Билеттер
Мәзір
Билеттер

09.11.2026 ж. «МЕНІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ӘЛЕМІМ» атты көрмесі

2026 жылғы 9 қарашада сағат 14:00-де Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінде Ә. Қастеев атындағы Өнер және дизайн мектебі – ЮНЕСКО-ның алғашқы клубы ұйымдастырған көрменің ашылу салтанаты өтеді. Көрмеде «МЕНІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ӘЛЕМІМ» атты сурет байқауына қатысушылардың үздік жұмыстары, сондай-ақ мектеп оқушыларының шығармашылық туындылары ұсынылады. Іс-шара Ә. Қастеев атындағы Өнер және дизайн мектебінің құрылғанына 45 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Көрме Қазақстанның ЮНЕСКО клубтары ұлттық федерациясының қолдауымен, VISTA-ARTISTA көркемсурет тауарлары брендінің және Dr. Körner брендімен өнім шығаратын отандық емдік-профилактикалық өнімдер мен биологиялық белсенді қоспалар өндірушісі Kaz Trade Holding компаниясының серіктестігі аясында өткізіледі. 

Ә. Қастеев атындағы Бейнелеу өнері және дизайн мектебінің тарихы сонау 1981 жылдан бастау алады. Дәл осы жылы Алматы қаласында алғашқы мамандандырылған бастауыш көркемдік білім беру мекемесі – Алматы балалар көркемсурет мектебі ашылды.

Биыл мектеп өзінің 45 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы мерейтой аясында мектеп оқушыларының шығармашылық жетістіктерін таныстыру және жас дарындардың өнерін көпшілікке ұсыну мақсатында «Менің шығармашылық әлемім» атты көрме ұйымдастырылып отыр. Қазіргі таңда мектепте екі бөлім жұмыс істейді: «Бейнелеу өнері» және «Техника және дизайн». Мұнда 5 жастан бастап және одан жоғары жастағы балалар мен жасөспірімдер білім ала алады.

40 жылдан астам тарихында Ә. Қастеев атындағы Өнер және дизайн мектебі 100-ден астам байқау мен шығармашылық жобаға белсене қатысып келеді. Олардың қатарында «Қазақстан – жаңа әлемде», Mitsubishi Asian Children's Enikki Festa (ЮНЕСКО клубтары мен қауымдастықтарының Азия-Тынық мұхиты федерациясы аясындағы жоба), «The Planet of Art» халықаралық фестивалі, сондай-ақ Inktober Kasteyev, Drawember Kasteyev, «Наурыз түстері» атты жыл сайынғы республикалық байқаулар бар.

ЮНЕСКО-ның алғашқы клубы болып табылатын Ә. Қастеев атындағы Өнер және дизайн мектебі жыл сайын жас таланттарды тәрбиелеп, болашақ суретшілер мен мәдениет қайраткерлерінің қалыптасуына үлес қосып келеді. Мектеп оқушылары түрлі деңгейдегі шығармашылық байқауларға белсенді қатысып, олардың қатарында халықаралық додаларда жеңімпаз атанған жас өнерпаздар да бар.

Көрмеге ұсынылған әрбір туынды өзіндік ерекшелігімен, мазмұнымен, бояу үйлесімімен және орындалу техникасымен дараланады. Әр жұмыс жас суретшінің шығармашылық ізденісін, қиялын және өзіндік көзқарасын танытады.

Мектеп түлектері Алматы қаласындағы көркемсурет колледждері мен жоғары оқу орындарына ғана емес, сонымен қатар Ұлыбритания, Қытай, Канада, АҚШ, Жапония, Ресей, Чехия және басқа да елдердің білім беру мекемелеріне оқуға түсіп, кәсіби білімдерін шетелде жалғастыруда. Бұл мектепте берілетін көркемдік білімнің жоғары деңгейін және түлектердің халықаралық білім кеңістігінде сұранысқа ие екенін көрсетеді.

Көрме аясындағы іс-шаралар: 9 қараша, сағат 14:00–18:00  – «Менің шығармашылық әлемім» көрмесінің салтанатты ашылуы мен сурет байқауы жеңімпаздарын марапаттау рәсімі.

 

Көрменің жұмыс істеу мерзімі: 2026 жылғы 9–23 қараша аралығы.

Қосымша ақпарат алу үшін байланыс телефондары:

+7 747 371 7011 — Шайхиев Ықылас Рашидович

+7 777 492 4001 — Жақыпова Роза Маратовна