авто

Переключатель языков

08.11.2023 ж. Корей фотографы Ён Сун Судың «Менің жаным мен табиғат арасындағы қашықтық» атты жеке көрмесі

2023 жылдың 8 қараша күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музейінде корей фотографы Ён Сун Судың «Менің жаным мен табиғат арасындағы қашықтық» атты жеке көрмесінің ашылуы өтеді.

Корей фотографы Ён Сун Судың «Менің жаным мен табиғат арасындағы қашықтық» атты жеке көрмесі

Корей фотографы Ён Сун Судың «Менің жаным мен табиғат арасындағы қашықтық» атты жеке көрмесі

Ён Сун Су - Оңтүстік Кореялық профессор және дәрігер. Ол көптеген елдерді аралап, қала пейзаждарын таспалады және бейнелеу өнерінің фотографиялық нұсқасын жасай отырып, әлемнің ең таңдаулы туындыларын көрермен жүрегіне жеткізе алды. Фотограф АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Италия, Греция, Жапония, Қытай, Польша, Израиль, Иордания, Канада, Таиланд, Индонезия, Гонконг, Макао, Ресей, Германия, Австрия, Венгрия, Чехия және Вьетнам сияқты елдердің ең қызықты жерлерінде болып, фотосуреттер жинағын 5000-нан астам таңғажайып суреттермен толықтырған.

Ён Сун Су жұмыстары Еуропа мен Азиядағы ең үздік топтық көрмелерде көрсетілді, бірақ «Менің жаным мен табиғат арасындағы қашықтық» оның Алматы қаласындағы Мемлекеттік орталық музейіндегі алғашқы жеке көрмесі болғалы отыр. Ол өзінің жан дүниесінің тазалығы мен табиғатпен етене жақындығын көрсететін ең таңдаулы 20 фотосуретін ұсынады. Сонымен бірге, «Уақыттан тыс. Эмоциялар мен екпіндер» атты топтық көрмеде кореялық ерекше орындар мен нысандарды бейнелейтін 3 туындысын көрсетеді.

Ён Сун Судың көрмелері оны танымалдыққа жеткізді және ол өзінің фотосуреттері арқылы әлемнің ең ерекше елдеріне саяхаттауға бағыт-бағдар сілтейді. Оған дәлел Венециядағы Accorsi галереясында (Италия) өткен «Өнер пішіні», Париждегі Carousel du Luvr өнер жәрмеңкесінде, Лондондағы Parallax Art Fair, Копенгагендегі Art Nordic Art Fair, SwissArtExpo-да Биенналемен қатар «Өнер пішіні» стенді көрмесі, Цюрихте, Бейжіңдегі Бүкіл әлемдік өнер көрмесі, Дүниежүзілік Сеул ЭКСПО-да, сонымен қатар Германия, Испания, Иордания, Түркиядағы галереяларда өткен көрмелері.

Ол Корея Республикасында дәрігер ретінде қатерлі ісікке ең жақсы көмек көрсететін Samsung Seoul ауруханасында профессор болып жұмыс істеді. Ён Сун Samsung Sky ауруханасының директоры болып тағайындалғанда, науқастарды толыққанды емдеуде өнердің құдіреті аурудың күш-қуатын толықтыруға көмектеседі деген оймен суретке түсіре бастады. Ён Сун пациенттерге жайлылық пен психологиялық тұрақтылық сыйлау үшін шын жүректен жұмыс істеуге тырысты. Жасанды заттардан қашып, табиғаттың ерекше бейнелерін суретке түсіріп, оның кереметтері мен құндылықтарын көрсетуді көздейді. Ол Гиппократтың: «Өмір қысқа, өнер ұзақ» деген сөзін өмірлік ұстанымына айналдырған жан.

Ён Сун Судың стилі оның көркемдік сезімталдығын көрсетеді, бұл оған жақын немесе алыс бейнелерді, ақ-қара түсті іздеу мен ойлану кезеңінен кейін түсіруге мүмкіндік береді және нәтижесі таңқаларлық. Оның фотосуреттеріндегі поэзия – суретшіге тән корей рухының үнемі өзгеріп, түрленіп отыратын табиғаттың қозғалысы мен эволюциясымен үйлесуі. Ён Сун дәл осы элементті, табиғат эволюциясының мәңгілік қайталанбайтын сәтін, климаттың өзгеруін, адамзаттың, табиғат пен оның байлығын түсіруге тырысады.

Ён Сун Судың бейнелеу өнері фотосуреті бүкіл әлемде мойындалды. Соның нәтижесінде көптеген марапаттарға ие болды. Олар: 2013 жылы Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының 6-шы өнер фестиваліндегі бас жүлде, 2019 жылы 43-ші Дүниежүзілік Токио өнер фестиваліндегі арнайы жүлде, Леонардо да Винчи сыйлығы, Пегасус сыйлығы, үздік суретшілер сыйлығы, Микеланджело сыйлығы, Италиядағы мансап өнері сыйлығы, Вашингтондағы өнердегі көшбасшылық марапаты. Оның суреттері «Заманауи атақты шеберлер» және «Италиядағы бейнелеу өнерінің кейіпкерлері» кітаптарының 5 томында көрсетілген.

Болашақта Ён Сун Су адамзатқа сапалы туындылар қалдырып, әлем жастары үшін көркем галереялар құруды армандайды. Сонымен қатар, ол халықаралық университет құруды және мұқтаж адамдарға көмектесетін көшбасшыларды тәрбиелеуді мақсат тұтады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source