авто

Переключатель языков

2016 жылдың 3-4 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі мен «Бақыт» сәндік-қолданбалы өнер орталығы дәстүрлі «Шығыс базары» атты Орталық-Азиялық қолөнер  көрме-жәрмеңкесін өткізеді.

Орталық Азия елдері қолөнершілерінің көрме-жәрмеңкесі жыл сайын Мемлекеттік мереке «Тәуелсіздік күні» мен Жаңа жыл қарсаңында өткізіліп келеді. Халық өнерін жоғары бағалаушылар арасында үлкен сұранысқа ие сәндік-қолданбалы қолөнер көрме-жәрмеңкесін музейде өткізу игі дәстүрге айналған.

Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстан және Ресей елдерінен келген майталман қолөнер шеберлері алматылықтар мен қонақтарға өздерінің өз қолдарынан жасаған туындыларды ұсынады. Олар жібек матадан тігілген киімдер, қолдан тоқылған бөкебайлар, ағаштан, металдан ойып жасалған кәдесыйлар мен тұрмыстық заттар, жібек жіптермен тоқылған кестелер, Риштан қыштары, зергерлік әшекей бұйымдар, кілемдер, ұлттық киімдер және тағы да басқа көптеген қолөнер бұйымдары.

Бұл күндері жәрмеңкеге келушілер көңілдеріне ұнаған заттарын сатып алып қана қоймай, сонымен қатар қазақстандық белгілі суретші Гүлнәр Өмірбекованың жібекке өрнек салу әдіс-тәсілінен өткізетін шеберлік-сабаққа қатысып, сәндік-қолданбалы өнердің аталған түрін меңгере алады.

Орталық-Азия қолөнершілерінің көрме-жәрмеңкесі қызықты бағдарламаларға толы: шеберлік-сабақтар, викториналар, танымал шеберлердің сатылымдық тауарларының ұтыс лотореясы ойнатылады.

Көрме-жәрмеңке барлық отбасы мүшелері үшін сәндік-қолданбалы өнер әлеміне ұмытылмас саяхат жасауға мүмкіндік береді. Халық шеберлерінің қолданбалы өнер көрмесі Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін қашанда думанды мереке, есте қалар жарқын оқиға!

Баршаңызды ертедегідей шығыс базарының ғажайып думанын сезінуге шақырамыз!

Көрме-жәрмеңкенің ресми ашылуы - 2016 ж. 3 желтоқсан, сағат 10-00

Көрме-жәрмеңкенің жұмыс уақыты: 3-4 желтоқсан, сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін

Көрме-жәрмеңкеге кіру – 300 теңге

Yarmarka Bakhyt - East Bazaar Yarmarka Bakhyt - East Bazaar
Yarmarka Bakhyt - East Bazaar Yarmarka Bakhyt - East Bazaar

2016 жылдың 30 қарашасы, сағат 15.00-де ҚР Мемлекеттік орталық музейінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 25 жыл толуына арналған    «Қазақстан – ядролық қарусыз әлем үшін» атты көрме ашылады.

Тәуелсіз Қазақстанның ядролық қарусыз әлем үшін күресіндегі алғашқы батыл қадамдарының бірі – Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 25 жыл толуына орай ұйымдастырылып отырған бұл көрме үш бөлімнен тұрады:

«Ядролық сынақтың ауқымы және оның зардаптары» бөлімі советтік атом бомбасын жасау, алғашқы ядролық сынақ және оның зардаптарын көрсетуге арналған.         Семей ядролық сынақ полигонын (СЯСП) құру ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейінгі социалистік және капиталистік лагерлер арасындағы шиеленісе түскен қарым-қатынастардағы қайшылықтың салдарынан туған болатын. 1947 жылы 21 тамызда СССР Министрлер Кеңесінің шешімі бойынша құрылған Семей полигоны үшін халық шаруашылығы үлесінен 18500 шаршы шақырым жер бөлініп алынды. Полигон Семей, Павлодар және Қарағанды облыстары аумақтарына бөлініп тасталды. Алғашқы ядролық сынақ 1949 жылы 29 тамызда ауада жасалды. Ал, жер асты жарылыстары 1990 жылға дейін толастамады. Өлкені жарылыстар алаңына айналдыру барысындағы қазақ жерін улаған сынақтардың зардаптары қоршаған ортаға, бүгінгі  және болашақ ұрпақтың денсаулығына алапат әсерін тигізіп, орны толмас қайғығы душар етті.

«Ядролық жарылысқа қарсы «Невада-Семей» қозғалысы» бөліміне республика аумағындағы атом полигонын жабу, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы, совет-американ бейбітшілік жорығы туралы материалдар мен әлемдік қауымдастықтың жан-жақты қолдауына ие болған ядролық сынаққа қарсы қозғалыстың іс-қызметінен сыр шертетін тарихи құжаттар, хаттар, фотосуреттер қойылады.

«ҚР Президенті Н.Назарбаев – ядролық қарусыз әлем үшін» бөлімі атом полигонын жабудағы Ұлт Көшбасшысының рөлі мен сіңірген еңбегін көрсетуге арналған. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың БҰҰ-ның биік мінберінен ХХІ ғасырда ядролық қарусыз әлем құруға шақырған бастамасы әлемдік қоғамдастық тарапынан қолдауға ие болды. БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен 29 тамыз Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күн болып жарияланды. Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларацияның қабылдануы – бұл аталған мақсаттарды жүзеге асырудағы жаңа әрі маңызды қадам болып табылады.

Көрмеге Орталық музей қорындағы материалдармен бірге ҚР Президенті мұрағаты мен «Невада-Семей» халықаралық халықаралық қозғалысы комитеті ұсынған материалдар қойылып, «Ғылым Ордасы» Орталық ғылыми кітапханасының Семей ядролық полигонына арналған кітап көрмесі ұсынылады.

nevada-semey2016-2 nevada-semey2016-1
nevada-semey2016-3 nevada-semey2016-4

 Көрме 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады.

«Даланың алып қоңырауы»

2016 жылдың 17 қарашасы аса көрнекті халық ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің (1841-1889) туғанына 175 жыл толуына орай оның өмірі мен шығармашылық мұрасын насихаттау әрі дәріптеу мақсатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚФ, Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыратын республикалық институтымен бірлесіп ұйымдастырылған «Даланың алып қоңырауы» көрме ашылды.

Көрмені ҚР МОМ директорының ғылыми істері жөніндегі орынбасары Бабақұмар Хинаят сөз сөйлеп, өз жүрекжарды лебізін білдіріп, салтанатты түрде ашып берді. Көрменің ашылу рәсімінде «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚФ, Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыратын республикалық институтының директорының инновациялық даму ісі жөніндегі орынбасары Сәбит Суатай, педагогика ғылымдарының докторы, жазушы, ыбырайтанушы Әдібай Табылды, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Төреқызы Миразова, Ыбырай Алтынсариннің туысы Шолпан Хәкімжанова сөз алып ұлы ағартушыға арналған ой-лебіздермен бөлісті.

Айтулы көрменің негізін ағартушының ҚР МОМ қорында сақталынып отырған жеке қалта сағаты, оның өмірі мен шығармашылығына байланысты қолжазбалар мен басылымдар, фотоқұжаттар мен хаттар, өзі әрі жақын туған-туыстары мен шәкірттері туралы деректі материалдар құрайды. Өз заманының қайраткері болған педагогтің кейінгі кезде жарық көрген тың басылымдармен бірге оның ҚР БҒМ Ғылым комитеті «Ғылым ордасы» кітапханасынан алынған қолжазбалары (баспаға шықпаған өлең, Сүлеймен төренің қызына жазған өлеңі, хан мен байларға, бектерге арнап жазған өсиет өлеңі) мен еңбектері де («Шариат-үл-ислам», «Мәктубат», «Асан мен Үсен») осы көрме төрінен орын алады. Сондай-ақ аталмыш көрмеге ағартушы ұстаздың Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатынан және ҚР Мемлекеттік орталық киноқұжаттар мен дыбыс жазбалары мұрағатынан, Қостанай облыстық Ы. Алтынсарин атындағы мемориалдық музейінен, Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының музейінен алынған фотосуреттер мен құжаттардың көшірмелері, жақын туысы Қазақстан Республикасының Халық жазушысы, көрнекті ақын Мәриям Хакім­жанова мен шәкірттері Ахмет Балғымбаев, Б. Ақтамберлин, Спандияр Көбеев, Жамаледдин Бейсеновтің, Мұхамеджан Сералиннің фотосуреттері, қолжазбалары жұрт назарына ұсынылады.

Көрменің ашылу салтанатынан соң «Ұстаздың ұлағаты» атты семинар сабақ өткізілді. Көрме аясында ұйымдастырылған аталмыш семинарда республикамызға белгілі ғалымдар мен ұстаздар тарапынан мектеп мұғалімдері мен оқушыларға және жоғарғы оқу орындарының студенттеріне арналған дәріс оқылып, арнайы сертификаттар берілді.

Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған аталмыш көрме 4-залдағы алаңда орналасқан.

Vystavka. Ibrai Altynsarin-175 let Vystavka. Ibrai Altynsarin-175 let
Vystavka. Ibrai Altynsarin-175 let Vystavka. Ibrai Altynsarin-175 let
Vystavka. Ibrai Altynsarin-175 let Ibrai Altynsarin-175 let. Confererence.

Көрме 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады.

2016 жылғы 20 қарашасында 12-00-ден 16-00-ге дейін Алматыдағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі Қазақстандағы Жапония Елшілігімен және Қазақстандық-жапондық адам ресурстарын дамыту орталығымен бірлесіп, «Алматыда Жапон мәдениеті күні» өтеді.

Алматыда Жапон мәдениеті күніҚазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі 10 жылдан астам уақыттан бері Қазақстандағы Жапония елшілігімен бірлесіп, белсенді қызмет атқарып келеді. Музейде өткен  «Жапония қуыршақтары», «Әлем кимоно жасау шебері Итику Куботаның көзімен», «Хиросима мен Нагасаки», «Исегатагами» өнері жөніндегі шеберлердің картиналары  көрмелері және тағы басқада мәдени шаралары қалалық жұртшылықтың зор қызығушылығын тудырды және республикалық БАҚ беттерінде кеңінен көрініс тапты. 

Жапония – ғибадатханалар мен сұлулығымен тамсандырған бақтар, қар басқан тау шыңдары мен зәулім үйлер, болашақтың технологиясы  мен ғасырлық дәстүрлер, қалалық өмірдің қарбалас тіршілігі мен табиғаттың сұлулығы мен үйлесімі жарасқан ғажайып ұлттық мәдениетіне және жұмбаққа толы елдерінің бірі.         

 Шара барысында алматылықтар мен қала қонақтары Жапония өнері, мәдениеті, спорты,  биі, асханасымен және жапон технологиялармен таныса алады.

Бағдарламаға жапондық жауынгерлік өнер көрсетілімі, тайко жапондық дабылдарында ойнайтын «Ооэдодайко» дабылшылар тобының өнер көрсетуі кіреді..   

Фестиваль қонақтары шеберлік сабақтарында оригами, исекатагами (текстильді бояуға арналған қағаз трафареттерді дайындайтын жапондық қолданбалы өнер түрлері), кирие, фурошики және т.б. танысып, иероглифтерді жазу мен дәстүрлі жапондық тағам дайындауды, шәй құю рәсімінде дұрыс шәй құюды, кендама жапондық дәстүрлі ойынын үйренеді.

Қарашаның басында арнайы шақырумен Жапонияға барған ресми сапарында Қазақстан Республикасының Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Екі ел арасындағы қарым-қатынастардың алғашқы күннен бастап  достық пен өзара түсіністік рухымен сусындағанын, мемлекеттер арасында ешқандай шешілмеген проблемалардың жоқтығын атап өтті».     

Сондай-ақ Sony, Tokyo Rope, Nakajima Jukyudo атты жапондық компаниялар, жапония ұйымының  сыртқы саудасы бойынша (JETRO) Sony және т.б. қатысуы жоспарлануда. 

Алматыда Жапон мәдениеті күнін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейдің директоры Нұрсан Алимбай  мен Қазақстан Республикасының Жапонияға Төтенше және өкілетті  елшісі Итиро КАВАБАТА мырза ашады.

Фестиваль шығыс елі дәстүрлерінің байлығы мен көптүрлілігін паш етіп, елдеріміз арасындағы өзара түсіністік пен достық қалыптасуына ықпал етеді.  

ҚР Мемлекеттік орталық музейі және Жапония елшілігі Сіздерді «Жапон мәдениетінің фестивліне» шақырады.


 

Day of Japan culture - 20-11-2016 Day of Japan culture - 20-11-2016
Day of Japan culture - 20-11-2016 Day of Japan culture - 20-11-2016
Day of Japan culture - 20-11-2016 Day of Japan culture - 20-11-2016
Day of Japan culture - 20-11-2016 Day of Japan culture - 20-11-2016

2016 жылы 10 қарашада, сағат 15.30-да Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған суретші Жұмаділхан Керімбек Сарыбайұлының «Қазақ елім – қазынам» атты жеке көрмесі ашылады.

Zhumadilhan Kerimbek-1Жұмаділхан Керімбек 1959 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданының Бірлік ауылында дүниеге келді. 1986 жылы Алматы қаласындағы Қазақ ауылшаруашылық институтының агрономия факультетін бітірген. Түркияда биология саласы бойынша докторлық диссертация қорғады (1998). Қазіргі уақытта ол Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде аға оқытушы болып қызмет атқарады.

Жұмаділхан Керімбек – жан-жақты дарынды тұлға. Суретші жас кезінен  философиямен әуестенген. Ницше, Кант, Юнг, Лао Цзы, Конфуций және тағы да басқа  ежелгі қытай мен батыс философтарының еңбектерін оқып зерттеген. Суретші өмір философиясын, әлем философиясы зерделеу оған шығармашылығын жандандыруға көмектеседі деп санайды.  

Бүгінде Ж.Керімбек –  ғалым, педагог, публицист, ақын, сонымен қатар,  ол көркемсурет өнерінің көптеген жанрларымен әуестеніп, сурет салуды да жалғастырып келеді. Ол өзінің бұл өнерін негізгі мамандықтарымен шебер үйлестіре біледі. Көптеген өздігінен үйренген суретшілер сияқты Жұмаділхан да түрлі материалдарды сынап қолдануға құштар. Ол акрильді бояуларды, гуашь, тушьті қолданады. Сонымен қатар, оның графикалық жұмыстары және мазмұндылығымен, айшықтылығымен және ықшамдылығымен, тиімділігімен және экзотикалық жағынан ерекшеленетін  ақ-қара түстердің үйлесімді гаммасымен  орындалған түрік циклынан алынған жұмыстары да қызғылықты.

Zhumadilhan Kerimbek-2 Zhumadilhan Kerimbek-3

Суретші жұмыстарының негізгі тақырыбы – сағыныш пен романтика, әрі қазақтың  дәстүрлері, адамның Жер-жаһандағы орны туралы философиялық толғаныстар. Автор ұмтылысты, жарқындықты, өзіндік ерекшелікті бейнелейтін әрекет пен жарыққа толы күрделік жанрлық композициялар сомдаған.

Ол көркемсурет өнері шығармашылығындағы қызметін өзінің өмірі сынды шынайы құбылыс деп санайды. Көрмеде ұсынылған туындылар суретшінің көркемөнерлік зерттеуінің, көркемөнерлік стилінің, шығармашылық қолтаңбасының тамаша үлгісі болып табылады. Бұл суреттерде туған ауыл, бозбала шақ, қазіргі заман әлемі шынайы көрініс тапқан. Суретшінің бұл ғажайып өзіндік әлемі барша адамдарға етене жақын деуге де болады. Автордың әрбір туындысы суретшінің шығармашылығының қызғылықты бір қырын ашады – бірде суретші өзі көрген жайды толқынысты сезім күйімен жеткізсе, келесі бірінде қайталанбас сұлулықтың жан пернесін дөп басады және оның суреттерінде  өзінің шығармашылығы үшін сарқылмас рухани шабыт көзі санайтын  табиғаттың әрбір көркем сәтінің поэзиясы көрініс тапқан.        

Жұмаділхан Керімбек ғалым бола тұра, үнемі шығармашылық ізденісте жүреді, өлеңдер жазады, көптеген публицистикалық, оқу-әдістемелік және ғылыми жұмыстардың авторы.  

Көрмеде 60-тан астам кескіндеме картиналары қойылады.  

Zhumadil Kerimbek 2016-1 Zhumadil Kerimbek 2016-2
Zhumadil Kerimbek 2016-3 Zhumadil Kerimbek 2016-4

Көрме 2016 жылдың 24 қарашасына дейін жалғасады. 

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source