авто

Переключатель языков

02.05.2024 ж. «Қуаныштың көк түсі» өнер көрмесі

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейі 2024 жылғы 2 мамырда сағат 16.00 - де «Қуаныштың көк түсі» көркем шығармалар көрмесін ашады.

Көк - әдетте аспан түсі. Бұл түс - жердегі тіршілікпен тығыз байланысты. Әркімнің көк түсті қабылдауы әртүрлі. Осы түске ену арқылы тыныштық, тазалық, шынайылық  сезімдерін бастан өткереміз.

afisha-palitraБұл көрме адамдарға арналған сұрақтың эксперименттік жалғасы деуге болады. Яғни түстерді қалай сезінесіз?

«Яблоневая палитра» Кәсіби суретшілер қауымдастығы осыған дейін де «ақ», «жасыл», «қызыл» тақырыптарында эксперименттік көрмелер өткізді. Ал бұл Қазақстан халқының жан тазалығы туралы символдық көрме.

Суретшілердің туындыларында Қазақстанның бейбіт көк аспаны, көгілдір таулары мен мөлдір суы бейнеленеді.  Мемлекеттік геральдикада ел туының түсі көк болуы кездейсоқтық емес. Көк түс - шексіз және мәңгілік.              

Сондай-ақ көрмеде экологиялық тақырып қозғалады. Қазақстанның ауасын, өзендер мен көлдерді, дала мен тау гүлдерін қорғау бүгінде өте өзекті. Суретшілердің бұл таңғажайып түстерді осы көрмеге қойылатын шығармашылық жұмыстары арқылы көрсетуі көпшілікті қызықтырары сөзсіз.

«Қуаныштың көк түсі» көрмесіне «Яблоневая палитра» қауымдастығының отыздан астам кәсіби суретшілері қатысады.

Олардың құрамында ҚР Суретшілер одағының мүшелері, Қазақстан өнер қайраткерлері, ҚР Өнер Академиясының мүшелері, «Яблоневая Палитра» Кәсіби суретшілер қауымдастығының белсенді қатысушылары: Ақанаев Бейсебек, Марлан Нысанбаев, Лидия Дроздова, Игорь Гущин, Георгий Макаров, Есназарова Перизат, Мақсат Қаңтарбаев, Фурса Елена, Ророкин Александр, Кәрімов Ильдар, Ақанаева Ботагөз, Ли Георгий, Саванкина Лариса, Киянова Ирина, Самаркин Юрий, Попова Елена, Латын Андрей, Сағымбаев Жұмағазы, Абжанова Анара, Ведерников Максим және басқа да қылқалам шеберлері бар.

29.04.2024 ж. «КӨНЕНІҢ КӨЗІ - САНДЫҚ» cандықтар коллекциясының көрмесі

2024 жылдың 29-сәуірі күні Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде музей қорындағы сандықтар коллекциясы негізінде «КӨНЕНІҢ КӨЗІ - САНДЫҚ» көрмесі ашылады.

ҚР Мемлекеттік орталық музейі қорында дәстүрлі қазақ мәдениеті мен этнографиясына қатысты бай коллекция сақтаулы. Олардың ішінде сандықтың ерекше түрлері бар.

afisha-sandykСандық – халық тұрмысында ерте кезден пайдаланылып келе жатқан ең ежелгі жиһаздың бірі. Заман ағымына сай дәстүрлі ортада қолданылған көптеген үй жиһаздары бүгінде қолданыстан шығып, өзінің әуелгі функциясы ұмытыла бастағанмен, сандықтар әлі күнге дейін ұзатылған қызға жасалатын жасаудың бірі ретінде өз мәнін жоғалтпай келеді. Үйдің төрінен орын алатын сандықтардың үстіне жүк жиналады. Сондай-ақ, оның ішіне бағалы дүниелер (асыл бұйымдар, қымбат маталар, киімдер), тәттілер, тіпті ғұрыптық мәні бар заттар: қырқынан шыққанда алынып, шүберекке оралған баланың қарын шашынан бастап, ұзатылып келген қыздың сәукелесі, адам қайтыс болғанда оралатын кебініне дейін сақталған. Сондықтан сандықтардың атқаратын рөлі үлкен болған.

Жасалу материалына, көлемі мен атқаратын қызметіне қарай сандықтар: жағлан, кебеже, абажа, абдыра, ақырет сандық, шай сандық, ағаш сандық, сүйектелген сандық, оймышты сандық деп бөлінеді.

Көрмеге Орталық музей қорында сақтаулы сандықтардың - кебеже, абажа, абдыра, шай сандық, ағаш сандық, сүйектелген сандық және т.б. түрлері қойылады, олардың әрқайсысының жасалуы мен тұтынылуына қарай өз ерекшелігі бар.

22.04.2024 ж. Қырғызбай Рысұлы Қаңтарбаевтың 100 жылдығына арналған "САҒЫНЫШ" көркем туындыларының көрмесі

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музейі суретші, КСРО және ҚазКСР Суретшілер Одағының мүшесі, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері - Қырғызбай Ырысұлы Қаңтарбаевтың 100 жылдығына арналған "САҒЫНЫШ" көркем туындыларының көрмесін ашты.

Алғашқы сөз ҚР Мемлекеттік орталық музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ғалия Теміртонға берілді. Ол: «Қырғызбай Қаңтарбаев – ұстаздық қызметте және көркем өнер саласында да қазақ тарихында өшпес із қалдырған тұлға. Оның туындылары Қазақстан мен Ресейдің танымал музейлерінің (РЭМ, Санкт-Петербург) коллекциясына енгізілген. Ұлттық мәдениетімізді әлем алдында паш еткен тұлғаның көрмесі Орталық музей қабырғасында өтуі біз үшін зор мәртебе», - деді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы өнер академиясы ҚҚ вице-президенті Марлан Нысанбаев, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, профессор, Тоққожа Мұқажанұлы, Қ. Қаңтарбаевтың жұбайы Оңласын Исакова және ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, Қ. Қантарбаевтың ұлы Мақсат Қаңтарбаевтар сөз алып, естеліктерімен бөлісті.  

sagynysh01 sagynysh02
sagynysh03 sagynysh04
sagynysh05 sagynysh06

Қырғызбай Қаңтарбаев Абай, Жамбыл, Ш. Уәлиханов, Б.Момышұлы сынды көрнекті тұлғалардың мүсіндерін жасаған өнер иесі. Қазақтың ұлттық мәдениеті мен тарихын паш еткен көрмеде қылқалам шеберінің осындай таңдаулы туындылары көрермен назарына ұсынылды.

Әр отбасының ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын өзіндік салты мен дәстүрі бар. Өнер сабақтастығы Қаңтарбаевтар отбасында да жалғасын тауып, шығармашылыққа деген сүйіспеншілік пен сұлулықты көру қабілеті әкеден балаға, одан немерелеріне берілді. Бүгінде ұлы Мақсат Қаңтарбаев - пейзаж жанрының суретшісі, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі болса, немересі Нұрдана – суретші-педагог, дизайнер және мата бояумен айналысады. Көрмеге Қаңтарбаевтар отбасының сәндік-қолданбалы өнер туындылары да қойылды.

Қырғызбай Ырысұлы Қаңтарбаевтің ұстаздық еңбегі жоғары бағаланып, әріптестері мен шәкірттерінің ыстық ықыласына бөленді. Көрменің маңызды бөлігі шәкірттері мен ізбасарларына арналды, олардың шығармалары еліміздің ұлттық дәстүрлері мен тарихын бейнелейді.

Олар, Қазақстанның танымал суретшілері — Өмірбек Жұбаниязов, Ерлан Қожабаев, Жамиля Тәкен, Дастан Оразхан, Нұрлан Сатаев, Қайырбай Зәкіров, Оразбек Есенбаев, Жанұзақ Мүсапір, Тоққожа Қожағұлов, Қанағат Кодеков, Асқар Бейшекеев, Сергей Пожарский, Мирлан Құлдыбаев, Марлан Нысанбаев, Бейсебек Ақанаев, Нұрдана Қырғызбаева, Диана Мұхаммед, Болат Құсайынов, Диас Қантарбаев, Марат Тұрғынбай, Камил Мамукадзе, Нелли Бубе, Лидия Дроздова, Игорь Гущин, Жәнібек Сүйінбеков, Ирина Меламент, Григорий Головков, Жанат Сейітхамза, Мақсат Қаңтарбаев.

"Сағыныш" көрмесінің салтанатты ашылу рәсімінде суретшілер өздерінің авторлық өнер туындыларын музейге сыйға тарту етіп, ҚР Орталық музейінің қор коллекциясын толықтырды.

Жалпы саны 80-нен астам жұмыстар қойылған көрме 30-шы сәуірге дейін жалғасады.

26.04.2024 ж. Баймбетова Құрманкүл суретші-ұстаздың жеке көрмесі

afisha kurmankulҚазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музейі 2024 жылғы 26 сәуірде сағат 16.00-де суретші-педагог, ҚР Еуразиялық Суретшілер және этно-Дизайнерлер одағының мүшесі Баймбетова Құрманкүлдің 60 жылдығына арналған " Менің өнердегі  ұстаздық жолым" жеке көрмесін ашады.

Баймбетова Құрманкүл Сейтжапарқызының педагогикалық өтілі 30 жыл. Ол ҚР суретшілері мен этно-дизайнерлері Еуразиялық одағының мүшесі. Республикалық, қалалық және халықаралық көрмелер мен конкурстарға белсенді қатысады, олардың арасында — Талдықорған қаласында өткен «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Ұрпаққа аманат» халықаралық көрмесіне қатысып, I дәрежелі дипломмен марапатталды. Балалар шығармашылығының XIV Халықаралық «Менің қаламдағы күз» байқауы; КазБСҚА жанындағы Қазақстан бас сәулет-құрылыс академиясының «Наурыздың көктемгі бояулары» байқауы;  IV халықаралық суреттер, костюмдер, «Шығармашылық еркіндігі» қолөнер байқауы; Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған «Бабалар аманаты», «Көп ғасырлық толқулар» республикалық қойылымдары; XXI халықаралық онлайн- «1 Мамыр - достық мерекесі» байқауы; «ХХІ ғасыр көшбасшысы», «Күзгі бал» халықаралық шығармашылық байқауы, «Ұлы дала ұрпақтары» фестивалі; «Алматы БалаFEST» қалалық балалар фестивалі аясында «Бояулар құпиясы»,«Өнерлі бала» (2022-2023 жж.), Т.Жүргеновтың 125 жылдығына, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың 95 жылдығына арналған «Суретшілер әлемі» байқауы. «Шығыс шеберлері» халықаралық симпозиумы және т. б.

Баймбетова Құрманкүл педагог ретінде көптеген мақалалардың және әдістемелік әзірлемелер, оқыту білім беру бағдарламаларының авторы. Суретшінің шығармашылығы мен педагогикалық қызметі туралы мақалалары әртүрлі басылымдарда, каталогтарда, кітаптарда, сайттарда, материалдар жинақтарында  орналастырылған. Мұғалімдерге арналған «БАБАЛАР АМАНАТЫ» халықаралық сайтында «Заманауи педагог", «Педагогтың шығармашылығы» және «Мәңгілік ел ұстаздары» (Мұғалім шығармашылығы) оқытудың жаңа стандарттары туралы мақалалары жарияланған.

Сондай-ақ, оның жұмыстары қазақстандық суретшілердің өнер туындыларының каталогтарына енгізілген. Арнайы ғылыми-әдістемелік шығарылымы  «Соңғы онжылдықтағы Қазақстан педагогтерінің үздік мақалалары» (2023 ж.). 2022 жылы Стамбул қаласында педагогтарды оқытудың «Креативті және инновациялық әдістері" атты халықаралық тағылымдамадан өтті.

"Менің өнердегі ұстаздық жолым" көрмесі суретшінің соңғы жылдардағы еңбектері мен шығармашылығын қамтиды. Көрмеде әр түрлі техникада орындалған 35-ке жуық жұмыс ұсынылады: боялған қораптар, пейзаж, натюрморт, портрет сияқты жанрлардағы кескіндеме жұмыстары.

Көрме 2024 жылдың 11 мамырына дейін жалғасады.

03.04.2024 г. Геологтар күніне орай «Қазыналар әлеміне саяхат» көрмесі ашылады

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде 2024 жылдың 3 сәуір күні сағ. 15.00-де Геологтар күніне орай алғаш рет музей қорындағы геология коллекциясы негізінде «Қазыналар әлеміне саяхат» көрмесі ашылды.

Көрменің мақсаты – Геологтар күні қарсаңында Орталық музей қорындағы қойнауы асыл қазынаға толы Отанымыздың табиғи ресурстарын көрсету және оның әр алуандығын насихаттау арқылы жастардың ұлттық геологияны зерттеп, дамытуға деген қызығушылығын арттыру.

geologya01  geologya03 
 geologya02  geologya04
 geologya05  geologya06

Көрме экспозициясына Қазақстан территориясындағы кен орындарынан, атап айтқанда, Жезқазған, Соколов-Сарыбай, Қаражанбас, Текелі, Қарағанды, Риддер, Жезді, Зырян, Тасқайнар және басқа да кен орындарынан  алынып, 1935 жылдан 2011 жылға дейін музей қорына жинақталған 1253 сақтам бірлікті құрайтын геологиялық материалдардан іріктелген, ғылыми маңыздылығы жоғары әрі келушілердің қызығушылығын тудыратын 150-ден астам алтын дақтары бар кварц, топаз, аметист, халцедон сияқты жартылай бағалы тастар, малахит, флюорит, жадеит, азурит, циркон, нефрит, яшма, агат, нефрит, чароит және басқа да минералдар мен обсидиан, антрацит, грейзен, торф сияқты тау жынысының үлгілері  көпшілік назарына ұсынылды.

Қазақстан – жер шарында территориясының көлемімен ғана емес, табиғи ресурстарымен де танымал. Оның қойнауынан Менделеев кестесіндегі 118 элементтің 99-ы анықталған. Дүние жүзіндегі жетекші елдер ғалымдарының бағалауы бойынша Қазақстан табиғи ресурстар – мұнай, газ, титан, магний, қалайы, уран, алтын және басқа да түсті металдар қоры жағынан әлемде алтыншы орында тұр. Ал вольфрам өндірісі мен қоры бойынша бірінші, хром және фосфор кендері қоры бойынша екінші, қорғасын мен молибден бойынша төртінші, темір рудасының жалпы қоры бойынша сегізінші орында.

Геология жер қойнауына дендеп еніп, Жер-Ананың тылсым сырларына қанығудың, жаңалықтарды ашудың бірден-бір мүмкіндігі. Қазақстан геологиясының даму тарихы Қ.И. Сәтбаев, Ж.А. Айталиев, А.Қ. Қайыпов сынды отандық ғалымдардың есімімен тығыз байланысты. Бүкіл қоғам үшін қажетті ресурстарды іздеу, барлау және өндірумен шұғылданатын ғалымдардың ерен еңбегі нәтижесінде қазіргі таңда 6000 пайдалы қазба орындары ашылған. Олар ел экономикасын дамытудың негізгі көздері және әлемдік нарықта да маңызды рөл атқарады. Пайдалы қазбалар бүгінде энергия көзі ғана емес, сонымен қатар әртүрлі қорытпаларды, құрылыс материалдарын, химиялық заттарды және біздің күнделікті өмірімізге өте қажет басқа заттарды өндіруге арналған шикізат ретінде пайдаланылады.

Көрмені ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директоры Рашида Ерімқызы салтанатты түрде ашты. Сондай-ақ Қ.И. Сәтбаев атындағы геология ғылымдары институтының директоры, геология-минералдар ғылымдарының докторы, профессор Герой Жолтайұлы және Қазақ Ұлттық Ғылым Академиясы Қ.И. Сәтбаев атындағы мемориалдық музей директорының орынбасары Бақытжамал Ахметқалиқызы мен Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университеті жанындағы тарихи музейдің бас маманы Аспандияр Әденұлы шараға арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің қорындағы геология коллекциясы негізінде ұйымдастырылған «Қазыналар әлеміне саяхат» көрмесі енді тұрақты түрде көрермен назарына ұсынылады. Байтақ даламыздың жер қойнауынан табылған жауһарлармен танысқыңыз келсе, Орталық музейге асығыңыз! 

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source