Билеттер
Мәзір
Билеттер

03.09.2026 ж. «Тіл – халық қазынасы» атты дөңгелек үстел

Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейі 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай 2026 жылдың 3 қыркүйегі күні «Тіл – халық қазынасы» атты дөңгелек үстел өткізеді. 1998 жылдан аталып өтетін мереке мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін құрметтеуге және тіл мәдениетін дамытуға бағытталған.

Дөңгелек үстелдің мақсаты: Қазақ тілінің ұлттық құндылық ретіндегі маңызын саралау; мемлекеттік тілдің қоғамдық және кәсіби қолданысын кеңейту мәселелерін талқылау, көпұлтты мемлекеттің тұтастығын, ынтымағын қалыптастыру; Қазақстандағы тіл саясатының өзекті бағыттары бойынша кәсіби пікір алмасу және тілдерді дамыту саласындағы ғылыми-әдістемелік тәжірибені жетілдіруге бағытталған ұсыныстар қалыптастыру.

Тіл мәселесі – тек филологияның немесе тіл үйрету саласының мәселесі емес. Бұл – мемлекеттің қоғамдық, мәдени, ғылыми және азаматтық дамуымен тікелей сабақтас стратегиялық бағыт. Осы тұрғыдан алғанда, бұл кездесу – мерекелік сипаттағы жиын ғана емес, тіл саласында жүйелі жұмыс жүргізіп отырған ғылыми институттар мен тіл дамыту орталықтарының тәжірибесін тоғыстыратын, өзекті мәселелерді кәсіби деңгейде талқылауға арналған пікір алмасу алаңы болмақ.

Шарада Мемлекеттік тілді дамыту институты мен А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкерлері тілді зерттеудегі тың деректерімен, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ «Алматы қаласы бойынша Кәсіби даму институты» филиалының аға оқытушылары тілді оқытудағы тәжірибелерімен бөлісетін болады.  

 Байланыс телефондары:
264-55-66,  8 707 598 57 53