авто

Переключатель языков

2018 жылдың 11 қазанында сағ. 16.00 Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі мен Қазақстан Республикасы Швеция елшілігі және Швеция институтымен бірлесіп театр және кино саласындағы шведтік көрнекті режиссер, жазушы-сценарист, «Оскар» сыйлығының үш мәрте иегері ИНГМАР БЕРГМАНның 100 жылдық мерейтойына арналған «Ингмар Бергманның өнер мен сән әлеміндегі мұрасы» атты мемориалдық көрмесін ашады.

Эрнст И́нгмар Бе́ргман 1918 жылы Швецияның Уппсала қаласында лютеран пасторы Эрик Бергман мен медбике Карин Бергманның отбасында дүниеге келген.

«Ингмар Бергманның өнер мен сән әлеміндегі мұрасы» атты мемориалдық көрмесіБергманның театр және кино өнеріне деген қызығушылығы ерте жастан-ақ қалыптасты. Оның алғашқы туындылары – өзі жасаған мультфильдерді Ингмар тоғыз жасында ағасы сыйлаған «сиқырлы шам» – проекциялық аппараттың көмегімен жасады. Он екі жасынан-ақ Бергман актерлік өнердің қыр-сырын тани бастады. Осы жастан бастап гимназияны бітіргенге дейін сиқырлы шамнан бөлек Ингмар өзі жасаған қуыршақ театрымен әуестеніп, ол үнемі жаңа декорациялар мен жарық беру жүйесін дайындап, театрдың жаңа нұсқаларын құрумен болды.

Бергман 1937 жылы Стокгольм университетінің колледжіне түсіп, әдебиет пен өнер тарихын оқи жүріп, бар уақыты мен денін жастар клубындағы театрдың қызметіне арнады.  

Бергман оқуын тәмамдаған соң штаттағы режиссер қызметімен қатар Хельсинборг (1943—1946), Гётеборг (1946—1950), Мальмё (1952—1959), Стокгольм (1961—1976), Мюнхен (1977—1984) және Стокгольм (1984—2007) қалаларындағы театрларда директор, көркемдік жетекші, көркемдік кеңесші қызметтерін алып жүрді.

Ингмар Бергман шығармашылығының негізгі тақырыптары – діннің тоқырауы, дәстүрлі отбасының құндылықтары мен тұлға қасиеттерінің әлсіреуі, адамдар арасындағы шынайы қарым-қатынасты іздеу. Бергман өз актерларының келбетін камераға ірі қалыпта алу арқылы адамның қоршаған әлем жайлы ішкі тебіреністерінің шындықпен беттескендегі кешкен сезімдерін жеткізді.  

89 жыл өмір сүрген режиссер 170 астам театр қойылымдарының авторы атанды, 60 астам көркем және деректі фильм түсіріп, олардың көбісінің сценарийін өзі жазды. Ингмар Бергман  кинофестивальдердің лауреаты атанды: «Канн» (7), «Венеция» (4), «Берлин» (2), Мар-дель-Плата (1), «Джиффони» (1); «АҚШ киносыншыларының Ұлттық кеңесі» (3), «Нью-Йорк киносыншыларының қауымдастығы» (3), «Аргентина киносыншыларының ассоциациясы» (1), «АҚШ киносыншыларының Ұлттық қоғамы» (5), «Канзас-Сити киносыншыларының Ассоциациясы», «Círculo de Escritores Cinematográficos» (1), «Франция киносыншыларының Синдикаты». «Сезар» (1), «Бодиль» (4), «Camerimage» (1), «Давид ди Донателло» (3), «Америка режиссерларының гильдиясы», «Европа киноакадемиясының», «Алтын қоңыз» (3), «Күміс лента» (5), «Юсси» (1), «Кинэма дзюмпо» (1), «Сант-Жорди» (1) сыйлықтарымен марапатталған.

Бергманның «Седьмая печать» (1957), «Земляничная поляна» (1957), «Персона» (1966), «Шёпоты и крики» (1972), «Фанни и Александр» (1982) атты картиналары әлемдік кинотуындылар қатарына енген.

Ингмар Бергман Форе аралындағы өз үйінде тоқсанға келген шағында басқа танымал кинорежиссер Микеланджело Антонионимен бір күнде 2007 жылдың 30 шілдесінде дүниеден өтті. Одан тараған тоғыз бала да негізінен мәдениет пен өнер қайраткерлері болып қалыптасты.

Экспозиция шебер шығармашылығының сән әлемі, музыка, театр мен биге қосқан үлесін көрсетіп таныстыратын фотоқұүжаттар мен қысқа метражды фильмдерден құралған.

Көрме 2018 жылдың 31 қазанына дейін жалғасатын болады.

ҚР Мемлекеттік орталық музейі 16 қыркүйек Алматы қаласының күнін мерекелеу аясында қаладағы ірі мәдени ошақтардың театрларға арналған «Театр. Уақыт. Ғұмыр.» фотокөрмесін ұсынады.

Мыңжылдық тарихы бар Алматы қаласында республика бойынша негізгі мәдени орындар шоғырланған. Соның ішінде Алматы театрлары жұртшылықты жоғары өнер әлемінде бірегей өнер рухына қанықтыратын мәдени ошақтар болып табылады.

Көрменің мақсаты: қала күні қарсаңында ҚР МОМ қорындағы фотоматериалдар негізінде театрлардың тарихы, әртістер құрамы, өнер иелерінің ортасы және шығармашылық қызметтерімен таныстыру әрі дәріптеу болып табылады.

Театр – халық өміріне табиғи түрде еніп, өзімен бірге қалыптасып келе жатқан ұлттық мақтаныш, мөлдір өнер. Қазақ театрының алғашқы іргесін қалаған Ж.Шанин, талантты әртістер Қ.Қуанышбаев, С.Қожамқұлов, Е.Өмірзақов, Қ.Бадыров, Қ.Жандарбеков, К.Байсейітова, Ш.Аймановтардың есімдері қазір қазақ театр өнерінің классиктері дәрежесінде аталады. Сауықшыл жастардың әуесқой қойылымдарынан басталған алғашқы қадамы, ойын қоюға талпыныстары, Семейде театр өнерінің тууына ұйтқы болды. Кейіннен театрлар ел астанасы болған Алматыға көшіп келіп, мәдениет пен руханияттың жасампаз алтын діңгегі – қазақ өнерінің ізін жалғастырып келеді.

Музей қоры негізінде жасақталып отырған «Театр. Уақыт. Ғұмыр.» атты фотокөрмеден Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театры, Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық опера және балет театры, Ғ.Мүсірепов атындағы Академиялық жастар мен балалар театры, М.Ю.Лермонтов атындағы драма театры, сондай-ақ Қ.Қожамияров атындағы мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры, Неміс драма театры, Мемлекеттік корей музыкалық комедия театрының қалыптасу кезеңі, олардағы сахналық көріністердің, театр қайраткерлердің қалыптасу және кәсіби өсу кезеңдерінің маңызды сәттерінен мәлімет беретін фотосуреттерді тамашалауға болады.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі 2018 жылдың 5 шілдесі күні сағат 14.00-де «Синташта» бірегей мәдени-тарихи кешенінің зерттелуіне 45 жыл және қола дәуірінің дүние жүзіне әйгілі археологиялық ескерткіші Арқайымның табылуына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Арқайым – қалалар елі: кеңістік пен бейнелер» Халықаралық фотокөрмесін ашады.

afisha-arkaim2018Арқайым — Ресей Федерациясындағы Челябі облысында, Үлкен Қарағанды және Өтеген өзендерінің құйылысында орналасқан қола дәуіріне жататын тарих-мәдени ескерткіштер кешені. 

Көлемі, құрылымдық сипаты, ғылыми деректерінің молдығы мен маңыздылығы жағынан тарих, археология ғылымдары үшін маңызы өте зор бұл ескерткіш 1987 жылы ашылды. Содан бері кең көлемді ғылыми-зерттеулік жұмыстары жүргізілуде. Арқайым қонысы екі шеңберлі жал түрінде салынған, ортасында құрылыс салынбаған төртбұрышты алаңы бар бекініс.

«Арқайым – қалалар елі: кеңістік пен бейнелер» фотокөрмесінде фортификация, үй құрылысы, ежелгі шеберханалар, жерлеу рәсімдері мен құрбандық шалу, тұрмыстық заттар, оның ішінде қыш ыдыстар, тастан, сүйектен жасалған бұйымдар, мыс және күшәлалы қоладан құйылған жонғыштар, пышақтар, біздер мен алуан түрлі әшекейлерді қамтитын қызықты мәліметтер қойылады.

Фотокөрме стендтерінде «Қалалар елі» ескерткіштерінің географиялық орналасуы, нығайтылған және нығайтылмаған қоныстардың әуеден түсірілген фотосуреттерінің құпиялары ашылған материалдар, саны жиырмадан асатын нығайтылған қоныстың ішіндегі он төртінің қазіргі жағдайы мен тұмса табиғаттың авторлық фотосуреттері қамтылады.

Ежелгі металлургиялық база, обсерватория немесе қолөнер шеберлерінің қонысы болуы мүмкін деген Арқайымды тылсым сырларға толы әлемнің ғажайып орындарының қатарындағы Стоунхендж, Гозек шеңберімен салыстыруға болады. Күні бүгінге дейін Арқайым таңдай қақтырып тамсандырады, күмән тудырып күдіктендіреді, талайларды дауластырады, дегенмен әзірге жауабынан гөрі сұрақтары көп орын боп қала бермек.

Фотокөрменің ашылуына Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының мүшесі және «Арарат» Халықаралық академиясының корреспондент-мүшесі Журавлева Ирина Александровна, «Арарат» Халықаралық академиясының корреспондент-мүшесі Зуйков Юрий Владимирович қатысады. Сонымен бірге «Аркаим. Культурное и духовное пространство на Южном Урале» атты 30 минуттық деректі фильм көрсетіледі.

2017-2018 жж. көрме экспозициясы Ресейдің 11 қаласында, яғни Қазан, Уфа, Кумертау, Самара, Омбы, Бийск, Новосибирск, Барнауыл, Санкт-Петербург, Белгород, қалаларында және Головчино селосында құрылып, жұрт назарына ұсынылды.

Орталық музей барша келушілерді Оңтүстік Оралдың мәдени феноменімен және үндіуропалық өркениетпен танысуға шақырады.

Көрме 2018 жылдың 31 шілдесіне дейін жалғасады.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде 2018 жылы 19 қыркүйек күні сағ. 16.00-де 798 Gallery, Ouli TianShan Art Museum филиалының қолдауымен алматылық жас суретші Гүзел Закированың «Орталық Азия келбеті»/«Faces of Central Asia» атты жеке көрмесі ашылады.

Гүзел Закированың «Орталық Азия келбеті»/«Faces of Central Asia» атты жеке көрмесі Гузел Закирова Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогика институтының «Кескіндеме» мамандығын меңгерген көркем – графика факультетінің түлегі, кескіндеме өнерінің магистрі, сонымен қатар Қытай қаласындағы СиньЦзян өнер институтын тәмамдаған. Еңбек жолын Алматы сәулет-құрылыс колледжінде өнер тарихының оқытушысы ретінде бастады.

«Орталық Азия келбеті» көрмесінде Орталық Азия мен Қазақстандағы түрлі ұлт өкілдерінің графикалық портреттері сериясы ұсынылмақ. Олардың портреттегі бейнелері арқылы Орталық Азия халықтарының мәдени және рухани байлығын тануға болады.

Көрменің көркемдік негізі – бір-біріне қарама-қайшы: қара және ақ түстерден жасалған графикалық және ішінара акварельдік портреттер. Өз жұмыстарында автор «Азия жүрегіне» айналған орталық-азия өңіріндегі саналуан этникалық және мәдени ерекшеліктерді ашып көрсетуге мән берген.

«Faces of Central Asia» - тек көркем туындылар сериясы ғана емес, бұл суретшінің Орталық Азия өңіріне жасаған саяхаты кезінде жасалған визуалды күнделік. Гузель саяхаттан алған әсерімен: «Мен көркем туындыларым арқылы Азияның өзім таныған ешкімге беймәлім қыр-сырын көрсеткім келеді» – деп бөліседі.

«Faces of Central Asia» сериясы – бұл сондай-ақ автордың 2016 жылы басталған және Қытайдағы «Сo – Construction of Harmonious Culture» көрмесінде ұсынылған «1001 FOX» (1001 face of Xinjiang) атты жеке жобасының нәтижесі. Бастапқыда бұл қарапайым жолаушылардың жылдам салынған эскиздері болды, кейіндері Орталық Азияға жасаған саяхаты барысында өзіндің портреттер галереясын құру туралы ой келеді.

Гузел жасаған саяхаттың негізгі бағыты Ұлы Жібек Жолының: Алматы-Қашқар- Бішкек – Наманган бағытымен өтті.

Жасыл желекті тау беткейлері, егісті алқап, шығыс базарлары, тар көшені бойлай орналасқан ірілі-ұсақ дүкендер, жеңіл көліктер мен автобустардың кептелісі – бұл біз көретін көріністің кішкентай ғана бір бөлшегі. Азияның шынайы бейнесін Гузель Закирова Орталық Азиядағы түрлі ұлт өкілдерінің бейнесімен береді. Ол арқылы халықтың антропологиялық сипатын, тарихын, мәдени дәстүрлері мен ұлттық ерекшеліктерін тануға болады. Әсіресе, тарихтың куәсіндей қарт адамдарды көп бейнелеген.

Гузел Закированың жұмыстары бұған дейін де Ресей (Мәскеу), Түркия (Стамбул қ.), Қытай (Үрімші қ.) және т.б. елдерде өткізілген халықаралық көрмелерде көрсетілген. Гузел – Мәскеу қаласындағы Жас суретшілер одағының мүшесі, «Илхам» ұйғыр меценаттары сыйлығының жүлдегері.

Көрмеде суретшінің 80-ге жуық жұмыстары ұсынылмақ.

Көрменің ашылу салтанатында «DOLAN» ансамблі және «Deleon_Band» тобы өнер көрсетеді. Ақпараттық қолдау көрсетуші - «Doppa Life» интернет порталы.

Көрмеге келуші алғашқы 100 адамға автордан кәдесый.

Суретші Г.Закированың  көрмесінің ашылуы Суретші Г.Закированың  көрмесінің ашылуы
Суретші Г.Закированың  көрмесінің ашылуы Суретші Г.Закированың  көрмесінің ашылуы

Көрме 2018 жылдың 4 қазанына дейін жалғасады.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде «Астана – Еуразия жүрегі» атты көрмесі ашылды. Бұл көрме экспозициясына Қазақстан суретшілері мен мүсіншілері, сондай-ақ балалар шығармашылығын дамыту орталығы және бейнелеу өнері студиясы шәкірттерінің жұмыстары қойылды.

Астана - сердце Евразии

Көрмеге жұмыстарын: Жұмаділхан Керімбек, тұрбай Мұратбек, Е. Шарапова, А. Амантаева, Е. Қазбекова, А. Рамазанов, С. Жұмашева, Ж. Ткаченко, М. Сулекова, К. сәрсенгалиева, С. нақысбекова, Е. апенко, В. гуранда, Ж. Такен, к. Нүсіпбек, Д. Нүркенова, М. Темірғалиева, Д. Толыбай, Г. Тасимова, А. Қырықбаева, К. Оңғарова, С. Нақысбекова, О. Әбішева, А. Кенженова, Б. Утебалиева, М. Мажит және т.б. Көрмені мұсіншілер: М. Жүнісбаева, С. Битуғанова, Д. Досмағамбетова, Ә. Мергеновтың жұмыстары толықтырды.

Көрменің енді бір ерекшелігі мұнда кәсіби суретшілердің шығармаларымен қатар бейнелеу өнері студиясында машықтанып жүрген балалардың суреттері қамтылған. Көрме экспозициясына іріктелген шығармалардың 20 с.б. кәсіби суретшілерге тиесілі болса, 50 с.б. түрлі орталықтар шәкірттерінің жұмысы, бұның өзі өнердегі ұрпақтар сабақтастығын аңғартады.

   «Астана – Еуразия жүрегі» көрме экспозициясы көрермен назарына ұсынылған шығармалардың әралуандығымен екшеленеді. Көрмеде бейнелеу өнерінің барлық саласы – сурет, кескіндеме бойынша академиялық еңбектер, сондай-ақ қазақ халқының көне және қазіргі кезеңдегі қолөнері, көркем қолданбалы өнер туындылары коллекциясы, мүсіндер топтамасы кең көлемде қамтылған. Көркемөнер мектептері мен бейнелеу өнері студиялары шәкірттерінің түрлі техника мен жанрда (кескіндеме, акварель, қолданбалы өнер және т.б.) орындалған авторлық жұмыстары жас шеберлердің идеялары мен шығармашылық бағыт-бағдарын аңғартады. Бұл жолы үш бейнелеу өнері студиясының суретшілері өз қолтумаларын көрермен назарына ұсынып отыр.

Сән салтанаты асқан Астана бүгінде мемлекетіміздің тыныс-тіршілігінің айнасы, қарқынды дамып отырған мегополис. Балалар Астананы өз қабылдауынша бейнелеуге тырысады, бірі сюжет негізіне зәулім кешендерді («Бәйтерек – өмір дарағы», «Хан Шатыр», «Астана Цирк») таңдаса, өзгелері тек қиялына ерік берген, ал енді бірі кенеп бетіне көрген «дүниесінен» алған әсерін бейнелеген. Көрме жеткіншектердің шығармашылық жолында тарих қойнауына бойлауына, елордамыз Астананың күннен-күнге асқақтаған келбетіне баса назар аударуына, креативті бейімділігін арттыруға, шығармашылығын шыңдауға деген талпынысын қолдап бағыт-бағдар беруге және әр баланың қолтумасының ойлы, мәнді де сапалы шығуына ықпал етеді.

Көрменің ашылуында: профессор, өнертану докторы, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Әбішева Оңал Токуловна, өнертанушы, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Екатерина Резникова, суретші педагог Жұмаділхан Керімбек, Арт студия жетекшісі Лидия Драздова, журналист Амангелді Сейітхан сөз сөйледі.

Арнайы дайындалған бағдарламаға сай балалар үздіктерді марапаттау сәтін, концерттік бағдарламаны тамашалап, шеберлік сабақтарына қатысады және I, II залдар экспозициясы бойынша экскурсия тыңдалды.

Көрме аясында педагогтар мен шәкірттер балалар шығармашылығы орталығында қалыптасқан шынайы шығармашылық өмірмен танысуға мүмкіндік беретін шеберлік-сабақтарын өткізіп өнердегі өз тәжірибесімен бөлісті.

Көрмеге бейнелеу және қолданбалы өнердің 200 астам туындысы қойылды.

pictures (Астана - сердце Евразии) pictures (Астана - сердце Евразии) pictures (Астана - сердце Евразии)
Астана - сердце Евразии Астана - сердце Евразии Астана - сердце Евразии

Көрме 2018 жылдың 31 шілдесіне дейін жалғасады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source