17.10.2024 ж. Рақымжан Қошқарбаевқа арналған «Ерлігін ел ұмытпайды» көрмесінің ашылуы
Рақымжан Қошқарбаев Берлиндегі Рейхстагқа жеңіс туын тіккен жалғыз қазақ. Тарихи ерлігін небәрі 21 жасында жасаған батырдың дүниеге келгеніне биыл 100 жыл толып отыр. Рақымжан Қошқарбаев Қызыл Ту, 1-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. Тәуелсіздік алғаннан кейін, 1999 жылы мамырдың 7-сінде Н. Назарбаевтың Жарлығымен Рақымжан Қошқарбаевқа «Халық Қаһарманы» атағы берілді
Ағымдағы жылдың 17 қазан күні сағат 11.00-де ҚР Мемлекеттік орталық музейінде Рақымжан Қошқарбаевқа арналған «Ерлігін ел ұмытпайды» көрмесінің ашылуы өтеді.
Аталмыш көрмеде қала тұрғындары мен қонақтарының назарына Рақымжан Қошқарбаевтың өміріне байланысты ҚР Мемлекеттік орталық музейінде сақталған марапаттары, фотоматериалдары ұсынылады.
Шараға батырдың қызы Әлия Рақымжанқызы, туыстары, «Офицерлер одағы» қоғамдық бірлестігі, Қазақстан халқы ассамблеясы, Алматы әскери-техникалық мектебінің, Б.Момышұлы атындағы Республикалық «Жас ұлан» әскери мектебінің курсанттары, К.Байсейітова атындағы музыка мектебінің оқушылары және белгілі мәдениет қайраткерлері музейге арнайы шақырылды.