Билеттер
Мәзір
Билеттер

05.11.2026 ж. «Қазақстан поляктары. Күрделі тарих» атты тақырыптық көрмесі

2026 жылы 5 қараша күні, сағат 16:00-де Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінде Қазақстан еліне поляктардың күштеп көшірілгеніне 90 жыл толуына орай «Қазақстан поляктары. Күрделі тарих» атты тақырыптық көрме ашылады. Көрме Алматы қаласындағы Польша Республикасының Бас консулдығының қолдауымен ұйымдастырылды.

Экспозиция депортацияға ұшыраған поляктар мен олардың ұрпақтарының естеліктері негізінде әзірленген фотоматериалдарды қамтиды.  Көрмеде ұсынылған поляк отбасыларының естеліктері 2012 жылдан бастап Қазақстандағы поляк диаспорасының «Ałmatyński Kurier Polonijny» журналында жарияланып келеді. Сондай-ақ бұл естеліктер қазақстандық поляк жазушысы, журналдың бас редакторы Юрий Серебрянскийдің «Алтыншаш» атты кітабына енгізілген. 2023 жылы «Алтыншаш» романы мәдениетаралық және этносаралық бірлікті нығайтуға қосқан үлесі үшін әдебиет саласындағы үздік шығарма деп танылып, Қазақстан халқы Ассамблеясының Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Кітап 2024 жылы Meloman Publishing баспасынан жарық көріп, қазақ, ағылшын және поляк тілдеріне аударылды.

Көрмеде ұсынылған фотоматериалдар поляктардың Қазақстанға депортациялану тарихын, олардың күрделі тағдырын, Қазақстанға қоныстанғаннан кейінгі өмірі мен тұрмысын бейнелейді. Сондай-ақ олардың Қазақстанда өмір сүріп, білім алғанын, еңбек етіп, шаруашылықпен айналысқанын, өздерінің шыққан тегін, ұлттық мәдениеті мен дәстүрлерін ұмытпай, сол бір қиын кезеңдерге қарамастан, қазақ халқының қолдауының арқасында жаңа ортаға бейімделіп, тұрмысын қалыптастыра алғанын көрсетеді.

Көрмеде Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде (Өскемен, Петропавл, Семей, Қарағанды, Тараз, Алматы және т.б.) тұратын қазіргі поляк диаспорасы өкілдерінің отбасылық тарихтарымен және жеке естеліктерімен танысуға болады. Онда Людмила Червинская, Дмитрий Паньто, Эдуард Любчанский, Анатолий Рымашевский, Олег Червинский, Владимир Байковский, Леон Креницкий, Марина Резонтова, Анатолий Гриб, Юрий Серебрянский сынды поляк отбасыларның тарихы бейнеленген.

Жобаны Юрий Серебрянский мен Меруерт Таир дайындады, көркемдік безендірілуін жасаған Зоя Фалькова.

Юрий Серебрянский  филология ғылымдарының докторы, жазушы, редактор, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінің оқытушысы, ұлттық және халықаралық әдеби байқаулардың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері.

Меруерт Таир прозашы, аудармашы, Almaty Writing Residency бағдарламасының қатысушысы.

Зоя Фалькова ақын, заманауи суретші, көптеген заманауи өнер көрмелері мен фестивальдерінің, соның ішінде Венеция биенналесінің 57-ші және 58-ші шығарылымдарындағы Қазақстанның бейресми павильондарының қатысушысы.

Көрменің ашылу салтанатына Алматы қаласындағы Польша Республикасының Бас консулы Дариуш Шевчык мырза, поляк диаспорасының өкілдері, тарихшылар мен мәдениеттанушылар қатысады. 

Көрме музейдің «Қазақстан тарихы» залында ашылып, поляк диаспорасының тарихы мен мәдениетіне арналған экспозицияны толықтырады.

 

Мекенжайы: ҚР Ұлттық орталық музейі, Самал-1, 44.

Анықтама телефоны: 8 (727) 264-46-50.