авто

Переключатель языков

«МУЗЕЙ ТҮНІ - 2023» акциясына 15 мыңнан  астам адам жиналды 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейі 2006 жылы «Халықаралық музейлер күні» кәсіби мерекесіне арналған «МУЗЕЙ ТҮНІ» халықаралық акциясын өткізген еліміздің алғашқы музейі. 

«МУЗЕЙ ТҮНІ» халықаралық акциясы – қала тұрғындары мен қонақтарына музей жәдігерлерімен танысуға, мәдени-танымдық бағдарламалар арқылы тарихтың жаңа парағын ашуға мүмкіндік беретін рухани-ағартушылық жоба.

ҚР Мемлекеттік орталық музейінде 2023 жылдың 18 мамыры күні, сағат 18.00- 00.00 аралығында «Музейдің тұрақтылығы мен өркендеуі» ұранымен дәстүрлі «МУЗЕЙ ТҮНІ-2023» акциясы 18-ші рет өткізілді. «МУЗЕЙ ТҮНІ-2023» акциясы музейлер қорындағы тарихи-мәдени мұраны сақтаудағы музей қызметкерлерінің еңбегін қолдап және ұлттың игілігін құрайтын құндылықтарды кеңінен насихаттауды көздейді.

ҚР Мемлекеттік орталық музейі 18 мамыр Халықаралық музейлер күніне орай ұйымдастырған «Музей түні» шарасы  жылдағы дәстүр бойынша қазақ өнерінің корифейі, мэтр, Қазақстанның Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанұлының ән шашуымен басталды. Сондай-ақ  тіл жанашыры Асылы Осман, қоғам қайраткері Мэлс Елеусізов салтанатты жиынның құрметті қонақтары болды. 

Кеш қонақтарын айтулы мерекемен құттықтаған ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директоры Рашида Ерімқызы: «Музей – тарих пен мәдениеттің маңызды нысаны. Ал ата-бабамыздың жүріп өткен жолы еліміздің бай тарихын құрайды. Сондықтан бұл мереке бәрімізге ортақ» деді. Шара барысында бірнеше музей қызметкері марапатталып,  «Жыл үздігі» номинациясының иегерлері атанды. 

Музей түніне мемлекеттік оркестрлер мен музыкалық шығармашылық топтар: «Tengri Group» тобының мүшесі Әсем Көпбаева, Халықаралық байқаулардың лауреаты, опера әншісі З.Алтынбаева, Халықаралық байқаулардың қатысушысы, әнші, актер Тимур Иманжановтар, «IL CANTO» вокалдық тобы, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының студенттерінен құралған «Жас Мұқасан» вокалдық ансамблі, Абай атындағы опера және балет театрының солистері Олег Татамиров, Төлеген Рахымбаев, ҚР Халық әртісі М.Серкебаевтың басқаруындағы Алматы қаласы Әкімдігінің концерттік оркестрі, М. Төлебаев атындағы музыка мектебінің оқушылары, «Берен» вокалдық тобы, «Шабыт» және «Кербез» би ансамблдері, «Нәзік» жетігеншілер ансамблі, Бауыржан Тәңірберген, Олжас Шерхан, Қуандық Үсен, Руслан Нұрғали, Гауһар Жұмағұлова және т.б өнер жұлдыздары қатысып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ Алматы циркінің және Алматы қаласы білім басқармасы, қалалық дене шынықтыру және спорт оқу-тәжірибелік орталығының  әртістері өз өнерлерін паш етті. 

       Шара барысында «Музей түні-2023» акциясының ақпараттық серіктесі – CITIX компаниясының PR-директоры – Леонид Нығматуллин, сондай-ақ көркемдік пленэрдің демеушісі – Бас директор Чен Чжицзе бастаған «Kazakhstan Arsha International Cultural Cooperayion LTD» компаниялары да өз ықыластарын білдірді.

ҚР Суретшілер одағының мүшесі, «Зерлеу» техникасымен эксклюзивті алтын тігу авторлық үйінің  негізін қалаған  Айжан Әбдубаитованың этноколлекциясы да көпшілік назарына ұсынылды. «Музей түні» акциясының аясында бірнеше көрме ашылып, музейдің барлық залында экскурциялар ұйымдастырылып, шеберлік сабақтары өтті. Мәдени іс-шара барысында Орталық музей қоры және жеке коллекциялар негізінде ұйымдастырылған бірнеше жаңа көрме ашылды. 

«Ер жігіттің бес қаруы бойында...» көрмесі арқылы музей қонақтары ҚР Мемлекеттік орталық музейінің ерекше қару-жарақ коллекциясымен таныса алады.  Көрмеде қазба жұмыстары барысында табылған археологиялық экспедиция материалдары: найза ұштары, сүңгі, жебелер, қола қылыштар, қанжарлар мен пышақтар, сондай-ақ қазақ ұлттық қарулары – садақ, жебе, қорамсақ, қын, қылыш, қанжар, пышақ, найза, айбалта, сойыл, шоқпар, қорғанысқа арналған жарақтар – дулыға, қалқан, шарайна, кісе белдіктер және 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі, Екінші дүниежүзілік соғыстары кезінде қолданған қару түрлері де көпшілік назарына ұсынылды.

ҚР Суретшілер одағының мүшесі, сәулетші, суретші, Тамара Волкованың «Көне жәдігерлердің өмірі мен символикасы» атты көрмесінде қылқалам шеберінің 80-нен астам туындылары, сонымен қатар, еліміздің белгілі тұлғалары мен кәсіби суретшілерінің «XXI ғасыр көшбасшылары мен танымал тұлғалары. Бірлескен шығармашылық»  шығармашылық жобасы негізінде туындаған картиналары ұсынылды. Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған аталмыш жоба 100-ге жуық елімізге еңбегі сіңген танымал тұлғалар – Асанәлі Әшімов, Олжас Сүлейменов, Нұрғали Нүсіпжанов, Роза Рымбаева, Бибігүл Төлегенова, Мақпал Жүнісова және т.б. өнер және қоғам қайракерлерінің қатысуымен жүзеге асырылған болатын.

«Музей түні» акциясының аясында  «Ұлттық мұра – ұрпаққа аманат» атты арт-пленэр ұйымдастырылып, Қазақстанның 15 танымал суретшісі өз туындыларының тұсауын кесті. Қылқалам шеберлері Халықаралық музей күні кәсіби мерекесіне орай  Орталық музейге жаңа жұмыстарын сыйға тартып, музейдің кескіндеме қорын толықтырды. Арт-пленэрдің демеушісі – «Чжунсиньговень» үкіметтік емес ұйымы және 2016 жылы Алматы қаласында құрылып, Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың артуына дәнекер болған «Бүгінгі Жібек жолы» басылымы.  

«Үш діннің бірегей жазба үлгілері: Тәурат, Інжіл, Құран» – «Үш зат-үш тарих» атты көрме аясында музей келушілері ерекше және сирек кездесетін рухани жәдігерлер негізінде, яғни, бұзау терісіне жазылған Тәурат (XIV-XV ғғ.), 1751 ж. жарық көрген Інжіл және Түркияда жазылған Құран (XVIII-XIX ғғ.) сияқты құндылықтармен танысты. 

Музей түні шарасы аясында басқа да, атап айтқанда заманауи технологияларды қолданатын сәндік-қолданбалы өнер және дәстүрлі қолөнер түрлері бойынша шеберлік сабақтарын «Шеберлер ауылы» қолөнершілері өткізді. Акцияға қатысушылар киіз басу, жүннен сурет жасау, гипстен фигуралар, кескіндеме, қыш, зергерлік бұйымдар, бисер бұйымдары, кесте тігу, балшықтан модельдеу, көркем керамика, кілем тоқу, ағаш өңдеу және металл өңдеу бойынша шеберлік сабақтарына қатысуға мүмкіндік алды. 

Шеберлік сабақтарын Қазақстан және Өзбекстанның белгілі шеберлері, О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің студенттері мен оқытушылары, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы жанындағы колледж жас шеберлері, «Salta-Art» арт-студиясы және Алматы Оқушылар сарайының шеберлері өткізді. 

Мерекелік шара барысында «Топжарған» этно-мәдени орталығы аңшылар шеруін ұйымдастырып, қазақ саятшылық кәсібін көпшілікке таныстырса, «Сал-сері» этноспорт федерациясының өкілдері ұлттық «садақ ату» спорт түрін, ал Данияр мен Асылгүл Байдаралы «Бес қару» өнерін паш етті. 

Балаларға арналған Коворкинг орталығында «Жеті қазына», «Қазақ зергерлік бұйымдары», «Ұлы Жібек жолы» тақырыптарында музейлік сабақтары мен мәдени-танымдық іс-шаралар өткізілді. 

Музей қонақтарын сақ патшайымы Томирис пен сақ жауынгері Алтын адам сән-салтанатымен күтіп алды.

Ғасырдан ғасырға жететін ұлттық мұрамызды ұлықтаған кештен Алматылықтар ерекше әсермен тарқасты. Шараға 15 мыңнан астам адам жиналды.

 

night in the museum-2023 night in the museum-2023
night in the museum-2023 night in the museum-2023
night in the museum-2023 night in the museum-2023
 night in the museum-2023  night in the museum-2023

afisha noch musea

Бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музейінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті және «Таңбалы» тарихи-мәдени және табиғи мемлекеттік қорық-музейімен бірлесіп ұйымдастырған «ХV Оразбаев оқулары» халықаралық ғылыми-әдістемелік конференциясы өз жұмысын бастады.

Конференцияда ежелгі және ортағасырлық археология; этникалық тарих пен этномәдени үдерістердің жалпылама және өзекті мәселелері; көрнекті археологтар жайлы естеліктер мен ой-толғамдар; археологиялық және этнографиялық экспедициялардың далалық материалдары; тарихи-мәдени мұраны зерттеу, сақтау және музеефикациялаудың әдістері; тарихи пәндердегі пәнаралық әдістер; археология мен этнологиядағы қазіргі заманғы әдістер мен тұрғылар; археологияны, этнологияны және музей ісін ЖОО-да оқытудың жаңа тұрғылары мен инновациялық әдістері жтуралы мәселелер қарастырылды.

Конференция барысында т.ғ.д., профессор А.Т. Төлеубаев, ҰҒА академигі, т.ғ.д., профессор Ж.К. Таймағамбетов, Хаджетеппе университетінен келген (Анкара, Түркия) Д.М. Кылынчкая, т.ғ.д., профессор А.Б. Қалыш және т.б. ғалымдар баяндама жасады.

 

«ХV Оразбаев оқулары» «ХV Оразбаев оқулары»
«ХV Оразбаев оқулары» «ХV Оразбаев оқулары»

Түріксой» халықаралық ұйымы жанындағы Түркі мемлекеттерінің музейлер одағы, Түркі мемлекеттерінің Европалық одағы және Будапешт этнография музейі Еуропадағы түркі өркениетінің орталығы Мажарстанда мажар этнографы Диосеги Вильмоштың 100 жылдығына орай Түркі мемлекеттері музейлерінің панельдік отырысын өткізді. Аталған іс-шараға ҚР Мемлекеттік Орталық музейінің директоры Рашида Харипова қатысып, «Қазақ халқының бақсылық дәстүрлері мен фольклоры» тақырыбында баяндама жасады.

Іс-сапар барысында ҚР Мемлекеттік Орталық музейі Мажарстанның Ұлттық және этнографиялық музейлерімен өзара ынтымақтастық жөніндегі Меморандумға қол қойды. Аталмыш Меморандум аясында тақырыптық көрмелер ұйымдастыру, ортақ ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, Орталық музейдің қор сақтаушы және қалпына келтіруші мамандарының іс-тәжірибе алмасуы туралы келісім шарттар жасалды.

Сонымен қатар, 2019 жылы Орталық музей мен Мажарстанның жаратылыстану ғылымдары музейімен арадағы ғылыми-зерттеулер жүргізу мақсатында жасалған Меморандумның қолданысын күшейтті. Алдағы уақытта осы әріптестік аясында қос тарап бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, оларды зерттеп-зерделейтін мамандарды ынталандыру ісін қолға алмақ. Еске сала кетсек, осыған дейін музейлер арасындағы әріптестік байланыстың арқасында Кейкі батыр, Әбілхайыр ханның Қазақстандық музейлер қорындағы материалдарына зерттеу жұмыстары жүргізіліп, реконструкциялары жасалған болатын. Аталған жұмыстардың қорытындысын Орталық музейдің экспозициялық залдарынан тамашалай аласыздар. Осы тұста, тарихи-мәдени маңызы зор шараға қолдау көрсеткені үшін Қазақстанның Мажарстандағы елшісі Жәнібек Әбдірашов мырзаға Орталық музей ұжымының атынан алғыс білдіреміз.

Budapest-2023(memorandum)

Budapest-2023(memorandum)

Budapest-2023(memorandum)

Budapest-2023(memorandum)

Budapest-2023(memorandum)

Budapest-2023(memorandum)

«Жүрегім сен келгелі бақытты» шығармашылық концерті мен «Уақытша бәрі» атты кітабының тұсаукесеріҚазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде 2023 жылдың 28 наурыз күні сағат 15:00 де ақын Ахметов Бақдәулет Арыстанұлының «Жүрегім сен келгелі бақытты» шығармашылық концерті мен «Уақытша бәрі» атты кітабының тұсаукесері өтеді.

Ахметов Бақдәулет Арыстанұлы 1992 жылы 10 шілдеде Түркістан қаласында дүниеге келген. Жастайынан қолына қалам алып, ақындық қасиетімен көзге түскен жас ақын алғашқы қаламалды туындысын Р.Майғазиевке жазып берген. Қанат Үмбетовке жазған «Жүректесің» өлеңі әнші мен ақынның бағын жағып, эстрадаға жол ашты.Осылайша жүрекжарды туындылары күннен күнге халықтың жүрегінен орын тауып, сұраныстағы жас ақындардың біріне айналды.

Бүгінгі таңда Бақдәулет Арыстанұлы Қ.Нұртас, Н.Еспанов, М.Беспаев, М. Арапбаева, Ж.Ысқақова, Н.Керменбаев, Ж.Абдиханов, Е.Төлеген, Р.Аташ, А.Бегей, Р.Уайс, М.Ханзада, А.Иманбаева, М.Садуақасова, А.Пердешов сынды әншілердің орындауындағы көптеген танымал әндердің авторы. 2015 жылы Алматы қаласында «Айтарым бар, ағайын» атты шығармашылық концертін өткізген. 2022 жылы «Уақытша бәрі» кітабы жарық көрді.

Аталған іс-шара эстрада жұлдыздары М.Ханзада; С.Сайлаубек; С.Ибрагимов; «МузАРТ life» тобы, Н. Еспанов; А.Пердешов; А.Абдулла; А.Бегей; Е.Төлеген; М.Жолдасбек; Р.Аташ; М.Қайрат; Р.Майғазиев; С.Төлеш; «Бақай» тобы т.б өнер иелерінің қатысуымен өтеді.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source