авто

Переключатель языков

15.09.2022 ж. «Аралбойы маржаны» жылжымалы көрмесі (ашылу мерзімінің ауыстырылуы)

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі Қарақалпақстан Республикасының Мемлекеттік тарих және мәдениет музейі коллекцияларының «Аралбойы маржаны» көрмесі 15 қыркүйектен 20 қыркүйек күніне сағат 16.00-ге (ашылуы) техникалық себептер бойынша ауыстырылатынын хабарлайды. Алдын-ала кешірім сұраймыз.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық Музейі 2022 жылдың 15 қыркүйегінде сағат 16.00-де Қарақалпақстан Республикасының Тарих және мәдениет мемлекеттік музейі ынтымақтастығы аясында «Аралбойы маржаны» жылжымалы көрмесін ашады.

afisha-karakalpaki-kzКөрме мақсаты: музейге келушілерді Қарақалпақстан Республикасының материалдық және мәдени мұрасымен таныстыру арқылы музей жинағын қалың жұртшылық арасында кеңінен насихаттау. Сондай-ақ халықаралық мәдени байланыстарды одан әрі нығайтуды, бауырлас екі ел музейлері арасында тәжірибе алмасуды көздейді.

Ұлттық мәдениет пен өнер – әуелден-ақ кез-келген халықтың тарихы, дәстүрі, дүниетанымының және оның басқа халықтармен этномәдени байланыстарын қалыптастырған.

«Аралбойы маржаны» тақырыптық көрмесі қарақалпақ жұртының тек тарихи ғана емес, дәстүрлі мәдениеті мен өмір салтын қатар көрсетер археологиялық және этнографиялық коллекцияларын ұсынады. Қарақалпақстан тарихы мен мәдениеті музейінің коллекциясында әсіресе, XIX-XX ғғ. халықтық сәндік-қолданбалы өнерінің сан алуан үлгілері жақсы сақталған.

Көрме экспозициясында қарақалпақ әйелінің ұлттық киімі мен зергерлік әшекейлері ерекше көз жауын алады. Осы қатарда кимешек пен орамал (ақтүрме), әйел және ерлерге арналған шекпен, қамар белдік, белбеу, жеңқап (жеңұш); сырға, түйме, білезік, тұмар, әсем салпыншақ, омыраулық сүйір (алқым) әшекейлер, «шар» алқа түйме, «төбелік», «өңірмоншақ» және «өңірше» аталатын қызбалаға арналған сәндік әшекейлер түрлі тастармен көмкерілген.

Қарақалпақ киімінен қарапайым тоқылған матаға жібек жіптермен кестелей түсірілген кішкене «айқас» (крестімен) өрнекті тігу техникасын да көре аласыз. Ақжегде (бас киім), ақкимешек, көк көйлек сынды әйел киімінің үлгілері мерзімі жағынан ең көнесі және Орталық Азия халықтары арасында кең таралғаны. Мәселен, кимешек – тұрмыстағы әйелдің дәстүрлі өзіне тән костюмінің міндетті бөлшегінің бірі, әрі ол өзінің күнделікті және салттық қолданыста болуымен ерекше назар аудартады.

Қарақалпақ халықтық-қолданбалы өнері де көркем шығармашылық ерекшеліктерге ие. Аталған туындылар көрмеде түрлі сәндік пішіндегі ою-өрнек нақыштары әр алуан экспонаттар арқылы да ұсынылған. Осы қатарда сандық пен ыдыс-аяқ, XIX-XX ғғ. тән ат-әбзелдері де бар.

Көрмеге бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер туындылары да қойылған. Экспонаттар қатарында халықтың дәстүрлі мәдениетін бейнелейтін танымал қарақалпақ суретшілері (ХХ ғасыр) — К. Бердімұратов, А. Сейтімбетов, Ф. Мадғазин, А. Өтегенов, М. Антонов, Г.Абдурахмановтардың өнер туындылары бар.

Көрменің жеке бөлімі Қарақалпақ жерінің табиғатына тән жануарлар әлемі мен өңірден табылған табиғи минералдар мен кристалдарға да арналған.

Қазақстан Республикасында өткізіліп жатқан аталмыш көрме – қарақалпақ халқының тарихы және мәдениетін бұқара көпшілікке таныстыру ғана емес, бауырлас елдер арасындағы халықаралық байланыстарды одан әрі нығайта түсуге қосқан елеулі үлесі болмақ.

Көрмені Мемлекеттік орталық музей директоры Харипова Рашида Ерімқызы мен Қарақалпақстан Республикасы Мемлекеттік Тарих және мәдениет музейінің директоры Юсупова Айжамал Ибрагимқызы ресми түрде ашатын болады. Іс-шараға Қарақалпақстан Республикасының Мемлекеттік Ұлттық Филармониясы қатысады.

Көрме 2022 жылдың 30 қыркүйекке дейін жалғасады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source