авто

Переключатель языков

11.12.2023 ж . ӨНЕРМЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР

 

2023 жылғы 11-желтоқсанда, сағат 18:00-де Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейіне қарасты Ахмет және Ғазиза Жұбановтар мемориалды музейі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Аспаптық орындау факультеті арнайы фортепиано кафедрасымен бірлесіп КСРО Халық әртісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор, композитор Жұбанова Ғазиза Ахметқызын еске алуға арналған «ӨНЕРМЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР» кешін өткізеді.

Кеш аясында келушілер назарына Ахмет және Ғазиза Жұбановтардың мемориалды музейі көрме ұйымдастырады. Көрмеде Ғ. Жұбанованың өміріне, шығармашылығына және ұстаздық жолына қатысты экспозициялар ұсынылады.

Кеште ҚР еңбек сіңірген қайраткері, композитор, фортепиано кафедрасының профессоры Гүлжан Еркінқызы Өзенбаева және оның студенттері Ақмарал Мықтыбаева, Нұрсұлтан Амангелді, Айдана Салы, Амина Хамзина, Хан Хий Джон, Арайлым Карибай, Камила Амандық, сондай-ақ ҚР Мәдениет үздігі, Халықаралық конкурстардың лауреаты, вокал кафедрасының доценті Гүлнар Нұрғалиева Ахмет және Ғазиза Жұбановтардың фортепиано мен вокалдық шығармаларын орындайды.

Ғазиза Ахметқызы Жұбанова – XX ғасыр музыкалық мәдениетінің   аса көрнекті қайраткері, қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш кәсіби композитор. Ғазиза Жұбанова 1927 жылы, 2-желтоқсанда Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданында дүниеге келген. Ғазизаның өнер жолы алты жасында яғни әкесі әкесі Ахмет Жұбанов (қазақ ұлттық кәсіби музыкасының негізін қалаушы) отбасымен Қазақстанның астанасына көшіп келгенде басталды. Ол 1945 ж. Алматының № 51 орта мектебін алтын медальмен бітірді.

1945-1949 жылдары Ғазиза Жұбанова Москва қ. Гнесиндер атындағы музыкалық училищесін (профессор М.Ф.Гнесиннің класын), 1949-1954 жж. П.И.Чайковский атындағы мемлекеттік консерваторияны (профессор Ю.А.Шапорин класын) және 1954-1957 жж. аспирантураны үздік бітіреді.

Ғ.А.Жұбанованың шығармашылық жолы алуан қырлы, ол барлық музыкалық жанрды қамтиды. Дарынды композитор ораториялар, кантаталар, симфониялар, симфониялық поэмалар, опера, балет, хорларға, романстарға, камералық-аспаптық шығармалар және спектакльдер мен кинофильмдерге музыка жазды.

Композитордың қаламынан «Еңлік-Кебек» (1972), «Жиырма сегіз» (1980г.), «Құрмангазы» (1987) опералары; «Жигер» (1971), «Остров женщин» (1983), «Сарыозекские метафоры» (1989) симфониялары; Скрипкамен фортепианоға арналған сонатасы;   «Ақсақ құлан» (1958г), «Праздничная увертюра» (1968), «Героическая» (1972) симфонилық поэмалары; «Арайлап атқан таң» (1960), «Аральская быль» (1978), «Возлюби, человек человека» (1987) ораториялары; «Сказ о Мухтаре Ауэзове» (1965), «Гимн миру» (1986) кантаталары; концерттері: «Концерт для скрипки и симфонического оркестра» (1958), «Концерт для фортепиано и симфонич. оркестра» (1984), «Концерт для виолончели и симфонического оркестра» (1990); қазіргі заманда – XXI ғасырда классика шығармаларына жататын (айналған) белгілі романстары: О. Сүлейменовтің сөзіне жазылған «Красный гонец и черный гонец» (1985), «Волчата», Вокальный цикл «Черный беркут», «Из травы я взлетела» (1986), «Черный жаворонок» (1986), Марина Цветаеваның сөзіне жазылған «Прощание», «Красные и белые», Қасым Аманжоловтың сөзіне жазылған «Жыр жазамын жүрегімнен», «Ақсәуле» және т. б. көптеген ірі шығармалар туған. А.Қ.Жұбановтың эскизін негізге ала отырып, Қазақстан музыка мәдениетінің тарихында алғашқы «Құрманғазы» радио–операсын жазды (1971). Ахмет Жұбановтың «Құрманғазы» операсын аяғына дейін жазып бітіру арманын (1987)      Ғ. Жұбанова асқан шеберлікпен іске асырды.      

Ғ. Жұбанованың «Ақ құс туралы аңыз», «Хиросима» (1966), «Қарагөз», «Мадам Баттерфляй» (1991) балеттері қазақ музыкасында өзіндік орын орны бар туындылар. Оған 1970 жылы   «Хиросима» балетінің музыкасы үшін Құрманғазы атындағы мемлекеттік сыйлық берілді.

Ғазиза Ахметқызы өзінің шығармашылық қызметін қоғамдық жұмыстармен ұштастырды. Ол - консерватория ректоры (1975–1987 жж.), Қазақстан композиторлар одағының төрайымы, КСРО композиторлар одағының мүшесі, Кеңес әйелдері комитетінің басқарма мүшесі, Кеңес Мейірбандық қорының, Кеңес-италияндық, Кеңес-жапондық достық қоғамдарының,шет елдермен достық және мәдени байланыстар қоғамының мүшесі, Алматы қалалық кеңесінің депутаты, бірнеше рет СОКП съездерінің делегаты болып сайланды. Ғ.А. Жұбанова еліміздің музыкалық оқу орындарының ғылыми-педагогикалық құрамының сапалық деңгейін көтеруге, кәсіби кадрлардың әрі қарай өсуіне, Қазақстанның көптеген белгілі өнер майталмандарының еңбектерінің өз кезінде мойындалуына ат салысты. Ғазиза Жұбанова қазақтың кәсіби музыка өнерін байытып, оны әлемдік деңгейге көтерген тұлға.

Музей жасау мақсатымен 2000 жылы белгілі режиссер, КСРО халық артисі, Халық Қаhарманы Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетов (Ғазиза Жұбанованың жары) 1967-1968 жылдары Ахмет Жұбанов, 1968 жылдан бастап Ғазиза Жұбановамен тұрған бес бөлмелі пәтерін және жеке архивтерін Мәдениет Комитетінің қарамағына және Орталық Музейге өткізді. 2006 жылы 29 сәуірде Ахмет Жұбановтың 100-жылдығына «Ахмет және Ғазиза Жұбановтар мұрасын зерттеу орталығы» (мемориалды музей) ашылды.

2006 жылы Ғазиза Ахметқызының жары, белгілі режиссер, халық қаҺарманы Әзірбайжан Мәмбетовтің бастамасымен, Қазақстан Республикасының мемлекеттік орталық музейінің жанынан Ахмет және Ғазиза Жұбановтардың мұрасын зерттеу жөніндегі мемориалдық музей салтанатты түрде ашылды. Музейде Жұбановтар отбасының бірегей экспонаттары - музыкалық аспаптар, қолжазбалар, ноталар, кітаптар, фотосуреттер т.б. сақталған.

 

Мағира Қожахметова, жазушы:

«Ғазиза Жұбанованың өнері адам баласының сана-сезімін оятып, асқақ мұраттарға жетелейтін, адалдық пен ақтықтың дариясына сүңгітіп, гуманистік көзқарасқа алып баратын текті өнер».

Өтетін орны: Алматы қ., Құрманғазы атындағы қазақ Ұлттық консерваториясы

Абылай Хан даңғылы, 90.

Байланыс телефоны: +7 777 119 49 42, +7 777 22 35 444.

 

 

16.11.2023 ж . Студенттер күніне арналған «МУЗЕЙДЕГІ СОЛ БІР КЕШ» мәдени-танымдық іс-шарасының БАСПАСӨЗ БАЯНЫ

2023 жылдың 16 қарашасы күні ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тікелей қолдауымен және Министрлікке қарасты жоғары оқу орындарының қатысуымен Студенттер күніне арналған «Музейдегі сол бір кеш» атты мәдени-танымдық шара өтті. Жобаның бас серіктесі – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы.

Шараның басты мақсаты – студенттерді халқымыздың тарихи-мәдени құндылықтарымен таныстыру, жастардың рухани білімін арттыру, олардың шығармашылық қабілеттерін шыңдау және музейдің жоғары оқу орындарымен байланысын нығайту. Сондай-ақ, аталмыш жоба ата-бабаларымыздан жеткен тарихи мұралар мен құндылықтарды құрметтейтін мамандарды қалыптастыруға, студенттердің музей қызметкерінің кәсібіне деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Мерекелік кеш Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы студенттерінің орындауындағы классикалық вальс биімен басталды. Кештің ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген Орталық музейдің директоры Р.Е.Харипова мен жобаның бас серіктесі Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының әлеуметтік-тәрбие жұмысы және жастар саясаты жөніндегі бөлім басшысы Н.Қ.Сағынаев студенттерге оқуда табыс тілеп, мерекенің құрметті қонақтары ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Болат Әбділмановқа, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, еліміздің түрлі сахналарында 200-ден астам театр қойылымдарын жүзеге асырған Қазақстанның белгілі сценографы Есенгелді Тұяқовқа және кәсіпқой боксшы Қанат Исламға алғыс хаттар табыс етті.

Қазақстан өнеріне еңбек сіңірген мәртебелі қонақтармен кездесу музейдің залдарында жалғасты. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Болат Әбділманов актерлік шеберлік, актерлік өнер шеберханасы туралы әңгіме қозғаса, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, 200-ден астам театр қойылымдарын жүзеге асырған Қазақстанның белгілі сценографы Есенгелді Тұяқов сахнаны безендіру мен көркем образдарды жасау құпияларымен бөлісті. Аты аңызға айналған сценографпен кездесу оның шығармашылығына арналған «Сценография: сахнада 50 жыл» көрмесінің аясында өтті. Мұнда көпшілік назарына Есенгелді Жұмағұлұлы жасаған сахналардың эскиздері мен макеттері, кейіпкерлердің түрлі костюмдері ұсынылды.

    

Жоба аясындағы тағы бір айтулы мереке - «Домбыра пати» сайысы. Бәсекеге қатысушылар Абай Құнанбайұлы, Махамбет Өтемісұлы және Біржан салдың домбыраларының көшірмелерінде ойнау мүмкіндігіне ие болды. Ал «Ойшылдар алаңы» ғылыми-танымдық ойынына қатысқан жастар тапқырлықтары мен білімдерін паш етсе, көңілді тапқырлар «Музей кубогі» үшін өткізілген КВН сайысында бақ сынады. Шараның белсенді қатысушыларына түрлі бағалы сыйлықтар мен музейдің алтын және антропология залдарына тегін билеттер сыйланды.

Жоба барысында студенттерге арналған шеберлік сабақтары да ұмыт қалған жоқ. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы Сәндік өнер кафедрасының зергерлік өнер лабораториясының меңгерушісі Е.Қ.Тәжібаев білезіктерге ою салу бойынша сабақ өткізсе, Б.Қоңыр, Е.Бақытжан, Е.Ақасин сынды шеберлер керамика, әшекей бұйымдары мен киіз өңдеудің құпияларымен бөлісті. Сондай-ақ, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы жанындағы «станокта сурет салу» мамандарын дайындайтын колледж ұстаздары мен шәкірттері кескіндеме бойынша шеберлік сабағын өткізді. Шара барысында «Этно тақия» ЖК ұсынған ұлттық бас киімдер мен «Атоми» компаниясы ұсынған косметикалардың сатылым көрмелері ұйымдастырылды.

Байқаулар мен сайыс жеңімпаздары Алғыс хаттар және сыйлықтармен марапатталған кеш мерекелік концертке ұласты.

Шара демеушілері: ҚР Ұлттық кітапханасы, ҚР Кітап палатасы, «Мектеп баспасы» ЖШС, «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қоры, Жазушылар одағы, «Атоми» компаниясы, «Этно тақия» ЖК.

«Музейдегі сол бір кеш» мерекелік шарасына ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Академиясының, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің, Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің, Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің, Қазақ Халықаралық қатынастар университетінің, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар мен әлем тілдері университетінің, Халықаралық білім корпорациясының, О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы колледжінің және Алматы сән және дизайн колледжінің студенттері қатысты.

 

культурно-просветительский вечер «Музейдегі сол бір кеш» культурно-просветительский вечер «Музейдегі сол бір кеш»
культурно-просветительский вечер «Музейдегі сол бір кеш» культурно-просветительский вечер «Музейдегі сол бір кеш»
культурно-просветительский вечер «Музейдегі сол бір кеш» культурно-просветительский вечер «Музейдегі сол бір кеш»

12.09.2023 «МАДИЯР-ТҰРАН» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫ ӨКІЛДЕРІНІҢ ҚАЗАҚСТАНҒА САПАРЫ

ҚР Мемлекеттік орталық музейіне «Мадияр-Тұран» қоғамдық қорының белді өкілдері Иозеф Фехерис, Кристиан және Норберт Фулекилер арнайы келіп, ежелгі қазақ мәдениетімен жете танысты. Ұзақ жылдан бері көшпелілер өркениетін зерттеп, оны еуропа елдеріне танытып жүрген мажарлықтар алдағы уақытта да тарихи отанының құндылықтарын насихаттауды жалғастыра бермек.

 

vengr-arh-1
vengr-3 vengr4

 

14.09.2023 ж. ТМД МЕМЛЕКЕТТЕРІНЕН КЕЛГЕН ДЕЛЕГАЦИЯ

ҚР Мемлекеттік орталық музейінде Армения, Беларуссия, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан елдерінен әскери медицина саласын талқылауға арнайы келген делагация өкілдері қонақта болды. Қазақстанның бай тарихы мен мәдениетіне қызығушылық танытқан ТМД делегаттары музей залдарын аралап, оларға арнайы экскурция да жүргізілді.

24.08.2023 ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің «ҚР Мемлекеттік орталық музейі» арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Алдағы уақытта аталмыш меморандум аясында музей қызметкерлерінің тәжірибе алмасуы, мәдени іс-шараларды бірлесе ұйымдастыру, ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарлар өткізу секілді көптеген маңызды жобалар жүзеге асырылмақ. Бұл өз кезегінде музей ісін ілгерілетіп, ғылыми зерттеулердің аясын кеңейтуге септігін тигізбек.

saraishyk saraishyk

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source