авто

Переключатель языков

22.04.2024 ж. Қырғызбай Рысұлы Қаңтарбаевтың 100 жылдығына арналған "САҒЫНЫШ" көркем туындыларының көрмесі

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музейі суретші, КСРО және ҚазКСР Суретшілер Одағының мүшесі, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері - Қырғызбай Ырысұлы Қаңтарбаевтың 100 жылдығына арналған "САҒЫНЫШ" көркем туындыларының көрмесін ашты.

Алғашқы сөз ҚР Мемлекеттік орталық музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ғалия Теміртонға берілді. Ол: «Қырғызбай Қаңтарбаев – ұстаздық қызметте және көркем өнер саласында да қазақ тарихында өшпес із қалдырған тұлға. Оның туындылары Қазақстан мен Ресейдің танымал музейлерінің (РЭМ, Санкт-Петербург) коллекциясына енгізілген. Ұлттық мәдениетімізді әлем алдында паш еткен тұлғаның көрмесі Орталық музей қабырғасында өтуі біз үшін зор мәртебе», - деді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы өнер академиясы ҚҚ вице-президенті Марлан Нысанбаев, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, профессор, Тоққожа Мұқажанұлы, Қ. Қаңтарбаевтың жұбайы Оңласын Исакова және ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, Қ. Қантарбаевтың ұлы Мақсат Қаңтарбаевтар сөз алып, естеліктерімен бөлісті.  

sagynysh01 sagynysh02
sagynysh03 sagynysh04
sagynysh05 sagynysh06

Қырғызбай Қаңтарбаев Абай, Жамбыл, Ш. Уәлиханов, Б.Момышұлы сынды көрнекті тұлғалардың мүсіндерін жасаған өнер иесі. Қазақтың ұлттық мәдениеті мен тарихын паш еткен көрмеде қылқалам шеберінің осындай таңдаулы туындылары көрермен назарына ұсынылды.

Әр отбасының ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын өзіндік салты мен дәстүрі бар. Өнер сабақтастығы Қаңтарбаевтар отбасында да жалғасын тауып, шығармашылыққа деген сүйіспеншілік пен сұлулықты көру қабілеті әкеден балаға, одан немерелеріне берілді. Бүгінде ұлы Мақсат Қаңтарбаев - пейзаж жанрының суретшісі, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі болса, немересі Нұрдана – суретші-педагог, дизайнер және мата бояумен айналысады. Көрмеге Қаңтарбаевтар отбасының сәндік-қолданбалы өнер туындылары да қойылды.

Қырғызбай Ырысұлы Қаңтарбаевтің ұстаздық еңбегі жоғары бағаланып, әріптестері мен шәкірттерінің ыстық ықыласына бөленді. Көрменің маңызды бөлігі шәкірттері мен ізбасарларына арналды, олардың шығармалары еліміздің ұлттық дәстүрлері мен тарихын бейнелейді.

Олар, Қазақстанның танымал суретшілері — Өмірбек Жұбаниязов, Ерлан Қожабаев, Жамиля Тәкен, Дастан Оразхан, Нұрлан Сатаев, Қайырбай Зәкіров, Оразбек Есенбаев, Жанұзақ Мүсапір, Тоққожа Қожағұлов, Қанағат Кодеков, Асқар Бейшекеев, Сергей Пожарский, Мирлан Құлдыбаев, Марлан Нысанбаев, Бейсебек Ақанаев, Нұрдана Қырғызбаева, Диана Мұхаммед, Болат Құсайынов, Диас Қантарбаев, Марат Тұрғынбай, Камил Мамукадзе, Нелли Бубе, Лидия Дроздова, Игорь Гущин, Жәнібек Сүйінбеков, Ирина Меламент, Григорий Головков, Жанат Сейітхамза, Мақсат Қаңтарбаев.

"Сағыныш" көрмесінің салтанатты ашылу рәсімінде суретшілер өздерінің авторлық өнер туындыларын музейге сыйға тарту етіп, ҚР Орталық музейінің қор коллекциясын толықтырды.

Жалпы саны 80-нен астам жұмыстар қойылған көрме 30-шы сәуірге дейін жалғасады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source