авто

Переключатель языков

2017 жылдың 31 наурызында, сағат 11.00-де Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музейі Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО Клубтары Федерациясымен бірлесіп, ЮНЕСКО клубтары қозғалысының құрылуының 70 жылдығын және Қазақстан Республикасы ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының 25 жылдығын мерекелеу аясында «Mitsubishi Asian Children’s Enikki Festa» атты халықаралық балалар шығармашылығы фестивалі жеңімпаздары жұмыстарының көрмесі ашылады.

«Mitsubishi Asian Children’s Enikki Festa»Аталмыш жобаны 1990 жылдан бастап «Mitsubishi» корпорациясының қоғамдық жұртшылықпен байланыс жөніндегі комитетінің қолдауымен Жапония Ұлттық ЮНЕСКО Ассоциацияларының Федерациясы және Азия-Тынық мұхиты аймағы ЮНЕСКО Клубтары және Ассоцияларының Федерациясы бірлесіп өткізіп келеді. Бұл бағдарлама балалар шығармашылығы арқылы мәдениеттер арасындағы келісімді орнату және қорғау мақсатында білім және мәдениет саласындағы ЮНЕСКО бағдарламаларын дамытуды көздейді.

Қазақстан Республикасы 2008 жылдан бастап «Mitsubishi Asian Children’s Enikki Festa» жобасына қатысушы мемлекет болып табылады. Байқауды Қазақстанда Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық Комиссиясы және Алматы қаласындағы ЮНЕСКО кластерлік Бюросы қолдауымен Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО Клубтарының Федерациясы өткізеді.

Фестиваль өткен жылдарда Азия-Тынық мұхиты аймағының 24 елінен қатысқан 700 000 жуық бала өз өмірлерінің ең бақытты 5 күні туралы қызықты эсселерін байқауға ұсынды.

Мәдениеттер арасындағы диалогты дамыту мақсатында қонақтарды және «оңтүстік астана» тұрғындарын Азия елдерінің мәдениеті және өмірімен таныстыру мақсатымен «Mitsubishi Asian Children’s Enikki Festa 2017-2018» жобасының жаңа циклін бастау қарсаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музейінде өтетін көрмеде Бангладеш, Бутан, Бруней-Даруссалам, Вьетнам, Үндістан, Индонезия, Камбоджа, Қытай, Корея, Лаос, Малайзия, Мальдивы, Монғолия, Мьянма, Непал, Пәкістан, Сингапур, Қытайлық Тайбей, Тайланд, Тимор-Лесте, Филиппин, Шри-Ланка және Жапония елдерінен келген 2015-2016 жылғы жоба жеңімпаздарының картиналары ұсынылады. Әрине, финалға шыққан байқауға қатысушы 8 қазақстандық финалистердің жұмыстары да көрермендерді қуантатын болады.  

Выставка работ финалистов Международного фестиваля детского творчества «Mitsubishi Asian Children’s Enikki Festa» Выставка работ финалистов Международного фестиваля детского творчества «Mitsubishi Asian Children’s Enikki Festa»
Выставка работ финалистов Международного фестиваля детского творчества «Mitsubishi Asian Children’s Enikki Festa» Выставка работ финалистов Международного фестиваля детского творчества «Mitsubishi Asian Children’s Enikki Festa»

Балалар жұмысының көрмесі 2017 жылдың 14 сәуіріне дейін жалғасады.

2017 жылдың 17 наурызында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі мен Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас Консулдығы жанындағы Мәдени Өкілдігі бірлесіп Иран шеберлері жасаған бұйымдардың көрмесін өткізді.

Көрменің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі директорының орынбасары Қақабаев Бейбітқали Смағұлұлы алғашқы құттықтау сөзін айтып,   Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас Консулы Эрдеши мырза мен Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас Консулдығы жанындағы Мәдени өкілдігінің директоры Сейд Джавад Джалали Киясари мырза Иранның дәстүрлі мәдениеті және өнерінің көрмесі жайлы айтып, Наурыз мейрамымен құттықтап, өз лебіздерін білдірді.

Сейд Джавад Джалали Киясари мырза Наурыз мейрамын тойлау парсы елінің сонау зороастризмді ұстанған шағынан бастау алатындығын, «наурыз» сөзінің парсы тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мән беретінін, жаңа жылды қарсы алу мерекесі екендігін айтып өтті.

Парсы әдебиетінің жауһары – Фирдоусидің «Шахнаме» дастанының үзінділерінің әртүрлі кезеңдерде жасалған көшірмелері аталған көрмеден орын алды. Сонымен қатар парсы қолөнерінің талантты өнерпаздарының, суретшілерінің, миниатюршыларының, көркем жазу және ағаш өнері шеберлерінің туындылары көрермен назарына ұсынылды. Ерекше көзге түсетін жазу үстелінің бұйымдары, сағаттар, Құранға арналған қаптамалар, сандықшалар «Хатамкари» стилінде ағаш бетін бедерлеп жасалған. Бұл стиль Сефевилер дәуірінде (XVI–XVII ғғ.) пайда болып, бүгінге дейін дайындау тәсілдері өзгерместен жеткен. Қазірде Иранның Исфахан қаласы Хатамкари орталығы болып саналады.

Көрменің көркін келтіріп, сәнін ашып тұрған көкшіл түсті металл құтылар мен табақшалар «Минакари» стилінде орындалған. «Минакари» – металл мен қыш бұйымдарын арнайы эмальмен безендіретін айрықша ирандық техника. Бірнеше мың жыл бұрын пайда болған бұл техника Иранның мақтанышы болып саналады.

Қазақ және парсы халықтарының арасындағы терең тамырлы қарым-қатынастың жалғасы ретіндегі бұл шара осы елдер арасын одан әрі жақындастырып, Иранның дәстүрлі мәдениеті, өнерімен толығырақ танысуға мүмкіндік берді деуге болады.

Көрмені 6000 астам қала тұрғындары мен қонақтары тамашалады.

 

Выставка Иранского искусства Выставка Иранского искусства
Выставка Иранского искусства Выставка Иранского искусства

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында 2017 жылдың 4-5 наурызында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі «Бақыт» сәндік-қолданбалы өнер орталығымен бірлесе отырып кезекті дәстүрлі «БӘЙШЕШЕКТЕР ГҮЛДЕГЕНДЕ» Орта-Азия қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесін өткізеді.

Орталық Азияның бай әрі сан алуан мұрасының арасында қолданбалы өнер ерекше орынға ие. Сәндік-қолданбалы өнер халық мәдениетінің құрамдас бөлігі болып табылады және ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан рухани және эстетикалық құндылықтардан тұрады.

Бүгінгі күні дәстүрлі мәдениет құндылықтары мен мұрамызға деген қарым-қатынас, қолөнершілерге қолдау көрсету Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының деңгейіне қойылған. Қолөнершілер өндірісі дәстүрінің қайта жандануы Орталық Азия халықтарының ұлттық мәдениетін сақтауға негізделген заңды үрдіске айналды. Қазіргі кезде тарихи қалыптасқан өндіріс орталықтары қайта жолға қойылып, бұйымдардың түрлері көбейіп, сапасы жақсарып келеді. Шеберлер жергілікті ерекшеліктерді сақтай отырып, ұмыт болған пішіндер, өрнектер мен технологияларды қайта қолға алуда.

Көрме-жәрмеңкелердің негізгі мақсаты – қолөнершілерді қолдау және дәстүрлі өнерді дамыту, сонымен бірге Орталық-Азия аумағындағы мәдени көптүрлілікті сақтап, халықаралық мәдени байланыстарды дамыту болып табылады. Осы тектес шаралар шығыс халықтарының бай мәдениеті және дәстүрлерімен таныстырып, қолөнерді дәріптеуге бағытталған, сонымен бірге жастарды тәрбиелеудегі эстетикалық, патриоттық және өнегелік мәнге ие.

Музей көптеген жылдар бойы Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Ресейдің 100-ден аса шеберлерінің басын қосып, тәжірибе алмасу орны болды.

Көрмеде бұйымдардың өрнектік, реңдік және технологиялық көптүрлілігін тамашалауға болады. Бұл шара ұлттық қолөнершілер кәсібін насихаттау мен тарату, келушілердің кәсіпке қызығушылығын арттыру және жас қолөнершілерді қолдау жөніндегі бағдарламаның бір бөлігі болып саналады. Жыл сайын шараға жаңа шеберлер, талантты қолөнершілер қатысып, серіктестердің аясы кеңеюде, сонымен бірге музейге және қолөнер бұйымдарына қызығушы келушілердің де саны артып келеді.

Сәндік-қолданбалы өнер әлеміне қош келдіңіздер!

ЦАЯ 2017 "Время тюльпанов" ЦАЯ 2017. "Время тюлпанов"

Көрме-жәрмеңкенің жұмыс уақыты: 4-5 наурыз, 9.00-ден 18.00-ге дейін

Көрме-жәрмеңкеге кіру – ақылы

2017 жылдың 17 наурызында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі мен Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас Консулдығы жанындағы Мәдени Өкілдігі бірлесіп Наурыз мейрамына арналған «Наурыз нақыштары» атты фестиваль өткізді.

kraski-nauryz2017-afisha

 Қазақ және парсы халықтарының арасындағы терең тамырлы қарым-қатынас бүгінде дәйекті жалғасуда. «Наурыз нақыштары» мейрамы баянды достық, мәдени дәстүрлер ортақтастығының символы болып табылады. Фестиваль аясында ашылған көрмеде Иранның дәстүрлі мәдениеті, өнерімен толығырақ танысуға мүмкіндік беретін, бүгінде сирек ұшырасатын көне бұйымдар, яғни кемпірқосақша құбылып, түрлі амал-тәсілде жасалған миниатюра, шағын мүсін, живопись, бедерлі металл, бояма қыш (құты, құмыра, табақ, қобдиша, тұғыр) сынды қолөнер туындылары байырғы қолөнерші, суретші, каллиграфистердің биік талғамы мен шеберлік деңгейін аңғартады.         "Наурыз мейрамы"  Қазақстанда 2001 ж. Мемлектеттік мереке болып жарияланды.

Оңтүстік астана тұрғындары мен қонақтары дәл осы күні демалыс орны ретінде Музейді таңдады: олардың үміттері ақталды. Музей қызметкерлері өз қонақтарына арнап дәстүрлі қазақ дәстүрлері, рәсімдер, ойындар, көрмелердің ашылуы, музейлік сабақтар мен музей залдары бойынша экскурсиялар, шеберлік сабақтары, концерттен тұратын кең мәдени-білім беру бағдарламасын дайындады.

Директордың орынбасары Қақабаев Б.С. Наурыз мейрамын бастап, Музейдің қор коллекциясынан алынған «Дәстүрдің жарқын жалғасы» тақырыбындағы көркемдік өнімдер көрмесі, Н.В.Бубэ, Ф.Тарази, Ж.Тәкен, Т.Волкова, Б. Балташева, Д.А.Байдаралиндер, Д.Өтелбаев, Е.Шарапова, Е., А.Маусариева, М. Қорқыт, Р. Өмірзақ , Ж. Керімбек А.Сәкежан, М.Алиев, М. Әбілжан, Н.Жеңісұлы, З.Ниязова, А. Мустафаев, М.Нарбаева, А.Түзелбаева, Саутбеков Н., О. Шейхмус сынды қазіргі қазақ суретшілерінің көрмесін ашып берді. Келесі құттықтау сөзін Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас Консулы Эрдеши мырза мен Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас Консулдығы жанындағы Мәдени өкілдігінің директоры Сейд Джавад Джалали Киясари мырза алып, Иранның дәстүрлі мәдениеті, өнерімен толығырақ танысуға мүмкіндік беретін көрме жайлы айтты.

Музейдің әр экспозициялық залында балалар мен ересектер аудиториясы үшін әр бағыттағы бағдарламалар дайындалды. Мектеп оқушылары және ЖОО студенттеріне «Қош армысың, Әз-Наурыз», «Әжемнің сандығындағы заттардың тарихы», «Қазақ ертегілер әлеміне саяхат» интерактивті ойындары ұнаса, ұлттық дәстүрлер элементтері бар концерттік бағдарлама өзгелердің көңілінен шықты. Екі рәсім көрсетілді. Біріншісі – бала туылғандағы алғашқы рәсімі Бесікке салуды музей қызметкерлері өткізіді. Екіншісі – мерекенің ең кішкене қонақтары – тәй-тәй басқан балақайлардың алғашқы қадамы сәтті, яғни ғұмыры ұзақ, болашағы жарқын болсын деп, «Ақ жол» деген тілеумен «Тұсау кесер» жоралғысы атқарылды. «Тұсау кесер» жоралғысын ҚР Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов өткізді.

 Ертеден-ақ, Наурыз мейрамы кезінде әр ауыл-аймақтың жұрты жиналып, бір-бірімен көрісіп-жүздесіп, есен-саулық сұрасқан, түрлі ұлттық   ойын («Қыз қуу», «Айқыш-ұйқыш», «Аударыспақ», «Тоғыз құмалақ» және т.б.), дәстүрлі ат жарыстары («Бәйге», «Жорға жарыс», «Көкпар») ұйымдастырылып, ән шырқалып, күй тартылып, мың бұрала би билеп, арқа-жарқа болысқан.

Қазақ шеберлерінің ғасырлар бойы шыңдап, көзінің қарашығындай ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген дәстүрлі қолөнерінің бүгін де өресі биік деуге болады. Бұл мереке кезінде музейдің ғылыми қызметкерлері қазақ кестесі, зергерлік өнер техникасы жайлы, ал шебер Мұса Әділ қазақтың музыкалық аспабы – домбыра жасау технологиясы жөнінде шеберлік сабағын өткізді.

Мемлекеттік қуыршақ театрының «Наурыз-Думан» және Мұзафар Әлімбаевтың шығармасы желісімен С. Бегалин атындағы Орталық мемлекеттік балалар кітапханасының қызметкерлері дайындаған «Мен дала баласымен» атты театрландырылған қойылымдары да көрерменді қуантқаны сөзсіз.

Халық әртісі Гүлбаршын Тергеубекова, Халық әртісі Сәкен Қалымов, әнші-композитор Әділбай Жаниязов, Бахтияр Матназаровтың қатысуымен өткен этнографиялық ансамбльдер, музыкалық ұжымдардың концерті фестивальдің салтанатты ашылуынан бастап аяғына дейін жалғасты.

Осы шараны өткізудегі музей серіктестері мен демеушілері:«Copy lider» және «Panasonic» компаниялары; «Бахыт» сәндік-қолданбалы өнер орталығы; «Викрма импекс(II)ЛТД» ЖШС; «Ақсай-нан» ЖШС; «Карапуз» ЖШС; «GerkulesGames» дамытушы ойындар бойынша сауда компаниясы; Халық әртісі Мұрат Серкебаевтың басқаруындағы Алматы әкімінің концерттік оркестрінің квартеті; Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы; Қазақ Мемлекеттік әйелдер педагогикалық университеті; Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжі; А. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі; № 12 балалар музыкалық мектебі; Өзбек мәдени орталығы; «Нам Сон корей халқының дәстүрлі ансамбльі»; ICLUB Зияткерлік балалар клубы «Ақ Маржан» халық би ансамблі; «Көкжиек», «Алматыкітап», «Сардар» баспалары; «Sweetbox flower», «Долина роз» гүлдер компаниялары және т.б.

Краски Наурыза-2017 Краски Наурыза-2017
Краски Наурыза-2017 Краски Наурыза-2017
Краски Наурыза-2017 Краски Наурыза-2017

Көрменің жұмыс уақыты 30 наурыз 2017 ж.

ҚР Мемлекеттік орталық музейінде 2017 жылдың 1 наурызы күні сағ. 15.00-де Дүниежүзілік жазушылар күніне орай, қазақтың көрнекті ақын-жазушылары – М.О. Әуезовтың 120 жылдық, Ғ.М. Мүсірепов пен Ғ.Мұстафиннің 115 жылдық, Д.Әбілев пен Ғ.Ормановтың 110 жылдық, Ә.Шәріповтың 105 жылдық және Ә.Нұршайықов пен С.Шаймерденовтің 95 жылдық мерейтойлары қарсаңында «Халық жүрегіндегі қаламгерлер» атты көрме ашылады.

ХХ ғасырдың 40-50 жылдарында қазақ әдебиеті қанатын кеңге жайып, терең де кемел туындыларға қол жеткізді. Бұл кезеңдегі әдебиеттің дамуына қазақтың тұңғыш эпопеясын жазып, көркем прозаны классикалық деңгейге көтеріп, әдебиетке көркемдік қуат әкелген үздік туынды - «Абай жолын» жазған Мұхтар Әуезовтің қосқан үлесі зор. Сонымен қатар ұлттық прозаның елеулі жетістіктері – қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған шоқтығы биік туындылар – Ғ.Мүсіреповтың «Қазақ солдаты» (1945), «Оянған өлке» (1953) тарихи романы, Ғ.Мұстафиннің соғыстан кейінгі халық өміріндегі өзгерістерді бейнелеуге арналған «Миллионер» (1948) повесті, «Қарағанды» (1952) романы, Д.Әбілевтің драматургия саласындағы «Қарулас достар» (1948), «Майра» (1954) және т.б. туындыларының орны ерекше. Майдангер қаламгерлер – Ғ.Ормановтың «Көтерме» деген атпен жарияланған әңгімелер мен очерктерінің жинағы, Ә.Шәріповтің «Партизан қызы» (1961) романы, көркем проза жанрында сүбелі еңбек еткен Ә.Нұршайықовтың «Ма­хаб­бат, қызық мол жылдар», «Ақи­қат пен аңыз» шығармалары, сондай-ақ кі­таптары оқырман қауым мен сыншы­лар­дан жоғары бағасын алған С.Шаймерденовтің «Инеш» (1958) романын қалың оқырманның іздеп жүріп оқығаны баршаға мәлім. Олардың шығармаларында Отанға деген сүйіспеншілік, патриоттық рух, тіл мен дәстүрге құрмет, тарихқа адалдық сияқты тақырыптар көтерілді. Әдеби шығармашылықтары елдің қоғамдық-саяси өмірімен қатар өрбіді.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейіндегі көрмелердің көктемдік маусымын ашуға арқау болған «Халық жүрегіндегі қаламгерлер» көрмесіне әдебиеттің түрлі жанрына қалам тартқан жазушылардың қазақ және араб әрпімен жазылған қолжазбалары, өздеріне тиесілі жеке заттары, олардың өмірі мен шығармашылығына қатысты бірегей жеке мұрағат материалдары, фото-құжаттары, хаттары, еңбектері мен марапаттары, сонымен қатар бюст, афиша, плакаттар мен иллюстрациялар қойылады.

Бүгінгі таңда ғылыми, мәдени мекемелерге, мектептер мен жоғарғы оқу орындарына, көшелерге жазушылардың есімдері берілген. Алматы қаласында мемориалдық музей-үйлері ашылып, ескерткіш тақталар орнатылған.

Көрменің салтанатты ашылуында белгілі қаламгерлер мен ұрпақтары естеліктерімен бөліседі.

Көрме 3-экспозициялық залға орналастырылған.

Ашылу күні: 2017 жылдың 1 наурызы, сағат 15.00.

«Халық жүрегіндегі қаламгерлер» «Халық жүрегіндегі қаламгерлер»
«Халық жүрегіндегі қаламгерлер» «Халық жүрегіндегі қаламгерлер»

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source