Билеттер
Мәзір
Билеттер

Этнографиялық коллекция

Музей 24 мыңнан астам сақтам бірлікті құрайтын бірегей этнографиялық коллекцияға ие. Коллекциядағы жәдігерлердің басым бөлігі ХІХ-ХХ ғғ. мерзімделеді, алайда XVIII ғ. 2-ші жартысы кезеңіндегі жәдігерлер де кездеседі. Этнографиялық коллекция қазақ халқының тұрмысы мен мәдениетін кешенді көрсетуге мүмкіндік береді және олардың көпшілігі сирек кездесетін тарихи-мәдени құндылық болып есептеледі.

Кілем-киіз бұйымдары

Кілем-киіз бұйымдары қорында кілем, алаша, тұскілем, сырмақ, текемет, тұскиіз, тұскесте сияқты үй жиһаздары мен откиіз, шайкиіз, тегеріш, қоржын, керме, аяққап, сандыққап, атжабу, асмалдық (түйе жабу), бота жабу, жайнамаз, бау-басқұр, арқан, көген сынды тұрмыстық және шаруашылық бұйымдары сақталған. Сонымен қатар, үзік, туырлық, түндік, ірге киіз, шым есік, шымши сияқты киіз үйдің жабын киіздері мен гобелен, панно сынды сәндік-қолданбалы өнер туындылары да бар. Өз кезегінде кілемдер түкті кілем, тақыр кілем болып жіктелген.

Түкті кілемдер бетіне салынған ою-өрнегінің түрлеріне қарай: шатыргүл кілем, самауыргүл кілем, адай кілем, шаршы кілем болып, тақыр кілемдер: арабы кілем, орама кілем, тақта кілем, бескесте кілем, боднос кілем деп топтастырылған.

Сонымен қатар, тұрмыстық және шаруашылық бұйымдары қоржын, керме, жайнамаз, қаршын, тең (боғжама), атжабу, басқұр, бау, айнақап, дорба сияқты тақырыптық атауларымен жеке жинақталған. Шаруашылық бұйымдары айнақап, аяққап, откиіз, шайкиіз, жайнамаз, тұтқыш, ботажабу, асмалдық (түйежабу), атжабу деген топтарға бөлінген.

Музей қорындағы жоғарыда аталған заттардың көпшілігі музей қызметкерлерінің әр жылдары Қазақстанның әр аймағына және қазақтар мекендеген алыс, таяу шетелдерге Қарақалпақстан, Түркіменстан, Түркия, Монғолия, Қытайға жасаған этнографиялық экспедициялар барысында алынған. Сонымен қатар, жекеленген адамдардың тапсыруымен жинақталған.

Киім-кешектер

Киім-кешектер және тоқыма бұйымдар коллекциясында 3 мыңға жуық құндылықтар бар. Олар Орынбор, Жетісу музейлерінен алынған, сонымен бірге 1958 жылы Мәскеуде өткен Қазақ КСР мәдениеті онкүндігі қарсаңында жинқталған.

 Коллекция қазақтың дәстүрлі киімдері, сахналық киімдер, өзге ұлт өкілдерінің киімдерінен, сонымен қатар тоқыма және кесте бұйымдарынан тұрады.

Коллекциядағы музейлік заттардың көпшілігі музей қызметкерлерінің әр жылдары Қазақстанның бірнеше аймағына және қазақтар мекендейтін алыс-жақын шетелдерге – Қарақалпақстан, Түркіменістан, Монғолия, Қытайға жасаған этнографиялық экспедиция барысында алынған.

Сондай-ақ Қазақстанды мекендейтін орыс, украин, неміс, поляк, ұйғыр, дүнген, түрік, шешен сияқты диаспора өкілдерінің де киім-кешектері коллекцияда молынан кездеседі.

Бағалы металдан жасалған бұйымдар коллекциясы

Музей қорында ХVIIIХХ ғғ. Қазақстанның барлық аймағына тән 14 мыңнан астам зергерлік бұйымдар сақтаулы. Олардың қатарында әшекей бұйымдардың көптеген түрлері:

-   бас киімге және бұрымға тағатын әшекейлер – сәукеленің әшекейлері, шекелік, шашбау, шолпы, шаштеңге;

-   кеудеге және киімге тағатын әшекейлер өңіржиектер, бойтұмарлар, түймелер, түйреуіштер, алқалар;

-   білезік, сақина, жүзік;

-   тіс шұқығыш және құлақ тазалағыш;

-   белдіктер;

-   өзге ұлт өкілдерінің зергерлік әшекей бұйымдары болып топтастырылған.

Ат әбзелдері

Ат әбзелдері коллекциясы ХІХ-ХХ ғасырлардағы шеберлер туындыларының әр алуандығымен және көркем безендірілуімен, бірегейлігімен және дәстүрлі ортада қолданыста болуымен ерекшеленеді.

Коллекцияда ұсынылған ат әбзелдері жаппай өндіріс бұйымдарына жатпайды және жеке тапсырыс бойынша жасалған. Қазақ ерлері аймақтық ерекшеліктерімен және рулық белгілерімен ерекшеленеді. Олардың қатарында қоқан ер, қазақы ер (найман ер), шошақбас ер, үйрекбас ер және басқа да түрлері бар.

Ер-тұрмандар әшекейінің басты элементі – әр түрлі пішіндегі күміс, металл шытыралар, тоғалар және күміс айылбастар. Олар көбінесе соғу, құю, күміспен күптеу, кескіндеу, қырнау, бедер салу, қарала жүргізу сияқты техникалармен орындалып, шыны және әр түрлі бағалы тастармен безендірілген.

Қару-жарақ және қорғаныс жабдықтары коллекциясы

Қару-жарақ және қорғаныс жабдықтары коллекциясы төмендегідей топтастырылған:

-    Суық қарулар: қылшан, жақ пен оқ, найза, сүңгі бастары, жауынгерлік балталар, шоқпар, сойыл, қанжарлар мен пышақтар және басқа халықтар тұтынған қылыштар, семсерлер, сапылар;

-    қорғаныс жарақтары: дулығы, шарайна, қалқан, сауыттар;

-   отты қарулар: қазақтың отты қарулары, басқа халықтар тұтынған отты қарулар, жауынгерлік ракеталар, оқпандар, оққалыптар, тапанша.

Қару-жарақтар коллекциясындағы көне әрі бірегей жарақтың бірі Кіші Орданың сұлтаны болған Арыстан Айшуақовтың сауыты мен шарайнасын ерекше атауға болады. Ол қазақтың қорғаныс жабдығының сирек кездесетін үлгісі. Өзінің құрылымы мен пішімі жағынан дараланатын бұл сауыт бір-бірімен жалғасқан бес металл тақтадан тұрады. Оюмен өрнектеліп, төсіне Құран аяттары жазылған. Сондай-ақ Баймұхаммед Айшуақовтың оқтар салынған қылшаны, XIX ғасырдың екінші жартысына тән сұлтан М.Баймұхамедовтың тапаншасы да бар. Коллекциядағы қызығушылық тудыратын жәдігерлердің бірі – ирек жүзді, беті алтынмен апталып, өсімдіктектес өрнектермен безендірілген қылыш – XVIIIғ. соңы – XIXғ. басындағы үнді шеберінің туындысы. Сонымен қатар коллекцияда қазақстандықтардың ІІ дүниежүзілік соғыстағы жауынгерлік ерліктерінің куәсі саналатын Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизиясы жауынгерлерінің қарулары да сақтаулы.

3D

Білезік

3D

Сақина

3D

Шақша

3D

Кісе белдік қалтасы