авто

Переключатель языков

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі 2017 жылдың 19 мамырында сағат 17.00-ден 24.00-ге дейін Халықаралық музейлер күні мерекесіне арналған «Музей түні – 2017: Музейлік құндылықтарға тіл біткенде» атты іс шарасын өткізді.

Музей түні «Музейлер және толғаулы тарих: күрделі асуларды тілге тиек етеміз» ұранымен өтті.

«Музей түні» – халықаралық ауқымдағы ірі әлеуметтік жоба. Еліміздің жетекші музейі – ҚР Мемлекеттік Орталық музейі алғаш рет «Музей түнін» 2006 жылы өткізген еді. Он екінші мәрте өткізіліп отырған іс-шарада Музей қорынан және жеке коллекциялар негізінде алынған жаңа көрмелер ұйымдастырылып, тың идеялар мен қызықты шығармашылық ойлар жүзеге асырылды. Тарихи-мәдени мұраларға арналған бірегей шаралар мен бағдарламаларды ұйымдастыру арқылы тарихи-мәдени құндылықтарды дәріптеп, мәдениет дамуына өз үлесін қосты деуге болады. Осы уақыт ішінде бұл шара Алматы қаласының мәдени өмірінде аса тартымды және асыға күтетін жарқын шараға айналды.

Іс-шараны ресми түрде Мемлекеттік орталық музей директоры Нұрсан Әлімбай ашып, одан кейін шараның бас демеушісі «Positive life» директоры Сергеева Юлияға сөз берілді. Одан кейін Ж. Елебеков атындағы эстрадалық-цирк колледжі, П. И. Чайковский атындағы Алматы музыка колледжі, Kaz Kids Dans би студиясы (жетекшісі Дубинчик Наталья);  Боровикова Валентина Анатольевнаның жетекшілігіндегі музыкалық джаз мектебінің Twinkle jazz ансамблі; Саксофонда ойнаушы Тұрсұнбеков Қайрат; Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Академиясының хореография факультетінің студенттік би театры ұсынған «Asian students dance-ASD» «Би империясы» өнер көрсетіп, О.Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің студенттері жаңа «Қиял» және «Триумф» этникалық коллекцияларын ұсынды.  Сонымен бірге, еліміздің М. Лермонтов атындағы Мемлекеттік Академиялық орыс драма театрының өнер майталмандары жылы лебіздерін жеткізіп, спектакль билеттеріне ұтыс ойындарын ұйымдастырды. Мерекелік кештің жүргізушілері танымал шоумендер Мұрат Оспанов, Даниель Джеймс және Марселен Камате мерекелік кешке сән берді.

Жарқын да тартымды ШОУ-БАҒДАРЛАМА музейге келушілердің көңілін көтерді: «Positive life Stydio», «Tesla art laboratory» компаниялары проекторлық, пиксельді, жарықдиодты картиналарын ұсынып; Швециялық қонақтардан құттықтау ретінде - Перфоманс «Каспий теңізіндегі Викингтер» және «Baidaralin Studio» қазақ садақшылары; «Tribal Pro», «Dance Stydio», «Cuban Mix» би шоуы; «Империал», «Сейшн» шоу-балеті; «Алматы Барабандары» шоуы; «Fire Sunset» компаниясынан от шашу, «Big bubble» компаниясынан сабынды көпіршіктер шоуы; «Лимпопо» компаниясынан ғылыми шоу ұсынылып; ағаш аяқты өнерпаздар; сиқыршы Михаил Гутторов және «Город сказки» компаниясынан VR-көзілдірік, сондай-ақ тарихи образдардағы «Жанды мүсіндер» мерекелік салтанатқа аса көңілді сән берді.

Бұл түні Музей қызметкерлері алматылықтар мен оңтүстік қала қонақтарының назарына мынадай сан алуан қызыққа толы интерактивті бағдарламалар және жанды қойылымдарды ұсынды: түрлі тарихи дәуірлердің тұлғалары – андронов мәдениетінің әйелі мен сақ ханшайымы Томирис Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық тарихымен таныстырса, тарихи этнография залында «Қазақ батырлары» қылышпен сайысу өнерін көрсетті, «Қазақтың абыз-қариясы», қазақ ертегілерінен алынған «Шебер-Әже келінімен бірге»; сондай-ақ Алматы қаласындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері өздерінің ұлттық киімдері мен дәстүрлі мәдениеттерін келушілер назарына паш етті.

ИНТЕРАКТИВТІ ЭКСПОЗИЦИЯЛАРДА музейге келушілер ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі тарихи көріністермен танысты: «Көненің үні» – ақын-жырау, ақындар мен күйшілік, жыршылық өнерді қолдаушы және ежелгі музыкалық аспап – қобызды саз әлеміне әкелген Қорқыт ата туралы; «Монеталар сыңғыры» ҚР МОМ қорынан алынған шығыс және еуропа нумизматикасы бойынша бірегей коллекциялар туралы; «Дәстүрлі кестелеу және аппликация өнері» ұлттық ою-өрнекпен құралған дәстүрлі құрақ көрпе, сондай-ақ қалпына келтірілген кілем-киіз бұйымдары көрсетілді; «Қазақстанның ғарыш әлеміне саяхат» ғарышты игеру тарихы жайлы; «Қазақстан мергендері» «Командалық орталық» негізінде «Ардагер» Ауған соғысы ардагерлері және жергілікті қақтығыстар Республикалық қоғамдық одағының көмегімен Ұлы Отан соғысындағы қару-жарақтары үлгілерімен таныстырды; «Шеберлер мүйісі» ұсталық және зергерлік шеберліктен көрініс көрсетті. Оған қоса музейде қазақтың дәстүрлі ойындары бойынша (асық ату), халық қолөнері мен ағаштан ойылған ойыншықтар мен пішіндердің жасалуы және т.б. жайлы ШЕБЕРЛІК-САБАҚТАР өткізілді.

Мерекелік шарадан музей қорынан және жеке жинақ коллекциялардан ұймдастырылған көрмелер де ерекше орын алды. Атап айтқанда, «Көне басылымдар» – музей ғылыми кітапханасының сирек қорындағы XVIII-XX ғғ. жататын кітаптар; «Мүсін мәдениеті» - Алматы қаласының қазіргі заманғы суретші-мүсіншілері М.Жунисбаева, К.Сатыбалдина, Д.Досмагамбетова, К.Дулатова, Н.Жуваниязова, Т.Серикбаева, Т.Жумагулова, О.Рахимбекова, С.Битуганова, Д.Сарбасова, Н. Болатбекова, Б.Кайранбаева және т.б. бірегей авторлық жұмыстары, сонымен қатар Швецияның ҚР-ғы елшілігімен бірлесе ұйымдастырылған швед суретшісі Туве Крабоның «Қылмыс орындары: Алғашқы найзағай» көрмесі ұсынылды.

«Музей түні-2017» шарасына 12 000 жуық қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Музей серіктестері: «VIP EVENT Very important parties», «Бахыт» сәндік-қолданбалы өнер орталығы, «Ансар», «QazaQshop», «Art сюрприз creative group», «Алматы қаласының туристік ақпараттық орталығы», «Алма-Ата Әйелдер клубы», «Vip line» компаниялары, «Bollywood» рестораны, «Тельняшка» интернет-дүкені, жоғары сапалы «Brand lab» баспаханасы, «Қазақ саңырауларының қоғамының» баспаханасы, «Сардар» және «Арман-ПВ» баспалары өз өнімдерін көрсетті.    

«Музей түні - 2017» шарасына «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Деловой Казахстан», «Вечерний Алматы», «Алматы акшамы», «Новое поколение», «ЭкспрессК», «Время», «Хабар», «Казахстан», «Kazah TV «Алматы», «Hit TV»; «Радио NS», «Қазақ радиосы», «Ретро FM», «Афиша.кз» ақпараттық қолдау көрсетіп, сұқбаттар мен түсірілімдер жасады.                   Музейге келушілерге арнайы акциялар ұйымдастырылды! #Ночьвмузее2017ЦГМРК, #ҚРМОММузейтүні2017, #NightMuseum2017CSMRK хэштегтерімен әлеуметтік желілерде «Музей түні -2017» шарасы жайлы ақпарат беріп, 5-тен артық фото орналастырған отызға жуық келуші Музей тарапынан арнайы СЫЙ-ға ие болды. 

 

Ночь в музее - 2017 Ночь в музее - 2017
Ночь в музее - 2017 Ночь в музее - 2017
Ночь в музее - 2017 Ночь в музее-2017
Ночь в музее - 2017 Ночь в музее-2017

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі еліміздің мәдениет және идеологиялық саясат жүйесіндегі негізгі институттардың бірі бола отырып Қазақстан Республикасының ғылым, мәдениет және өнер саласы бойынша еліміздің тарихы және қазіргі даму барысына тікелей байланысты әр түрлі шараларды жүйелі түрде өткізіп келеді.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі Hexagon AB компаниясына қарасты Leica Geosystems AG бірлесіп ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2017 жылдың қаңтар айындағы Жолдауында көрсетілген Инновациялар және Индустриализация бағдарламасын іске асырудағы еліміздің ғылыми-техникалық жетістіктерін көрсетуге бағытталған «Қазақстан Республикасындағы заманауи өлшеу технологияларының тарихы мен дамуы» атты көрме өткізілді.

Көрме Қазақстанның отандық Leica Geosystems AG компаниясының атсалысуымен соңғы 20 жылда ғылыми-техникалық прогресс саласында ҚР өлшеуіш технологиясының дамуы, геологиялық аймақ мәліметтерінің талдауы, сандық технологияларды енгізу, өндірістік процессті автоматтандыру және оны мұнайгаз, тау-кен өндірісі, металлургия, архитектура, қала, жол құрылысы, қорғаныс, сондай-ақ, ғарыш, сейсмология, картография, т.б. қол жеткізген табыстарын айғақтады.

Көрмеде аталмыш компанияның сандық технология, геодезия, электронды көшірме, 3D моделдеу, әсіресе жер қабаты астындағы коммуникация құрылғыларын тікелей картаға түсіру, ғимараттар мен құрылғылар мониторингі, тау-кен көлігін т.б. диспетчерлеу ісіндегі соңғы жетістіктеріне көңіл бөлінді.

«Leica Geosystems AG» компаниясы Қазақстанда 1997 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Компанияның негізгі мақсаты – ҚР тапсырыс берушілеріне сапалы білікті түрде қызмет көрсету, ҚР мемлекеттік бағдарламаларына сай жаңа технологияларды енгізу. Әлемге әйгілі швейцариялық компанияның аспаптары біздің елімізде кеңінен қолданылады және кәсіпқойлар арасында өзінің сенімділігі, жоғары дәлме-дәлділігі мен кең тұрғыда қолданылып келе жатқандығына байланысты үлкен сұранысқа ие. 2012 жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақстанда Leica Geosystems AG – «Leica Geosystems Kazakhstan» (Лейка Геосистемс Казахстан) ЖШС швейцариялық компаниясының офисі жұмыс істеп келеді. Қазақстан Республикасындағы экономикалық және саяси тұрақтылық, бизнес жүргізуге қолайлы жағдай Leica Geosystems/Hexagon компаниясының келешекте дамуына кең өріс ашады.

Көрме коммуникация, құрылыс және технология тарихына ҚР Мемлекеттік орталық музейінің қор коллекциясынан алынған, жекелей алғанда, Қазақстанның кен орындарын ашу және игеру мен кәсіпорындарының дамуы тарихын бейнелейтін мынадай материалдар негізінде тарихи экскурс ұсынады: 1930-1960-шы жылдардың «Түрксіб құрылысының басталуы. - Түрксібтегі техника» (1927-28 жж.); «Т.Рысқұлов Түрксіб құрылысында» (1930 ж.); «Жетібай геофизиктері бұрғылау жұмысында» секілді фотосуреттерінің бірегей коллекциясы; отандық геолог-ғалымдар – академик Қ.И.Сәтпаев, геолог-ғалым Н.Г. Кассина, геолог Д.Н. Казанли, Н.И. Петренконың (бас маркшейдер) және басқалардың экспедициялық қызметінің жұмысы мен тәжірибесінің негізгі бағыттарын көрсететін жеке кешендерінен алынған заттық экспонаттары; геодезиялық жұмыстарды жүргізуге арналған аэроғарыштық суреттер мен ҚР Мемлекеттік геологогиялық қызметі - “Узеньнефть”, “Иртышуглестрой”, «Эмбанефть» компанияларының кәдесыйлары, экспозияға 120-дан астам экспонат кіргізілген.      

Leica Geosystem 20 Leica Geosystems AG
Leica Geosystems AG Leica Geosystems AG
Leica Geosystems AG Leica Geosystems AG

ҚР Мемлекеттік орталық музейі өз коллекциясымен таныстыра таныстыра және осыған ұқсас тақырыптық көрмелерді өткізе отырып, Тәуелсіз Қазақстанның келешектегі жарқын дамуын көпшілікке кеңінен таныстыруға өз лайықты үлесін қосады.  

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі «Уақыт таңдауы» агенттігі өткізген «Уақыт таңдауы» байқауы бойынша республикалық музейлер арасында 2017 жылдың Ең Үздік Музейі болып танылды. 2017 жылдың 10 сәуірінде «Президент және халық» Республикалық қоғамдық-саяси газетінің Бас редакторы Марат Тоқашбаев ҚР МОМ директоры Нұрсан Әлімбайға «ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК МУЗЕЙІ» сертификатын табыстады.

"Жылдың үздіқ музейі"

2017 жылдың 27 сәуірі күні сағат 15. 00.-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивімен бірлескен Қазақстанның және КСРО халық әртісі, профессор Хадиша Бөкееваның туғанына 100 жыл және опера әншісі, Қазақ КСР халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, педогог-профессор Байғали Досымжановтың  туғанына 95 жыл толуына арналған «Сахна саңлағы» атты көрме ашылады.

Хадиша Бөкеева (1917-2011)Хадиша Бөкеева (1917-2011) – аты аңызға айналған театр және кино саласындағы кеңес қазақ әртісі. Ол 1917 жылы Батыс Қазақстан облысы Казталовка ауылында дүниеге келген. Хадиша 1938 жылы Санкт-Петербург театр өнері институтын бітіріп, ең алғаш сахнаға қадамын Шымкент облысының драма театрында Еңлік (М. Әуезовтің «Еңлік-Кебегінде») рөлімен бастады. 1942 жылы Алматыдағы Қазақ драма театрына шақырылып, оның сахнасында Қарлыға, Әйгерім (М. Әуезовтің «Қарақыпшақ Қобыланды», «Абай»), Күнікей (Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында»), Катарина, Эмилия, Королева Маргарита (У. Шекспирдің «Асауға тұсау», «Отелло», «Ричард ІІІ-сінде»), Катерина, Негина, Кручинина (Н. Островскийдің «Найзағай», «Таланттар мен табынушылар» және «Жазықсыз жапа шеккендерінде»), Мехменебану (Н. Хикметтің «Фархад-Шырыны»), Айша апай (Ш. Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде»), Сидзу (Каорудың «Шығыстағы бір бейбағында»), Соқыр әйел (М. Метерлинктің «Соқырларында») сияқты әртүрлі ұлттар сипатындағы сан қырлы кейіпкерлерді сомдады. Өз кезегінде, Хадиша Бөкеева көптеген жоғарғы марапаттарға ие болып, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды (1952).

Байғали Досымжанов (1922-1998) – Қазақ ССР халық әртісі (1954) 1922 жылы Семей қаласында туған. Әнші (лирикалық тенор), режиссер, жалпы үлкен өнер иесі болған ол 1944 жылдан бастап, Қазақ опера және балет театрында Төлеген (Е.Г. Брусиловскийдің «Қыз Жібегінде»), Біржан (М. Төлебаевтың «Біржан-Сарасында»), Айдар (А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абайында») сынды партияларды орындап, ұлттық опера өнерінің дамуына зор үлес қосты.

Айтулы көрмеде ҚР Мемлекеттік Орталық музейі мен ҚР Орталық мемлекеттік архиві қорынан алынған Хадиша Бөкееваның жеке құжаттары, хаттары, оқыған лекцияларының архивтік көшірмелері, М. Әуезов атындағы Қазақ драма театр сахнасында ойнаған Елиза (У. Шекспирдің «Асауға тұсау»), Қарлыға («Қобыланды»), Бану (Ғ. Мүсіреповтың «Амангелді»), Мария Телерюковна («Иван Грозный»), Катерина (Н.Островскийдің «Найзағай») рөлдері мен Байғали Досымжановтың Фауст («Фауст»), Біржан («Біржан мен Сара») операсындағы рөлдері бейнеленген фотосуреттері мен оның өзі қойған «Алтыншаш», «Амангелді», «Абай» операларының бағдарламалары, Абай драмасында Әйгерім рөлін ойнап тұрған Хадиша Бөкееваның (суретші А. Ғалымбаева), Б. Досымжановтың (суретші О. Нұржұмаев) және осы ерлі-зайыптылардың бірге салынған портреттері де жұрт назарына ұсынылады.

Х. Бөкеева мен Б. Досымжановтың М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрынан алынған жеке кешенді материалдары көрмеге келушілердің үлкен қызығушылығын тудырары анық.

Сондай-ақ, көрмеден сахна саңлақтарының «Ленин», «Еңбек Қызыл ту», «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен бірге «Еңбек ардагері» және «ҰОС Жеңісіне 40 жыл» медальдарын тамашалауға болады.

Көрменің ашылу салтанатына театр ардагерлерімен қатар танымал жас әртістер, Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының оқытушылары мен студенттері қатысады. Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған көрме 4-залдағы алаңда орналасқан.

Көрме 2017 жылдың 30 маусымына дейін жалғасады.

Открытие выставки, посвященной артистке Хадише Букеевой Открытие выставки, посвященной артистке Хадише Букеевой
Открытие выставки, посвященной артистке Хадише Букеевой h-bukeeva-openning2017-4

2017 жылдың 5 сәуірінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас Консулдығымен бірлесіп ұйымдастырылған «Ұлы Жібек жолының жаңа бейнесі мен жетістіктері» атты фотокөрме ашылды.

Көрмені Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі директорының музейлік менеджмент және маркетинг жөніндегі орынбасары Бибігүл Дандығараева қысқаша сөз сөйлеп ашты. Сөз иесі Орталық музейдің Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас Консулдығымен соңғы он бес жылда үзбей ынтымақтастықта бірлесіп, әр алуан түрлі көрмелер, іс-шаралар өткізіп, Қытай елінің бай тарихы, мәдениеті, дәстүрлері және өнерімен таныстыруды жалғастырып келе жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, көрме «Жаңа келбет», «Бірлескен құрылыс және пайдаланылуы», «Бірлесіп өмір сүру мен ортақтаса өркендеу» атты 3 бөлімнен тұратынын, көрмеге Ұлы Жібек жолының тарихы ғана емес, сонымен бірге Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының саясат, экономика, құрылыс, бизнес, білім беру, мәдениет, туризм және спорт салаларындағы бүгінгі жетістіктері бейнеленген 70-тен астам фото жұмыстар қойылғандығы жайлы атап өтті.

Бұдан соң Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулы Чжан Вэй мырза мен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министірлігінің Алматы қаласындағы өкілдігі басшысының кеңесшісі Дудар Түсіпұлы Жакенов сөз алып, достық, ынтымақтастық жетістіктері туралы өз тебіреністі ойларымен бөлісті. Мұнан соң жиналған жұртшылыққа қытайлық өнерпаз студенттер сиқырлы сазбен нақышталған қытай биін, шәй беру рәсімінен шеберлік сабақтар және «Ушу» Қытай жауынгерлік өнерін паш етті. Көрмені 700-ден астам халық тамашалады.

Новый облик и достижения "Великого шелкового пути" Новый облик и достижения "Великого шелкового пути"
Новый облик и достижения "Великого шелкового пути" Новый облик и достижения "Великого шелкового пути"
Новый облик и достижения "Великого шелкового пути" Новый облик и достижения "Великого шелкового пути"

Фотокөрме 2017 жылдың 10 сәуіріне дейін жалғасады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source