авто

Переключатель языков

11.06.2021 ж. «Бірге жеңеміз» көрмесі

 2021 жылдың 11 маусымында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде BI Group компаниясымен бірлесе отырып ұйымдастырған «Бірге жеңеміз» көрмесінің ашылуы өтті. Аталмыш көрме COVID-19 коронавирус пандемиясына қарсы өз өмірін қауіпке тігіп, алдыңғы шепте ауыр дертпен күрескен дәрігерлердің құрметіне арналған.

Көрменің ресми ашылу рәсімінде ҚР Мемлекеттік орталық музейі директорының орынбасары Ғалия Теміртон, Алматы қ. Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының төртінші бөлімшесінің меңгерушісі Сәрсен Перизат Орынбасарқызы, Алматы қаласы Фтизиопульмонология орталығының Жансақтау бөлімінің меңгерушісі Айнакөзова Гүлмира Линатқызы сөз алып, көрменің ашылуымен құттықтады. Көрменің ресми ашылу рәсіміне Алматы қ. медициналық қауымы мен медициналық ұйымдардың өкілдері, суретшілер, БАҚ өкілдері қатысты.

Победим вместе! Победим вместе!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың 31 мамырында өткен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 74-ші сессиясының жабылуында бір жарым жыл бойы бүкіл әлем күресіп келе жатқан коронавирус пандемиясының нағыз сын сағаты енді келгенін айтты. Оның сөзі бойынша коронавирус індетінің таралуы ұлттық денсаулық сақтау жүйесі мен халықаралық институттар үшін теңдесі жоқ стресс-тест болды. Президенттің пікірі бойынша, алғашқы медициналық көмек көрсетудің мықты қалыптасқан жүйесі кез келген жұқпалы ауруға төтеп берудің басты құралы екендігі осы пандемия кезінде нақтыланды. Қазақстандық медицина бұл сынақтан сүрінбей өтіп қана қоймай, ғаламдық мәселені шешуге өз үлесін қосты. «Бірге жеңеміз!» көрмесінде фотограф Руслан Мазунин мен «BI Group» компаниясының «Мен ризамын» ортақ жобасының аясында түсірілген Нұр-сұлтан қаласының дәрігерлері портреттерінің галереясы орналастырылды. Бұл айтып отырғанымыз – Елордалық жұқпалы ауруларды емдейтін аурухананың дәрігерлері мен медициналық ұжымының 101 суреті. Сондай-ақ, көрмеге індетке қарсы күрескен мекемелер Алматы қаласы Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы мен Алматы қаласы фтизиопульмоногия орталығы қызметкерлерінің жоғары кәсіби деңгейде жүргізген жұмыс нәтижелері жайлы материалдар қойылған. Жоба аясында «REMI» мен «Argo» компаниялары арнайы қорғаныш құралдарының жиынтығын музей қорына тапсырды.   Сондай-ақ, еліміздің ақындары суретшілері, музыканттары, дизайнерлері мен әншілері де ел басына түскен ауыр жағдайға бейқам қарамай қолдау көрсеткені бәрімізге аян. Суретші Георгий Ли, Тамара Елфимова мен Джохар Исмаиловтың, сондай-ақ, Алматы қаласындағы бейнелеу өнеріне баулитын «Лидии Дроздованың арт-шеберханасы», «Феникс» балалар клубы, «Тұран» мектеп-лицейі жанындағы «Вдохновение» студиясы сынды үйірме оқушыларының коронавирус пандемиясымен күрес тақырыбындағы шығармалары да көрме экспозициясынан орын алды.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source