Билеттер
Мәзір
Билеттер

Халықаралық ынтымақтастық

Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейі халықаралық мәдени байланыстарды дамыту бағытында бірқатар шетелдік ғылыми және мәдени мекемелермен өзара тиімді ынтымақтастық орнатып келеді. Халықаралық серіктестік аясында тәжірибе алмасу, бірлескен көрмелер ұйымдастыру, ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру және мәдени мұраны насихаттау жұмыстары жүргізілуде.

Халықаралық серіктестік негізінде Ислам өркениеті орталығы, Әзербайжан Республикасының Ұлттық тарих музейі, Әзербайжан Ұлттық кілем музейі, Түрікменстан Мемлекеттік мәдениет орталығының Мемлекеттік музейі, Жапонияның «Ямашироя» галереясымен бірлескен көрмелер мен мәдени жобалар жүзеге асырылуда. 

Сонымен қатар, Алматы қаласындағы Түркия Республикасының Бас консулдығымен ынтымақтастық аясында музей қызметкерлеріне арналған түрік тілі курсы өткізіліп, музей ісі саласында қызметкерлердің біліктілігін арттыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, «Түркі мәдениеті мен өнерін дамыту халықаралық ұйымы ТҮРКСОЙ» ұйымымен бірлескен көрмелер мен мәдени-ағартушылық жобаларды жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Әзербайжан, Түрікменстан және Қытай Халық Республикасында Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейі қорынан ұсынылатын халықаралық көрмелерді ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейі шетелдік музейлер, ғылыми-зерттеу орталықтары, мәдени ұйымдармен әріптестік байланыстарды тұрақты түрде кеңейтіп, халықаралық көрмелерге, конференцияларға, форумдарға және мәдени бағдарламаларға белсенді қатысады. Бұл ынтымақтастық ұлттық тарихи-мәдени мұраны халықаралық деңгейде танытуға, музей ісіндегі озық тәжірибелерді енгізуге және мәдениетаралық диалогты нығайтуға мүмкіндік береді. Болашақта музей халықаралық серіктестермен бірлескен жобалардың аясын кеңейтіп, ғылыми және мәдени байланыстарды одан әрі дамытуға ұмтылады.

Халықаралық көрмелер мен мәдени іс-шаралар музей қорындағы бірегей жәдігерлерді әлемдік қауымдастыққа таныстыруға және мәдениеттер арасындағы өзара байланысты дамытуға бағытталған.