авто

Переключатель языков

28.09.2023 ж. «Бір белдеу - бір жол» бағдарламасының 10 жылдығына арналған халықаралық фотокөрмесі

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас Консулдығы «CNPC Орталық Азия және Ресей» компаниясының қолдауымен көпжылдық ынтымақтастық шеңберінде 2023 жылғы 28 қыркүйекте сағат 16.00-де «Бір белдеу - бір жол» бағдарламасының 10 жылдығына арналған халықаралық фотокөрмені ашады.

 «Бір белдеу - бір жол»Бұл Қытайдағы ең ірі жоба. «Жол» сөзі кездейсоқ емес, себебі бұл тұжырымдама жаңа Жібек жолы ұранымен дамып келеді. Бағдарлама инфрақұрылымды дамытуға, жаңа көлік дәліздерін құруға және қолданыстағы жобалардың өткізу қабілетін арттыруға бағытталған.

«Бір белдеу - бір жол» бастамасын ұсынғаннан бастап, 10 жыл ішінде Қытай 150-ден астам елмен және 30-дан астам халықаралық ұйымдармен «Бір белдеу - бір жол» бірлескен құрылысы бойынша ынтымақтастық туралы 200-ден астам құжатқа қол қойды, ынтымақтастықтың 3000-нан астам жобасын қалыптастырды, елдер үшін бағыт бойындағы 420 000 жұмыс орнын құрды, 40 миллионға жуық адамды кедейшіліктен шығарып, «ұлттық көрікті орындар», «халық әл-ауқаты жобалары» және «ынтымақтастық ескерткіштерін» құрды.

Қазақстан «Бір белдеу - бір жол» бастамасының бірлескен құрылысымен бастау алған орын ретінде аса мәртебеге ие. «Бір белдеу - бір жол» бастамасы Қазақстанның «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатымен терең ықпалдастырылған. Қытай мен Қазақстан саяси үйлестіру, инфрақұрылым объектілерінің өзара байланысы, кедергісіз сауда, капиталдың еркін қозғалысы және халықтар арасындағы жақындықты нығайту саласындағы ынтымақтастықтың айтарлықтай нәтижелеріне қол жеткізді, сондай-ақ «Бір белдеу - бір жол» бастамасы аясында халықаралық ынтымақтастықты ілгерілету үшін табысты үлгі және практикалық бағдарға айналды.

Фотокөрмеде энергетика, мұнай-газ өнеркәсібі, ақпараттық технологиялар, көлік дәлізін дамыту, банк саласы, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық және мәдени байланысты көрсететін 80-ге жуық фотосуреттер қойылған.

Көрме келушілерді «Бір белдеу - бір жол» бастамасын жүзеге асыру аясында ҚХР-дың соңғы 10 жылдығында өткен жолдарымен, тәжірибесімен және қол жеткізген жетістіктерімен таныстырады.

Көрме 2023 ж. 12 қазанына дейін жалғасады.

25.09.2023 ж. «Менің балетім» атты көрме ашылды.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде қазақ балет өнерінің хас шебері, педагог, балетмейстер Болат Ғазизұлы Аюхановтың туғанына 85 жыл толуына арналған «менің балетім» атты көрме ашылды.  

 

Көрменің мақсаты: қазақ мәдениетіне сүбелі үлес қосқан, балет өнері тарихында өшпес із қалдырған хореограф, профессор Б.Ғ. Аюхановтың өмір белестері мен шығармашылық жолы, қалдырған мұрасын қала тұрғындары мен қонақтарына таныстыру. 

Көрмеге келушілер Б.Ғ. Аюхановтың өмірінен сыр шертетін әр жылдардағы фотоматериалдар, өзіне тиесілі жеке заттары, марапаттары және ғылыми еңбектерімен танысты. Сонымен қатар көрме экспозициясының елеулі бөлігіне бишінің түрлі қойылымдарда киген сахналық костюмдері қойылды. Олардың қатарында Б.Ғ. Аюхановтың ұстазы, Қазақ КСР халық әртісі А.В. Селезневқа тиесілі болған, кейіннен Б. Аюхановқа сыйға берілген сахналық костюмы келушілердің зор қызығушылығын тудырары сөзсіз. Сондай-ақ, «Жас балет» театрында Куба биіне арнайы тігілген костюм (1965 ж.), Ян Сибелиустың музыкасына жазылған «Мұңлы вальс» классикалық биіне киген калетасы және «Гамлет» балетіндегі өзінің сүйікті партиясын орындағанда киген костюмі де ұсынылды.

 Көрме Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі қорындағы Б.Ғ. Аюхановтың жеке кешенінен және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік академиялық би театрынан алынған материалдар негізінде жасақталған.


15-27.09.2023 ж Материалдық емес мәдени мұраны қорғау Конвенциясының 20-жылдығына орай өткеннен қалған мұра мен бүгінгі өмір айшықтарына арналған фотокөрме

ЮНЕСКО-ның Алматыдағы кластерлік бюросы мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейінің ұйымдастыруымен материалдық емес мәдени мұраны қорғау Конвенциясының 20-жылдығына арналған фотокөрме ашылды. Шара аясында атадан балаға аман жеткен әралуан материалдық емес бай мұра көпшілік назарына ұсынылды.

Конвенция шеңберінде жарыққа шығарылған салт-дәстүр, қолөнер мен түрлі рәсімдер, мәдениет айшықтары мен мерекелер жайлы танымдық фотосуреттер мен визуалды әңгімелер ұсынылған шараны ҚР МОМ директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ғалия Теміртон салтанатты түрде ашып, ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны қорғау Конвенциясының 20 жылдығымен құттықтады. Сондай-ақ ЮНЕСКО кластерлік бюросының Алматыдағы өкілі Айгүл Халафова сөз алып, шараның маңыздылығын былайша түсіндірді: «Біздің фотокөрме мәдениет және мәдени мұраның адамдарды біріктіре алар құдіретін сезінуге, Орта Азияны мекендейтін түрлі ұлттардың салт-дәстүріндегі ұқсастықтарды тануға көмектесеріне сенімдімін», - деді.

Салтанатты шараға ЮНЕСКО Кластерлік бюросының Алматыдағы өкілдері, Музей басшылығы және қала тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Материалдық емес мәдени мұраның маңыздылығын ұғып, оның байлығын сақтап қалуға әркім үлес қосуға тиіс.

ҚР Мемлекеттік орталық музейі тарих пен мәдениетті құрметтеп, өнерді сүйетін қауымды музейге келіп, көрмеде ұсынылған бірегей фотосуреттермен танысуға шақырамыз.

Көрме 27-ші қыркүйекке дейін жалғасады.

 

 

18.09.2023 ж . «Жер планетасына тағзым» атты халықаралық 15-ші көрме 27-ші қыркүйекке дейін жалғасады

Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейінде (DIAEA) Тэджондағы халықаралық өнер алмасу қауымдастығы мен Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұйымдастыруымен «Жер планетасына тағзым» атты 15-ші халықаралық көрме өтті.

Көрменің мақсаты - халықтар арасындағы өзара мәдени байланыс пен ынтымақтастықты қолдау және нығайту. Бейбітшілік пен тұрақтылықты, табиғат пен қоршаған ортаның сұлулығын насихаттау және әлемдегі табиғи апаттар мен адамның тікелей іс-әрекетінен болған экологиялық апаттарға назар аудару.

Көрменің салтанатты ашылуында ҚР МОМ директоры Рашида Харипова: «Жер планетасына тағзым» атты халықаралық 15-ші көрменің ҚР Мемлекеттік орталық музейінде ашылуы біз үшін зор жетістік деп білеміз. Себебі Орталық музей тек Қазақстанның емес, республика аумағында өмір сүріп жатқан барлық халықтардың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрі мен тарихын насихаттауға арналған еліміздегі ең ірі мәдени ошақ. Осы көрме музейге келген қала тұрғындары мен қонақтарының және шетелдік туристердің табиғатқа деген сүйіспеншілігін оятып, қоршаған ортаның маңызды проблемаларын терең сезінуіне септігін тигізері анық. Ал халықаралық көрме екі ел арасындағы мәдени байланысты арттырады деп сенемін», - деді.

Сондай-ақ салтанатты шарада Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының Оқу және оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры Шәріпбек Ағабайұлы, Тэджондағы халықаралық өнер алмасу қауымдастығының президенті Shim Woond-Taik, демеушілер Park So-Young, Hwang Gil-Yeon сөз алып, көпшілікті көрменің ашылу салтанатымен құттықтады.

Көрмеге кескіндеме, мүсін, графика және аралас техникада орындалған отандық және корейлік әлемге танымал суретшілердің 130 картинасы қойылды. Халықаралық шараға 90-нан астам корейлік суретші атсалысқан болатын. Ал еліміздің атынан қатысқан қылқалам шеберлерінің қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері - Амандос Ақанаев, Жұмақын Қайрамбаев, Әлібай Бапанов, Болат Тұрғынбай, Бауыржан Байділда, Нелли Бубэ, Өмірбек Жұбаниязов сынды танымал суретшілер бар.

Бүгінде екі ел арасындағы мәдени, шығармашылық байланыс қарқынды дамуда. Академия ұстаздары мен магистранттары бірнеше рет Тэджон қаласында өткен халықаралық көрмелерге қатысып, кореялық суретшілер өнер академиясында көрме өткізіп, өзара тәжірибе алмасып келеді. «Жер планетасына тағзым» атты көрме бейнелеу өнері саласындағы заманауи бағыттағы өнер туындыларыларымен өз көрерменін табады деп сенеміз.

Көрме қатысушылары Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен ҚР суретшілер одағы, ҚР Көркемсурет академиясының алғыс хаттары және сертификаттарымен мараппатталды.

Көрмеге Оңтүстік Корея, Қазақстанның суретшілері, өнертанушылар, студенттер мен БАҚ өкілдері қатысты.

«Жер планетасына тағзым» атты халықаралық 15-ші көрме 27-ші қыркүйекке дейін жалғасады.

 

25.08.2023. ҰЛТ МҰРАСЫ – РУХАНИЯТ ӨЗЕГІ

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде Қазақстан Республикасының Конституция күні мерекесіне орай 2023 жылдың 25 тамызы күні «Ұлт мұрасы – руханият өзегі» атты көрменің ашылу салтанаты өтті. Көрменің мақсаты – мәдени құндылықтарды халық игілігіне қайтару бойынша құқық қорғау органдары мен музей тарапы атқарған жұмыс нәтижелерімен қала тұрғындары мен қонақтарын таныстыру. Көрмеге Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Алматы қаласы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті мен Экономикалық тергеу департаменті тарапынан мемлекет кірісіне тәркілеген тарихи-мәдени, көркемдік маңызы бар заттар, бейнелеу өнері туындылары мен антикварлық бұйымдар, діни мазмұндағы кітаптар мен сәндік-қолданбалы өнер туындылары алғаш рет қойылды. Шараның ашылу салтанатында ҚР Мемлекеттік орталық муейінің директоры Рашида Ерімқызы және Алматы қаласы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бас маманы Абзал Есенғұлұлы арнайы сөз алып, жиналған қауымды Тәуелсіздігіміздің алтын тұғыры Конституция күнімен құттықтады және қайтарылған құндылықтардың музей қоры үшін қаншалықты бағалы екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ мәдени құндылығы бар заттарды музей қорына өткізуге үлес қосқан Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Алматы қаласы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Асқарұлы, Алматы қаласы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бас маманы Абзал Есенғұлұлы және Экономикалық тергеу департаментінің подполковнигі, тергеуші Нұрлан Әнуарұлы мен аға тергеуші Гүлнар Самарбекқызы ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралұлының алғыс хатымен марапатталды. Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары! Әлемдік өркениеттің асыл жауһарлары қойылған көрмені 14-ші қыркүйекке дейін тамашалай аласыздар!

  

  

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source