авто

Переключатель языков

25.02.2022 ж. «БАЛАЛЫҚ ШАҚ – ПАТШАЛЫҚ ТАҚ» атты көрме

2022 жылы 25 ақпанда сағат 15.00. – де Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музейінде «БАЛАЛЫҚ ШАҚ – ПАТШАЛЫҚ ТАҚ» көрмесі ашылады.

 «БАЛАЛЫҚ ШАҚ – ПАТШАЛЫҚ ТАҚ» атты көрмеҚазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа 2022 жылды Балалар жылы деп жариялады. 2021 жылы 16 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ҮІ-шы отырысына қатысты. Реформалардың түпкі мақсаты – ұлттың сапасын арттыру деді. Сондай-ақ, ана мен баланы қолдауды мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде атап өтті.

Этномәдени білім мен тәрбие, жеке тұлғаның шығармашылық дамуы, өскелең ұрпақтың азаматтық қалыптасуының мәселелері - қоғамның болашақ бағдарын, елдің ұлттық қауіпсіздігін айқындайтын ерекше тақырып. Қазақстан Республикасының білім беру ошақтарының жүйесінде барлық үлгідегі этномәдени саласын дамыту - басым бағыттардың бірі.

Көрменің мақсаты: балалар этнографиясын өзектендіру. ҚР МОМ қорындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған экспонаттар арқылы тәрбиелеу үрдісі үстінде балалардың танымдық қасиеттері мен адамгершілік нормаларын, когнитивті, коммуникативті дағдыларын, ерекше қабілеттерін аша отырып, этномәдениетті сіңіру арқылы жан-жақты дамыту, тәжірбиеде қолдану. Өткен ұрпақ тәжірибесіндегі мәселелерді тұжырымдау арқылы балаларды дербес шығармашылыққа дайындаудың шешімін табу. Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық тәлім-тәрбиенің белгілі жүйесінде жас буын жадына біртіндеп сіңіріп отыратын арнаулы жолдар, тиісті тәсілдерді қолдану. Мақал-мәтелдердегі адамгершілік, имандылық тәрбиесіне байланысты әдет-ғұрыптарды насихаттау. Жұмбақ, айтыс, өлең, жыр-дастандары ақыл-ой тәрбиесінің негізгі принциптерін, ертегілерді халықтық тәрбиенің сан алуан мәселелерін қозғайтын тәлімдік материал ретінде пайдалану. ҚР МОМ қорын келушілерге таныстыру, балалар тақырыбындағы жәдігерлерді көпшілік назарына көрме арқылы ұсыну.

«Балалық шақ – патшалық тақ» көрмесі ҚР МОМ қорынан б.з.д. ІІ ғ.–б.з.б. ІҮ ғ. (ойын асықтары); IX-XI ғғ. (ыдыстары); ХІ-ХІІІ ғғ. (баланың түбегі); ХІІІ-ХІҮ ғғ. (сәбидің шүмегі); ХІХ-ХХ ғғ. қамтитын сирек кездесетін балалардың фотосуреттері; бағалы этномәдениеттің қайнар көзі - ұлттық құндылық болып саналатын бала киімінің үлгілері, әшекейлері, «ойыншықтар әлемі», бала күтімінде қолданылатын заттары, қазақ мәдениетінің ерекшеліктерін, дәстүрлі өмір салтының отбасылық тұрмыс-тіршілігін бейнелейді. Жәдігерлердің іріктелуі тақырып бойынша жүзеге асырылады және сол кездегі отбасылық-әлеуметтік болмыс тұрғысынан сыр шертеді.

Музей – мұра болған құнды жәдігерлерді сақтап, білім берудің әдіс-тәсілдерімен нақты балалар этнографиясын тәлімгерлік ой-пікірдің негізінде, халықтың рухани мұрасы арқылы тәжірбиеде қолданып, жаңғыртуда. Сондай-ақ, мәдени, ғылыми, біліми мекеме ретінде жас ұрпақтың жан-жақты дамуына, рухани сананың қалыптасуына ерекше үлесін қосуда. Дегенмен, салт-дәстүрдің бәрі өмірде бірдей жарамды деуге келмейді, олардың озығы мен, тозығы да болады, оны бүгінгі күннің талап-тілегімен байланыстыра білу маңызды.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source