авто

Переключатель языков

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейінде 2018 жылдың 16 наурыз күні сағат 15:00-де Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдық мерейтойына орай «Рухани жаңғырудағы ұлттық өнер» атты көрмесін ашады.

«Рухани жаңғырудағы ұлттық өнер» атты көрмесіАбай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (ҚазҰПУ) Қазақстандағы ең алғашқы жоғары оқу орындарының бірі болып табылады. 1928 жылы «Қазақ мемлекеттік университеті» болып негізі қаланған оқу орынының алғашында тек педагогикалық факультеті болды. 1930 жылы халықтық білімнің қарқынды дамуына байланысты, жоғары оқу орнының атауы «Қазақ педагогикалық институты» (ҚазПИ) деп өзгертілсе, 1935 жылы институттың кәсіби педагог мамандарын дайындаудағы стратегиялық маңыздылығына қарай Абай Құнанбаевтың есімі берілді. Сол жылдары білім ордасында дәрістерді қазақ ғылымы және мәдениет салаларының танымал тұлғалары жүргізген: С.Сейфуллин, Т.Жүргенов, О.Жандосов, М.Әуезов, С.Мұқанов, Б.Шалабаев, Қ.Жұбанов және т.б.

1969 жылы Абай атындағы ҚазПИ-дің жанынан бейнелеу өнері және сызу пәнінің мұғалімдерін даярлауға арналған көркем-графика факультеті ашылды. Ол факультет түлектерінен белгілі суретшілер – А.Д.Бренер Е.Төлепбаев, Д. Шоқпарұлы, Н.С. Журавлев; Қазақстан өнерінің майталманы – М.Нарымбетов, Е.Садырбаев , және т.б. атап өтуге болады.

2014 жылы көркем-графика факультеті «Өнер, мәдениет және спорт институты» болып өзгертілді және 2017 жылы оған ЮНЕСКО Клубының мүшесі дәрежесі берілді.

90 жылдық тарихы бар білім ордасы бүгінде еліміздегі білім беру және педагогикалық ғылым жүйесіндегі бетке ұстар оқу орындарының бірі болып табылады. Отандық университет осы уақытқа дейін мәдениет, өнер және педагогика саласында көптеген жетістіктерге жетіп, ұлттық және әлемдік көркем өнерді насихаттауда зор үлес қосып келеді. Ал, институт студенттері халықаралық, республикалық: «Шабыт»,  «Серпер», «Дарын», «Шебер», «Жас жұлдыз» және т.б. сияқты түрлі байқаулардың лауреаттары.

Институт оқытушылары мен студенттерінің шығармашылық туындыларын тек отандық галереяларда ғана емес сонымен қатар, Швеция, Түркия, Франция, Корея, АҚШ, Ресей, Чехия, Канада, Оман, Малайзия, Үндістан сияқты әлем елдерінен кездестіруге де болады.

Көркемдік білім беру жұмыстарының негізгі мақсаты тек шығармашылық потенциалды дамыту ғана емес сондай-ақ, Қазақстан халқының санасын модернизациялау, Қазақстандағы патриотизмді және этникалық-мәдени кодты қалыптастыру болып табылады.

«Рухани жаңғырудағы ұлттық өнер» атты экспозициялық көрмесі Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Өнер, мәдениет және спорт институтының оқытушылары мен студенттерінің шығармашылық еңбегінің нәтижесі десе болады. Көрмеден бұғанға дейін қойылмаған кескіндеме, графика, мүсіндеу және қолданбалы өнер туындыларын кездестіруге болады. Ондағы портреттер, натюрморттар, пейзаждар, жанрлық композициялар мен қолданбалы өнер жұмыстары – отандық мәдениетіміздің байлығын көрсетеді.

Көрме 2018 жылдың 25 наурызына дейін жалғасады.

2018 жылдың 15 наурызында сағат 15.00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі мен Иран Ислам Республикасының Мәдени Өкілдігі бірлесіп Наурыз мейрамына арналған «ШАХНАМЕ» атты қолөнер бұйымдары мен көркем туындылар көрмесінің ашылуын өткізеді.

afisha-shahname2018Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас Консулдығы жанындағы Мәдени Өкілдігімен белсенді ынтымақтастықта ортақ жобаларды іске асырып келеді.

Қазақ және Иран елдері арасында ежелден-ақ мәдени байланыс орнаған және бүгінде одан әрмен өрбуде. Дәстүрлердің тұтастығы мен достықтың белгісі іспеттес «Наурыз мейрамы» ортақ жобалардың бірі ретінде өткізіліп келеді.

Омар Хайям, Саади мен Хафиз сынды біртуар ақындардың Отаны – Иранның тумасы Фирдоусидің туындысы, парсы әдебиетінің жауһарларының бірі – «Шахнаме» поэмасының көркем безендірілген сюжеттері осы көрмеден орын алатын болады.

Көрме экспозициясынан көрнекті орын алатын көркемөнер туындылары, сәндік және тұрмыстық бұйымдар Иран өнері мен қолөнерін келушілерге паш етеді. Оның ішінде Иран дәстүрлі өнерінің ерекше үлгілерінің бірі – «хатам» (парсыша خاتم‌کاری‎ , khatam-kari немесе (парсыша خاتم‌بندی‎‎‎, khatam-bandi) техникасында, яғни ежелгі парсы техникасымен ағашты ойып, әшекейлеу арқылы жасалған бұйымдарды атап айтуға болады. Бірнеше мыңдаған жыл бұрын Иранда «минакари» (парсыша میناکاری‎, Mina-kari немесе парсыша میناسازی‎‎‎‎, Mina-sazi) деп аталатын техника бойынша түрлі-түсті эмаль жалату арқылы дайындалатын металл бұйымдарды дайындау дәстүрі қалыптасқан болатын. Орталығы Исфахан қаласы саналатын бұл дәстүр бойынша жасалған бұйымдар хатам және парсы кілемдерімен бірге Иранның ұлттық мақтанышы болып есептеледі. Иран шеберлері бұл техниканы қазіргі кезге дейін өз қалпында сақтап келген.

Иран өнерінің таңдаулы түрлеріне каллиграфия да жатады, ол Құранның мәтінін, хадистерді, хаттарды, поэтикалық шығармаларды безендіруге пайдаланылған. Иран шеберлері безендірген түрлі бұйымдардағы Құран аяттары осы көрменің көркін келтіретін болады.

Көрме экспозициясына Иран мәдениеті және дәстүрлерімен таныстыратын 100-ден аса сәндік-қолданбалы өнер үлгілері қойылады: көне бұйымдар, өнер туындылары, миниатюралы мүсін, кескіндеме, қыш және металдан жасалған бұйымдар (құтылар, сауыттар, подностар, табақтар және т.б.).

Көрме экспозициясы үшін арнайы таңдалып алынған ирандық қолөнер шеберлерінің көркем бұйымдарының озық үлгілері Алматының әккі жұртшылығын тәнті етері сөзсіз.

Көрменің ашылу салтанатына Иран Ислам Республикасының Бас консулы Хамид Реза Аршади мырза, Иран Ислам Республикасының Мәдени Өкілдігінің директоры Сейед Джавад Джалали қатысады.

Сондай-ақ, аталған шара аясында парсы каллиграфиясы бойынша шеберлік сабағы және ирандық музыкалық топтың қатысуымен концерт өткізіледі.

Открытие выставки иранских ручных изделий и картин Открытие выставки иранских ручных изделий и картин
Открытие выставки иранских ручных изделий и картин Открытие выставки иранских ручных изделий и картин

 Көрме 2018 жылдың 15 сәуіріне дейін жалғасады.

 

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі «Қазақстан халық банкі» АҚ-мен бірлесіп, еліміздегі ең ірі қаржы институттарының бірі – Халық банкінің (Halyk Bank) 95 жылдығы және Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасы – теңгенің 25 жылдық мерейтойына арналған ісшара өткізеді.

«Теңге – тиыннан, тұлпар – құлыннан (Тәуелсіздіктің бірегей тұғыры)Кез-келген мемлекет тарихында тек бір рет енгізіліп, Тәуелсіз Егеменді мемлекеттің міндетті рәміздерінің бірі болып табылатын төл валютасы ерекше орын алады. Теңге тарихы ел президентінің 1993 жылдың 12 қарашасындағы «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлығы шыққан кезден бастау алады. Өзіндік ақша бірлігін айналымға енгізу, Ұлттық банк пен Қазақстан Республикасы Үкіметінің өз бетінше елдің ішкі және сыртқы саясатында табыстарға жетуге бағытталған экономикалық және ақша-несиелік саясат жүргізуге мүмкіндік берді. Теңгенің ширек ғасыр өмір сүруі – оның Қазақстан тарихында алатын орынының маңыздылығын көрсетеді. Елімізде екі деңгейлі банк жүйесі жұмыс істейді. Бірінші деңгейде мемлекеттік ақша-несиелік саясатын қамтамасыз етіп, қаржы нарығын реттеу мен бақылау қызметін атқаратын Ұлттық банк тұр. Екінші деңгей мемлекеттік және/немесе шетелдік капиталға қатыса алатын және тікелей клиенттерге қызмет көрсететін коммерциялық банктерден тұрады.

Еліміздегі көне де ең ірі банктердің бірі – Қазақстан Халық банкі. Оның тарихы 1923 жылдың тамыз айында Халық комиссариаты кеңесінің бұйрығына сай, Ақтөбе қаласында ашылған Қазақстандағы тұңғыш жинақ кассасынан бастау алады.

Тәуелсіздікке қол жеткізіп, егемендігіміз екшелгеннен кейін Қазақстан Республикасының Жинақ банкі дербес заңдық құрылым – «Қазақстан Халық Банкі» болып қайта ұйымдастырылды. Бүгінде 95 жылдық тарихы бар әмбебап коммерциялық банк өзінің еншілес компанияларымен бірігіп еліміздегі ең ірі – Halyk Group қаржы тобын құрды. Қаржылық топ халыққа, оның ішінде жалпы тұрғындарға, шағын және орта бизнес өкілдеріне, корпоративтік клиенттерге алуан түрлі қаржылық қызмет: банктік, зейнетақылық жинақ, сақтандыру, лизинг (жалға беру), брокерлік-дилерлік, активтерді басқару қызметтерін ұсынады. Сондай-ақ Халық Банкі өзінің алыс-жақын шетелдердегі (Ресей, Грузия, Қырғызстан) еншілес құрылымдары арқылы да банктік операцияларды жүзеге асырады.

Аталмыш ісшара жұртшылықты ҚР МОМ нумизматикалық қор коллекцияларынан алынған Қазақстандағы ақша айналымының тарихымен таныстырады.

Ісшара бағдарламасында:

- 24 ақпан сағ. 12. 00-де – «Теңге – тиыннан, тұлпар – құлыннан (Тәуелсіздіктің бірегей тұғыры) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі қорынан» көрмесінің ашылу салтанаты өтеді. Тақырыптық-хронологиялық принцип бойынша құрылып отырған бұл көрмеде ерте кезеңдерден бастап қазіргі Қазақстан аумағында және онымен көршілес аймақтарда пайда болған мемлекеттердің (Кушан-Сасан, Түрік-Түргеш, Қарахан, Шағатай, Жошы, Темір әулеттері және т.б.) сауда-экономикалық айналымында, тауар-ақша қарым-қатынастарында болған күмістен, мыстан жасалған көне монеталар қазақ және орыс тілдеріндегі ғылыми сипаттамаларымен үлкейтілген түрінде жұртшылық назарына ұсынылады. Сондай-ақ Ресей патшалығы, Кеңес Одағы кезеңінде қолданыста болған қағаз ақшалардың (бонистика) алуан түрлері мен Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңгенің алғашқы және кейінгі үлгілері, тәуелсіздік жылдарындағы түрлі нумизматикалық топтамалар, яғни мерейтойлық монеталарды да осы көрме төрінен табуға болады. Сонымен қатар көрмеге келушілер назарына ҚР МОМ қорынан алынған мұрағаттық құжаттар, облигациялар, лотерея билеттерімен қатар түрлі иллюстрациялар, кестелер және осы тақырыпты аша түсетін қосымша экспонаттар қойылады. Көрме аясында оқушылар мен студенттер назарына «Нумизматика әлемінде» атты музейлік-педагогикалық бағдарлама ұсынылады.

- 24-25 ақпан сағ. 9.30-дан 17.30-ға дейін – ҚР Мемлекеттік орталық музейі мен «Қазақстан Халық банкі» бірлесіп, «95 Ізгі іс» фестивалі аясында «Ашық есік күндері» акциясын өткізеді. Акция кезінде келушілер музейдің 4 экспозициялық залдарын: «Палеонталогия және археология», «Қазақ этнографиясы», «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан және диаспоралар мәдениеті», «Тәуелсіз Қазақстан» және «Теңге – тиыннан, тұлпар – құлыннан (Тәуелсіздіктің бірегей тұғыры) көрмесін тегін тамашалай алады. Бұл күндері музей экскурсоводтары қазақ және орыс тілдерінде тегін экскурсиялар жүргізеді.

Открытие выставки "Звон монет, шелест купюр" Открытие выставки "Звон монет, шелест купюр"
Открытие выставки "Звон монет, шелест купюр" Открытие выставки "Звон монет, шелест купюр"
Открытие выставки "Звон монет, шелест купюр" Открытие выставки "Звон монет, шелест купюр"

Көрме 2018 жылдың 20 наурызына дейін жалғасады.

балалар шығармашылығының «Бояулар фестивалі» атты көрмесі

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейі Ә. Қастеев атындағы өнер және дизайн мектебімен бірлесіп, 2018 жылдың 3 наурыз күні балалар шығармашылығының «Бояулар фестивалі» атты көрмесін ашты.

30 жылдан астам тарихы бар өнер мектебі бүгінге дейін 100-ден аса байқаулар мен жобаларға қатысып келеді. Атап айтсақ, "Қазақстан-жаңа әлемде", Mitsubishi Asian Children ' s Enikki Festa (Азия Тынық мұхиты Федерациясы Клубтарының және ЮНЕСКО ассоциациялары), "Невская палитра" (Санкт-Петербург), "Біздің ортақ үйіміз - Қазақстан", "Қызғалдақ-адам" (ҚР Нидерланды Елшілігі), "Lidice" (Czech Republic), "Невская палитра" (Санкт-Петербург көркем бояулар зауыты), "Экология жаны" (Мәдениет Басқармасы Әкімшілігінің қалалық округі Калининград қ.), "Сүйікті қалама - сүйікті балалар" (2006 ж.) – Медеу-Шыңбұлақ жолындағы қоршауларды көркемдеу, "Қала Күніне" (2015 ж.) орай ұйымдастырылған Алматы қаласының ҚР Тұңғыш Президенті саябағындағы ұзындығы – 400 метрлік қабырғаға салынған кескіндемелер, 2003 жылдан бері өткізілетін ЮНЕСКО-ның – Бүкіләлемдік «Әлем балалары сурет салады» атты альбомдық сериясы. «Бояулар фестивалі» көрмесі түрлі жанрлар мен техникада орындалған бейнелеу өнерінің түрлерін: сурет бойынша академиялық жұмыстар, кескіндеме, шығармашылық композиция, сондай-ақ халықтық және заманауи сәндік-қолданбалы өнер коллекцияларын кеңінен таныстырды. Әртүрлі жастағы оқушылардың жазған дипломдық жұмыстарына арналған экспозицияға назар аударуға болады. Соның ішінде, жоғарғы курс оқушылары орындаған баспа графикасы – линогравюра экспозициясы ерекше орын алды. 

Бейнелеу және қолданбалы өнер әлемімен таныстыру мақсатында мектеп ұстаздары мен оқушылары арнайы шеберлік-кластар ұйымдастырды.

«Бояулар фестивалі» көрмесін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі директорының ғылыми жөніндегі орынбасары – Ғалия Теміртон, Ұлттық ЮНЕСКО Клубтары Федерациясының Қазақстандағы вице-президенті – Бейсенбаев Ғани Бектайұлы, ардагер, “Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгінің иегері – Руденко Наталья Петровна, сондай-ақ, Н. Сац ат. Жасөспірімдер мен балалар театрының бас суретшісі, 1987 жылғы мектеп түлегі – Пономарёв Владимир

 Көрмеге балалар жұмысының 200-ден аса бейнелеу және қолданбалы өнер туындылары қойылады.

 

Открытие выставки "Фестиваль красок" Открытие выставки "Фестиваль красок"
Открытие выставки "Фестиваль красок" Открытие выставки "Фестиваль красок"

Көрме 2018 жылдың 12 наурызына дейін жалғасады.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі Қазақстан Республикасының Президентінің «Болашаққа бағдар» бағдарламасы аясында 2018 жылдың 16 ақпанында сағат 15.00-де «Жаңғыру-2018» атты көркем туындылар көрмесін ашады.

Музей күнделікті жұмысында өз көрермендерін еліміздің өнер әлеміне қосылған жаңа буын өкілдерімен таныстыру арқылы талантты жастардың шығармашылығын қолдап қазіргі кезеңдегі ұлттық өнер жетістіктерін насихаттауға үлес қосуда. «Жаңғыру-2018» көрмесі Алматы қаласындағы 30-дан астам көркем өнер колледждерінің оқытушыларын кезекті рет жинап, әртүрлі жанрда: кескіндеме, графика, мүсін және қолданбалы-сәндік өнер туындыларымен таныстырады. «Жаңғыру-2018» көрмесінің қатысушылары С.Нақысбекова, С.Жұмашева, А.Қуантаева, Тілеужанова, Ж.Кошен, У.Даубай, Х.Мырзахметова, Д.Толыбай, А.Қырықбаева , Тұлақбаева , Б. Мұсабаев, А.Рамазанов, Б. Қашқынов, А.Серікқызы, С.Ильясов, А.Исекев, М.Мағзұмов, Г.Бахретдинова, А.Алданаева, А.Алиясқарова, А.Набиев, С.Ахтанов, А.Сәбитова, А.Татаева, А.Кенженова, Б.Қайранбай, Қ.Сырлыбаев, М.Тұрбай, Ғ.Төремұратова, Б.Жетпісбаева, Д.Нұрқанова, А.Әбдінұрова, А.Нығметова, А.Төлебиев, Д.Аршабаева, С.Мырзахметова, Ж.Кенесарина, Е.Қазбекова, А.Бухал, А.Дүйсенханова, М.Сүйлекова, А.Гонтарева, З.Әльмұқамбетова. Көрме қалыптасуға, кәсіптік өсуге, біліктілікті қадағалауға, көрменің қатысушыларының шеберлігін, сондай-ақ тұтас көркемдік деңгейдегі көрінісін, дәстүріне, мектептеріне және шығармашылығына тұтас көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.

Авторлардың туындылары – олардың бай, рухани әлемінің көрінісі. Суретшілердің шығармаларында әртүрлі табиғи ландшафттар, этникалық сюжеттер және т.б. туындылары ерекше көрініс тудырады. «Жаңғыру-2018» көрмесіне өз туындыларын қойған авторлар әрқайсысы жеке дара, әрқайсында өзіндік қолжазбасы және стиль бар.

Көрме – Алматыдағы ең үздік жас суретші-педагогтардың өзгеше шығармашылық жетістіктерінің есебі. Олар көрме арқылы өздерінің кәсіптілік жетістіктерімен бөліседі.

Көрмеде көпшілік назарына 100-ден астам жұмыс ұсынылады.

Выставка художественных произведений «Жанғыру-2018» Выставка художественных произведений «Жанғыру-2018» Выставка художественных произведений «Жанғыру-2018»

Көрме 2018 жылдың 25 ақпанына дейін жалғасады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source