авто

Переключатель языков

11.04.2023 ж. «Халықтың ұлы, хас батыры Амангелді» әдеби-сазды кеші

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде 2023 жылдың 11 сәуірі күні сағат 15:00 де, 1916 жылғы Торғай уезінде өткен Ұлт-азаттық көтерілістің бас сардары, теңдік жолындағы күрескер батыр - Амангелді Имановтың туғанына 150 жыл толуына орай «Халықтың ұлы, хас батыры Амангелді» әдеби-сазды кеші өтеді.

«Халықтың ұлы, хас батыры Амангелді»Амангелді Имановтың есімі қазақ халқының тарихындағы аса бір даңқты кезең - 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліспен тығыз байланысты.Осы кезде Амангелдінің ұйымдастырушылық және қолбасшылық таланты айқын көрінген еді. Оның қол астындағы 50 мың сарбазы ерліктің, табандылықтың тамаша үлгісін көрсеткен.

Әдеби-сазды кеште Орталық музейдің «Қазақстан тарихын зерттеу» бөлімінің ұйымдастырған көрмені тамашалауға болады. Көрмеде Торғай көтерілісінің жетекшілері мен оның қатысушыларының тарихи рөлін айғақтайтын фото-материалдар қойылады. Ерекше орынды көтеріліс жетекшісі А.Имановтың жеке заттары (атыс қарулары мен суық қарулары, ұсталық инструменттері) алады. Экспозицияда А. Имановтың ұлдарының суреттері, «Амангелді» кинофильмі мен Қазақ академиялық театрының спектакльдерінен алынған эпизодтарының фото-материалдары ұсынылады. Сондай-ақ, халық суретшісі Ә.Қастеев пен Б. Урманченің кескіндемелері мен суреттері қойылады.

«Халықтың ұлы, хас батыры Амангелді» әдеби-сазды кешінің құрметті қонақтары Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі, «Тіл–құрал» оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығының директоры, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, ахметтанушы Райхан Имаханбет, А.Имановтың немересі Амангельдиев Батырлан Рамазанұлы, еңбек ардагері, қоғам қайраткері, Құрмет орденінің иегері, Ұлт жанашыры - Сарқытбаева Дәрия Әбіқұлқызы; журналист, ақын, сазгер, Қазақ радиосының ардагері, Қызылжар қаласының «Құрметті азаматы» Бекмағанбетов Бүркіт Мәжитұлы; ақын, сазгер - Исраил Сапарбаев пен ақын, сазгер, журналист Аманғазы Кәріпжан әулетінің қатысуымен өтеді.

Әдеби-сазды кеште Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы және П.Чайковский атындағы Алматы музыка колледжінің студенттері аталған іс шараның өтуіне ат салысып, өз өнерлерін көрсетеді.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source