авто

Переключатель языков

"Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері" II Халықаралық ғылыми форумы

2024 жылдың 14-15 наурыз күні Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі, ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты және Алматы қаласы музейлер бірлестігі  ұйымдастырған  "ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРЛЕРІ" ІІ-ші  Халықаралық ғылыми форумы өтті.

Халықаралық форум Қазақстанда Наурыз мерекесін 14-і мен 23-і аралығында жаңа форматта тойлаудың «Наурызнама» онкүндігіне сәйкес, «Көрісу күні – Амал мерекесі» күнінен басталып, ізгілік пен мейірімді және татулықты насихаттауға арналған 15 наурыз –– «Қайырымдылық» күні жалғасын тапты.

Форум жұмысы Наурыз мерекесінің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуге ықпал етті.  Сонымен қатар, елдегі жаңа құндылықтарды қалыптастыру, сенім, ынтымақтастық пен ұлттық бірлікті нығайтудағы рөлін арттыруға, мереке мазмұнын жаңа идеялық мағыналармен толықтыруға, қоғамдық пайдалы әлеуеті бар мерекелік күннің мазмұнын, шығармашылық тәртібін жаңартуға бағытталды.

"ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРЛЕРІ" ІІ-ші  Халықаралық ғылыми форум жұмысы музей этнографиялық коры негізінде қалыптастырылған  «ТӘРБИЕ БАСЫ – ТАЛ БЕСІК» көрмесінің салтанаты ашылуымен басталды.  Көрме қазақ халқының сонау түркі заманынан күні бүгінге дейінгі мәдени мұрасын, ғасырлар  бойы  болашағын қалыптастырудағы  тәлімдік жүйесі мен ұлттық тәрбиесін дәріптеу және насихаттауға арналған.

Көрмеге 11 бесік және 70-тен астам ұлттық қол өнерінің жауhарлары: ежелгі Сарайшық және Талғар қалаларына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған түбек, шүмектер; кілем және тоқыма бұйымдары, бесік жабдықтары және т.б. қойылды. Көрме экспозициясында ерекше орын алған бірегей жәдігерлер – музей қорына саяхатшы, фотосуретші Таймас Нұртаев тапсырған құба талдан иіліп, шеге қолданбай жасалған ең көне тал бесік және 1904 жылы оймыштау тәсілі арқылы жасалып, төрт ұрпақтан 26 бала бөленген бесік те көрермен назарына ұсынылды. Сонымен қатар форум барысында музей жанашыры Алғазы Ернат есімді азамат 1957 жылы жасалған бесікті музей қорына сыйға тартты.

Форум жұмысын Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет Комитетінің Музей қызметі және материалдық емес мәдени мұра басқарма басшысы Пазылова Гульзейнеп Анафияқызы ашты. Ол өз құттықтау сөзінде: «Форум түркітілдес халықтардың этногенез тарихын, мәдениеті мен өнерін зерттеудің өзекті мәселелері талқыланатын ірі ғылыми-мәдени шара. Форум барлық түркі халықтарының этникалық тарихы мен мәдени мұрасы туралы білімді кеңінен насихаттауға ықпал етеді. Сонымен қатар, бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған ежелгі көктем мерекесінің терең мағынасы насихатталуда. Сондықтан, бүгінде Қазақстан ғана емес, Орталық Азия елдері музейінің ғалымдары мен мамандары жиналған форум бүкілхалықтық мерекені танымал ету, сондай-ақ, оның тарихы мен ерекшеліктерін ғылыми зерттеу бойынша бірлескен идеялар мен тәжірибелерді әзірлеу, оны іс жүзінде жүзеге асыруға көмектеседі деп сенемін», – деді.  

Сондай-ақ «ТҮРКСОЙ» Халықаралық ұйымының түркітілдес қауымдастықтарымен байланыс бөлімінің меңгерушісі, ТҮРКСОЙ музейлер қауымдастығының бас үйлестірушісі, т.ғ.д., Мовсюмлю Джавид Эльшад оглу сөз алып, ҚР Мемлекеттік орталық музейінде өтіп жатқан  "ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРЛЕРІ" ІІ-ші  Халықаралық ғылыми форумының түркі халықтарының тіл және өнер, тарихи-мәдени мұрасының музей саласы аясында кеңінен насихатталуы түркітілдес халықтардың ынтымақтастығын арттыруға ықпал ететінін атап өтті. Ал Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Эврен Мюдеррисоглу арнайы сөзінде осынау ауқымды шараның Қазақстан және Түркия арасындағы ғылым, білім, мәдениет және туризм салаларын өзара дамытудағы және ортақ тарихи мұраларды сақтап насихаттаудағы өзектілігін баса айтты. Сонымен қатар, ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директоры Рашида Харипова форум қатысушыларына алғыс айта отырып, түркі халықтарының ортақ тарихына, мәдени және тілдік бірегейлікке, сондай-ақ ғылыми және мәдени өзара іс-қимылды дамытудың барлық салаларындағы ынтымақтастық перспективаларына қатысты мәселелер қарастырылған форум көп ұзамай өз нәтижесін беретініне сенім білдірді.

«ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРЛЕРІ» II халықаралық ғылыми форумы аясында Түркі өркениетінің тарихи-мәдени және рухани мұрасын жаңғырту ісіне, түркі халықтарының бірлігіне, сондай-ақ түркі мәдениетін насихаттауға және ілгерілетуге қосқан елеулі үлестері үшін ҚР Мемлекеттік орталық музейінің ғылыми жұмыстар жөніндегі директор орынбасары, философия докторы Ғалия Теміртон және WFTGA халықаралық тренері, Мәдениет пен туризм саласының еңбек сіңірген қызметкері Бақыт Камалқызы ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының медалімен марапатталды. Марапатты ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раевтың атынан Халықаралық ұйымының Түркітілдес қауымдастықтармен байланыс бөлімінің меңгерушісі, ТҮРКСОЙ музейлер қауымдастығының бас үйлестірушісі Мовсюмлю Джавид Эльшад оглу табыстады.

Сондай-ақ форум аясында отандық мәдениет саласын, соның ішінде музей ісін дамытуға үлес қосқан Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі, Нұрғиса Тілендиев мемориалдық музейі  және «Алматы қаласы музейлер бірлестігінің» бірқатар қызметкерлері Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет Комитетінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Форум негізгі пленарлық мәжілісінде Анкара университетінің тіл, тарих және география факультетінің профессоры Абдуллах Гондугду (Түркия) «Түркі халықтары мен Түркиядағы наурыз мерекесі», И. Арабаев атындағы Қырғыз университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Сынара Алымкулова (Қырғызстан) «Обычай укладывания в колыбель у кыргызов», Ресей этнографиялық музейінің Кавказ, Орта Азия және Қазақстан этнографиясы бөлімінің меңгерушісі Лариса Попова (Ресей) «Первая весенняя перекочевка как обряд новогоднего цикла кочевников центральной Азии», Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің этнография бөлімінің бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор, Рүстембек Шойбеков «Наурыз және дәстүрлі мерекелердің тәрбиелік мәні» тақырыбында баяндама жасады.

forum01forum02forum07forum06forum03forum04forum05forum08

Сонымен қатар, форум аясында Қазақстан орталық музейінде «Замануи экспозиция музейдің басты байланыстық жүйесі  ретінде» дәрісі (куратор: Ғалия Файзуллина), «Түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасы:  музей қор коллекцияларын қалыптастырудағы құндылық негіздері (ғылыми-практикалық аспектілері)» (куратор: Ғалия Темиртон) және Ықылас атындағы халық аспаптар музейінде «Экскурсия музейдің мәдени-білім беру қызметінің негізгі формасы ретінде» (Куратор, Бақыт Оразымбетова) атты екі күндік музейлік тәжірибе алмасу/ғылыми вебинарлары өтті.

150-ден астам адам қатысқан форум жұмысы нәтижесінде музей қызметкерлерінің біліктілігін арттыру нысаны ретінде музейлік тәжірибемен алмасуға ерекше назар аударылып, болашақта музейлік ғылыми-зерттеу және мәдени-білім бағыттарын дамытудың алғышарттары бекітілді. Сондай-ақ форумға қатысқан ғылыми мекеме және музей қызметкерлеріне, түркі әлемінің тарихын, мәдениеті мен өнерін зерттеумен айналысатын жас ғалымдарға Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының сертификаттары табысталды.

 

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source