23.04.2018 ж. «Чернобыль - ХХ ғасырдың алапат қасіреті» атты көрменің ашылуы
2018 жылдың 23 сәуірінде сағат 15.00 Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде Чернобыль атом электростанциясындағы ядролық апатқа 32 жыл толуына арналған «Чернобыль - ХХ ғасырдың алапат қасіреті» атты көрменің ашылу рәсімі өтеді.
Осыдан дәл 32 жыл бұрын тарихта аты қалған жаһандық ауқымдағы трагедия түріндегі алапат жарылыс болды. Чернобыль АЭС-ғы апат – адамзат тарихындағы ең ірі техногендік апаттардың бірі. Оның күші 1945 жылы Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына тасталған атом бомбасынан ондаған есе күшті болған.
Радиациялық қауіп тек КСРО территориясына ғана емес басқа мемлекеттерге төнді. Чернобыль атом электрстанциясының зардабын залалсыздандыруға бүкіл Кеңес Одағынан 321 әскери бөлім қатысты, олардың қатарында қазақстандықтар да болды. Чернобыль апаты кезінде қазақстандықтардың көбі Акмола облысы Вячеславка елді мекенінде құрылған 27-ші полкте болды. 1986-1989 жж. аралығында аталмыш полкте 31730 қазақстандық жауынгер-залалсыздандырушылар өздеріне жүктелген әскери міндеттерді ерлікпен атқарды. Қазақстандық жауынгер-залалсыздандырушылар адам өмірін сақтап қалу үшін жан аямай еңбек етті.
Әр күн сайын қазақстандық жауынгер-залалсыздандырушылар өмірі мен денсаулықтарын қатерге тігіп, халықты радиациялық өлімнен құтқарып отырды. Радиоактивті ластану қаупi бүкіл Еуропаға төнді. Қазақстандық жауынгер-залалсыздандырушылар өздерінің әскери міндеттерін батылдықпен орындап шықты.
Чернобыльдегі ядролық апат барлық мемлекеттерге ащы да қайғылы сабақ болды және ортақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен жершарын ядролық қарудың барлық түрінен азат ету – дүниежүзілік қауымдастықтың басты мақсаты болып табылатынын тағы бір дәлелдеді.
Экспозицияға жауынгер-залалсыздандырушылар киген эксперименттік әскери киім (1983 жылы тігілген), дозиметр – алған радиацияның мөлшерін анықтайтын аспап, радиациядан қорғайтын міндетті жеке қорғаныс құралдары – газтұтқыш және респиратор, оған қоса қатысушылардың марапаттары қойылады.
Көрменің мақсаты – адамзат алдында әскери және отаншылдық борышын ар-намыспен атқарған қазақстандық жауынгер-залалсыздандырушылардың жанкешті ерлік еңбегін көрсетeу.
Көрменің ашылуына Қазақстандағы Украинаның Төтенше және Өкілетті Елшісі, Ресей Федерациясының Бас консулы, Жапонияның Бас консулы, Алматы қаласының әкімшілігінен, ҰОС қалалық ардагерлер кеңесі, Орталық генералдар Кеңесі, Алматы қаласының ардагерлер ұйымдары, сондай-ақ әскери институттың курсанттары шақырылды.