авто

Переключатель языков

18.09.2023 ж . «Жер планетасына тағзым» атты халықаралық 15-ші көрме 27-ші қыркүйекке дейін жалғасады

Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейінде (DIAEA) Тэджондағы халықаралық өнер алмасу қауымдастығы мен Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұйымдастыруымен «Жер планетасына тағзым» атты 15-ші халықаралық көрме өтті.

Көрменің мақсаты - халықтар арасындағы өзара мәдени байланыс пен ынтымақтастықты қолдау және нығайту. Бейбітшілік пен тұрақтылықты, табиғат пен қоршаған ортаның сұлулығын насихаттау және әлемдегі табиғи апаттар мен адамның тікелей іс-әрекетінен болған экологиялық апаттарға назар аудару.

Көрменің салтанатты ашылуында ҚР МОМ директоры Рашида Харипова: «Жер планетасына тағзым» атты халықаралық 15-ші көрменің ҚР Мемлекеттік орталық музейінде ашылуы біз үшін зор жетістік деп білеміз. Себебі Орталық музей тек Қазақстанның емес, республика аумағында өмір сүріп жатқан барлық халықтардың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрі мен тарихын насихаттауға арналған еліміздегі ең ірі мәдени ошақ. Осы көрме музейге келген қала тұрғындары мен қонақтарының және шетелдік туристердің табиғатқа деген сүйіспеншілігін оятып, қоршаған ортаның маңызды проблемаларын терең сезінуіне септігін тигізері анық. Ал халықаралық көрме екі ел арасындағы мәдени байланысты арттырады деп сенемін», - деді.

Сондай-ақ салтанатты шарада Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының Оқу және оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры Шәріпбек Ағабайұлы, Тэджондағы халықаралық өнер алмасу қауымдастығының президенті Shim Woond-Taik, демеушілер Park So-Young, Hwang Gil-Yeon сөз алып, көпшілікті көрменің ашылу салтанатымен құттықтады.

Көрмеге кескіндеме, мүсін, графика және аралас техникада орындалған отандық және корейлік әлемге танымал суретшілердің 130 картинасы қойылды. Халықаралық шараға 90-нан астам корейлік суретші атсалысқан болатын. Ал еліміздің атынан қатысқан қылқалам шеберлерінің қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері - Амандос Ақанаев, Жұмақын Қайрамбаев, Әлібай Бапанов, Болат Тұрғынбай, Бауыржан Байділда, Нелли Бубэ, Өмірбек Жұбаниязов сынды танымал суретшілер бар.

Бүгінде екі ел арасындағы мәдени, шығармашылық байланыс қарқынды дамуда. Академия ұстаздары мен магистранттары бірнеше рет Тэджон қаласында өткен халықаралық көрмелерге қатысып, кореялық суретшілер өнер академиясында көрме өткізіп, өзара тәжірибе алмасып келеді. «Жер планетасына тағзым» атты көрме бейнелеу өнері саласындағы заманауи бағыттағы өнер туындыларыларымен өз көрерменін табады деп сенеміз.

Көрме қатысушылары Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен ҚР суретшілер одағы, ҚР Көркемсурет академиясының алғыс хаттары және сертификаттарымен мараппатталды.

Көрмеге Оңтүстік Корея, Қазақстанның суретшілері, өнертанушылар, студенттер мен БАҚ өкілдері қатысты.

«Жер планетасына тағзым» атты халықаралық 15-ші көрме 27-ші қыркүйекке дейін жалғасады.

 

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source