Билеттер
Мәзір
Билеттер

30.10.2026 ж. «Даланың алып қоңырауы» атты тақырыптық-экспозициялық көрмесі

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы аясында ҚР Ұлттық орталық музейінде аса көрнекті халық ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толуына арналған «Даланың алып қоңырауы» атты тақырыптық-экспозициялық көрме ашылды.

Көрменің ашылу салтанатында алғашқы сөз ҚР ҰОМ директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Атығаев Нұрлан Әділбекұлына берілді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының халық әртісі, режиссер-драматург Ерсайын Төлеубай Жүнісбекұлы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы – Алматы облысы бойынша Кәсіби даму институтының директоры Нұрлыбаев Қайсар Көпжасарұлы және Алматы қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ералиев Асхат Бекназарұлы сөз сөйлеп, көрменің тарихи-танымдық маңызына тоқталды.

Аталмыш көрменің негізгі жәдігері ретінде ағартушының Уақбаев Серік Жамантайұлы есімді жерлесі тарапынан музей қорына 1989 жылы өткізілген жеке қалта сағатын («Павел Буре» зауыты) ерекше атауға болады. Жары Айғаныс, ұлдары Абдолла мен Әбдірахман, қызы Шәрипа және немересі Нағима Абдоллақызының, ұстаздық қызметтің әр жылдары туған өңірінде салдырған оқу орындарының (мектептер, интернаттар, училищелер) түпнұсқа фотосуреттері (1959 жылы ҚР Мемлекеттік орталық музейінің Қостанай облысы, Амангелді ауданына жасаған экспедициясы кезінде жинақталған) және көшірме суреттері де осы экспозиция төрінен орын алған.

Ағартушының Орынбор қаласында өзі негізін қалаған мектепке қабылданған қазақ балаларының алуан түрлі мәселелерін қозғап 1864 жылы Н.И. Ильминскийге (1822-1891), 1880 жылы Сыртқы Істер Министрлігінің Орынбор генерал-губернаторына жазған хаттары, газетке бастыруға дайындаған 4 беттік қолжазбасы, Торғай өңірінде 1884 жылы болыстық мектептер салу жөніндегі мәліметтер және жат жұрт балалары үшін бастауыш мектептер ашу туралы ережелердің көшірмелері (1986 ж. ҚазССР Ғылым Академиясы кітапханасының Сирек кездесетін қолжазбалар мен басылымдар бөлімінен алынған) көрменің деректік арқауын арттыра түсті.

Ы. Алтынсариннің Қостанайдағы екі сыныптық училищенің оқушыларымен бірге түскен, Обаған болыстық және өзі ашқан мектептердің шәкірттерінің, ағартушының хаттарын зерттеген Бекежан Сүлейменовтің (1912-1984), ізбасарлары Әбдіғали (1866-1942) мен Ахмет Балғымбаевтар, Нәзипа Құлжанованың (1887-1934) фотосуреттерін де осы экспозициядан тамашалауға болады.

XIX-ғасырдың аяғында қазақ даласының Батыс аймағында және  Жетісу өңірінде мектептер салдырып, қазақ балаларының мұсылманша және орыс-қазақ тілдерінде білім алуына жол ашқан алғашқы меценаттар Жәңгір хан (1801-1845) мен Есенқұл Маманов (18881932-) және ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов (1872-1937) кескіндеріне, туысқаны халық жазушысы, көрнекті ақын Мәриям Хакімжанованың (1906-1995) жеке кешеніне арнайы витриналар арналып отыр.

Сондай-ақ өз заманының асқан қайраткері болған педагогтің өмірі мен шығармашылығына қатысты музей кітапханасынан алынған басылымдар, әулеттік шежіре, ұстаз ашқан оқу орындарының картасы, шәкірт киімінің атрибуттары, араб әліпбиі жазылған жылқы жауырыны, сиясауыт пен қауырсын, Қостанай өңірінің Ақсуат ауылындағы С. Көбеев атындағы мектептің қоңырауы (музейге 1976 ж. түскен) және т.б. иллюстрациялық материалдар көрменің композициялық мән-маңызын толықтыра түсті.

Саналы ғұмырын қазақ балаларын білім нәрімен сусындату жолына арнаған ағартушының өмірі мен мұрасы кейінгі ұрпақ үшін өр әділеттілік пен зор адамгершілікті және асқақ рух пен кемел парасаттылықты үздіксіз дәріптеудің әрқашан да жарқын үлгісі бола бермек. Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған аталмыш көрме 3-залда орналасқан.

Көрме 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады.

Байланыс телефондары:  264 36 33;  264 46 50; 264 55 77