авто

Переключатель языков

30.09.2022 ж. «Ұлт ұстазы» атты әдеби-шығармашылық кеші

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толу мерейтойына арналған «Ұлт ұстазы» атты әдеби-шығармашылық кеш өткізді. Кеш аясында ҚР Мемлекеттік орталық музей қорындағы А. Байтұрсынұлына арналған көрмесі ұйымдастырылып, онда ғылыми басылымдарымен, ҚР МОМ қорының фотоқұжаттық материалдарымен және т.б. танысты.

«Ұлт ұстазы» атты әдеби-шығармашылық кешінің салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстан Реcпубликасы Мемлекеттік орталық музейі директоры – Рашида Ерімқызы және ҚР еңбек сіңірген қайраткері, тіл жанашыры, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Асылы Осман сөз сөйледі. Биылғы жыл халқымыздың көрнекті қоғам қайраткері, кешегі Абай, Ыбырай, Шоқан салған ағартушылық, демократтық бағытты ілгері жалғастырушы ірі ғалым, көсемсөз шебері, әдебиет зерттеуші, тюрколог, дарынды ақын- аудармашы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толған мерейлі жыл.

Көрменің мақсаты – музейге келушілерді Ахмет Байтұрсынұлының өмірі, шығармашылығымен таныстыру.

Қазақстан тарихы бөлімінің аға қызметкері – Шынар Садықова ҚР МОМ қорының фотоқұжаттық материалдарымен таныстырып, қысқаша баяндама жасады. Әдеби кеште Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры - Анар Фазылжан, А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты директорының орынбасары Ермұхамет Маралбек сөз сөйлеп Ұлы ғалымның ғылыми еңбектері мен әдеби мұралары, сондай-ақ өмір жолы туралы тың деректерімен бөлісті. Сонымен қатар Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, «Жұлдыз» журналының редакторы - Мереке Құлкенов, сөз сөйлесе, А.Байтұрсынов атындағы гимназия оқушылары өлеңдерді нақышына келтіре оқыды.

Осы қатарда, бүгінгі әдеби кешке арнайы қатысқан ақын, философ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Ұлттық кітапханасы жанындағы «Әдебиет әлемі» орталығының жетекшісі, «Тұлға-достық» қоғамдық қорының директоры Мұратхан Шоқан, Ақын, Ұстаз,тілші, жас ақын – Бауыржан Ерғалиұлы, Ақын, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі, ұстаз Айгүл Жұмаділ – қатарлы қалам иелерін атап өтуге болады. Ұлттық өнердің тарихын зерделеп жүрген өнерпаз, дәстүрлі әнші Абылай Жаппар жиналған жыр сүйер қауымға әуезді ән шашуын тарту етсе, әсемде, қоңыр үнді қасиетті қара домбыраның қос ішегінен төгіліп, күмбірлей шыққан ән-күйін дәріптеп жүрген «Әсем қоңыр» тобының қыздары ән шырқап көпшілікті тәнті етті.

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ аспанның жарық жұлдызы іспетті. Қанша ғасыр өтседе өз нұрын төгіп тұра бермек. Оның өмірі мен шығармашылығы келер ұрпаққа мәңгілік өнеге болып қала бермек.

baitursinov-1 baitursinov-2
baitursinov-3 baitursinov-4
baitursinov-5 baitursinov-6

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source