авто

Переключатель языков

2019 жылдың 14 наурызында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі Алматыдағы Мажарстан Бас Консулдығымен бірлесе отырып «Бұғылар жолы» атты фотокөрмесін ашылды.

Орталық музей мен Мажарстан Бас Консулдығы арасындағы мәдени ынтымақтастық байланыс жылдан-жылға нығаюда. Соңғы жылдары музейге келушілер Мажарстанның тарихы, мәдениеті туралы сыр шерткен: «Мажарстан ғылымының – мерекесі», «Мажарстан шығыстанушылары» сынды көрмелермен танысты. Қалыптасқан дәстүрді жалғастыра отырып Орталық музей Мажарстан Бас Консулдығымен бірлесіп «Бұғылар жолы» көрмесін келушілердің назарына ұсынды. Көрме аңшылық және табиғатты қорғаумен кәсіби түрде айналысатын Одон Блауманның фото шығармашылығына арналды.

Көрмеден жабайы аңдардың өмір сүру ортасындағы түрлі сәттерін бейнелейтін түсірілімдерді тамашалауға болады. Фотосуретшінің шығармашылық тақырыбы бұл жолы Мажар елінің мақтанышы, табиғатының інжу-маржаны бұғылар мен еліктерге арналған. Одон Блауман тек қана фотосуретші емес сонымен қатар, кинотүсірілімдермен де айналысады. Қазіргі таңда суретші DVD форматта 55 фильм түсіріп, көрермендерге тарту етті. Фильмдер: Австрия, Германия, Нидерланды, Италия, Белгия елдерінде көрсетіліп зор қошеметке ие болған. Оның фильмдері «Аңшылық – балық аулау» телеарнасында жиі көрсетіледі. О. Блауман аңшылық мектептері үшін бірқатар арнайы оқу фильмдерін және аңшылық кәсібімен айналысатын компаниялардың жарнамаларын түсірді.

Одон Блауманның жеке көрмелері Венгрияның ірі қалалары – Будапешт, Секешфехервар, Папе, Печье, Зирценде сондай-ақ, шетелдер Германия (Дортмунд қ.), Австрияда (Зальцбург қ.) өтті. Оның жұмыстары аңшылар журналдарының мұқабасы, аңшы ақпараттық бюллетені (PIRSCH, WILD und Hund) беттерінде, түрлі күнтізбе, газет, кітаптар басылымын безендіруде пайдаланылды.              

«Бұғылар жолы» көрмесі бұдан 10-15 миллион жыл бұрын Орталық Азиядан тараған ашатұяқты бұғы тәріздес жануарлар дүниесіне арналды. Бұл жануарлардың Венгрия табиғатына бейімделуі, қоршаған ортаны жерсінуі аңшылық кәсіптің өрістеуіне ықпал етті. Мажарстанда бұғы, еліктердің Еуропа аймағындағы ең үлкен тобы сақталған. Мемлекет тарапынан қамқорлыққа алынған аңдар осы күндері аңшылық объектісіне айналып отыр.

Көрмені ресми түрде ҚР МОМ директоры Нұрсан Әлімбай ашып, алғашқы сөз кезегін Алматы қаласындағы Венгрия Елшілігінің Бас Консулы Ференц Блауманға берді. Көрме концерттік бағдарламамен жалғасты.

Көрме экспозициясындағы Одон Блауманның 65 туындысы Венгрияның әсем табиғаты, жануарлар әлемімен таныстырды. Келушілер үшін арнайы түсірілген қысқа метражды фильм де көрсетілді.

фотовыставка «Путь оленей» фотовыставка «Путь оленей»
фотовыставка «Путь оленей» фотовыставка «Путь оленей»

Көрме 2019 жылдың 31 наурызына дейін жалғасады.

2019 жылдың 27 ақпанында сағат 15.00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде Қаңтарбаевтар әулетінің «Шежірелі нақыштар» атты көрмесі ашылады.

Отбасы – алтын діңгек. Әр отбасында ұрпақтан-ұрпаққа берілетін өзіндік дәстүр қалыптасатыны белгілі. Каңтарбаевтар отбасында баланың жастайынан шығармашылыққа бейімделуіне және оны өзінің сүйікті ісіне айналдыруына көп көңіл бөлінеді. Қаңтарбаевтар отбасының шығармашылығына тоқталғанда ойға «Ата өнері – балаға мұра» деген нақышты сөз оралады. Әсемдікті көріп тани білу, талғам қабілеті Мақсат пен Нұрданаға (әпкесі) әкесінен қонған.

Мақсаттың әкесі – Қантарбаев Қырғызбай Рысұлы – Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері, Абай атындағы ҚазПИ тәмамдаған, КСРО Суретшілер Одағының мүшесі, қолданбалы өнер бұйымдарын дайындаумен және оқытушылық қызметпен айналысты. Оның қолтумалары Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі, ҚР Мемлекеттік Орталық музейі және Ресей этнографиялық музейінде (Санкт-Петербург қ.) және т. б. сақталған.

Адамсопиева Нұрдана Тараз педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін бітірген. Бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі, дизайнер болып жұмыс істеді, матаны – батикпен бояу, әрлеумен («Қазақ арулары») шұғылданды.

Қырғызбай ақсақал немересі Диас Мақсатұлын да жастайынан шығармашылыққа баулыды. Т.Жүргенов атындағы мектепте және О. Таңсықбаев атындағы Алматы колледжінде білім алған Диас кескіндеме және графика жанрында еңбектенуде.

Выставка Кантарбаевых Выставка Кантарбаевых

Қаңтарбаев Мақсат Жамбыл қаласында дүниеге келген. Ол осы жылы өзінің 50 жылдығын атап өткелі отырған Абай атындағы ҚазПИ көркемсурет-графика факультетін 1988 жылы бітірген. Еңбек жолын Т.Рысқұлов ауданы Көгершін ауылының көркемсурет мектебінде сурет пәнінің мұғалімі, Луговой аудандық халыққа білім беру бөлімінде бейнелеу өнері пәнінің әдіскері болып бастады, Жамбыл облысы Луговой ауылында көркемсурет мектебін, «Өнер» шағын кәсіпорнын ашты.

М. Қаңтарбаев пейзаж жанрында еңбектенеді, акварель, майлы бояумен сурет салады, батик – матаны әрлеу өнерімен, ағаш оюмен айналысады. Суретшіні шығармашылыққа шабыттандыратын бірден-бір күш – тірі табиғат. Сондықтан, Мақсат кез келген кескіндемеші сияқты, өзінің көркемдік шеберлігін жетілдіруші орта табиғат аясында болу мүмкіндігін пайдалануға тырысып көбінесе пленэрде жұмыс істейді. Үнемі ізденісте жүрген суретші жеткен жетістіктерімен тоқталмайды, ал ізденіс нәтижесіндегі тың сарын оның жаңа шығармашылық жұмысынан көрініс табады.

Ол тұрмыстық заттар, гүлдер, ағаштар, жемістермен байытылған мың бояулы толымды әлемді суреттейді. Суретші картиналарында өзінің айрықша стилін, өзіндік қолтаңбасын, мәнерін айқын сипаттайтын түске көп көңіл бөледі. Мақсаттың шығармаларынан өмірге деген шынайы махаббат, қандай-да болмасын тақырыпқа қызығушылық, оның ішкі әлемі - жан-дүниесінің көрінісі, қуаныш, шаттық, сондай-ақ табиғат байлығын көре – көрсете білу, жетікізу қуанышы байқалады. Суретшінің Қазақстан табиғатын, Алматының сан-алуан көрінісі: Үшқоңыр тауының панорамасы, Түрген шатқалы, Шарын өзенінің каньондары, «Алатау», «Құлан өңірі», «Түрген тауы», «Нұрлы тау» тұрғын үй кешені сынды картиналары, «Хан тәңірі», «Лесной домик», «Роща Баума» триптихтары өте әсерлі. Әсіресе, «Қысқы таулар», «Батан шатқалы», «Медеу» және т.б. қысқы пейзаждары таңқаларлық туындылар.  

Қылқалам шебері портрет жанрында да еңбектенеді. Түрлі қиындықтарды жеңе білген, қашанда айналасындағыларға мейірімділік танытқан қарт адамдардың портреттері: «Апатайым», «Әкемнің портреті», «Д. А. Қонаев портреті» және т.б. туындылары құрмет пен сүйіспеншілікке толы.

Қаңтарбаев Мақсаттың еңбектері көптеген көрмелерге шығарылып, автор алғыс хаттар, дипломдармен марапатталды. Шебердің жұмыстары Мәскеу, Астана, Алматы, Тараз және Талдықорғанның жеке коллекциялары мен музейлері қорында сақталуда.

Экспозицияда шебердің 80-нен астам жұмысы қойылған.

Көрме 2019 жылдың 14 наурызына дейін жалғасады.

2019 жылы 11 ақпанда, сағат 15.00-де ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылуының 30 жылдығына арналған «Жанымды жаралаған Ауғанстан» көрмесінің ресми ашылуы өтеді.

 Ауған соғысы 1979 жылы басталып 10 жылға созылды.

Ауғанстанда КСРО-ның 620 мыңға жуық, соның ішінде қазақстандық 22 мың адам әскери қызметтерін өтеді.

15 526 адам, соның ішінде қазақстандық 924 қаза тапты, алған жарақаттарынан және аурулардан қайтыс болды.

333 адам (КСРО Қорғаныс министрлігі Бас Штабының деректері бойынша), соның ішінде қазақстандық 21 адам хабар-ошарсыз жоғалды және тұтқынға түсті.

«Жанымды жаралаған Ауғанстан» көрмесіАуғанстан соғысы Кеңестер Одағына ешбір ар-абырой, данқ әкелген жоқ. Құрбан болғандардың туыстары мен жақындары үшін бұл қасіретті соғыс 1989 жылы 15 ақпандағы әскерлердің шығарылуымен де аяқталған жоқ. Ол тіпті уақыттың өзі де емдеуге дәрменсіз қансыраған жара болып қалып отыр. Осы қантөгісті оқиғаның тәжірибесі әр мемлекет пен халық өздерінің ішкі істерін өз халықтарының пайдасы мен игіліктері үшін дербес түрде шешуге үндеген қайталанбас сабақ болды. Себебі, шайқас шебінде соғысты тұтандырушылар емес, майдандағы жауынгерлер қаза болды.

Көрменің мақсаты – Ауғанстан соғысы туралы шындықты жеткізу, жауынгерлер мен жастардың жаңа лек ұрпағын Ауғанстанда шайқасқан солдаттар мен офицерлердің патриоттық үлгісінде тәрбиелеу, сондай-ақ, соғыс саяси проблемаларды шешудің тәсілі емес екендігі туралы ұғымды қалыптастыру.

Экспозицияға Ауғанстанда өзінің іскери міндетін үлкен жауапкершілікпен өтеп, шайқасқан, құрбан болған және осы отты кешуден аман қалған қазақстандық жауынгерлер мен офицерлердің деректі материалдары (оқиғалардың куәгерлері мен қатысушыларының фотосуреттері, хаттары, куәліктері), наградалары мен жеке заттары қойылды. Көрмеге келушілерді, әсіресе, кеңес жауынгерлері мен офицерлерінің, сондай-ақ олардың қарсыластарының әскери киім-мүліктері айрықша қызықтырары сөзсіз.

Сіз көрменің тұсаукесерінде Ауғанстандағы соғыстың қатысушыларымен жүздесе аласыз.

Көрме Алматы қалалық әкімшілігінің жанындағы Ауғаныстандығы соғыстың және шағын әскери шиеленістердің ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестіктерінің қалалық үйлестіру кеңесімен бірлесіп дайындалды.

Открытие выставки "Афганистан болит в моей душе" Открытие выставки "Афганистан болит в моей душе"
Открытие выставки "Афганистан болит в моей душе" Открытие выставки "Афганистан болит в моей душе"

Көрме 2019 жылдың 31 наурызына дейін жалғасады.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музей жұмысының негізгі бағыттарының бірі шет мемлекеттерде көрмелер ұйымдастыру болып табылады. ҚР МОМ әлемдегі жетекші музейлер және ғылыми мекемелермен бірлесе отырып көптеген ортақ жобаларды жүзеге асырды сондай-ақ, АҚШ, Италия, Германия, Жапония, Корея, Франция елдерінде көрмелер ұйымдастырды. 2018 жылы ҚР Мемлекеттік орталық музейі Қытай (Сиань қ.) және Түркия (Стамбул қ.) елдерінде көрмелер өткізді. Музей жұмысының аталмыш бағыттары шетелге Қазақстанның тарихы мен мәдениетін дәріптейтін әлемдік пиардың бірі болып табылады.  

ҚР МОМ халықарылық ынтымақтастық шеңберінде, Қазақстан Республикасы мен Чехия Республикасы арасындағы мәдени байланыстарды нығайту мақсатында, 2019 жылдың 13 ақпан күні Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музей директоры Нұрсан Әлімбай және Чехия Республикасының Ұлттық музей директоры Михаил Лукеш музей ісі, тәжірибе алмасу, ғылыми және мәдени-біліми жобаларды жүзеге асыру мақсатында ынтымақтастық Меморандумына қол қойды.

Ынтымақтастықтың және бекітілген Меморандум нәтижесінде 2019 жылдың көктемінде Чехияның Ұлттық музейінде (Прага қ.) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музей қор коллекциясының «Ұлы даланың тарихи-мәдени келбеті» атты көрме өтеді. Көрме Чехия Республикасы жұртшылығын Қазақстанның тарихы және ерте көшпелілердің дәстүрі, сондай-ақ қазақтардың тарихы және мәдениетінің бай этнографиялық коллекциясымен таныстырады.

Көрме Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі және Чехия Республикасындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылады.

Подписание меморандума о проведении выставки в Чехии Подписание меморандума о проведении выставки в Чехии
Подписание меморандума о проведении выставки в Чехии

Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейінде Президент Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы шеңберінде 2019 жылдың 31 қаңтары күні сағат 15.00 «Музейге сый – ұрпаққа аманат» жаңа түсімдерінің көрмесі өтті. Көрмеге музейдің қор коллекциясына 2017-2018 жж. кезеңі аралығында сыйға тартылған музейлік маңызы бар заттар қойылды.

afisha-iz-fondov2017-2018

Көрмені ҚР ОММ директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ғалия Теміртон ашты. Ол қор коллекциясын толықтыру музей қызметі тиімділігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі екендігін атап өтті. Бүгінгі таңда музейдің қор коллекциясы негізінен жеке және заңды тұлғалардың тартулары, музей қызметкерлерінің жинау жұмыстары есебінен, сонымен қатар музейлік маңызы бар заттарды жинау бойынша археологиялық және этнографиялық экспедициялар ұйымдастыру арқылы толықтырылуда.

Белгілі тұлғалардың ұрпақтарымен, түрлі мекемелермен байланыс орнату, сый-тартулар акцияларын өткізу арқылы, сондай-ақ «ізін суытпай жинау» тәсілімен жұмыс жүргізілуде. Мәселен, музей 2017-2018 жылдары «Отбасы күніне» орай өткізілген «Отбасымен музейге» атты мәдени-білім беру шарасы аясында «Отбасылық жәдігерді музейге сыйла!» атты арнайы акция ұйымдастырып, музей қорына музейлік құндылығы бар заттар мен құжаттар, фото-бейнематериалдар қабылданды. Қабылданған мәдени құндылықтар ішінде әдебиет зерттеушісі, сыншы-ғалым, Қазақстан Республикасы ҒА академигі Мұхамеджан Қаратаевтың ұрпақтарының, өнер қайраткері, белгілі театр педагогы Галина Рутковскаяның, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Жиенбаевтың, жазушы, м.ғ.д., профессор Совет-Хан Ғаббасовтың, сондай-ақ, «Марапаттар мен атақтар бойынша Алматы қаласындағы қазақ қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті Асылхан Жанабаевтың сый-тартулары бар. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, К. Байсейітова және А. Жұбанов атындағы музыка мектептеінің алғашқы директорларының және ұйымдастырушыларының бірі, оркестрлік факультеттің деканы Өзбеков Түркістан Мақсұтұлының зайыбы Райхан Бағдатқызы музейге алғысын білдіріп, жыл сайын өткізіліп тұратын сый-тарту акциясына қолдау білдірді. Барлық тарту жасаушылар қала тұрғындары мен қонақтарына, сонымен қатар музей қызметкерлеріне ризашылықтарын айтты. Көрменің ашылуына Алматы қ. №59 мектеп-гимназиясының оқушылары Асым Балауса, Өмірзақов Жандос, «Ақ желең» домбырашылар ансамблі мен «Самға» квартетінің ұжымдары қатысқан.

Жастар жылы деп жарияланған 2019 жылы отандық музейлер ҚР Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасында айтылғандай, «аға ұрпақтың өнегелі істер эстафетасын жалғастыруға», халықтың басты жетістіктері болып табылатын музейлік маңызы бар заттарды (раритеттер мен отбасылық жәдігерлерді) сыйлау актілеріне белсене қатысуға шақырды. Осындай шаралар қазақстандықтардың жүректерінде Отанымызға деген мақтаныш сезімін қалыптастыратыны сөзсіз. Бұл этнографиялық сипаттағы заттар, ғылым, мәдениет, өнер мен спорт қайраткерлерінің жеке заттары, жазба, қолжазба, бейне және фотоматериалдар, ғылыми еңбектер, нумизматикалық коллекция, бейнелеу өнерінің туындылары және т.б. заттар болуы мүмкін. Барлық заттар тарту актісі бойынша тегін қабылданып, кейін мемлекеттік нөмір беріледі.

Қор коллекциясын толықтыру үшін музейге заттарын тапсырған жандардың қайырымдылығы мен кең пейілділігі зор құрметке лайық. Музей мұндай тарту жасаушыларды жоғары бағалайды және еліміздің мәдени мұрасын сақтауға қосқан жеке үлестері үшін шын жүректен ризашылығын білдіреді.

Выставку открывает Галия Темиртон Экспозиция выставкки
Вещи, принадлежавшие театральному педагогу Галине Рутковской Личные вещи Мухамеджана Каратаева

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source