авто

Переключатель языков

«Ғажайып балалық шақ»Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде Халықаралық балаларды қорғау күніне орай 2022 жылдың 1 маусымы сағат 15:00-де «Ғажайып балалық шақ» атты республикалық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының көрмесінің ашылуы өтеді.

Жаз маусымының алғашқы күні, бүкіл әлем 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнін атап өтеді. Бұл күні барынша балаларға қамқорлық көрсетіледі. Балаларды қорғау – әрбір сәбидің тыныштығын қорғау, тәтті ұйқысын бұзбау, алаңсыз күлкісін тоқтатпау деген сөз.    Отанымыздың ертеңі де, өркені де – бүгінгі ұрпақ. Сол ұрпақтың тәлімді де тәрбиелі болуы алдыңғы толқынның парызы мен қарызы десек, еш қателеспейміз.

Көрменің мақсаты: жас дарындардың шығармашылығында стильдік, үлесімділік сезімін қалыптастыру, балалар мен жас өспірімдердің ой-өрісін, шығармашылық қиялын, көркемдік қабілеттерін дамытуға ықпал ету; бейнелеу және сәндік өнер сласындағы балалар мен жастардың шығармашылық белсенділігін ынталандыру және дағдыларын жетілдіру; қазақстанның мәдени-мұрасына патриотизмді қалыптастыруға бағытталған балалар мен жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту, балалардың эстетикалық тәрбиесін дамыту және балалардың көркем шығармашылығын насихаттау.

Көрмеге 6 мен 20 жас аралығындағы еліміздің түпкір-түпкірінен іріктелген дарынды балалардың шығармашылық жұмыстары қойылады. Әр түрлі техникадағы және әр түрлі материалдардан (ағаш, металл, пластмаса, мата, жүн және т.б.) жұмыстар, сурет, графика, мүсіндер мен сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары қойылады. Бұл көрмеде балалардың эстетикалық сезімін, көркемдік талғамын оятып, шығармашылық қиялын дамыту үрдісін белгілі жүйеде көрсетеді. Шығармашылық жұмыстар арқылы әр елден келген балалар құрдастарының тұрмысы мен дәстүрлерін, ұлттық және мәдени ерекшеліктерін түсінуге үйренеді.

Көрме 2022 жылдың 10 маусымына дейін жалғасады.

2022 жылдың 18 мамырында Халықаралық музейлер күніне орай «Музей түні – 2022» акциясы аясында ҚР Мемлекеттік орталық музейі "Балалар жылына" арналған  "Менің бақытты балалық шағым" атты балалар шығармашылық көрмесін ашады.

 "Менің бақытты балалық шағым" атты балалар шығармашылық көрмесі«Менің бақытты балалық шағым» көрмесіне Алматы қаласының көркемөнер мектептері мен бейнелеу студияларының, балалар клубтарының және шығармашылық даму орталықтарының түрлі жастағы оқушылары қатысады, олар: «А.Қастеев атындағы өнер және дизайн мектебі», «Да Винчи» шығармашылық дамыту орталығы,  «ArtMixstudio» шығармашылық студиясы, «ДАРиЯ»  шығармашылық студиясы, «Лидия Дроздованың арт-шеберханасы», «АртУм» балалар дамыту орталығы, «Genius» балалар орталығы, «By ART» студиясы, «Яблоко» шығармашылық академиясы, «Умка» балалар білім беру орталығы, «Феникс» балалар клубы, "Рембрандт" арт-студиясы, №38, №118 гимназиялары, №25 И. Есенберлин атындағы гимназиясы, Тұран" мектеп-лицейінің "Вдохновение" студиясы, "Saltanat" сәндік-қолданбалы шығармашылықтың үлгілі студиясы, "Подснежник" көркем-білім беру студиясы, «Art-8» студиясы және т.б.

Ұсынылған жұмыстардың сюжеттері Қазақстанның көркем пейзаждарын, адамдардың портреттері мен түрлі натюрморттарды, әдемі ғимараттарды, көптеген саябақтар мен скверлерді, жасыл желекке оранған сүйікті қаламызды, сонымен қатар біздің тәуелсіз мемлекетіміздің рәміздері мен табиғаттың әр түрлі жай-күйіндегі әсемдігін бейнелейді.

Бейнелеу өнері студиясы оқушыларының туындылары: дәстүрлі май, гуашь, акварель, пастель, фломастер, түрлі-түсті қарындаштар ғана емес, сонымен қатар пластилиннен, матадан, қағаздан, керамикадан, киізден жасалған түрлі техникаларымен таң қалдырады.

Көрме және «Музей түні» акциясы аясында қаладағы көркемсурет студияларының оқытушылары «Құммен сурет салу», «Қыштан жасалған бұйымдар», «Жылдам сурет салу», Кескіндеме сөмкелері мен футболкаларды бояу, жібекке сурет салу, заманауи зергерлік бұйымдар, оригами, фурошики, жапон тілі, кимоно, кескіндеме, балаларға арналған бет бояу, эскиз, керамика, металды көркем өңдеу, ағашты көркем өңдеу, көркем тоқу, көркем кескіндеме сияқты әртүрлі шеберлік сабақтарын өткізеді.

Заманауи шеберлік сабақтар балаларға жаңа нәрсені үйретудің, қол моторикасын, шығармашылық ойлауын дамытудың тамаша тәсілі ғана емес, сонымен қатар балаларды қуанту, шығармашылық процесс арқылы таң қалдыру және өнерге, шығармашылыққа баурап алу болып табылады.

Көрермендер назарына өнердің әртүрлі техникасы мен жанрында (кескіндеме, акварель, сәндік-қолданбалы өнер) жасалған 300-ден астам шығармашылық жұмыстар ұсынылады.

Көрме 2022 жылдың 31 мамырына дейін жалғасады.

«Есімі аңызға айналған қазақтың батыр қызы» атты көшпелі көрме

Бүгін ҚР Мемлекеттік орталық музейінде Халық Қаһарманы, аты аңызға айналған ұшқыш Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жыл толуына орай Атырау облысының тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған «Есімі аңызға айналған қазақтың батыр қызы» атты көшпелі көрменің ашылуы өтті.

Көрменің қонақтары мен қатысушыларын – Алматы қаласының шығармашылық және қоғамдық зиялы қауым өкілдерін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі академиясының оркестрі әскери марштармен қарсы алды.

Аталмыш көрменің ашылу салтанатында ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директоры Рашида Ерімқызы, жазушы, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мереке Құлкенов, Хиуаз Доспанованың ұлы – Әміров Ерболат Шакуұлы, азаматтық авиация академиясының авиация колледжінің оқытушысы Гүлжан Нұрланқызы, Атырау тарихи-өлкетану музейі директорының міндетін уақытша атқарушы Бисембаева Динара сөз сөйледі.

Концерттік бағдарламада ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі академиясының өкілдері, көрмеге келген қонақтар үшін дефиле көрсетіп, қазақтың ұлттық биін билеп, патриоттық әндерін тарту етті. Сондай-ақ, Бауыржан Момышұлы атындағы №131 мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы, халықаралық әскери әндер байқауларының бірнеше дүркін жүлдегері Алима Сарбасова «Журавли», аға лейтенант – Ахмет Мадияр Ерланұлы «От героев былых времён» әндерін орындады.

Іс-шараға ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі академиясы, Мемлекеттік күзет қызметінің өкілдері, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Радиоэлектроника және байланыс Әскери-инженерлік институтының курсанттары, «Арыстан» мамандандырылған лицейінің, азаматтық авиация академиясының авиация колледжінің №159 мектеп-гимназиясының оқушылары қатысты.

Барша қонақтарды Атырау тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізуші маманы Жандос Нұрболатұлы көрме экспозициясымен таныстырды.

 

Выставка «Легендарная казахская летчица вошедшая в историю»
Выставка «Легендарная казахская летчица вошедшая в историю» Выставка «Легендарная казахская летчица вошедшая в историю»
Выставка «Легендарная казахская летчица вошедшая в историю» Выставка «Легендарная казахская летчица вошедшая в историю»
Выставка «Легендарная казахская летчица вошедшая в историю» Выставка «Легендарная казахская летчица вошедшая в историю»

2022 жылы 16 мамырда, сағат 15.00-де ҚР Мемлекетік Орталық музейінде Қазақтың әйгілі әншісі, қазақ опера өнерінің негізін қалаушылардың бірі, қоғам қайраткері Күләш Жасынқызы Байсейітованың 110 жылдық мерейтойына арналған «Қазақтың бұлбұлы – Күләш» атты көрме ашылады.

afisha-baiseitova110Күләш жастайынын өнер байқауларында әншілік дарынмен көзге түсті. 1930 жылы Қазақтың тұңғыш драма театрының труппасына қабылданды. Күләш сахна өнерінің қыр-сырына қызыға ден қойып, кешікпей-ақ театрдың белді әртістерінің қатарынан көріне бастады. Талантты тұлға Күләш Байсейітова әлемдік классикалық өнерді жедел игеріп, оны ұлттық ортада шеберлікпен дамыта білді. Өзінің қайталанбас дарынымен қазақ операсын аз уақыт ішінде әлемдік деңгейге көтерді. Әсем дауысымен елдің даңқын, халқының мерейін арттырды. Озық мәдениетімізді халықаралық туындылармен байытты. Ол сомдаған қазақ аруларының Қыз Жібек пен Хадиша, Ақжүніс пен Ажар және Сараның қайталанбас бейнелері әлі күнге халықтың жадында. Өзінің бар ғұмырын қазақ өнерін дамытуға арнаған, оның өнерге адалдағы, адамгершілігі мен кәсіби шеберлігі қазақ өнері қайраткерлеріне, барша жас қауымға үлгі өнеге. Қазақ халқы Күләш арқылы дүние жүзінің классикалық операсы мен көптеген халықтардың музыкасын таныды, қазақты да әлемге мәшһүр етті.

Бірінші қазақ операсы «Қыз Жібектің» әуенін    бірінші орындаушылар өздері таңдап, іріктегендер арасында Күләш та болды. Мәскеуде 1936 жылы өткен жастар қазақ өнерінің онкүндігінде Қыз Жібек бейнесін сомдаған Күләш тыңдарман жұртшылықты ғажайып өнерімен таң қалдырды.

Өнер шыңында таң қаларлықтай жетістіктерге жеткен әншінің бұлбұл дауысын жас шағында-ақ мойындап, Күләшқа 24 жасында Кеңес Одағында алғашқылардың қатарында ҚСРО халық әртісі атағы берілді.

Қазақ өнерінің жұлдыздай жарқырап, нұр сәулесін шашқан, сыңғырлаған әсем үні бүкіл тыңдаушының жүрегіне жол тапқан, халқымыздың мақтанышы болған біртуар дарын иесі Күләш Байсейітова 1957 жылдың 6 маусымында Мәскеуге барған сапарында, небары 45 жасында дүниеден өтті.

Айтулы көрмеде ҚР МОМ-нің қорынан алынған әншінің киген концерттік костюмдері, өмірінің әр кезеңінен мағлұмат беретін фотосуреттер, медальдары, ордендері және әшекей бұйымдары т.б жеке заттары қойылады.

Көрменің мақсаты - қазақтың әйгілі әншісі, қазақ опера өнерінің негізін қалаушылардың бірі, қоғам қайраткері Күләш Жасынқызы Байсейітованың өмірі мен шығармашылық мұраларын ҚР МОМ қорында сақталып отырған материалдары негізінде көрсету, әрі дәріптеу.

ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде қазақтың көрнекті ақын-жазушылары – М.О. Әуезовтың 125 жылдық, М. Мүсірепов пен Ғ.Мұстафиннің 120 жылдық, Д.Әбілев пен Ғ.Ормановтың   115 жылдық, Ә.Шәріповтың 110 жылдық және Ә.Нұршайықов пен С.Шаймерденовтің 100 жылдық мерейтойлары қарсаңында «Халық жүрегіндегі қаламгерЛЕР» атты көрмесі ашылды.

Іс шараға қатысушылар қазақ жазушыларының шығармашылығымен танысып қана қоймай, ұлттық әдебиеттің дамуына қосқан баға жетпес үлестерін атап өтіп, олардың шығармаларында көрініс тапқан рухани және эстетикалық авторлық ізденістердің өзіндік ерекшелігін атап өтті.

Жазушылардың шығармашылық қызметі жылдары республикада да, шетелде де танымалдылыққа ие болған көптеген шығармалар, сондай-ақ еліміздің жетекші театрларының репертуарларында маңызды орын алған пьесалар жасалды.

«Халық жүрегіндегі қаламгерлер» көрмесінде алғаш рет жазушылардың өмірі мен шығармашылығы туралы үш жүзден астам заттар ұсынылды: жазушылардың жеке заттары, кітаптары, марапаттары, мұрағат құжаттарының бірегей коллекциясы, сирек кездесетін басылымдар, фотосуреттер, жазба кітапшалары, хаттар және тағы басқалар.  

 «Халық жүрегіндегі қаламгерлер» көрмесінің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінің директоры – Харипова Рашида Ерімқызы, «Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, «Жұлдыз» журналының Бас редакторы – Мереке Әбдешұлы Құлкенов, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры - Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы құттықтау сөз сөйледі. Сөз сөйлеушілер көрменің ашылуымен құттықтап, өткізіліп жатқан іс-шараның қоғам өміріндегі маңыздылығын атап өтті.

Көрменің ашылуы аясында Алматы қаласының ғылым, мәдениет және өнер мекемелерімен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды, олар музейге жазушылардың өмірі мен шығармашылығы туралы еңбектер топтамасын, сондай-ақ балаларға арналған ғылыми-танымал кітаптарды сыйға тартты: «Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы» ММ, «Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы» РММ, «Қазақстан Жазушылар одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігі, «Балауса баспасы» ЖШС, «Атамұра» ЖШС корпорациясы.

Сонымен қатар, аталмыш іс-шараға әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері белсенді қатысты.

 

 «Халық жүрегіндегі қаламгерлер»  pic-pisateli2022-19 
  «Халық жүрегіндегі қаламгерлер»  pic-pisateli2022-07
  «Халық жүрегіндегі қаламгерлер»   «Халық жүрегіндегі қаламгерлер»
  «Халық жүрегіндегі қаламгерлер»   «Халық жүрегіндегі қаламгерлер»
  «Халық жүрегіндегі қаламгерлер»   «Халық жүрегіндегі қаламгерлер»
  «Халық жүрегіндегі қаламгерлер»   «Халық жүрегіндегі қаламгерлер»
  «Халық жүрегіндегі қаламгерлер»   «Халық жүрегіндегі қаламгерлер»
  «Халық жүрегіндегі қаламгерлер»   «Халық жүрегіндегі қаламгерлер»
  «Халық жүрегіндегі қаламгерлер»   «Халық жүрегіндегі қаламгерлер»
  «Халық жүрегіндегі қаламгерлер»   «Халық жүрегіндегі қаламгерлер»
  «Халық жүрегіндегі қаламгерлер»   «Халық жүрегіндегі қаламгерлер»

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source