Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінде 2026 жылдың 23 қыркүйегі сағат 11.00-де қала күніне орай Қазақстанның Халық әртісі, «Отырар сазы» оркестрінің белгілі солисі, ұлттық өнердің шоқжұлдызы Майгүл Ибрагимқызы Қазтұрғанованың «Өмірі өнеге, есімі мәңгі» атты өмірі мен шығармашылығына арналған іс-шарасы өтеді.
Мәдени шараның негізгі мақсаты – Майгүл Қазтұрғанованың қазақтың ұлттық музыка өнеріне қосқан шығармашылық үлесін насихаттау, өнер иесінің жарқын бейнесін халық жадында жаңғырту және оның мол шығармашылық мұрасын кейінгі ұрпаққа дәріптеу.
Шара барысында қазақтың дәстүрлі ән өнері мен ұлттық аспаптық музыканың құндылықтары кеңінен таныстырылып, Майгүл Қазтұрғанованың шығармашылық жолы, орындаушылық шеберлігі мен ұлттық өнердегі өзіндік орны туралы естеліктер айтылады.
Көрме аясында Майгүл Қазтұрғанованың қызы отбасында сақталған жәдігерлерді Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінің қорына салтанатты түрде табыстайды. Көрме экспозициясынан өнер иесінің сахналық киімдері, жеке заттары, фотосуреттері және шығармашылық қызметіне қатысты құнды жәдігерлер орын алады.
Іс-шараның концерттік бағдарламасында Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің өнерпаздары мен солистері қазақтың дәстүрлі ән-күйлерін орындайды.
Майгүл Қазтұрғанованың өнердегі ғибратты жолы мен ұлттық музыкаға деген адалдығы – кейінгі буын өнерпаздарына өнеге. Оның есімі мен шығармашылық мұрасы қазақ мәдениетінің алтын қорында өз орнын сақтап, ұлттық өнердің баға жетпес құндылығы ретінде кейінгі ұрпаққа аманат болып қала береді.
Байланыс телефондары:
264-55-66, 8 707 598 57 53