09.02.2023 ж. МҰҚАҒАЛИ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ КҮНІ
Мұқағали поэзиясының күні
Бүгін ҚР Мемлекеттік орталық музейінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні аталып өтті. «Отаным, саған айтамын» поэзия кешіне Бөлтірік Атыханұлы атындағы №36 гимназиясы және Еңбекші ауылындағы орта мектеп оқушылары қатысты.
Ең бірінші бақытым – Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.
Қазақ халқы талай ақындарды дүниеге келтірген ел. Ұлттық болмысымызды өлеңмен өрген біртуар талант иесі Мұқағали Мақатаевтың жырлары әр оқырманның жүрегіне жол таба білді, ұрпағының рухани игілігіне айналды.
Ал екінші бақытым – Тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей – кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.
Бақытым бар үшінші – Отан деген,
Құдай деген кім десе, Отан дер ем!
...Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай-ақ кел-дағы от ал менен.
Туған халқын, тілін, Отанын үш бақытына теңеген Мұқағали шығармаларын өскелең ұрпаққа дәріптеудің маңызы зор. Шарада оқушы жастар ақын өлеңдерін жатқа оқып, «Аққулар ұйықтағанда» және «Мұқағали Мақатаев» көріністерін көпшілік назарына ұсынды.
Ақынның туған жеріне арнаған әсерлі жырлары адам бойына ұлттық рух, жан тазалығын дарытып, болашаққа деген сенімін арттыра түсетіні сөзсіз. Жасөспірімдердің өлеңге деген ынтасы, мәнерлеп оқу шеберлігі, ізденімпаздығы көрермен қауымның ерекше ықыласына бөленді.
Іс-шараны ашқан Орталық музейі директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Саров Сержан Бараханұлы «Әдебиетіміз үшін ғана емес, тұтас руханиятымыз үшін Мұқағали қазақ руханиятындағы аса танымал шығармашыл тұлғалардың бірі. Ақын мұрасы тұнып тұрған өнеге, тағылым. Ақын жырларымен ең алдымен жастарды тәрбиелеуіміз қажет», - деді ол кіріспе сөзінде.
Әдеби кештің құрметті қонақтары Алматы қаласының Құрметті азаматы, «Достық», «Парасат» орденінің иегері, тіл жанашыры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылы Оспан және Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Мұқағали Мақатаев атындағы, халықаралық Махамбет сыйлығының иегері, Білім беру ісінің үздігі Гүлшара Есетқызы мектеп ұстаздарына үлкен ризашылық, алғыс сөздерін жеткізді.
Шараны Мұқағали жырларына жазылған әдемі әндермен әрлеп, өнерімен көпшілікті тәнті еткен республикалық Мұқағали Мақатаев байқауының жүлдегері Сиязбек Өртқалиев, республикалық «Ақберен» байқауның жүлдегері Фатима Әбетей, қалалық «Бала фест» байқауының бас жүлдегері Кенжебек Абдрахман болды.
Еңбекші ауылы мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ахметова Гүлжан «Мұқағали Мақатаевтың туған күнін атап өту мектебімізде дәстүрге айналған. Жыл сайын әдеби кештер өткізу, өлеңдерін жатқа оқу, әндерін шырқап өнер көрсетуде оқушыларымыз ерекше белсенділік танытады. Орталық музейде көпшілік назарына өнерлерін ұсынуы балалардың шабытын, еліне, жеріне, тіліне деген сүйіспеншіліктерін арттыра түсетіні анық», - деді.
Ақынның қай туындысы болмасын, өз еліне, жеріне деген шексіз махаббаттан туған. Жырларын ұрпағына аманат етеді. Ал, ақын аманатына адал, өнерлі ұрпағы барда, Мұқағали есімі ұмытылмай, шығармалары халқымен бірге жасай бермек.