Билеттер
Мәзір
Билеттер

«Өткеннің өнегесі – бұғаның белгісі» көрмесі

«Өткеннің өнегесі – бүгіннің белесі» атты археологиялық көрме

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейі Ә.Марғұлан атындағы Археология институтымен бірлесіп, музейдің археологиялық қорынан «Өткеннің өнегесі – бүгіннің белесі» атты көрме өткізді.

Көрме айтулы дата – Қазақстандағы заманауи археология ғылымының іргетасын қалаған алғашқы академиялық экспедициялардың бірі – Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының (ОҚАЭ) 80 жылдығына арналған.

1946 жылы көрнекті ғалым, Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың бастамасымен алғашқы академиялық археологиялық экспедиция ұйымдастырылды. Оны қазақстандық аңызға айналған ғалым, тарихшы, археолог, этнограф, филолог және фольклоршы, есімі бүгінде Археология институтына берілген Әлкей Хақанұлы Марғұлан басқарды.

ОҚАЭ құрылуы индустрияландыру қарқынды дамып жатқан Орталық Қазақстан мен республиканың солтүстік өңірлерінің аумағын кешенді зерттеудің өзекті қажеттілігінен туындады. Кен орындарына бай Орталық Қазақстан елдің қуатты өнеркәсіптік орталығына айналды. Экспедиция қызметі Қазақстандағы археология ғылымының қалыптасуымен және дамуымен, сондай-ақ Қаз КСР ҒА Тарих, археология және этнография институтындағы (қазіргі Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты) археология секторының (бөлімінің) тарихымен тығыз байланысты.

Жұмыс істеген жылдары Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы өңірдің өткені туралы баға жетпес білім жинақтады. Әр жылдары экспедицияға көрнекті қазақстандық археологтар: Ә.Х. Марғұлан, М.К. Қадырбаев, Ж.К. Құрманқұлов жетекшілік етті. Мұнда заманауи қазақстандық далалық археологиялық зерттеулер мектебінің негізін салушылар Ә.М. Оразбаев пен К.А. Ақышев қалыптасты. Экспедицияға Г.И. Пацевич, А.Г. Максимова, Т.Н. Сенигова, Л.Р. Кызласов, Г.В. Кушаев, Х.А. Алпысбаев және басқа да көптеген көрнекті ғалымдар қатысты.

Көрменің мақсаты – Қазақстандағы тұңғыш академиялық Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының отандық археология ғылымының қалыптасуындағы негізгі оқиға ретіндегі маңыздылығын кең жұртшылыққа көрсету, оның өңірдің көне тарихын зерттеуге және ұлттық бірегейлікті қалыптастыруға қосқан үлесін паш ету.

Көрмеде Орталық Қазақстан аумағындағы қазба жұмыстары барысында алынған бірегей материалдар ұсынылды. Музейге алғашқы түсімдер 1946-1949 жылдары қазылған және 1957 жылы Ә.Х. Марғұлан тапсырған Атасу І, Атасу ІІ, Бұғылы І, ІІ қоныстарының артефактілерімен байланысты болды. Экспозициялық материал үш тақырыптық кешенге бөлінген:

І кешен – қола дәуірі. Көрмеде Ақшатау, Бұғылы І-ІІ, Байбала І, Қомағал, Қанаттас, Айшырақ, Санғұру ІІ, Былқылдақ І, ІІ, ІІІ, Шерубай-Нұра, Қарабие, Ақсу-Аюлы ІІ, Ортау ІІ, Беғазы, Атасу, Мыржық және Ұлытау қоныстары мен қорымдарынан алынған материалдар ұсынылады. Келушілер жыртқыш аңның азу тісі түріндегі амулеттер мен қола моншақтар сияқты талғампаз әшекейлерді, свастика бейнеленген бірегей қыш бұйымдарды, сондай-ақ ат әбзелдері мен қару-жарақ заттарын көре алады.

ІІ кешен – ерте темір дәуірі. Бұл бөлімде б.з.д. VIII-VII ғғ. жататын Ақмұстафа қорымынан табылған ерте көшпенділер дәуірінің ат әбзелдері кешені, Орталық Қазақстан ескерткіштерінің жергілікті тобы – Тасмола мәдениетінің артефактілері, сондай-ақ Қарамұрын, Толағай қорымдарынан алынған заттар ұсынылған. Бұл олжалар Қазақстан даласын мекендеген көне көшпенді тайпалардың тұрмысын, мәдениетін және әскери ісін айқын көрсетеді.

ІІІ кешен – орта ғасырлар дәуірі. Көрменің қорытынды бөлімі келушілерді орта ғасырларға жетелейді, мұнда тас мүсіндер, талғампаз қыш ыдыстар және Сырлытам, Болған Ана және Жошы хан кесенелерінің бірегей сәулеттік қаптамалары көрсетіледі. Бұл жәдігерлер ортағасырлық Қазақстандағы өнер мен сәулет өнерінің жоғары деңгейін, сондай-ақ өңірдің бай мәдени мұрасын айғақтайды.