05.01.2024 ж . Қазақ-Қырғыз халықаралық қолөнер шеберлері, кәсіби суретшілер мен көркем еңбек пәнінің педагогтарының арасындағы мәдени құнлылықтарды насихаттау, креативті индустрияны дамыту, өзара тәжірибе алмасу және Шығыстың шеберлері
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі Қазақстан Этнодизайнерлері одағымен бірлесе отырып, кәсіби суретшілер, көркем еңбек пәнінің мұғалімдері мен этноарт дизайнерлерінің халықаралық симпозиумын өткізді. Шара аясында «Шығыстың шеберлері» кітабының тұсауы кесілді. ҚР Мемлекеттік Орталық музейінің директоры Рашида Ерімқызы шараны салтанатты түрде ашып, Қазақ-Қырғыз қолөнер шеберлері, кәсіби суретшілер мен көркем еңбек пәні мұғалімдерінің арасындағы мәдени құндылықтарды насихаттап, креативті индустрияны дамыту және өзара тәжірибе алмасуда осындай басқосулардың маңызды екенін ерекше атап өтті. Симпозиум аясында дефиле, шығармашылық туындылар көрмесі, шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, оған Қазақстан мен Қырғызстаннан 100-ге жуық қолөнер шеберлері қатысты. Қазақ-Қырғыз этнодизайнерлері ұсынған «Ұлпан», «Айпара», «Шаңырақ», «Самғау» топтамаларының сән көрсетілімдері де көпшілікті тәнті еткені анық. Шараға Шымкент қаласы білім басқармасы әдістемелік орталығына қарасты мектеп мұғалімдері, Түркістан облысы білім басқармасына қарасты мектеп мұғалімдері, Қырғыз Республикасының ЖОО оқытушылары мен мектеп ұстаздары, Республика көлеміндегі білім беру ұйымдарының көркем еңбек пәнінің мұғалімдері, «Жебе» баспасы және БАҚ өкілдері қатысты. Қазақстан Этнодизайнерлер одағы бүгінде ұлттық құндылықтарымызды дамытып, төл тарихымызды қайта жаңғыртуға бағытталған маңызды мәселелерді басшылыққа ала отырып, ауқымды жұмыстар атқаруда. Бабаларымыздың бізге қалдырған құнды мұрасын әлемдік деңгейде дәріптеп, төл тарихымызды төрт құрлыққа таныту Қазақстан Этнодизайнерлер одағының басты мақсаты.