Билеттер
Мәзір
Билеттер

03.08.2026 «Самоцвет» суретшілер клубының - «БІЗДІ ҚОРШАҒАН ӘЛЕМ» атты көрмесі

2026 жылы 3 тамыз күні сағат 16:00-де Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінде 55 жылдық мерейтойын атап өтетін Алматы қалалық «Самоцвет» суретшілер клубының «Бізді қоршаған әлем» атты көрмесі ашылады.

Клубтың тарихы 1971 жылдан бастау алады. Сол жылы Қазақстандағы әуесқой суретшілердің ең ірі бірлестіктерінің бірі құрылды. Әр жылдары клуб құрамында төрт жүзден астам суретші болып, республикалық және халықаралық көрмелердің белсенді қатысушысына айналды. Шығармашылық дәстүрлердің сабақтастығын сақтай отырып, клуб бүгінде де бейнелеу өнерін өмірінің маңызды бөлігіне айналдырған әртүрлі буын мен түрлі мамандық иелерін бір арнаға тоғыстыруды жалғастырып келеді.

Экспозицияда клуб мүшелері салған кескіндеме мен графика жанрындағы 150-ге жуық туынды ұсынылады. Көрмеге қойылған жұмыстар суретшілердің реалистік мектеп дәстүріне адалдығын айқын көрсетеді. Бұл бағытта табиғатты тікелей бақылау мен көрген әсерді шынайы жеткізу басты орын алады. Авторлар сыртқы сәндік әсерге емес, тыныштықты, үйлесімділік пен ішкі сыршылдықты сезіндіретін көркем бейнелер жасауға ұмтылады.

Бүгінде клуб құрамында кәсіби суретшілермен қатар ұстаздар мен көркем шығармашылық дәстүрін жалғастырып жүрген өнерсүйер шеберлер де бар. Ұжым мүшелері ұзақ жылдар бойы ұжымдық және жеке көрмелер ұйымдастырып, көрерменді заманауи өнердің сан қырлы әлемімен таныстырып келеді.

Көрмеде ұсынылған барлық туындыларды қоршаған ортаға деген ерекше ілтипат біріктіреді. Суретшілер күрделі сюжетті емес, күнделікті өмірдің қарапайым көріністерінен көркемдік мән табуға ұмтылады. Айналамыздағы сұлулықты, тұрмыс пен табиғаттағы үйлесімділікті байқай білу – «Бізді қоршаған әлем» көрмесінің негізгі көркемдік идеясы. Осы арқылы көрме реалистік өнер дәстүрін жалғастырып, табиғат пен адамның өзара байланысын және дүниені тікелей эмоциялық қабылдаудың құндылығын паш етеді.

Шеберлердің шығармаларында табиғат көріністері, жыл мезгілдерінің ауысуы, гүлдер, туған өлкенің көркем бұрыштары мен сәулет нысандары әр суретшінің өзіндік көркемдік тілі арқылы қоршаған әлемнің байлығы мен әсемдігін ашудың құралына айналған.

Көрме көрерменге «Самоцвет» клубы мүшелерінің шығармашылығымен және олардың авторлық қолтаңбасымен танысуға, көркемдік дәстүрлердің сабақтастығын бағамдауға, сондай-ақ қоршаған ортаны қабылдаудың кескіндеме туындыларында қалай көрініс тапқанын көруге мүмкіндік береді.

  

Көрме 2026 жылғы 17 тамызға дейін жалғасады.