авто

Переключатель языков

24.12.2021 ж. «Бірегей артефактілер» атты көрмесі

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі 2021 жылдың 24 желтоқсанында сағат 15.00 «Бірегей артефактілер» (ҚР Мемлекеттік орталық музейі археологиялық экспедиция материалдары негізінде) атты көрмесін ашады.

«Бірегей артефактілер» атты көрмесіКөрме 2017-2021 жылдар аралығында ҚР Мемлекеттік орталық музей қызметкерлерінің археологиялық экспедициясы кезінде жинаған материалдарының негізінде ұйымдастырылып отыр.

Көрменің мақсаты: музейге келушілерді археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесімен таныстырып, Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттау.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі (әрі қарай ҚР МОМ) 2015 жылғы 19 мамырдағы № 15009141 лицензия негізінде жыл сайын Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізеді. Экспедиция үш отрядтан тұрады: Күлтөбе отряды Оңтүстік Қазақстан, Ордабасы ауданы, Сарыарық ауылы, Арыс өзенінің сол жағалауында орналасқан қаңлы кезеңімен мерзімделетін (б.з.д. II ғ. б.з. – IV ғ.) қалашық және қорымдарда; Ақтерек отряды Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ақтерек ауылының оңтүстік шетінде орналасқан диапазоны әртүрлі дәуірлерге жататын палеолит кезеңнен бастап орта ғасыр уақытымен мерзімделетін қоныстар мен обаларда; Бақа төбе отряды Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Жаңатұрмыс ауылының солтүстік-шығыс бағытында орналасқан Бақа төбе екі ярусты ежелгі қорғаныста археологиялық қазба жұмыстарын жүргізеді, сонымен қатар музейдің ғылыми қызметкерлері археолог Ж.Құрманқұловтың жетекшілігімен Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында орналасқан Шірікрабад қалашығында жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарына қатысып отырады.

Көрмеге алғашқы рет әртүрлі археологиялық нысандардан табылған 50 ден астам бірегей артефактілер қойылады. Қазақстанның оңтүстігінде өркениет пен мемлекеттіліктің жоғары деңгейінің болғандығын куәландыратын Күлтөбе (прото-соғды, қаңлы) жазуы бар әлемдік жаңа форматқа ие Қаңлы мемлекетінің (б.з.д. II ғ. б.з. – IV ғ.) хаты, мәтіні толық сақталған қыш текшелер, соны қатар жерлеу орнынан табылған артефактілер: зооморфтық қола алқалар, мысырлық фаянс, жебе ұштары, темір қылыштар мен қанжарлар, Ұлы Кушан империясына тиесілі қола монета. Аталмыш монета Кушан патшалығының екінші билеушісі және сол империяның негізін қалаушы Вим Кадфистің ұлы Вим I Такто патшасына тиесілі. Ақтерек ескерткішінен табылған ат әбзеліне арналған тоғалар, әшекей бұйымдар, қола айна, қыш ыдыстар және тасқа қашалып жасалған суреттер (петроглифтер), Бақа төбе ежелгі қорғанысынан табылған (б.з.д. ІІ ғ. – ІІІ ғ. басы) қыш ыдыстар және ыдыстардың таңбаланған фрагменттері, Шірік рабад ескерткішінен табылған (б.з.д. IV-ІІ ғғ.) гипс типтес материалдан жасалған жазуы бар ақ түсті ыдыстар үлкен қызығушылық тудырады. Ыдыстағы жазу ежелгі грек альфавитімен жазылған және бүгінгі күнге дейін өшпей толығымен сақталған.

2017-2021 жылдар аралығында ҚР МОМ археологиялық экспедициясы атқарған қазба жұмыстары нәтижесінде музейдің археология қоры 875 с.б. экспонатпен толықтырылды.

Көрме музейге келушілерді Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірінің ежелгі және ортағасырлық мәдениетін археологиялық артефактілер негізінде таныстырады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source