13.02.2019 ж. Чехиядағы Орталық музей коллекциясы: Чехия Ұлттық музейімен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музей жұмысының негізгі бағыттарының бірі шет мемлекеттерде көрмелер ұйымдастыру болып табылады. ҚР МОМ әлемдегі жетекші музейлер және ғылыми мекемелермен бірлесе отырып көптеген ортақ жобаларды жүзеге асырды сондай-ақ, АҚШ, Италия, Германия, Жапония, Корея, Франция елдерінде көрмелер ұйымдастырды. 2018 жылы ҚР Мемлекеттік орталық музейі Қытай (Сиань қ.) және Түркия (Стамбул қ.) елдерінде көрмелер өткізді. Музей жұмысының аталмыш бағыттары шетелге Қазақстанның тарихы мен мәдениетін дәріптейтін әлемдік пиардың бірі болып табылады.
ҚР МОМ халықарылық ынтымақтастық шеңберінде, Қазақстан Республикасы мен Чехия Республикасы арасындағы мәдени байланыстарды нығайту мақсатында, 2019 жылдың 13 ақпан күні Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музей директоры Нұрсан Әлімбай және Чехия Республикасының Ұлттық музей директоры Михаил Лукеш музей ісі, тәжірибе алмасу, ғылыми және мәдени-біліми жобаларды жүзеге асыру мақсатында ынтымақтастық Меморандумына қол қойды.
Ынтымақтастықтың және бекітілген Меморандум нәтижесінде 2019 жылдың көктемінде Чехияның Ұлттық музейінде (Прага қ.) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музей қор коллекциясының «Ұлы даланың тарихи-мәдени келбеті» атты көрме өтеді. Көрме Чехия Республикасы жұртшылығын Қазақстанның тарихы және ерте көшпелілердің дәстүрі, сондай-ақ қазақтардың тарихы және мәдениетінің бай этнографиялық коллекциясымен таныстырады.
Көрме Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі және Чехия Республикасындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылады.