авто

Переключатель языков

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде 2018 жылдың 26 желтоқсаны күні сағат 15.00-де Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас Консулдығымен бірлескен Қытайдың танымал халық композиторы Сянь Синхайды еске алуға арналған мемориалдық  фотокөрме ашылады.

Қытайдың танымал  халық композиторы Сянь Синхайды еске алуға арналған мемориалдық фотокөрме Сянь Синхай (13.10.1905 - 30.10.1945 ж.ж.) - халық музыканты, педагог және коммунист- революционер, сондай-ақ белгілі қытай композиторы, пианист, дирижер болған. Сянь Синхай 250-ден астам шығармалардың авторы, сүбелі туындыларының арасында кантата, опера, симфония, оркестрлік музыкаға арналған сюиттер, рапсодия, скрипка мен пианиноға арналған көптеген соло және ансамбльдердің мәні зор. Өз шығармаларында ол Қытайлық ұлы революцияның шындығы мен ұлттық бостандығын терең бейнелеген. Оның бірқатар музыкалық шығармалары ұлттық өрнек мен түпнұсқалық құндылығымен ерекшеленеді, сонымен бірге қытай халқының қолдауын иеленген және қазіргі күні де танымалдылыққа ие.

Ол Пекин университеті жанындағы дәстүрлі қытай музыкасы институтында, кейін Шанхай консерваториясында оқыды.  1929 жылы Сянь Синхай Парижге оқуға барып, 1935 жылы Қытайға оралып антижапондық патриоттық қозғалысқа белсене қатысты.

1938 жылы Синхай Қытай революциясының қасиетті орны Яньаньға келді. 1939 ж.Лу Сюнь атындағы Өнер институтының музыка факультетінің деканы болып тағайындалды. Яньанда өткен жылдар композитордың шығармашылық өмірінің ең табысты кезеңі болды: бар-жоғы бір жыл ішінде ол өзінің жауһар туындыларының бірі "Сары өзен кантатасы", сондай-ақ "Еңбек туралы кантата", "18 қыркүйек туралы кантата" және "Қарсы шабуыл", "Халықаралық әйелдер күні", "Жойылсын Ван Цзинвэй" және т. б. шығармаларын жазды.

1940 жылы Сянь Синхай Кеңес Одағына Мәскеуге жіберілді, сол жерде "Ұлт азаттығы" деп аталатын бірінші симфониясын аяқтады. 1941 жылы Алматыға көшіп келіп, cол жылдары «Қасиетті соғыс» атты екінші симфониясы, «Қытай рапсодиясы» сюитасын, «Аманкелді Иманов» поэмасын жазды. Бұған қоса ол екі ел арасындағы елші ретінде қазақтың көптеген халық әндерін жинап, қайта өңдеді.

Қазақстан - Қытай достығының белгісі ретінде 1998 жылғы 7-қазанда Алматы қаласындағы көшелердің бірі «Сянь Синхай көшесі» атауына өзгертіліп, онда сазгердің құрметіне ескерткіш орнатылды. Бұл ескерткіш-тақтада: «Көрнекті қытай композиторы, Қытай - Қазақстан достығы мен мәдениеттер алмасу үрдісіндегі елші болған Сянь Синхайды еске алуға арналады»,-деп жазылған. Биыл Сянь Синхайдың туғанына 113 жыл толуына орай, қазақстандық және қытайлық өнер шеберлері аталмыш сазгердің өмірі мен шығармашылық жолын, Сянь Синхай мен қазақстандық композитор Бақытжан Байқадамовтың арасындағы шынайы достықты арқау еткен «Музыкант» қысқа метражды фильмін түсірді.

Көрме экспозициясында композитордың Қытай мен Парижде оқыған жылдары, достарымен бірге түскен, пролетарлық, музыкалық мәдени шараларға қатысқан, әйелі Цянь Юньлин және қызы Нинамен бірге түскен отбасылық фотосуреттерден тұратын 60-қа жуық суреттер, Лу Синь атындағы Өнер институтына жазған Оқу құралдары, Ресей, Қазақстан, Моңғолияда өмір сүрген жылдар, музыкалық шығармаларының партитуралары, Сянь Синхай және Байқадамовтар отбасылары арасындағы достық ықыласқа толы жылдарды бейнелейтін фотолар қойылған.

Memorial photo exhibition dedicated to the memory of the famous Chinese folk composer Xian Xinghai. memorial photo exhibition dedicated to the memory of the famous Chinese folk composer Xian Xinghai.
memorial photo exhibition dedicated to the memory of the famous Chinese folk composer Xian Xinghai. memorial photo exhibition dedicated to the memory of the famous Chinese folk composer Xian Xinghai.

Көрме 2019 жылдың 10 қаңтарына дейін жалғасады.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі 2018 жылдың 21 желтоқсан күні сағат 15.00-де ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, белгілі суретші Күшікбаев Жайықтың «Панорама» атты жеке көрмесін ашады. 

Cуретші Күшікбаев Жайықтың «Панорама» атты жеке көрмесКүшікбаев Жайық Талдықорған облысы, Сарқант ауданы, Бақалы ауылында мұғалім отбасында дүниеге келген. 1981 жылы Н. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, 1992 жылы С. А. Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтының көркемөнер факультетін бітірген. Еңбек жолын Бақалы орта мектебінде (1981 ж.) сурет және сызу пәнінің мұғалімі қызметінен бастады. 1992 ж. О. Таңсықбаев атындағы Алматы көркемсурет училищесінде арнайы пән оқытушысы болды. Қазіргі уақытта (1993 жылдан бері) Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы «Академиялық сурет және станоктық графика» кафедрасының аға оқытушысы, доценті.

Пейзаж – эпикалық шығарма, лирика, сондай-ақ қала, ауыл, саябақ, тау, жыл мезгілдері – жаз, қыс көрінісі, жалпы қоршаған ортаны бейнелеу суретшілердің, жалпы кескіндеме өнеріне жақын жандардың аса сүйікті жанры. Пейзаж жанры өте ауқымды. Жайық Күшікбаев көпшілікке көлемді панорамалық пейзаж шебері ретінде танымал. Жайықтың шығармаларында Қазақстанның әр өңірі, тіпті шалғай, жұрт көзінен таса тұстары көрініс тапқан. Суретші шығармаларының басым бөлігі негізінен Қазақстан табиғатының сұлулығы бейнелене пейзаж жанрында орындалған кескіндемелік композициялардан тұрады. Бұл кең байтақ қазақ даласының әр-алуан әсем көрінісі, ауыл тіршілігі және т. б. қырлары бейнеленген туындылыр. Суретшінің Алатаудың көз тұндырар табиғатын, Арал, Қапшағай, Қаскелең, Қырғауылды т.б. өңірлердің өзіндік ерекшеліктерін бейнелеген туған жерге деген сүйіспеншілікке толы шығырмалары аса тартымды.

Кескіндеме жанрында жыл мезгілдерін бейнелеу осы салада еңбектеніп жүрген суретшілер шығармашылығындағы өз алдына жеке бір тақырып деуге болады. Жайықтың табиғат аясында орындалған – тау, өзен, ен даланың ойы мен қыры бейнеленген қолтумалары көрерменді бірден баурап алады. Суретшінің сырға толы пейзаждары сиқырлы әлемдей сұқтандырады. Жайықтың шығармаларында жыл мезгілдері – табиғаттың оянуы, ерте көктем, жаз, күз және қыс көріністері, таңның атуы-күннің батуы, жазғы кеш, қараңғы түн, мүлгіген табиғат, қар бетіне түскен жарық пен сәуленің құбылуы, тау шыңының асқақтығы, төбелердің сұлбасы, яғни табиғат құбылысы толық көрініс тапқан. Жыл мезгілдеріне қарай автордың көңіл-күйі де өзгереді, өйткені шебер өз қылқаламымен табиғат келбетін де өзгертеді деуге болады.

Суретші пейзажбен қатар натюрморт, портрет жанрында да еңбектенеді.

Күшікбаевтың туыстары мен жақындарының портреттерінен («Анамның портреті», «Ана»", «Әкемнің портреті») оның адам жанының сұлулығын ашатын ерекше стилін аңғаруға болады.

Жайық өзіндік қолтаңбасы қалыптасақан қылқалам шебері. Суретшінің толымды, мәні терең шығармалары оның табиғатты көру-тану мүмкіндігін аңғартады. Әр шығарма қоршаған әлемнің сұлулығын аша отырып біз осы әлемнің бір бөлшегі екендігімізді ескертеді.   Әр шығармадан біз тыныштық, жайлылық, үйлесімді сезінеміз.

Күшікбаев 1980 жылдан бастап студенттік, республикалық, бүкілодақтық және халықаралық көрмелерге қатысып келеді. Суретшінің бірқатар шығармалары Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, АҚШ, Түркия, Германия, Жапония және Балтық жағалауы елдерінің жеке коллекцияларына қабылданған.

Экспозицияда шебердің табиғат құбылысын сезіну, түсіну, бейнелеу қабілетінің бірден-бір көрінісі болып табылатын 90 жұмыс ұсынылған.

Көрме 2019 жылдың 8 қаңтарына дейін созылады.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі «Бақыт» сәндік-қолданбалы өнер орталығымен бірлесіп 2018 жылдың 28 қараша күні сағат 16.00-де Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес жарияланған Жастар жылы аясында «Ұлттық тақырыптағы Натюрморт» атты Республикалық көркем шығармалар көрме-байқауын ашады.

«Ұлттық тақырыптағы Натюрморт»ҚР Орталық музейі дәстүр бойынша Алматы қаласының оқу орындарымен ынтымақтастықта көркем көрмелер топтамасын жалғастыруда. Музейде өткізілетін іс-шаралар өскелең ұрпақты ұлт тарихымен, мәдениетпен және өнермен таныстыруға, жастарды патриоттық сезімде, өз халқына, еліне және дәстүріне құрметпен қарауға тәрбиелеуге бағытталған.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында алдағы жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынды. Осыған орай, Халықаралық студенттер күні қарсаңында музей Алматы қаласындағы жас суретшілер мен колледж оқытушыларының жұмыстарын ұсынады. Олар әріптестерімен және оқу орындарының оқушыларымен өздерінің кәсіби тәжірибесімен, қол жеткізген жетістіктерімен бөліседі.

Көрменің мақсаты: жастар арасында Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын насихаттау, суретшілердің бейнелеу және қолданбалы өнердің түрлі жанрларында және техникаларында орындалған шығармашылық жұмыстарын көрсету.

«Ұлттық тақырыптағы Натюрморт» көрмесінде Алматы қаласының көркем өнер колледждері мен жоғары оқу орындары оқытушыларының 100-ден астам шығармашылық жұмыстары ұсынылады. Көрме түрлі жанрлық бағытты – кескіндеме, графика, мүсін, сәндік-қолданбалы өнерді қамтиды. Көрме қатысушылары педагог пен суретшінің талантын жақсы ұштастырады, өйткені олар да студент болған. Әр картинаның композициялық шешімі – өзіндік қолтаңбасы, стилі бар суретшінің бай ішкі рухани әлемін көрсетеді. Акварель және майлы техникадағы тамаша көркем жұмыстар; сәндік-қолданбалы өнер туындылары: матаға сурет салу – суық және ыстық батик, киіз, гобелен, қыш және т.б.

Алматы қаласындағы үздік жас суретші-педагогтердің жұмыстарынан жасақталған  көрме Қазақстандық бейнелеу өнері мектебі көркемдік деңгейінің жоғарылығын көрсетеді.

Көрме 2018 жылдың 5 желтоқсанына дейін жалғасады.

ЮНЕСКО Қазақстан Ұлттық Федерациясы Клубтарының 10-жылдығын атап өту қарсаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музейінде 8-желтоқсан күні сағат 16.00 ЮНЕСКО клубы «Алые паруса» көркемсурет шеберханасының шәкірттері дайындаған «Қал қалпақтай» балалар шығармашылығы көрмесі ашылады.

«Қал қалпақтай» балалар шығармашылығы көрмесі«Алые паруса» көркемсурет шеберханасы педагогтарының ұйымшыл ұжымы балаларды көркем бейнелеу өнері мен дизайнге 8 жылдан бері баулып келеді. Оған суреттер, витраждар, макет және киім үлгілерін жасау кіреді. Балалар өз шығармашылығында қағаз, мата, саз, ағаш, пластилин мен басқа да түрлі материалдарды пайдаланады. Клубта театр шеберлігі үйірмесі тұрақты түрде жұмыс істейді және классикалық музыка концерттері үнемі өткізіліп тұрады.

Осыдан бір жыл бұрын барлық сынақ кезеңдерінен сәтті өткен «Алые паруса» көркемсурет шеберханасы ЮНЕСКО Клубы мәртебесін иеленді.

Балалар шығармашылығы – балдырғандар қиялының шексіз шарықтау әлемі. Ол бояуларының сан-алуандығымен және күтпеген композициялық шешімдерімен ерекшеленеді. Өз еңбегінің нәтижелерін – суреттері мен қолдан жасаған бұйымдарын мақтанышпен көрсетіп жүрген жас суретшілердің бақытты жүздерін көрудің өзі зор қуаныш!

«Қал қалпақтай» көрмесінде балалардың орындалу техникасы әртүрлі жұмыстары қойылған.  

Көрме шеңберінде балғын дизайнерлер жасаған қалпақтардың сәндік көрсетілімі өткізіледі. Дефиле кезінде балалар ата-аналарына скрапбукинг және оригами техникасымен өз қолдарымен істеген бұйымдарын сыйға тартады.

Пейзаждар, натюрморттар, қиял-ғажайып және тақырыптық суреттер зор қызығушылық туғызып отыр. Экспозицияға 40-тан астам бас киімдер мен балалар шығармашылығының 60-тан астам сан қырлы, ең жарқын жұмыстары қойылады.

Көрменің ашылуында ҚР Орталық мемлекеттік музейі директорының орынбасары – Қақабаев Бейбітқали Смағұлұлы, «Алые паруса» көркемсурет шеберханасының жетекшісі, суретші-кескіндемеші, бейнелеу және сызу мұғалімі - Грибова Маргарита және KazFUCA ЮНЕСКО Қазақстан Ұлттық Федерациясы Клубтарының Бас хатшысы Ақжарова Сәбина Серікқызы сөз сөйлейді.

«Қал қалпақтай» көрмесінің салтанатты бөлігін жас актерлердің барлық қатысушылар мен келушілер үшін арнайы дайындаған «Некрасивая ёлка» спектаклі тәмамдайды.

Музей алқызыл желкен астындағы шығармашылық әлемімен танысуға шақырады.

Көрме 2018 жылдың 24-желтоқсанына дейін өтеді.

 

Халықаралық адам құқығы күніне орай 29 қараша күні Алматы қаласы Орталық мемлекеттік музейде жыл сайынғы "World Press Photo 2018" бірегей фотокөрмесінің ашылуы өтеді

"World Press Photo 2018"Жыл сайын 10 желтоқсанда әлем елдері мен ұйымдары БҰҰ Бас Ассамблеясының жалпы жиналысында ресми бекітілген Халықаралық Адам құқықтары күніне орай тиісті іс-шаралар өткізеді.

«World Press Photo-2018» көрмесінде өткен жылдың ең маңызды оқиғаларын бейнелеген ең үздік фотосуреттер қойылады. Биыл қазылар алқасы 125 елден 4,5 мың фотосуретшінің 73 мыңға жуық суретін бағалады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер саны 42 адам. Қазақстандықтар еліміздің тек төрт қаласында ғана, яғни Астана, Қарағанды, Алматы және Шымкентте журналистердің әлемнің түкпір-түкпірінен жіберілген ең үздік фотосуреттерін көруге мүмкіндік алып отыр.

 

Іс-шара спикерлері:

  • Қазақстан Республикасындағы Нидерланд Корольдігі елшісінің орынбасары - Нора Дессинг
  • Сорос-Қазақстан қорының басқарма төрағасы – Антон Артемьев;
  • Көрме тәлімгері, World Press Photo өкілі - Yi Wen Hsia.

Жоба туралы:

World Press Photo 2018 – бұл фотожурналистика саласындағы ең беделді халықаралық байқау жеңімпаздарының жұмыс көрмесі. Кәсіби фотосуретшілерден және БАҚ фоторедакторларынан тұратын тәуелсіз халықаралық қазылар алқасы жыл сайын жер жүзінің түкпір-түкпірінде жұмыс жасайтын фотожурналистердің, агенттіктердің, газет пен журналдар үміткерлерінің жұмыстарын 9 түрлі санатта бағалайды.

Сондай-ақ, World Press Photo халықаралық фотобайқауы жеңімпаздарының көрмесі аясында Нидерланд Корольдігінің елшісі 2018 жылдың 10 желтоқсанындағы Халықаралық адам құқығы күніне орай әлеуметтік маңызға ие тақырыптарға арналған фотосуреттер онлайн-байқауын ұйымдастырады. Байқау шарттары жайлы толық ақпарат: https://www.facebook.com/events/740659119615630/.

Астана мен Қарағандыдағы көрме аяқталып қойды. Алматыдағы көрме 2 аптаға созылады. Қазақстанда көрме үшінші мәрте өткізілуде. Осыған дейін көрме Астана, Алматы, Қарағанды және Өскеменде 2013 және 2014 жылдары өткізілген болатын.

Көрменің өткізілетін күні: 29 қараша (бейсенбі)

World Press Photo тәлімгерінің қатысуымен журналистерге арнап өткізілетін көрме ішіндегі жабық тур: 17:00-17:55

Көрменің ашылу салтанаты және фуршет: 18:00-19:00

Мекенжайы: Алматы қ., Орталық мемлекеттік музейі, Самал ш-а,1, 44-үй

 

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source