авто

Переключатель языков

07.04.2023 ж. «ЫДЫСТАР СЫР ШЕРТЕДІ...» атты көрме

2023 жылдың 07 сәуір күні Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде «ЫДЫСТАР СЫР ШЕРТЕДІ...» атты көрме ашылады.

«ЫДЫСТАР СЫР ШЕРТЕДІ...» атты көрме ҚР Мемлекеттік орталық музейі қорында дәстүрлі қазақ мәдениеті мен этнографиясына қатысты бай коллекция сақтаулы. Олардың ішінде дәстүрлі ыдыс-аяқ түрлері ерекше бір коллекцияны құрайды. Қазақ өзінің қонақжайлығымен танымал болса, ондағы басты көрсеткіш дастарқан екендігі мәлім. Ал дастарқан сәні – ыдыс-аяқ екендігі баршаға аян. Дегенмен, қазіргі таңда дәстүрлі ыдыс-аяқтарымыз қолданыстан шығып, орнын заманауи ыдыстар басты. Сондықтан, қазақтың дәстүрлі ыдыс-аяқтарын және ол жөніндегі танымдарын көпшілікке таныстыру, қалыптастыру мақсатында «Ыдыстар сыр шертеді...» атты көрме ұйымдастырылып отыр.

Ыдыс сөзінің мағыналық, әрі қолданыс ауқымы кең. Тұрмыста пайдаланылатын іші қуыс, шұңғыл, жайпақ келген барлық жабдықтар ыдыс деп аталады. Ыдысқа сұйықтық құюға, бұйымдар сақтауға, тасымалдауға арналған жабдықтар жатады. Ал ас-тағам әзірлеуге, ішіп-жеуге қолданылатын ыдыс түрлерін ыдыс-аяқ деп атайды.

Аталмыш көрмеде ерте кезден қазақтың тұрмысында пайдаланылған тері, ағаш, металл сияқты шикізат материалдарынан дайындалған ыдыс-аяқ түрлері қойылады.  

Дәстүрлі ыдыс-аяқ түрлерімен бірге қазақ тұрмысында жиі қолданылған сырттан сауда-саттық барысында келген түрлі фарфор, металлдан жасалған көптеген ыдыстар да ұсынылады.

Көрмеде қазақтың шаруашылық-тұрмыстағы қажеттіліктерін өтеуде маңызды рөл атқарған таза табиғи заттардан жасалған бұйымдарға басымдық берілді.

Көрме 2023 жылдың 07 сәуірі мен 02 мамыры аралығында өтеді.

Өтетін күні мен уақыты: 07 сәуір 2023 жыл, сағат 11.00

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source