авто

Переключатель языков

25.03.2022 ж. Республикалық «Ғасыр толғауы» атты көрме

2022 жылдың 25 наурызында сағат 15.00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде Бабалар аманаты жобасы аясында, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай ұйымдастырылған Қазақстанның «Көркем еңбек» пәні мұғалімдерінің қатысуымен Республикалық «Ғасыр толғауы» атты көрменің ашылуы өтеді.

«Ғасыр толғауы» атты көрмеБабалар аманаты жобасының мақсаты Республикамыздағы бүкіл көркем еңбек пәні мұғалімдерінің басын қосу, болашақта өскелең ұрпақтың тәлім тәрбиесімен білім негізін ұштастыру, сондай-ақ әр қилы жанрдағы туындылардың қыр-сырын тарих тағлымына терең бойлата отырып, осы ұстаздардың арқасында көрерменге жеткізу.

Шығармашылықпен айналысатын үздік 80-нен астам еліміздің түкпір-түкпірінен қатысатын ұстаздардың туындылары қойылмақ. Сонау есте жоқ ескі заманнан бері келе жатқан ұлттық өнерімізді өскелең ұрпақтың бойына дарытып, бабаларымыздың киелі өнерін ғасырдан ғасырға жеткізіп, тарих беттерінде алтын әріппен жазып қалдыру ұстаз міндеті ұрпақ парызы деп білеміз!                                                                                                                                                                Биыл «Бабалар аманаты» Ұлттық жобасының құрылғанына үш жыл толады. Жобаға ҚР Суретшілер Одағы, ҚР дизайнерлерінің Еуразиялық Одағы, Қолөнер Одағы және шығармашылықпен айналысатын Қазақстан Республикасының Көркем еңбек мұғалімдері кіреді. Олар Түркия, Греция және Орталық Азия елдері сияқты халықаралық көрмелерге үнемі қатысады.

Қанағат Кодеков – «Бабалар аманаты» жобасының жетекшісі, кураторы, «Үздік Педагог-2021» жеңімпазы, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, «Бабалар аманаты» халықаралық және республикалық көркем еңбектер мен кәсіби суретшілер жинағының авторы. «Бабалар аманаты» - Қазақстан Республикасының халықаралық кәсіби суретшілері мен талантты Көркем еңбек мұғалімдерінің үздік шығармаларының жинағы. Сондай - ақ әл-Фарабидің 1150 жылдығына, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және т. б. арналған шығармалар жинақтары жарық көрді.

Көркем еңбек пәндерін оқытатын республиканың барлық өңірлерінен келген 800-ден астам ұстаз, шығармашыл педагог «Бабалар аманаты» жобасында республикалық және халықаралық деңгейде педагогикалық өнерді насихаттау мақсатында бірікті. Жоба мүшелері елімізде өтіп жатқан мәдениет күндеріне белсенді қатысып, көрмелер өткізеді.

Қазіргі уақытта еліміздің педагогикалық қоғамдастығы өскелең ұрпақты ұлттық бейнелеу өнерінің құпиялары мен қыр-сырына үйрету үшін тынымсыз еңбек етуде, өнер арқылы оларды қазіргі заманғы көркемдік бағыттармен таныстырады, эстетикалық тәрбиені, сұлулықты дұрыс түсінуді қалыптастырады. Қазақстанның ұлттық өнерін насихаттау бойынша жұмыс жүргізуде.

«Ғасыр толғауы» көрмесінде республиканың әртүрлі қалаларынан (Қарағанды, Атырау, Ақтау, Шымкент, Маңғыстау, Павлодар, Семей, Өскемен, Ақтөбе, Талдықорған, Қызылорда, Тараз) қазақ халқының ұлттық мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрін, Қазақстан табиғатының сұлулығын бейнелейтін педагогтардың 150-ден астам жұмыстары ұсынылған.

Көрме 2022 жылдың 7 сәуіріне дейін жалғасады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source