авто

Переключатель языков

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде 5 қазан күні суретші, педагог, профессор Тоққожа Қожағұловтың «Үнсіз музыка» атты жеке көрмесі ашылды.

Көрме Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогика университетінің 90 жылдығына арналды.

Көрмені Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі директорының орынбасары Қақабаев Бейбітқали Смағұлұлы ашты. Көрменің ашылуына екі мыңнан астам қонақ келді. Олардың ішінде ақын-драматургтар, өнертанушылар, ҚР Еңбегі сіңген ғылым, мәдениет және өнер қайраткерлері, Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орныдарының ұстаздары, ҚР Суретшілер одағының және ҚР Дизайнерлер одағының мүшелері, студенттер, автордың туған туыстары және достары болды.

Тоққожа Мұқажанұлы Қожағұлов 1984 жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетінің «сызу, сурет және еңбек» мамандығын бітірген. Еңбек жолын (1984-1987 жж.) Жамбыл қаласындағы Жамбыл педагогикалық институтының жалпытехникалық тәртіп пен еңбекке баулу факультетінде оқытушы болып бастады. 1987 ж. бастап Абай атындағы ҚазҰПУ-де әр түрлі қызметте жұмыс жасап, 2008 жылдан бастап кескіндеме кафедрасында меңгеруші болып қызмет етеді.  

Т. Қожағұлов Қазақстан сурет өнеріне 80 жылдардың ортасында келген кескіндемеші. Бейнелеу өнері жанрында ең қиыны – портрет десек, суретші өзінің алғашқы жұмыстарын портрет салудан бастаған. Портрет көптеген факторлар әсер ететін аса күрделі шығармашылық акт. Суретші өз туындыларында адамдар образының көпқырлылығын, олардың жан-дүниесінің байлығын және интеллектуалды өмірін ашып көрсетеді. Тоққожа Қожағұлов жұмысқа кірісер алдында құжат материалдарымен танысып, мұрағаттағы фотосуреттерді мұқият зерттеп алып барып, өзінің ойын кенепке түсіреді. Осылайша, жинақталған материалдар мен мұқият зерттеу барысында алған әсерін ой елегінен өткізе отырып, суретші өзіндік тұлға сипатын жасады. Сол себепті әрбір портретте суретшінің адамға деген жеке қатынасы, бар ықыласы көрініс табады. Оның шығармашылық галереясында қазақ халқының біртуар ұлылары – Абай, Жамбыл, М. Әуезов, М. Мақатаевтың және т.б. бейнелері бар. Бұл шығармаларында автор қазақтың ұлы тұлғаларының адамгершілік, жан жылуы мен абыройын паш етті. Осы жерден сондай-ақ, халық батырларының («Қарасай-баһадүр», «Әйтей батыр») монументалды бейнесі, өз туғандары мен жақындарының портреттерін де көруге болады. Өз жақындарын бейнелегенде («Әкемнің портреті», «Анамның портреті», «Ұлымның портреті») суретші ерекше кескіндеме стилін таңдайды, жарық пен көлеңкеге баса назар аударады. Зор сүйіспеншілікпен орындалған жұмыстарында адам жанының сұлулығы, адам мен қоршаған орта арасындағы үйлестік бейнеленген.

Тоққожа Қожағұлов көпшілікке негізінен портретші ретінде танымал. Портрет жанрымен қатар суретші Қазақстанның керемет табиғатын, өзі туып өскен Хан-Тәңірі аймағын бейнелеген.   Шебердің шығармашылығында философияға толы тақырыптық картиналар да ерекше орын алады. Олардың ішінде «Жалғыздық», «Тыныштық», «Жан дауысы. 1937 ж.» және т.б. еңбектері ерекше әсер береді.

Т. Қожағұлов облыстық, республикалық, жалпы кеңестік және халықаралық көрмелерге тұрақты қатысып, КСРО Суретшілер одағының жастар бірлестігінің мүшесі, Жамбыл атындағы, М. Мақатаев атындағы халықаралық сыйлықтардың лауреаты. Суретшінің шығармалары Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, АҚШ, Түркия, Германия, Жапония және Балтық теңізі жағалауы елдерінің музейлері мен жеке коллекцияларында сақтаулы.

Көрмеге автордың 50-ден астам туындылары қойылды.

Выставка художника Т. Кожагулова Выставка художника Т. Кожагулова
Выставка художника Т. Кожагулова Выставка художника Т. Кожагулова

Көрме 2017 жылдың 16 қазанына дейын жалғасады.

2017 жылдың 30 қыркүйегі мен 1 қазаны аралығында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі «Бақыт» сәндік-қолданбалы өнер орталығымен бірлесіп, «Алтын алма» атты Орталық-Азиялық дәстүрлі қолөнер көрме-жәрмеңкесін өткізеді.

«Алтын алма» атты Орталық-Азиялық дәстүрлі қолөнер көрме-жәрмеңкесіКүз мезгілі – суретшілер, мүсіншілер,сәндік қолданбалы өнер шеберлері үшін шығармашылық шабыт кезеңі.

Алматы - алма қаласы. Айнала толы алма. Көрменің басты тақырыбы да осыған байланысты. Алма идеясы – бұл жалғыз жемістің тарихы ғана емес, ол шексіз, көп қырлы. Натюрморт және пейзаж, портрет пен жанрлық көріністер. Олар түрлі кескіндеме, графика, фотосуреттер мен гобелен және батик сияқты сәндік өнер туындыларында көрініс тапқан. Бір тақырыпты әр суретші, шебер өзінше бейнелейді. Бұл шексіз қиялдан туындаған таныс тақырып.

Сәндік-қолданбалы өнер шеберлері бұл нышандарды өздерінің туындыларында - картина, зергерлік бұйым, панно, гобелен, киіз және тері бұйымдарында, батик сияқты өнімдерінде бейнелеген. Алма бейнеленген кәдесыйды кез-келген жастағы жанға сый етіп тартуға болады. Алма бейнелі кәдесыйлар молшылық пен сәттіліктің нышаны.

Қолөнер көрме-жәрмеңкелері Орталық Азия халықтары арасында экономикалық және мәдени байланысты дамытуда үлкен рөл атқарады. Көрмеге Қазақстан, Қырғыстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Ресей елдерінен келген 150 ден астам қолөнер шеберлері қатысады. Олар өздерінің шеберліктері мен дәстүрлерін ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп қалдырады.

«Алтын алма» көрмесінің ассортименті әртүрлі: авторлық сәндік бұйымдар, киімдер, сәнді сөмкелер, зергерлік бұйымдар, дизайнерлік ойыншықтар, жеңіл көрпешелер,керамика, қолдан жасалған сабындар мен косметикалар, интерьерлік заттар, бейнелеу өнер туындылары және тағы көптеген сан алуан заттар. «Алтын алма» көрмесінде жарқын да ерекше заттарды тамашалап көрумен қатар, қолөнердің қай түріне икеміңіз бар екенін байқап, өзіңіз үшін жаңа хобби таба аласыз. Көрме аясында бұл күндері жәрмеңкеге келушілер үшін қазақстандық белгілі суретші Күлән Жанғұттының киізбен жұмыс жасаудың әдіс-тәсілінен өткізетін шеберлік-сабағы ұйымдастырылады. Қолданбалы өнер туындыларын ұнатушылар сол заттардың жасалуын бақылап көріп қана қоймай, өз қолдарымен алма, әртүрлі кәдесыйлар, киізден жасалған панно да жасай алады.

Көрме-жәрмеңкенің ресми ашылуы - 2017 ж. 30 қыркүйек, сағат 10-00

Көрме-жәрмеңкенің жұмыс уақыты: 30 қыркүйек - 1 қазан, сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін

Көрме-жәрмеңкеге кіру ақылы.

2017 жылдың 27 шілдесі, сағ.15.00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде Сауд Арабиясының королі Фейсал ибн Абдулл Әзиз әл Саудтың (1906-1975 жж.) жеке коллекциясы негізіндегі «әл Фейсал: куәгер және шейіт» көрмесі ашылды.

Король Фейсалдың билігі жүрген дәуірдің (1964-1975 жж.) мұрасы ұланғайыр: жаһандануға бағытталған ауқымды реформаларды жүргізудің нәтижесінде Сауд Арабиясының қоғамы түбегейлі өзгерді. Елде жоспарлау жүйесі бекітілді, сол кезде қабылданған салмақты заңдарға Сауд үкіметі бүгінде де жаңа заң жобаларын дайындауда иек артады. Фейсал ибн Абдул-Әзиз әл Сауд өз елінде бірқатар ауқымды саяси және экономикалық реформаларды табысты жүзеге асырып, елдің әлеуетін арттыруда үлкен іс тындырған кемел басшы, ұлы мәртебелі король болды. Осындай дарынды басшы, дара тұлғаның елі үшін тындырған әрбір ісі халықаралық деңгейде терең танып білуге, зерттеп зерделеуге әбден лайық.

Көрмені Король Фейсал атындағы Исламдық зерттеулер орталығы мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі ұйымдастырды. Көрмені ресми түрде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің директоры Нұрсан Әлімбай ашып, «әл Фейсал: куәгер және шейіт» көрмесі жайлы қысқаша айтып өтті. Көрменің ашылу салтанатында ҚР Мәдениет және спорт министрілгінің жауапты хатшысы – Уәлиев Қуатжан Серікқазыұлы, Алматы қ. Әкімінің міндетін атқарушы Қырықбаев Арман Оразбайұлы, Сауд Арабиясы Корольдігінің ханзадасы, Король Фейсал атындағы Исламдық зерттеулер орталығының төрағасы Турки  ибн Фейсал әл Сауд құттықтау сөзін сөйледі. Сөз алушылар екі ел арасындағы мәдениет пен білім салаларындағы қарым-қатынас жайлы айтып, халықаралық дәрежедегі өтіп жатқан көрменің Қазақстан өміріндегі елеулі оқиға екенін, мемлекетаралық ықпалдастықты нығайтудағы көрменің орнына тоқталды. Бүгінгі таңда Нұрсұлтан Назарбаев пен Сауд Арабиясының королі Фахданың ресми кездесуі нәтижесінде экономика, құрылыс, медицина, көлік қатынастары, энергетика, металлургия, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы мен туризм салаларындағы ынтымақтастыққа қол жеткізілгендігі белгілі. Бірқатар жобалар бойынша жерасты коммуникациялары мен қала шаруашылығын дамыту қарастырылуда. Оған қоса, «әл Фейсал: куәгер және шейіт» көрмесінің еларалық қатынасты нығайтудағы орны ерекше екенін атап өту қажет. Көрме екі ел арасындағы саяси-экономикалық ықпалдастықты нығайтуға, мәдени ынтымақтастықты қалыптастыруға бағытталған.

«әл Фейсал: куәгер және шейіт» көрмесінің экспозициясы 60-қа жуық сирек, бірегей, тарихи заттар мен мұрағаттық құжаттардан тұрады. Олардың ішінде ерекше көз тартарлық заттар – Құран, құрмет белгілері, наградалары, медальдар, төс белгілері, фотосуреттер мен басқа заттар. Алтынмен апталып, күміспен қапталған мерелік қару-жарақтар көрмеден айрықша орын алды. Көрмені Сауд Арабиясы жайлы хабар беретін интерактивті визуалды қондырғылар толықтырып тұр.  

Көрмемен 500-ден астам адам танысты, олардың ішінде ғалымдар, шығыстанушылар мен БАҚ, және т.б. қоғам өкілдері болды.   

Выставка "Аль Фейсал - свидетель и мученик" Выставка "Аль Фейсал - свидетель и мученик"
Выставка "Аль Фейсал - свидетель и мученик" Выставка "Аль Фейсал - свидетель и мученик"
Выставка "Аль Фейсал - свидетель и мученик" Выставка "Аль Фейсал - свидетель и мученик"

Көрме жұмысы 2017 ж. 27 тамызына дейін жалғасады.

2017 жылдың 9 қаңтары күні, «Отбасы күні» мерекесі қарсаңында, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде тұңғыш рет «Отбасымен музейге» атты фестиваль өтті. Фестиваль музейге отбасымен келушілермен жұмыс істеуге және отбасылық құндылықтарды сақтау мен өскелең ұрпақты рухани адамгершілікке тәрбиелеуге бағытталған жаңа мәдени-білім беру жобасы болды. Отбасы мерекесі: «Қамқоршы ата-аналар және білімқұмар балалар демалысы!» – ұранымен  өтті.

festivalIMG 6217 festivalIMG 6316 festivalIMG 6327
festivalIMG 6350 festivalIMG 6376 festivalIMG 6386

Музейлік мерекенің білім беру бағдарламасы еліміздің тарихы және мәдениетімен таныстыратын, сонымен бірге музей қызметкерлері, музейлік заттар мен музейге келушілер арасында тығыз қарым-қатынас қалыптастыратын тарихи квестер, викториналар, байқаулар, шеберлік сабақтары, тақырыптық сабақтар мен экскурсиялардан тұрды. «Отбасымен музейге!» фестиваліне  білім беру мекемелері, суретшілер, сәндік-қолданбалы өнер шеберлері, балаларға арналған дамыту орталықтары мен изостудиялар, шығармашылық және музыкалық ұжымдар белсене қатысты.

Фестивальды музей директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ғалия Теміртон салтанатты түрде ашып, балалар мен ата-аналарды мерейлі мерекелерімен құттықтады. «Отбасымен музейге» фестивалінің бас демеушісі «АБДИ» компаниясының өкілі, компанияның стратегиялық даму департаменті директорының орынбасары Бимендиев Ернұр Әбдібекұлы мерекемен құттықтай отырып, аталмыш музейлік жоба балалар-ата-аналар, ата-аналар-балалар сияқты бірнеше топтың мүддесін біріктіруге бағытталғандығын атап өтті.

festivalIMG 6402 festivalIMG 6432 festivalIMG 6463
festivalIMG 6473 festivalIMG 6481 festivalIMG 6493

Бұл күні келушілер үшін екі түрлі акция жарияланды. Олардың бірі – «Отбасылық жәдігерлерді музейге сыйға тарту». Акция нәтижесінде музей қоры 56 музейлік маңызы бар заттармен толықты.

«Қазақстан тарихының түрлі кезеңдері» атты отбасылық экспедициядан тұратын екінші акция бойынша 7 жеңімпаз отбасына 2017 жылдың соңына дейін музейдің экспозициялық залдары мен музейде өткізілетін көрмелер, ісшараларды тегін тамашалауға мүмкіндік беретін сертификат табысталды. Ол үшін музей қызметкерлері қатысушыларға ойын шарты мен паспортты қалай толтыру керектігін түсіндірді. «Қазақстан тарихының түрлі кезеңдері» квест-ойыны балалы отбасыларға өте қызықты болды: 80-ге тарта отбасы паспортпен жұмыс істеді.

Фестиваль аясында орын алған айтулы оқиға ҚР Мемлекеттік орталық музейінің қорындағы сирек фотосуреттер негізінде құрылған «ОТБАСЫ. ТҰРМЫС. ҚҰНДЫЛЫҚТАР» көрмесінің ашылуы болды. Қазақ этнографиясына қатысты бұл бірегей фотосуреттер ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басындағы қазақ отбасыларының тұрмыс-тіршілігін бейнелеп қана қоймай, ұрпақтар сабақтастығын, отбасылық құндылықтарды, қауымның дәстүрлі тыныс-тіршілігін сипаттайтын әлеуметтік маңызы зор музейлік экспонаттар деуге толық негіз бар.

Алматы қаласында орналасқан көркемөнер мектептері, балалар изостудияларының қатысуымен «Менің қаламның келешегі – менің отбасымның келешегі» атты балалар шығармашылығының көрмесі де осы күні ашылды. Көрмеге Алматы қаласының изостудияларының («Көк-айшық», «Алые паруса», Лидии Дроздованың «АРТ-Мастерская», «Клякса», «М.М.Омарованың» изостудиясы, «Веселая ромашка» және т.б.) шәкірттерінің жұмыстары қойылды, жұмыстарда балалар қаламыздың келешегі мен қоршаған ортаға қатысты көзқарастарын тоғыстырған.

«Отбасымен музейге!» фестивалінің аясында музейдің барлық келушілері үшін викториналар мен байқаулар ұсынылды. «Бұл не және қайда?» слайд-викторинасы арқылы келушілер музей коллекциялары бойынша білімдерін ортаға салса, «Алтын ұям – отбасым» атты  байқауына отбасы мүшелері аса қызығушылықпен қарады. Бұл байқаудың тапсырмаларды: «Музей портреті» (Гүлдің жапырағына музей жәдігерлерінің суретін салып, өз гүлдерін  бірінші жинап үлгеруі керек) «Мерген атқыт» ( шарды жарып, қазақтың ұлттық әйелдер әшекейлерінің суреттерін қазақ және орыс тілдерінде жауап беру», «Біздің отбасы - музейтанушы» ( Алматы қаласында орналасқан музейлердің атауларын жазу), «Отбасымның рәміздері» (отбасы рәсімдерін жасау және түсіндіру), «Отбасы ағашы» (жеті атаңызды атау), «Ғасырлар тереңдігінен біздің заманымызға дейін» (қазақтың ұлттық дәстүрлері туралы айту) болды.

festivalIMG 6506 festivalIMG 6535 festivalIMG 6551
festivalIMG 6660 festivalIMG 6693 festivalIMG 6704

Экспозициялық залдарда келушілерді қызықтыратын «Қызыл кітап беттері бойынша», «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» тақырыптық сабақтары және «Палеонтология мен археология әлеміне саяхат», «Әжемнің сандығындағы заттардың тарихы» тақырыптарында тарихи квест ұйымдастырылды.

Сонымен қатар Отбасылық фестиваль бағдарламасы аясында музей залдары бойынша тақырыптық экскурсиялар, балалар музыкалық ұжымдарының концерті, шоу-бағдарлама, оған қоса түрлі компаниялар өз өнімдері мен қызметтерін ұсынатын – «Денсаулық және сұлулық аумағы» атты жәрмеңке, балалар психологы және астролог мамандардың кеңестері берілді. Музей сыртында зоосаябақтан келген жануарлармен келушілер суретке түсті.

Фестивальдың бас демеушісі – «АБДИ» компаниясы. Сонымен қатар іс- шараға: «Бахыт» сәндік-қолданбалы өнер орталығы, «AMIRAN» ЖШС, «GATTO CHOCOLATO» ЖК, «WellDis» ЖШС, «Чайковский» шәй дүкені, «Lemonadoff Food» ЖШС, «8&8» кітап баспасы, «Алматы қаласының туристік-ақпараттық орталығы», «Карапуз.kz» порталы, «Егемен Қазақстан», «KAZpravda», «Kazinform», «Алматы акшамы»,  «Вечерний Алматы», «almatylife», «afisha.kz», «kazmuseum.kz» секілді 20-дан астам серіктестеріміз бен ақпараттық серіктестеріміз демеушілік көрсетті.

Викторина, байқаулар мен квест-ойындардың қатысушылары тек көңіл көтеріп қана қоймай, дипломдар мен сыйлықтарға ие болды. Осы аталған мереке күні музейде 2000-ға жуық адам қатысты. Мерейлі мерекеге толы «Отбасымен музейге!» фестиваліне 2000-нан астам адам қатысты. Олардың ішінде: ата-аналар балаларымен, Алматы қаласының тұрғындары, мектеп оқушылары, балалар үйі және интернат тәрбиеленушілері, 25, 50, 60 жыл бір шаңырақ астында бақытты өмір сүріп жатқан отбасылар және жасжұбайлар болды.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі мәдени-білім жұмысының аясында соңғы 17 жыл қатарынан жылына екі мәрте қайырымдылық шараларын өткізіп келеді. Осы уақыт ішінде музей түрлі қорлар мен ассоциациялардың қамқорлығындағы 20 мыңнан астам балаға қолдау көрсетті. Олардың ішінде жетім балалар, мүгедек балалар, жалғыз басты және жесір аналардың балалары, көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балалары да бар.

2017 жылдың 4 маусымында музейде «Алтын-Көл» Ана мен баланы қорғау Қайырымдылық Қорының қамқорлығындағы 100 бала мен олардың ата-аналарына арналған «Жаз-2017» іс-шарасы өткізілді.

Балаларды құттықтап Музей директорының орынбасары – Дандығараева Бибігүл, «Алтын-Көл» Ана мен баланы қорғау Қайырымдылық Қорының директоры – Чекменева Ольга Геннадиевна сөз алды.

Мереке бағдарламасына сәйкес ұйымдастырылған концертте Нұпбосын Шырайлым «Көк тудың желбірегені» әнімен, Камиля Каудунова «Балалық шақ» әні және «Аққу» биімен өнер көрсетіп, «Blek Fair» шоуы «Контемп» пен «Заманауи би» нөмірлерін көрсетті. Абай атындағы МАОБТ әншісі, Халықаралық және Республикалық байқаулардың лауреаты Аида Часовитина мен оның ұлы салған «Көңілді достар» әнін балалар мен ата-аналардан құралған хор сүйемелдеді.

«Дел» шоуының (директоры Федотова Ольга Николаевна) сайқымазақтары балаларды жаңа бағдарламамен қауынтып, ойындар ойнатып, жұмбақтар жасырды.  

Шара лотерея ойнатумен аяқталды. Шараның әрбір қатысушысының көңілі шат болып, жақсы көңіл-күйде, естелік сыйлығын алып қайтты.

Leto-2017 Leto-2017 Leto-2017

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source