авто

Переключатель языков

18.05.2023 ж. Тамара Волкованың «Көне артефактілердің өмірі мен символикасы» жеке көрмесі

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде 18 мамыр 2023 жылы «Музей түні-2023» мерекесіне орай, архитектор, суретші, ҚР суретшілер Одағы мүшесі – Тамара Волкованың «Көне артефактілердің өмірі мен символикасы» жеке көрмесінің ашылуы өтеді.

Тамара Волкованың «Көне артефактілердің өмірі мен символикасы» жеке көрмесіТамара Владимировна Волкова 1946 жылы 7 наурызда Қырғызстанда дүниеге келген. Шығыс Қазақстан облысында өсіп, білім алды. Мәскеу Сәулет институтының түлегі. Өнерге деген шексіз құштарлығының арқасында әуесқойлылықпен басталған өнерді кәсіби деңгейге жеткізген, шығармашылық тәжірибесі толысқан қылқалам шеберінің еңбектері көпшілікпен бөлісуге тұрарлық.

Т.Волкова - көп қырлы суретші, түрлі қызығушылықтары бар еркін шығармашылық тұлға. Жаңа техникалар мен материалдарды қолдана отырып, формалармен батыл тәжірибе жасайды, әртүрлі стильдер мен әдістерді маңгерген. Кенеп, май; пастель; темпера, гуашь; фрескалар, коллаждар; террапласт; ағаш, макраме, папье-маше сынды материалдарды шебер қолданады. Суретші жұмыстарындағы басты тақырып – табиғат, адамзат, әлемдік гармония мен Ғалам, сәулет құрылыстары, қаланың көрікті жерлері және түрлі рәміздер. Сонымен қатар, кенептегі суреттердің мағыналары да терең. Олардың барлығы ортақ тақырыппен біріктірілген. Шығармалардың пайда болуына да суретшінің естіген астарлы әңгімелері, оқыған әдеби кітаптары және тарих пен дереккөздерді зерттеуі арқау болды.

Көрмеде автор «Ежелгі артефактілердің символикасы» атты кітабындағы жаңа жұмыстарды да ұсынады. Аталған еңбекте суретші тарихи-мәдени зерттеулер жүргізіп, әлем халықтарындағы ежелгі рәміздердің мағынасын ашуға тырысқан.

Т. Волкованың әр шығармасы ерекше мағынаға ие. Көркем, тарихи артефактілер әлеміне еніп, суретші өзінің картиналарында Сфинкс, Химера, Гриффин, жұлдыз жорамал сияқты ежелгі белгілерді бейнелейді, олардың кеңістіктегі және уақыттағы байланысын әр түрлі халықтар арасында қадағалайды.

Суретші шығармашылығында кескіндеме жұмыстары ерекше орын алады. Олар «Адамзаттың ұлы жылы мен алтын ғасыры», «Ұлы қарама-қайшылық және Айдың толық тұтылуы», «Уақыттың тоғысуы», «Торпақ шоқжұлдызы. Плеиадалар. Күн құдайлары», «Алтын ғасыр. Сфинкс» және тағы басқалар.

Сонымен қатар қылқалам шебері қағазға және боялған кенепке шарикті қаламмен жасалған жаңа графикалық туындыларын ұсынады. Одан бөлек заманауи өнердің дамып келе жатқан түріне назар аудара отырып, сандық кескіндеме бағытында бірнеше жұмыстар дайындады.

Тамара Волкова Испания, Италия, Португалия, Англия, Ресей, Бразилия сынды халықаралық көрмелердің қатысушысы. Суретшінің туындылары жақын және алыс шетелдердің галереялары мен жеке коллекцияларында бар.

Қылқалам шебері көрмеде 2019-2023 жылдар аралығында салынған жаңа еңбектерімен таныстырады және 80-нен астам жұмысты ұсынады.

Рәміздердің пайда болу тақырыбын 17 жыл зерттеген суретші екі бөлімнен тұратын «Ежелгі артефактілердің символикасы» атты кітабын да көпшілік назарына ұсынбақ. Бөлімдердің атауы: «Адамзаттың ұлы жылы мен алтын ғасыры. Мынау не?» және тарихи және көркем артефактілердің ғарыштық символизмін зерттеуге негізделген «Плеядалар».

Көрменің ашылуы: 18 мамыр 2023 ж., 19.00-20.00.

Көрме 2023 жылдың 1 маусымына дейін жалғасады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source