авто

Переключатель языков

13.12.2023 ж . Желтоқсан – Тәуелсіздік жаңғырығы

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде Тәуелсіздік күні және 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларына арналған «Желтоқсан – Тәуелсіздік жаңғырығы» көрмесінің ашылуы өтті.

Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізуіне 1986 жылы Алматыда өткен желтоқстан оқиғасының бірден-бір себеп болғаны тарихтан мәлім. Бұл күн егемен еліміздің қалыптасуы мен дамуы жылдарында жүріп өткен сан қилы жолдарын еске түсіреді. Уақыт өткен сайын бұл тарихи оқиғаның маңызы арта түседі және халық жадында болады.

Көрмеге қойылған құнды экспонаттар қатарында 1986 жылғы Брежнев алаңында өткен Желтоқсан оқиғасының қатысушысы, КСРО Халық әртісі Ә.Мәмбетовтың қанға боялған киімдері (пиджак, жейде және галстук) бар. Танымал режиссер өз естелігінде: «1986 жылдың, 17-желтоқсанында Кеңес армиясы солдаттары бізді соққыға жығып, жүк көлігіне бірнеше адамды міңгестіріп жатқанда түбінде ақиқат анықталарына сенгенмін. Сол күн туды» - деп жазады.

Сондай-ақ көрмеге Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің жеке коллекциясынан алынған темір арматуралы сойылдар қойылды. Бұл туралы қаламгер былайша баяндайды: «1986 жылы желтоқсан оқиғасынан 10 шақты күн өткеннен кейін алаңға арнайы бет алдым. Қалың қар күреліп, алаңның шетіне үйілген екен. Әлдебір тұстан таяқтың ұшы көрінді. Сақшылардың көзін ала бере таяқты суырып алдым. Кері қайтып келдім де, тағы бір таяқты аршып алдым. Екеуін де үйге әкеліп, сақтап қойып едім». Жазушы сойылдарды 2014 жылы музей қорына өткізген.

Сонымен қатар, көрмеге келушілер назарына 17-18 желтоқсан күндері дыбысты күшейту үшін пайдаланылған электромегафон, желтоқсан оқиғасы негізінде «Аллажар» фильмін түсірген режиссер Қалдыбай Әбеновтың кешенінен алынған материалдар, Қайрат Рысқұлбековтың фотосуреттері мен жеке құжаттарының түпнұсқасы, өзге де Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың заттық экспонаттары мен құжаттары, фотосуреттері және осы тарихи оқиға туралы жазылған кітаптар ұсынылды. Жалпы бүгінде музей қорында Желтоқсан оқиғасына қатысты 200-ден астам жәдігер бар.

Шараға Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, журналист-публицист, желтоқсаншы Хасен Қожа-Ахмет және Желтоқсан ардагерлері қатысып, естеліктерімен бөлісті.

Көрме аясында ұйымдастырылған «Тәуелсіздік бастауы - Желтоқсан» мәдени-танымдық іс-шарасында Бауыржан Момышұлы атындағы Республикалық «Жас Ұлан» мектебінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясының курсанттары және Алматы қаласының полиция департаментінің қызметкерлері өнер көрсетті.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source