авто

Переключатель языков

31.01.2024 ж. «Әнін көкке қалықтатқан Ғарифолла Құрманғалиев» мәдени-танымдық кеші

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде әнші, композитор, Қазақ КСР халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтың туғанына 115 жылдығына арналған «Әнін көкке қалықтатқан Ғарифолла Құрманғалиев» мәдени-танымдық кеші өтті.

Кештің шымылдығын ҚР Мемлекеттік орталық музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ғалия Теміртонқызы ашып: «ҚР Мемлекеттік орталық музейі қазақ мәдениетінің жарқын өкілдерін қашан да ұлықтап келеді. Солардың бірі – Ғ. Құрманғалиев. Ол әнші ғана емес, композитор, актер, ұстаз, этнограф ретінде де қазақ мәдениеті мен өнерін жан-жақты танытқан тұлға» екенін атап өтті.

Шара аясында ҚР Мемлекеттік орталық музейінің қорындағы Ғарифолла Құрмағалиевтың фотоматериалдары мен марапаттары т.б жәдігерлер негізінде шағын көрме ұйымдастырылды. Экспонаттардың бірқатарын Ғарифолла Құрманғалиев 1983 жылы Орталық музей қорына өз қолымен табыстаған. Олардың қатарында Отан соғысы жылдарында алған «Қызыл Жұлдыз» ордені, «Ерлігі үшін» медалі де бар.

Кешке әншінің ұлы Нұрлан, келіні Ләйлә, немересі Меруерт арнайы қатысып, естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова, Республикалық конкурстардың лауреаттары Эльза Карабалина, Венера Қаржаубаева, Армат Исламғалиев, Күнқожа Қайрулла және Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториянын студенттері қатысып, өнер көрсетті.

 

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source