» Ұлттық жобасының құрылғанына үш жыл толады. Жобаға ҚР Суретшілер Одағы, ҚР дизайнерлерінің Еуразиялық Одағы, Қолөнер Одағы және шығармашылықпен айналысатын Қазақстан Республикасының Көркем еңбек мұғалімдері кіреді. Олар Түркия, Греция және Орталық Азия елдері сияқты халықаралық көрмелерге үнемі қатысады.

Қанағат Кодеков – «Бабалар аманаты» жобасының жетекшісі, кураторы, «Үздік Педагог-2021» жеңімпазы, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, «Бабалар аманаты» халықаралық және республикалық көркем еңбектер мен кәсіби суретшілер жинағының авторы. «Бабалар аманаты» - Қазақстан Республикасының халықаралық кәсіби суретшілері мен талантты Көркем еңбек мұғалімдерінің үздік шығармаларының жинағы. Сондай - ақ әл-Фарабидің 1150 жылдығына, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және т. б. арналған шығармалар жинақтары жарық көрді.

Көркем еңбек пәндерін оқытатын республиканың барлық өңірлерінен келген 800-ден астам ұстаз, шығармашыл педагог «Бабалар аманаты» жобасында республикалық және халықаралық деңгейде педагогикалық өнерді насихаттау мақсатында бірікті. Жоба мүшелері елімізде өтіп жатқан мәдениет күндеріне белсенді қатысып, көрмелер өткізеді.

Қазіргі уақытта еліміздің педагогикалық қоғамдастығы өскелең ұрпақты ұлттық бейнелеу өнерінің құпиялары мен қыр-сырына үйрету үшін тынымсыз еңбек етуде, өнер арқылы оларды қазіргі заманғы көркемдік бағыттармен таныстырады, эстетикалық тәрбиені, сұлулықты дұрыс түсінуді қалыптастырады. Қазақстанның ұлттық өнерін насихаттау бойынша жұмыс жүргізуде.

«Бабалар үні» көрмесінде республиканың әртүрлі қалаларынан (Қарағанды, Атырау, Ақтау, Шымкент, Маңғыстау, Павлодар, Семей, Өскемен) қазақ халқының ұлттық мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрін, Қазақстан табиғатының сұлулығын бейнелейтін педагогтардың 40-тан астам жұмыстары ұсынылған.

Көрме 2022 жылдың 23 ақпанына дейін жалғасады.

2021 жылдың 6 желтоқсаны, сағат 15:00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай этнограф-ғалым Тәттігүл Қартайдың «ЭТНО-ЭКСПЕДИЦИЯ КҮНДЕЛІГІНЕН» атты фотокөрмесінің ашылу рәсімі өтеді.

«ЭТНО-ЭКСПЕДИЦИЯ КҮНДЕЛІГІНЕН» атты фотокөрмесіТәттігүл Қартай – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, «Музеология және ескерткіштану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі. Кандидаттық диссертациясының жетекшісі – профессор Нұрсан Әлімбай. Зерттеу бағыты: тарихи этнография, мәдени антропология, ескерткіштану, этноархеология. Үш жүзге жуық ғылыми және ғылыми-танымдық еңбектердің авторы. «Қазақстан Республикасы Құрмет грамотасы» (2010); «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» медалі (2011) мемлекеттік марапаттарының; «Ғылым мен техникаға елеулі үлес қосқан ғалымдар мен мамандарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендия» (2015); «ЖОО – үздік оқытушысы» (2016) мемлекеттік гранттардың иегері. Тәттігүл Қартайдың есімі Түркиядағы Стамбул қаласындағы Халықаралық Expo Heritage көрмесіндегі ескерткіш тақтаға жазылған (2021).

«Қазақстанның аридтік аймақтарында сумен қамтудың дәстүрлі әдістері: этнологиялық және геоархеологиялық тұрғыда қарастыру» (2018-2020); «Қазақстанның шөлді атыраптарының егіншілік-малшаруашылық ландшафттарын этнографиялық және геоархеологиялық зерттеу: игеру мен бос қалдырулардың тарихи себептері» (2020-2022) атты іргелі ғылыми-зерттеу жобаларының ғылыми жетекшісі. Тәттігүл Қартайдың ғылыми жетекшілігімен Жәңгір хан қаздырған Хан құдығы, Хан бағы мен Хан мешіті құдығы қайта қалпына келтіріліп, Батыс-Қазақстан облысындағы «Хан Ордасы» қорық музейіне табысталған (2019).

Тәттігүл Қартайдың ғылыми жетекшілігімен жүргізілген экспедициялар: Сыр-Арал этнографиялық экспедициясы (2012-2014); Сыр-Арал, дариялық тақыр геоархеологиялық, этнографиялық кешенді экспедициясы (2018-2020); Батыс Қазақстан облысы, Маңғыстау геоархеологиялық, этнографиялық кешенді экспедициясы (2018-2019); Шу-Іле аңғары, Қызылқұм геоархеологиялық, этнографиялық кешенді экспедициясы (2021).

Көрмеге этнографиялық ескерткіштердің фототіркелімдері қойылған. Фотокөрме қолданыстағы дәстүрлі баспана, дәстүрлі әдіспен шегенделген құдық түрлері, мерзімдік жайылымдағы төрт түлік малдың бағымы, үй кәсіпшілігінің қазіргі кезеңде дамуы, байырғы қоныстарда сақталған сәулеттік ескерткіштер және исламға дейінгі реликтерге байланысты ғұрыптармен таныстырады.

Көрменің ашылу барысында автордың «Бөрітаным: экспедициялық зерттеулер», «Сутаным: экспедициялық зерттеулер» атты ғылыми-танымдық кітаптарының таныстырылым рәсімі өтеді.

Фотокөрме 2021 жылдың 20 желтоқсанына дейін жалғасады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source