авто

Переключатель языков

27.02.2019 ж. Қаңтарбаевтар әулетінің «Шежірелі нақыштар» атты көрмесі

2019 жылдың 27 ақпанында сағат 15.00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде Қаңтарбаевтар әулетінің «Шежірелі нақыштар» атты көрмесі ашылады.

Отбасы – алтын діңгек. Әр отбасында ұрпақтан-ұрпаққа берілетін өзіндік дәстүр қалыптасатыны белгілі. Каңтарбаевтар отбасында баланың жастайынан шығармашылыққа бейімделуіне және оны өзінің сүйікті ісіне айналдыруына көп көңіл бөлінеді. Қаңтарбаевтар отбасының шығармашылығына тоқталғанда ойға «Ата өнері – балаға мұра» деген нақышты сөз оралады. Әсемдікті көріп тани білу, талғам қабілеті Мақсат пен Нұрданаға (әпкесі) әкесінен қонған.

Мақсаттың әкесі – Қантарбаев Қырғызбай Рысұлы – Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері, Абай атындағы ҚазПИ тәмамдаған, КСРО Суретшілер Одағының мүшесі, қолданбалы өнер бұйымдарын дайындаумен және оқытушылық қызметпен айналысты. Оның қолтумалары Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі, ҚР Мемлекеттік Орталық музейі және Ресей этнографиялық музейінде (Санкт-Петербург қ.) және т. б. сақталған.

Адамсопиева Нұрдана Тараз педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін бітірген. Бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі, дизайнер болып жұмыс істеді, матаны – батикпен бояу, әрлеумен («Қазақ арулары») шұғылданды.

Қырғызбай ақсақал немересі Диас Мақсатұлын да жастайынан шығармашылыққа баулыды. Т.Жүргенов атындағы мектепте және О. Таңсықбаев атындағы Алматы колледжінде білім алған Диас кескіндеме және графика жанрында еңбектенуде.

Выставка Кантарбаевых Выставка Кантарбаевых

Қаңтарбаев Мақсат Жамбыл қаласында дүниеге келген. Ол осы жылы өзінің 50 жылдығын атап өткелі отырған Абай атындағы ҚазПИ көркемсурет-графика факультетін 1988 жылы бітірген. Еңбек жолын Т.Рысқұлов ауданы Көгершін ауылының көркемсурет мектебінде сурет пәнінің мұғалімі, Луговой аудандық халыққа білім беру бөлімінде бейнелеу өнері пәнінің әдіскері болып бастады, Жамбыл облысы Луговой ауылында көркемсурет мектебін, «Өнер» шағын кәсіпорнын ашты.

М. Қаңтарбаев пейзаж жанрында еңбектенеді, акварель, майлы бояумен сурет салады, батик – матаны әрлеу өнерімен, ағаш оюмен айналысады. Суретшіні шығармашылыққа шабыттандыратын бірден-бір күш – тірі табиғат. Сондықтан, Мақсат кез келген кескіндемеші сияқты, өзінің көркемдік шеберлігін жетілдіруші орта табиғат аясында болу мүмкіндігін пайдалануға тырысып көбінесе пленэрде жұмыс істейді. Үнемі ізденісте жүрген суретші жеткен жетістіктерімен тоқталмайды, ал ізденіс нәтижесіндегі тың сарын оның жаңа шығармашылық жұмысынан көрініс табады.

Ол тұрмыстық заттар, гүлдер, ағаштар, жемістермен байытылған мың бояулы толымды әлемді суреттейді. Суретші картиналарында өзінің айрықша стилін, өзіндік қолтаңбасын, мәнерін айқын сипаттайтын түске көп көңіл бөледі. Мақсаттың шығармаларынан өмірге деген шынайы махаббат, қандай-да болмасын тақырыпқа қызығушылық, оның ішкі әлемі - жан-дүниесінің көрінісі, қуаныш, шаттық, сондай-ақ табиғат байлығын көре – көрсете білу, жетікізу қуанышы байқалады. Суретшінің Қазақстан табиғатын, Алматының сан-алуан көрінісі: Үшқоңыр тауының панорамасы, Түрген шатқалы, Шарын өзенінің каньондары, «Алатау», «Құлан өңірі», «Түрген тауы», «Нұрлы тау» тұрғын үй кешені сынды картиналары, «Хан тәңірі», «Лесной домик», «Роща Баума» триптихтары өте әсерлі. Әсіресе, «Қысқы таулар», «Батан шатқалы», «Медеу» және т.б. қысқы пейзаждары таңқаларлық туындылар.  

Қылқалам шебері портрет жанрында да еңбектенеді. Түрлі қиындықтарды жеңе білген, қашанда айналасындағыларға мейірімділік танытқан қарт адамдардың портреттері: «Апатайым», «Әкемнің портреті», «Д. А. Қонаев портреті» және т.б. туындылары құрмет пен сүйіспеншілікке толы.

Қаңтарбаев Мақсаттың еңбектері көптеген көрмелерге шығарылып, автор алғыс хаттар, дипломдармен марапатталды. Шебердің жұмыстары Мәскеу, Астана, Алматы, Тараз және Талдықорғанның жеке коллекциялары мен музейлері қорында сақталуда.

Экспозицияда шебердің 80-нен астам жұмысы қойылған.

Көрме 2019 жылдың 14 наурызына дейін жалғасады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source